2023 жылдан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады
Келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазақ тілі» пәнінен емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары тапсырады. Мұндай өзгерістер келесі (2023-2024) оқу жылынан бастап енгізіледі.
Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады.
Бұған дейін бұл ұсыныс қазақ тілі мұғалімдерінің съезінде және Оқу-ағарту министрінің қатысуымен өткен мұғалімдер қауымдастығы өкілдерінің кездесуінде айтылған болатын.
Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады.
Бұл пән бойынша қорытынды бағалар 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады.