2016 жылы қазақстанның елтаңбасы өзгереді
Қазақстан Республикасының елтаңбасы өзгереді. Мемлекеттік рәміздің жаңа түрі 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енбек. Арнайы стандарт бойынша елтаңбаның өлшемі бекітіліп, түсі алтынға боялмақ. Оған басты себеп бүгінге дейін елтаңбаның түсі, тіптен көлемі әр түрлі болып келген. Жалпы жаңадан бекітілген мемлекеттік рәміз 2017 жылдың шілде айына дейін ауыстырылып бітуі тиіс деп хабарлайды Алматы арнасына сілтеме жасаған Businessnews.kz.
Алдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап еліміздің елтаңбасы өзгеше кейіпке енбек. Мемлекеттік рәміздің жаңа түрі алтын түстес әрі оның өлшемі жаңа стандарт бойынша бекітілді. Рәмізді өзге түске өзгертуде белгілі себептер бар. Өйткені қолданыстағы елтаңбаның түсі әр жерде әрқалай. Тіпті, оны жасаушылар бояуын көзбен ғана жобалаған. Ал, жаңа елтаңбаның түр-түсі арнайы аспаппен қаралады.
«Бекітілген ол түрі стандартталған. Ол латуньның Л63 деген маркасы. Бұрын кішкене түсі басқаша болса, қазіргісі ақшыл, алтын жалатылып жасалды»,- деді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік реттеу және метрология департаментінің бас маманы Құралбек Қызғарин.
Жаңа елтаңбаны барлық мекемелер өз бюджеттерінен жаңалайды. Ол үшін Үкіметтен ешқандай артық ақша бөлінбейді. Ал, ескі елтаңба 2017 жылдың 1-шілдесіне дейін толық ауысып бітуі тиіс. Елтаңбаны арнайы рұқсаты бар жарнама агенттіктері бекітілген стандарт бойынша жасауы қажет. Егер қандай да бір олқылық жіберсе, 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жүктеледі.
«2014 жылы мемлекеттік рәміздердің ұлттық стандарты қаралып, бекітілген болатын. Негізінде мемлекеттік рәміздің түсі барлық жерде бірдей болмағандықтан, өзгеріп отыр. Қолданыстағы елтаңбаны өлшемі жалпылама болатын. Қазір ондағы әр бөлшектердің өлшемдері бекітілді»,- деді Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтының бас маманы Мадина Боқанова.
Рәмізді ауыстыру жөнінде мемлекеттік қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені кейбір мемлекеттік мекеменің өзінде рәміздердің қалай орналасуын білмейтін шенеуніктер де табылады. Сол себепті басшылардың алдынан өтіп, арнайы заңды түсіндірген департамент өкілдері тексеру кезінде терістік табылмауын тапсырды.