70-тен астам адам құтқарылды
Еліміздің қай аймағында да қыс кәріне мініп тұр. Шығыс, орталық және солтүстік өңірлердегі боран енді елдің оңтүстік-батыс бөлігіне ауыспақшы. Төтенше жағдайларды болдырмауға жауапты мамандар ауа райының қолайсыздығын алдын ала ескертіп-ақ жатыр. Бірақ ескертуге құлақ аспай, иен далада қалың қар мен аяздың қыспағында қалып жатқандар азаяр емес. Өткен тәуліктерде мамандар күннің райын елеместен жолға шыққан 70-тен астам адамды құтқарды.
Сейсенбі күні түнде Қызылорда-Павлодар бағытындағы тас жолдың Қарағанды облысы аумағында 40 адам отырған жолаушылар автобусының жарты жолда жағармайы қатып, далада қалған. Сағат 03.00 шамасында «112» қызметіне Сәтбаев-Қарағанды бағытына қатынайтын автобустың Қарамұрын елді мекенінің тұсында тұрып қалғаны туралы хабарлама түсті.
Жедел құтқару шараларының нәтижесінде 40 жолаушының жартысы Жезқазған-Астана бағыты бойынша кетіп бара жатқан қоғамдық көлікке отырғызылып, қалғаны жақын ауылға жеткізілді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Алматы облысы аумағындағы жолдарда да 30-ға жуық адам қалың қардың «тұтқынына» айналды. Дүйсенбі күні таңертең Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Алтынемел асуы тұсында екі жеңіл көлік пен екі жедел-жәрдем машинасы және 9 адам қалың қардан жүре алмай, далада қалған.
Дәл осы күні Алматы-Кеген-Нарынқол тас жолында екі жүк көлігі мен бес жеңіл көліктің ішіндегі 19 адам жүргізілген құтқару жұмыстарының нәтижесінде қар құрсауынан дін аман шығарылды. Қазіргі уақытта саршұнақ аязға байланысты Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының жолдары жабық. Боран мен бұрқасын салдарынан Жамбыл облысындағы Қордай асуы да уақытша жабылды. Қордай ауданының Отар кенті мен Алға елді мекені аралығындағы жол бойында тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Синоптиктердің болжауынша, жақын күндері Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарында жылдамдығы секундына 15-23 метрге дейін жететін боран соғады.