400-ге жуық қазақстандық жүк көлік Польша шекарасынан өте алмауда
2023 жылдың 21 ақпанынан бастап Польша Еуропалық Одақтан басқа барлық елдердің тасымалдаушылары үшін жүк көліктерінің өтуіне тыйым салды. Нәтижесінде бұл ел аумағында 400-ге жуық қазақстандық көлік тұрып қалған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті мәлімдеме жасады.
"Министрлік отандық жүк тасымалдаушылардың өтуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстандық тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп, біздің жүк тасымалдаушылардың өзекті тізімін жасады. Сондай-ақ, Варшава және Вильнюстегі Қазақстан елшіліктерімен бірлесіп, Польша және Литваның көлік саласындағы уәкілетті органдарымен қазақстандық көліктің шығуына рұқсат беру туралы келіссөздер жүргізілді", - деді комитет өкілдері.
24 ақпанда Литва Көлік және коммуникация министрлігімен автомобиль тасымалы бойынша аралас комиссияның отырысын өткізіп Польшада орналасқан қазақстандық автокөліктердің Литва аумағы арқылы өтуі туралы мәселе келісілді.