Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі тағы да бір құнды жәдігермен толықты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Абай ауданының ірге тасын қалаған, Шәкәрім қажының көзін көрген Кенжетілеу Доланбекұлының баласы Айдар
Кенжетілеуұлы Абайдың екінші әйелі Әйгерімнің Бәтет Әзімханқызына сыйлаған қобдишасын музей қорына тапсырды. Бұл сыйлықтың иесі Бәтет апамыз – руы Жігітек, Бөжей ұрпағы екен.
А.Кенжетілеуұлының айтуы бойынша, Бәтет Әзімханқызы Ырғызбай ауылына келін болып түседі. Бұрынғының салты бойынша, ағайын-туыс кезектесіп, есік көрсету үшін жас келінді қонаққа шақырып отырған. Сонда Әйгерім келін болып түскен Бәтетті өз үйінен дәм таттырып, соңында осы қобдишаны сыйға тартқан. Онысы – «қуыс үйден құр шықпасын», игілікке бастаған ырым болсын дегені.
А.Кенжетілеуұлының анасы Ақлия – Бәтет Әзімханқызының туған сіңілісі. 1967 жылы Бәтет апамыз қобдишаны А.Кенжетілеуұлының әйелі Бақытқа берген. Міне, осылайша, А.Кенжетілеуұлы Әйгерім сыйға тартқан қобдишаны енді музей қорына тапсырды.
Көненің көзі болған қобдиша музей қорында сақталып, жуық арада жұрт назарына ұсынылады.