500 мың мүгедекті есеп үшін есіркеп жүрміз бе?
Еліміздің тағдырдың жазуымен өздігінен жүріп-тұрудан айырылған азаматтары үшін қоғамдық көліктермен жүру мүмкін емес. Адам құқығы сақталатын дамыған елдерде бұл мәселе әлдеқашан дұрыс жолға қойылған, арнайы сатысы бар автобустарға арбамен мініп түсу еш қиындық тудырмайды. Ал біздің жолдарда мүгедек түгіл, сау адамдар зордың күшімен сыятын Қытайдың шағын автобустары жүргенде бірдеңе талап етудің өзі қисынсыз сияқты. Жалпы, қоғамдық көлік қана емес, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарға кіру де мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шектеулі.
Адам ауруды сұрап алмайды, ешкім де он екі мүшесі сау кезінде арбаға таңыламын-ау деп ойламайды. Сондықтан ара-тұра болса да мүгедек жандардың басындағы қиындықтарға көз қырын салып қойған артықтық етпес. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 500 мыңнан асып жығылады екен, ал Қызылжар өңірінде 29 мыңнан астам мүгедек тұрып жатыр. Бұл аз адам емес. Ресми деректер олардың шамамен төрттен үш бөлігі жеңіл еңбекке жарамды, яғни өздігінен жүріп-тұра алатын кісілер екенін айтады. Қалған бөлігі – арнайы арбамен ғана қозғалатындар. Міне, осы соңғы топтағы азаматтар ел қатарлы әртүрлі әлеуметтік мекемелерге бару немесе қоғамдық көліктерге міну мүмкіншілігінен айырылып отыр. Бұл олардың құқықтарын бұзу болып табылады.
«Нұр Отан» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері бір ай бойы жүргізген рейдтік шаралар барысында Қызылжар қаласындағы әлеуметтік нысандардың 85 пайызында мүгедектерге арналған пандус жоқ, ал барларының өзімен кемтар жан түгіл, сау адам да көтеріле алмайтынын анықтаған. Мәдениет ошақтары, сауда-саттық орындары, емдеу мекемелері мен оқу ордаларының көбі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді емес екен. «Жас Отанның» жетекшісі Мұса Танақұловтың айтуынша, қоғамдық көліктердің де мүгедектерге қолжетімділігін тексерген екен. Бір қалада мүгедек арбасымен мінуге болатын бір автобус жоқ болып шыққан.
Мұса ТАНАҚҰЛОВ, «Нұр Отан» ХДП СҚО филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:
– Мониторинг жүргізгендегі мақсатымыз жұрттың назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына аудару еді. Шара барысында қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер, ауруханалар, дүкен, супермаркеттер, дәріханалар және тағы да басқа нысандарды тексердік. Барлығы 800-ден астам нысан назарға алынды. Сол біздің назарымызға іліккен нысандардың 15 пайызындағы пандустардың ғана талаптарға сай екені белгілі болды. 25 пайызындағы мүгедек арбаға арналған сатылар «есеп үшін» ғана істеле салғандай. Ешбір талаптарға сай келмейді. Ал қалған 60 пайызында тіптен жоқ. Әсіресе дәріханаларда пандустардың болмауы қынжылтады. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде мүгедектер арбасына арналған арнайы көтергіш-сатылардың жағдайын тексеру мүмкін болмады. Себебі ол жоқ.
Талап бойынша, пандустар өте тік болмауы қажет, ал бұрылыстары 130 градус, ені 1 метрден кем болмауы қажет. Өкінішке қарай, бұл талаптар өрескел бұзылған. Кейбір мекемелердегі сатыдан мүгедек түгіл, сау адам тайып жығылады, себебі пандустың үстіне кафель жапсырылған екен. Пандусы бар нысандардағы пластик есіктердің енінің тарлығы да мүмкіндігі шектеулі жандарға ішке кіруге кедергі келтіреді. Ал ертеректе салынған көп қабатты үйлерде де пандус ескерілмеген.
Тиісті мекемелер талап еткен соң соңғы жылдары пандустар ақырындап салынып жатыр, енді солардың ыңғайлы болуын қадағалау қажет сияқты. Ал қоғамдық көліктерді қолайлы ету жақын болашақта жүзеге асырыла қоймайтын шығар. Қызылжар ғана емес, еліміздің кез келген қаласында осы жағдай. Ауруханаға автобуспен барып-келу әзірге мүмкін болмай тұр.
Теңдік СӘРСЕКЕЕВА, бірінші топтағы мүгедек:
– Мен бірінші топтағы мүгедекпін. Бала кезімнен сүйек ауруына шалдықтым. Бүгінде өзім сияқты асырауында балалары бар мүгедек аналардың басын қосып, «Асыл ана» қоғамдық ұйымын құрдым. Біреуі ауырып қалады, келесінің баласын оқуға түсіру керек және тағы да басқа мәселелер шыққан кезде оларға баруым керек. Автобустарға міну – мен үшін ең қиын іс. Жаутаңдап кім көтеріп мінгізер екен деп жалынып тұрғаның.
Иә, бұл мәселе Теңдік Сәрсекееваның ғана емес, Қазақстанда тұрып жатқан қаншама адамның бас ауруына айналды. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде мүгедек арбасына таңылған жандар 1 мыңнан асып жығылады екен. Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратынша, Қызылжар қаласында өздігінен жүре алмайтын 450 адам арба кезегіне тұрған. Қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы Валентина Заборовскаяның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік такси қызметінің көп көмегі тиюде.
Валентина ЗАБОРОВСКАЯ, қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы:
– Бүгінде әкімдік шамасы келгенше мүгедектерге қолдау көрсетіп жатыр. Бес жыл бұрын «әлеуметтік такси» қызметі құрылды. Қарамағымыздағы 600 адамды үш көлік күні бойы қалаған жерлеріне апарып келеді. Облыс әкімі тағы да екі автокөлік сатып беруге уәде беріп отыр. Бізге бұдан артық қандай қамқорлық қажет.
Әрине, бұған да шүкір дейміз, дегенмен мұндай қызмет Қазақстанның кез келген қаласында кездесе бермейді, ал аудандық, ауылдық жерлердің жайы айтпаса да түсінікті. Сондықтан жалпыға ортақ қоғамдық көліктерді арнайы сатылармен қамтамасыз ету қажет-ақ. Немесе жаңа автобустар сатып аларда мүгедек арбаға арналған орындардың бар-жоқтығына назар аудару керек. Ал әзірге көшеде есігі дұрыс ашылмайтын, ашылса жабылмайтын, іші тар қытайлық шағын автобустар жүргенде мүгедектер үшін қоғамдық көлікке міну арман болып қала бермек.