Солтүстік Қазақстан облысында келесі аптада күн күрт суытып, сынап бағанасы - 40 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Осыған орай құтқарушылар алдын ала смс-хабарламалар жіберіп, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бірқатар шараны қолға алды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат" -қа сілтеме жасап.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, келесі аптада тағы да күн бұзылып, бұл жолы күн күрт суытпақ. Күндіз сынап бағанасы -30-35 градусқа дейін, түнде кей жерлерде - 40 градусқа төмендемек.
«Қазір білім басқармасымен бірге жұмыс істеп жатырмыз, мұндай аяз болған жағдайда мектептерде сабақ болмайды. Сондай-ақ аудандардың әкімдіктерімен, полициямен де байланыс орнаттық. Автожолдарда қозғалысты шектеуді ұсындық. Облыс аумағынан солтүстік антициклоны өтпек, сәйкесінше бір апта бойы аяз тұрады.
Автобустар, жүк көліктері арзан бағасына қызығып кейде жазғы дизель отынын қолданады. Ал ол қатты суыққа шыдас бермей қатып, салдарынан көлік жолда қалады. Бұл – өте қауіпті. Өзбекстан азаматтары мінген автобустар да облыс аумағынан өтеді. Тәжірибе көрсеткендей, әдетте олар жазғы дөңгелекпен және жазғы дизель отынымен жүреді. Сондықтан бұл көлік жүргізушілері де назардан тыс қалмайды», - дейді Мұрат Қанғожинов.
Биыл республикалық, облыстық маңызы бар жол бойында 300 жылыту бекеті құрылды. Қазір олардың дайындығы пысықталып жатыр. Бұл бекеттерде жылыту құралдары, ыстық тамақ болуы керек.
«Қатты аяздың келуіне байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырамыз. Мүмкіндігінше алыс жолға шықпау, шыққан жағдайда өздеріңізбен бірге бала мен қарт адамдарды алмаған жөн, туған-туысқа қайда жол жүргеніңізді айтып кету керек.
Биылдан бастап жолдарға шектеу енгізілгеніне қарамастан жолға шыққандарға жауапкершілік бар. Бірінші жолы 30 АЕК – 103 мың теңге айыппұл салынса, қайталанған жағдайда 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Қазір бұл мәселені жергілікті полиция қызметі қарастырып жатыр», - дейді ведомство бастығының орынбасары.
Қыс басталғалы СҚО-да 36 рет ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 6 рет көлік жолда қалды. 44 адам, соның ішінде бір бала қар құрсауынан шығарылды. Ғабит Мүсірепов ауданында Түркия азаматы жылыту бекетіне орналастырылды. Тайынша ауданы Келлеровка елді мекенінде Ресей азаматтары мінген автобус ауа райына байланысты тоқтап, күн ашылғаннан кейін ғана жолын жалғады.
Ал жыл басталғалы СҚО-ның оңтүстігінде – Айыртау мен Ақжар аудандарында боранға байланысты жолдарды жабуға тура келді.