Қарағандылық 78 жастағы ақсақал Олжабай Смағұлов Меккеге велосипедпен баруды мақсат еткелі біраз уақыт болған. Бұған дейін ақсақал Қазақстанның, Ресейдің тоғыз облысын велосипедпен аралап шыққан. Велосипедке отырып, саяхатқа шығуды қария 2003 жылы бастапты. Велосипедпен ел аралаған 10 жыл ішіндегі Олжабай Түсіпұлының маршруты ауқымды. Ресейдегі Абай жылы, Қазақстандағы Пушкин жылы деп аталған арнаулы жылдарда да велосипедпен екі ел арасында саяхаттап жүрді.
Жүрген жерін бейнекамераға, суретке түсіріп, қасиетті мекендеріне тәу етіп отыру – ақсақалдың бұлжымас қағидасына айналған. Егер Олжабай атаның жолсапарынан жиған-терген дүниесін жинақтаса, том-том кітапқа өзек боларына күмән жоқ. Бұл жылдар ішінде ақсақал велосипедімен 20 мыңнан астам шақырым жүріп тастапты.
Алғаш Қарағандыдан Түркістанға велосипедпен табан тіреген ақсақалдың ендігі межесі – Мекке. Алла қаласа, Сауд Арабиясына велосипедпен жетіп, мұсылманның қасиетті мекені – Меккеге жетпекші. Ол үшін дайындықты бастап та жіберген.Біріккен Араб Әмірлігі Мекке шекарасын жалғыз емес, велосипедші топпен – жеті адаммен кесіп өтуі тиіс деген талап қойылғаннан бері өзінің тобын жасақтауда. Ақсақалдың айтуынша, бүгінде алты адам бар. Енді бір адам қажет. Содан кейін олардың денсаулығы жіті тексеріледі. Олжабай ақсақал өзінің денсаулығы туралы дәрігердің берген анықтамасы әзір екенін айтады. Дәрігер қауымы «алаңсыз жолға шығуға болады» деп отырса керек. Бүгінде Олжабай атамыздың қолында жолдың сызбасы жасалған картасы дайын. Ақсақал бірінші Ашхабадқа поезбен жетіп, содан әрі қарай велосипедпен сапарға шықпақ .
Олжабай СМАҒҰЛОВ, велошабандоз:
– Өткенде ғана дәрігердің тексеруінен өттім. Олар сапарға шығуға болады деп отыр. Топта жеті адам болуы тиіс. Оның алтауы бар. Бірақ олар әлі де тексеруден өтуі керек.Денсаулықтарының жарамды-жарамсыздығын анықтауы қажет. Барлығы да – Қарағанды аймағынан. Біз Ашхабадқа поезбен жетіп, содан ары қарай күніне 60 шақырым жүруді жоспарлап отырмыз. Ашхабадтан Меккеге дейін 4 мың шақырымнан астам екен. Егер жобамен күн сайын 60 шақырым жүрсек, межелеген мезгілде жетеді екенбіз.
78 жастағы ақсақал велосипедпен Меккеге бармақ
Последние статьи автора