2014 жылы жол-көлік оқиғаларынан 2,5 мыңнан астам адам қаза тапты
2014 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 2585 адам қаза тапты, оның 232-сі - кәмелетке толмағандар, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, республика бойынша 2014 жылы 20 378 жол-көлік оқиғасы тіркелді, қаза тапқан және жарақат алған адамдардың жалпы саны - 28 527. "Жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза болған 2585 адамның 1906-сы - ер адам және 679-ы - әйел адам, оның ішінде 232-сі - кәмелетке толмағандар, ал жарақат алған 25 942 адамның - 14 011-і - ер адам және 11 931-і - әйел адам, оның ішінде 4632-сі - кәмелетке толмағандар", - делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғаларынан ең көп қаза тапқандар саны Алматыда тіркеліп отыр - 468 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында 432, Қарағанды облысында 210 және Жамбыл облысында 203 адам қайтыс болған.
2014 жылы елді мекендерде 16 334, халықаралық, республикалық маңызы бар жолдарда 1887, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда 1048 жол-көлік оқиғасы болды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметінше, еліміздегі апат қаупі ең жоғары жолдар - Алматы қаласында, онда адамдардың опат болуы мен жарақат алуына себепкер болған 5588 оқиға болды, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында 3370, Алматы облысының жолдарында 1834, Шығыс Қазақстанда 1463 және Жамбыл облысында 1293 жол апаты адамдардың өліміне себеп болды.
Жол-көлік оқиғаларының дені - 25 574 оқиға жеңіл автокөліктердің қатысуымен болды, 1124 жол апаты автобустардың, 1042 оқиға жүк көліктерінің қатысуымен болды. Апатқа ұшыраған көліктердің жалпы санының 1139-ы - оң рульді.
Статистика жол апаты себептерінің өзгеріссіз күйінде қалып отырғанын көрсетті. "Оқиғалар көбіне Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің кінәсінен болады. Мәселен, өткен жылы жүргізушілердің кінәсінен 18 923 жол апаты болған", - деп хабарлайды Бас прокуратура комитетінің өкілдері.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2014 жылы жол апаттарының саны 14 пайызға азайған және онда қаза болған адамдардың саны 15 пайызға төмендеген. Бас прокуратура бұған өкілетті органдардың жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы жоспарлы түрде жүргізген алдын алу жұмыстары себеп деп есептейді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2014 жылы жол апаттарынан 232 баланың қаза тапқаны бұған дейін хабарланған болатын. Жол-көлік оқиғалары салдарынан 4600-ден астам бала түрлі деңгейде жарақат алды. Марқұм болған балалар мен жасөспірімдердің 89-ы көлік ішінде опат болған. Сол себепті полицейлер балаларды арнайы құрылғылардың көмегімен ғана тасымалдаудың маңызы зор екенін ескертеді.