"97 жаста": Көшеде тауық сатып отырған қарияның видеосы желіні шулатты
Көшеде тауық сатып отырған ардагердің суреті мен бейнежазбасы әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылында кеудесіне орден таққан қарияның тауық сатып отырған сәтін жариялады. Ол өз кезегінде ардагерлердің бұлай күнелтіп отырғаны жергілікті билікке сын екенін жеткізген. Кейін бұл оқиғаға қатысты Қарасай ауданының әкімдігі түсініктеме берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Желіде таралған видеодан жасы сексеннен асқан қарияның жол бойында тауық сатып отырғанын байқауға болады. Журналист сұрақтарына ішінара жауап берген ол өзінің талай спортшыларды жаттықтырғанын айтады.
«Серік Қонақбаев, Әбдісалан Нұрмахановтарды мен шығардым», - дейді қария.
Instagram желісінде қызу талқыланған видеоға қатысты жергілікті әкімдік қызметкерлері дереу жауап жазды. Әкімдік мәліметінше, аталған видеодағы қария елуінші жылдары Қазақстанға Ресейден көшіп келген. Жасы 97-де.
«Видеодағы қария – Ресей тумасы Қапшамет Байбосынов. Ол 1924 жылы дүниеге келген, 1955 жылдан бері Алматыда тұрып жатыр. Тұрғылықты жері ретінде Алматы қаласының Медеу ауданы көрсетілген. Қазіргі кезде қарияның жұбайы ауруханада жатыр, ал үш баласы қалада бөлек тұрады. Қапшамет Байбосынов тауық, қаз және күркетауық асыраумен айналысады. Қандай да бір арыз-шағымдары жоқ. Біздің қызметкерлер қарияны іздеп барды. Ол тауықты келіні сатқанын, өзінің қасында тынығып отырғанын айтқан. Сол сәтте түсірілген видео желіде таралды. Қызметкерлер құр қол бармай, қарияға бір пакет азық-түлік табыстады», - делінген ресми жауапта.