Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қазақтың басынан кешкен тарихының кейбір кезеңдерін жырлайтын бір өлеңінде «Бұқар тұсы», «Абай тұсы», «Маса тұсы» деп қазақ басынан өткен кезеңдерді нақты тұлғалармен, олардың ұлт алдындағы ерен еңбегімен екшеп, айрықша бөліп алып суреттейтіні бар. Расында, мұндағы «Абай тұсының» ел тарихындағы орны маңызды еді. Патшалық Ресей қазақты отарлау саясатын барынша игеріп тұрған уақытта өмір сүрген Абай өз заманында айналасындағылардың, соңынан ерген шәкірттерінің біліммен сусындаудағы, мәдениет пен саясат жолындағы рухани ұстазына айналып, кейіннен олардың ұлт ісінде айрықша серпілуіне үлкен себеп болды. Абай өзінен кейінгілерге ісімен ғана емес, дана ойшылдығымен, елшілдік ұранымен де үлгі-өнеге бола білді. Өзінен дәріс алғандарды «жылтыраған түйме», шен-шекпен үшін емес, халқы, ұлты үшін қызмет етуге үндеді. «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп», – дей келе, патшалық әкімшілік тарапынан жүргізіліп отырған саясатты сынап, сол жолда далбақтап жүгіргендерді надандар қатарына жатқызған болатын. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» деген өлмес өсиетті де Абай қалдырды.
Мінеки, осындай даналықтың үлкен мектебінен өткен ақын шәкірттерінің қай-қайсысы болса да ел басына күн туған шақта өз басының амандығын күйттеп кетпей, қиын-қыстау заманда жұртымен бірге болды. Шама-шарқынша ұлттың ауыртпалығын мойнымен көтере бөлісіп, сол жолда құрбандыққа бастарын да тікті. Сондықтан да «Абай тұсынан» кейінгі «Оян, қазақ!» тұсында да «Маса тұсы» мен «Алаш тұсында» өмір сүрген қазақтың біртуар азаматтары, ұлт қайраткерлерінің баршасы дана Абайды рухани ұстаз ретінде санағандығы белгілі. «Қазақтың бас ақыны – Абай. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деп жазған Алаштың ардақты қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы да мысал өлеңдерін жазғанда Абай салған соқпаққа сүйенеді. Осы бағытта таза Абай үлгісімен отаршылдық зардабының қазаққа батқан жағдайын суреттеп, «Маса» атты әйгілі өлеңдер жинағын шығарады.
Мұхтар Әуезовше айтқанда, А. Байтұрсынұлының «Маса» атты бұл еңбегі «қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұраны болды». Жинақ 1911 жылы басылып шығып, бүкіл қазақ даласында қолдан-қолға таралды. Ендеше, дәл осы «Маса тұсында» өмір сүрген Абай шәкірттері де Алаш партиясының көсемдері тарапынан айтылған елшілдік ұранын өздеріне барынша жақын жүрекпен қабылдап, ұлт қайраткерлерінің сын сағаттағы әрекеттеріне жан-жақты қолдау білдірді. Абай қайтыс болғаннан кейін оның ағартушылық мұрасын дәріптеген ақын шәкірттері сол кезеңдегі қазақтың кең даласындағы зиялы топпен рухани байланысты аңсағаны заңдылық. Осы ретте ақынның тұңғыш өлеңдерін Әлихан Бөкейханның ыждаһаттықпен басып шығаруға жәрдем бергені Абай шәкірттерінің ортасында жоғары бағаланатыны да заңдылық. Сонымен бірге, Абай шәкірттері де сол кезеңдерде шығып тұрған «Қазақ» газетіне шын арқа сүйеп, газетті, оның ұйымдастырушы, шығарушы азаматтарын қазақ халқының нағыз қамқоршысы ретінде түсінді.
Шындығында, Абай шәкірттері мен ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларын байланыстырып тұрған сабақтастықтың бір ұшы ақынның даналығын мойындап, оның ұлы құдіретіне табынуға келіп тіреледі. Өйткені Абай өмірден өткеннен кейін оның атын алғаш баспа жүзіне көтеріп, дала оқушыларына ғана емес, орыс зиялыларына да кеңінен таныстырғандар да осы Алаш зиялылары болатын. Нақтыласақ, Әлихан Бөкейхан Абайдың атын оның көзі тірісінде-ақ (1903 жылы) қазақтың мәдениеті мен салты жайында ғылыми-экспедиция бойынша жазған жазбаларында орыс оқымыстыларына таныстырады. Кейіннен «Семипалатинский листок» газетіне Абай туралы қазанама жазып, жақын арада ақын өлеңдерінің жинағы басылып шығатынын жариялайды. Бұл жинаққа сол уақыттарда Әлиханмен жолдастығы жарасып қалған Тұрағұл Абайұлы мен Кәкітай Ысқақұлы көп көмек бергені мәлім. Бірақ сол газет хабарламасы шыққаннан ұзамай жатып-ақ Әлихан Павлодар түрмесіне қамалып, баспаға дайын тұрған Абай өлеңдері басылмай қалғаны белгілі. Осындай зобалаң заман, сұм саясаттың кесірінен Абайдың тұңғыш кітабы тек кейінірек 1909 жылы ғана жарыққа шығады. Бұл жөнінде Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетіндегі мақаласында «1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургте Бураганский баспаханасында басылып шықты» деп жазады. Мінеки, ғасыр басындағы көзі ашық зиялы топтың осылайша бір-бірімен алыстан түсінісуі арқасында олардың ынтымақтастығы Алаш партиясы дүниеге келген, яғни Сұлтанмахмұтша айтқанда, «Алаш тұсында» да одан сайын беки түсті. Абай мектебінің шәкірттері Көкбай, Баймағамбет, Иманбазар, Шәкәрім, Тұрағұл, Кәкітай секілді басқа да кесек тұлғалар Алаш партиясының құрылуына жан-жақты қолдау білдіріп, ұлттық бірігуге барынша құшақтарын ашты. Тіпті Абай шәкірттері 1917 жылдары Алаш партиясына қарсы құрылған «Үш жүз» атты партияның ұстанған қателіктерін бетіне басып, баспасөз арқылы «Қазақтан шыққан арамзалар» деген атпен жұртшылыққа арналған үндеулерін жариялайды. «Сарыарқа» газетінде басылған бұл мақалада: «Біз, Алаш партиясының соңынан ереміз, анық көшбасшымыз сонда!» деп Үндеу соңына қолдарын қойған азаматтардың ішінде Абай шәкірттері, атап айтқанда Иманбазар Қазанғапұлы, Көкбай Жанатайұлы, Дінислам Тәңірберді немересі, өздерін Алаш партиясының қолдаушысы ғана емес, қорғаушысы ретінде де көрсетеді. Ал Абайдан кейінгі оның өнегесін жалғастырушы ұлт қайраткері Шәкәрім Құдайбердіұлының Алаш партиясы қатарындағы айрықша орны бар тұлға екендігі мәлім. Шәкәрім Орынборда өткізілген Екінші жалпықазақ съезіне арнайы шақырылады. Шәкәрім осы жолы құрылған Алашорданың қазысы, яғни төбе биі болды.
Алаш партиясы құрылғанда оның Семей облыстық комитетінің мүшесі болған белсенділердің бірі – Тұрағұл Абайұлы. Тұрағұл алғаш Абай жинағы жарыққа шыққаннан бастап Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлымен бір тілекте болды. Бірақ кейіннен билікке келген кеңес өкіметі Алаштың белсенді мүшесі ретінде Тұрағұлдың басына да қара бұлт боп үйірілді. Алаш қайраткерлерінің рухани көсемі болғандықтан да, Абай өнегесі қызылдар тарапынан барынша мансұқталып, Абайдың ұрпағы, шәкірттері жаппай қудалауға ұшырағаны белгілі. Алашорданы біржолата халықтан шеттету мақсатында олардың рухани ұстазы – Абайды қаралауға бағытталған мақалалар баспасөзде етек алып, соңы айтыс-тартысқа ұласады. Әпербақандық пен жалған айыптаушылықтың салдарынан Абайдың даналық мектебінің ізбасарлары түгелдей қуғынға ұшырады. Абайдан кейінгі ұстаз саналған Шәкәрім қарттық өмірінің ақырғы кезеңдерін қайғы-қасіретпен өткізіп, 1931 жылы қазанның 2-сінде 73 жасында қызылдың қандықол жендеттерінің қолынан қаза тапты. Абай баласы Тұрағұл да Әлихандардың қатарында түрмеге жабылады. Түрмеден босап шыққаннан кейін бай тұқымы ретінде кәмпескеленіп, Шымкентке жер аударылады. Тұрағұлдың жақын туыстары Семейде тобықты елінің бас көтерер 70-ке жуық адамымен бірге қызылдар қолынан атылып, өзі 59 жасында науқастанып, Шымкентте қайтыс болады. Сүйегі қаладағы мұсылмандар қабіріне жерленгенімен, кейіннен сол зираттың үстіне Шымкент химзауыты салынып, Тұрағұлдың сүйегі соның астында қалып кеткенге ұқсайды. Жалпы, Абайдың ақындық дәстүрін ілгері жалғастырушылардың ұлт қызметіндегі ерен еңбектері әлі де толық зерттеліп, мұнымен жұртшылық кеңінен танысқан жоқ. Біздің ойымызша, Абай туған өлкеде, оның көзі ашық шәкірттері топтасқан ортада Алаш ордасының туы тігіліп, Алаш қаласы ретінде шоғырлануы да жайдан-жай емес. Өйткені алмағайып заманда ұлт зиялыларын алғашқылардың бірі болып қолдаған топ осы Абай шәкірттері еді. Сондықтан да Алаш партиясына атсалысқан Абай шәкірттерінің қайраткерлік еңбектері түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Абай мектебі – тек ақындық мектеп қана емес, даналықтың, ұлтшылдықтың ұлы өнегесі. Абай шәкірттері мен ұрпақтарының басына бұлт үйіріліп, бағы таюы да өз халқының басына түскен ауыр күн, зұлматтармен астарлас. Түйіндей айтсақ, Абай мектебінің зерттеушісі атанған Қайым Мұхамедхановтың ақын шәкірттерінің мұрасын зерттеудегі еңбегі орасан зор. Дегенмен де Абай шәкірттерінің қайраткерлік ісін зерделеу кемшін. Ел боламыз десек, елшілдік жолындағы ұлт зиялылары қалдырған рухани мұра толық игерілуі керек. Алаш зиялылары ту еткен ұлттық идея биігінен көріну – қазақ зиялысының ғана емес, бүгінгі әм келер ұрпақ алдында тұрған басты міндет.
Абайдың айналасы – ақындық мектеп қана емес, қайраткерліктің, ұлтшылдықтың ұлы өнегесі
Последние статьи автора