Ата Заңымыздың қабылданғанына 15 жыл толу салтанаты биыл жер-жерде мүмкіндігінше ерекше аталып өтпек. Оңтүстікқазақстандықтар Астанада өтетін мерекелік шеруді алаңдағы алып монитордан әскери мерекелік шеруді тамашалағаннан кейін бастамақ.
Алдымен шеру ұйымдастырылып, одан кейін «Ата Заң – алтын арқауым» атты театрландырылған пластикалық қойылымға, концерттік бағдарламаға кезек беріледі. Осы тұста ерекше айтып өтетін бір жайт, алаңға біркелкі киінген 500 адам «Қара жорға» биін билеп шығатын болады.
– «Қара жорға» биі бүгінде ұлттық би өнерінің озық үлгісі ретінде халық арасында кеңінен таралып, танымалдылығы артып барады. Біз де әрі ұлттық биді насихаттау, әрі концерттік бағдарламаны қызықты етіп ұйымдастыру мақсатында 500 бишіні алаңға «Қара жорға» биімен шығармақпыз. Барлығы да арнайы тігілген біркелкі киіммен өнер көрсететін болады. Бишілер барлық ауданның би ұжымдарынан құралмақ. Бұл көрермендердің көңілінде ерекше әсер қалдырады деп ойлаймыз, – дейді облыстық мәдениет басқармасы мәдениет және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Қайрат Қарғабаев.
Салтанатты жиын бұл күні үш жүздің басын қосып, бірлікке шақырған тарихи Ордабасы тауында жалғаспақ. Мұнда «Бірлік басы – Ордабасы» атты акция ұйымдастырылады. Бүкіл қазақтың басына қиын-қыстау заман туғанда осы таудың басына жиналып, мәслихат құрып, ортақ хан сайлап, бірлігімізді бекітудің куәсі болған тарихи таудың басында жиын өткізу тәлімдік жағынан да, тарихымызды қастерлеу тұрғысынан да өте маңызды іс-шара болмақ. Жиын соңы ауызашарға ұласатын болады.
500 биші «Қара жорғаға» билейді
Последние статьи автора