Абай күні Сыр өңірінде
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Абай күнін атап өтуге байланысты брифинг өтті. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет атаулы күннің Сыр өңірінде өту барысы туралы мәлімдеді.
«Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленіп, мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Абай күнін атап өтуге байланысты облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар аясында «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі маңыздылығы» атты республикалық онлайн конференциясы, «Абай – адамзат тарихындағы ұлы тұлға» тақырыптарында Абай оқулары өтеді. Сонымен бірге, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклінің онлайн көрсетілімі және тағы басқа шаралар жоспарланды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ұлы Абайдың шығармаларын жатқа оқудан «Абай күні» челленджі өткізіледі. Челлендж #ABAI175 #ABAIKUNY хештегтерімен жарияланады», - деді Серік Әбжәліұлы.
Абай есімін ұлықтау мақсатында облыстағы 3 елді мекен мен 4 мектепке және 86 көшеге ұлы ақынның есімі берілгендігін айта кету керек. Қызылорда қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллея да Абай есімімен аталады. Ол жерде хакім Абайдың қара сөздері тасқа қашалып жазылған. Қызылордадағы «Мұрагер» мектебіне де Абай есімі беріледі.