* * *
Түсініксіз... тағы да не күткенім,
Жел-көңілге ілесіп желіккенім...
Ал, өзің ше, санаңда шөгіп қалған
Жалқы сәтпен қауышып көріп пе едің?!
Жүзді айдында желкенін қайық керіп,
Ол да, мен де демеймін айыпты едік.
Қарлы дүние жарқ еткен жалқы сәтті
Тірілткені-ай ғайыптан тайып келіп!
Жап-жарық бір әлем бар бір бұрышта,
Жып-жылы боп тұратын мұңлы қыста.
Жалқы сәтім сол жерде отыр үнсіз
Төтеп беріп жандағы күллі ұрысқа.
Ол екеуміз тоғысқан алаң сонда -
Көңіліммен күніге барам сонда.
Қардан аршып шатырын, терезесін
Көріп қайтам - бары сол, шамам сол да...
Жалқы сәтім... тынымсыз санамды арбап,
Тіріліп ап, салдың-ау маған қармақ.
Қайрылмауға жүрегім бермейді ерік,
Ал, қайрылсам... бүгінім қараң қалмақ...
Мендік жүрек осылай аласұрар,
Шаттығы бар, тағы да жарасы бар...
Неге қайта оралды... сол ғажап сәт
Өйткені... айтар өкініш, наласы бар...
* * *
Сұр шекпенін қымтанып,
Жанарынан тұман затты мұң тамып
Табанына мың жапырақ тапталып,
Құшағында - үсіп өлген гүл қалып,
Қараша-күн кеңістікті кезеді,
Демі - суық, шоқтай ыстық өзегі...
Қанатынан қар тамшылап қаздардың,
Құлағымда әуені өшіп жазғы әннің,
Желден қашқан жапыраққа ілесіп,
Жалаңаяқ жар кешуге аз қалдым.
Қарашаның құшағына кеп кірдім -
Гүл екеуміз тірілерміз деп тұрмын...
Әй, қараша, қазың ұшты қаңқылдап,
Үміт бердің солған гүлге там-тұмдап.
Қарағашың басын сүйер кеудеңе
Сенің салқын әлеміңнен ән тыңдап.
Өзегіңде өмір демі бұрқанып,
Жанарыңнан енді...
шуақ тұр тамып...
Өмір - осы деп танимын сені мен,
Өміріммен өзегі бір сенім ең!!!
* * *
Көшеде...
Салқын мезгіл сенделеді,
Жабырқау жанға табам емге нені?!
Жаз-ғұмыр, алты қырды асып кеткен
Артына қайрылмады... "кел" демеді.
Жылуын қарашаға ұрлатып ап,
Ызғарға жүзін тосып тұрды атырап,
Сезімдей жүректегі,
тірі қалған
Ағаштан үзілмей тұр бір жапырақ...
Қараша.
Қара суық.
Мұнарлы күн,
Кезіп жүр көз ұшында тұманды кім?!
Жапырақ, сен екеуміз таусылмайық,
Өтпейтін сәт барына күмәндімін...
* * *
Қараңғы әлем,
ішінде қараңдап ем...
Қара қошқыл мұxитты кешіп өтіп
Келіп тұрмын беймәлім аралға мен...
Ай тағына жайғасты. Түн ағарды,
Ағарған түн жөнімді сұраған-ды...
Өң мен түстің таптым-ау арасынан
Өткен шақтың мекені - бұл аралды.
Мен іздеген сәттердің тұрағы осы,
Аялдаған жастықтың бұла көші...
Толқып жатқан мұxитқа толқи қарап,
Толған Айым, армансыз жыла деші!
Сен білесің, осында мендік арман,
Көрсетер ме оны оңай енді жалған...
Әппақ Айым, бір сәтке мұрсат сұрап,
Алып шықсаң қайтеді шер-мұнардан?!
Мұxит кешіп кеп тұрмын бір көрем деп,
Тіл қатпайды неліктен түн керең боп?!
Айым кетіп барады әлдеқайда,
"Қал" деген жоқ, "менімен жүр" деген жоқ.
Қараңғы әлем,
ішінде қараңдап ем,
Қара түстен айырып қарамды әрең...
...Іздеу салған жан болсаң, жүрмін әлі
Өткен күндер дейтұғын аралда мен...
* * *
Сұр аспанмен сұрғылт ойым үйлесіп,
Маңып барам... сұп-сұрғылт бір күй кешіп,
Қиқулайды қыр соңымнан көп дауыс
"Етегің жап,
Есіңді сәл жи", - десіп...
Сұр аспанда сұп-сұр бұлт сырғиды,
Сұрғылт дүние қайталайды бір биді.
Жүрегімнің жаурағаны-ай дәл бүгін,
Саған ешкім сыйламасын бұл күйді...
Өрт ішінде жүргендей ем шоқты ішіп,
Сезім неге сол өртіме төкті шық?!
Алтын қанат құс бар еді кеудемде -
Көз алдымда саған қарай кетті ұшып...
Сұрғылт дүние...
Менің жаным үйлескен...
Мен ғана ма дәл осындай күй кешкен?!
Не дей алам қиқулаған көп үнге
"Өртіңді кеш, есті солай жи" дескен...
* * *
Есігімді жабам енді -
Кіре алмайды естелік.
Мазамды көп ала берді,
Мезгілінен кеш келіп.
Түсім еді таңда көрер,
Неге айналды өңіме ол?!
Шынға айналса арман егер
Жалған болып көрінер...
Естелігім, мазалама
Есігімнен кірмеші!
Тағдырымды жаза ала ма,
Өмірімнің бір кеші...
Қарашаның мына күні
Жүректі тұр тоңдырып.
Сезім атты күнәліні
Қалдырайын енді ұмыт...
Есігімді жабам бүгін,
Естелікке жоқ орын!
Сартап қылсын санамды мұң,
Өкси берсін өлеңім...
* * *
Өмір дейді күндерді желіп өткен,
Із көрмедім айналып кері кеткен.
Іштен тынып, көз жасын іркіп алып,
Боздап бара жатқан кім кер үлекпен...
Боздайды ғой, боздамай... өлі деп пе ең...
Шырмап жүрген қандай мұң мені көптен?!
Ұзақ еді бақыттың жолы неткен,
Түпсіз еді арманның көгі неткен!!!
Өмір дейді...
жарасар жалған десем,
Жан бар ма екен жете алған арманға есен?!
...Туған айға түнімен мұң шағады
Сен кеткен соң құлазып қалған көшең...
* * *
Сенің көшің тұсыма келді бүгін,
Құба жонға шырмады жел күбірін...
Өткен күннің оянып көмбесінен
Билік құрды санама сендік үнім.
Құба жонның ар жағы - тылсым мекен,
Солай қарай асам деп тұрсың бекем.
Сенің ойың тұманға шөкті неге?
Мендік көңіл неліктен күрсінді екен...
Болғаны жөн жол - ашық, көш - көлікті,
Сол көшіңді көзіміз кеш көріпті...
Ала кетсең қайтеді бірге өзіңмен
Мұнар кешіп мұңайған естелікті.
Күтуде ме жон аса жұмбақ елі,
Бірге кетсем, кім бөгер мұнда мені?!
...Сендік үнді, беймезгіл көшке ілескен
Бейуақта құба жон тыңдап еді...
ЛОНДОН ЖӘНЕ СЕН ТУРАЛЫ...
Темза ағады,
тереңінде - өткен шақ,
Жағасында сұр қала.
Өткенді іздеп, жүйрік жетпес жоқты аңсап,
Жел соғады бұлдана...
Аспанында бұл қаланың тұр үнсіз,
Қату қабақ сұрша бұлт.
Тіршілік жүр бұлт астында тынымсыз,
Сұрғылт өңін ара-тұра күн шалып...
Жаһандағы жалғыздай-ақ тұрысы
Тым тәкаппар, тым асқақ.
Әр көшесі, әр бұрылыс, бұрышы
Бұл болмысын растап...
Қала сұп-сұр.
Көңіл де тұр сұрланып,
Жабырқайды жан мынау.
Кеуде тұста бір шөкім бұлт жүр налып,
Керек боп тұр сәл жылау...
Асқақ қала аласарып қалардай
Сәл жылытса реңін...
...Сен алыста...
дәтке қуат таба алмай,
Өксіп жатыр жүрегім... (Лондон. 7.11.18.)
* * *
Кеудемнен бір кесек тас түсті құлап,
Ғайыптан жаралы құс ұшты жылап...
Қуана қарап қалды аспандағы ай
Жанымның жалт-жұлт еткен ұшқыны ұнап.
Құм болсын құлап түскен тас үгіліп,
Қалдырсын жылаған құс жасын ұмыт.
Жап-жарық ізі қалып жанарымда
Сезімім...түнге қалды жасырынып...
Қағып тұр қайта-қайта қақпамды кім?!
Жаңылды жүрісінен жаттанды күн.
Болмысын өзгерте ме соған еріп,
Жүректі жайлау қылып жатқан мұңым...
Баяғым - баяны жоқ бұлдыр еді,
Қауышу - сағыныштың бұл бір емі...
Мен кешкен ғажап күйдің құпиясын
Қасымда үнсіз тұрған түн біледі...
* * *
Күз келген қоп-қоңыр боп қырға мынау
Сұп-суық демін сыйлап тұр ма қырау?!
Сендерді күнде іздеймін осы арадан
Алыста-а-а қалып қойған жылдарым-ау!
Шырағың қайта маздар сөніп барып,
Есімді тұсаулайсың, ерікті алып.
Ізінен қалмай қойдым іздеп жүрген
Ғажайып бір мезетті көріп қалып...
Ғажап сәт өзің болып тұрды алдымда,
Қайтадан көктем болып бүр жардым ба...
Көңілдің түкпірінен қол бұлғаған
Сол сәттің естелігін тыңдармын да...
Білмеймін, ақыл, сабыр қайда қалған,
Жүректі Сендік сезім жайлап алған.
Бүр ашқан балғын шақтың естелігі ең -
Айналып шыға алмадым айналаңнан.
Жасылға боярдай-ақ күрең белді
Сезімнің шуағына мұң емделді.
Қосыңнан маздап жанған бір жарықты
Айналып көбелектей жүрем де енді..
* * *
Күн күрсініп тұр көкте...
Құс ілесіп кете берді дүрмекке.
Қарашаның қара көзі мөлтілдеп
Талпынады тағдыр жайлы білмекке.
Мынау әлем...құпияға шым батқан,
Әрбір сәтін тылсым мұңға ұрлатқан...
Гүл аяңдап өтіп пе еді тұсымнан -
Көңілімнің терезесін кім... қаққан?!
Қарашаның қарашығы қаралы -
Шарасында құстар жылап барады.
Көз ұшынан ғайып болған бір сәттің
Құлағымнан кетпей тұр ғой әлі әні.
Қарашада... тұман кешіп сұр бұлт,
Қайтқан құспен жарысады дүрлігіп.
Көкте күннің күрсінгенін түсінбей
Үнсіз ғана күлді үміт...
* * *
Күңгірт аспан тұр үнсіз...
есінер күз.
Шығып кеткен шығармыз есінен біз.
Сеніп қалып алдамшы шуағына
Өкпелерміз...сонан соң кешірерміз.
Қарлы желді бүркіп тұр жаңбыр демі,
Табыстырған біздерді тағдыр ма еді...
Енжар күздің түсіне жаз кірді де
Жалғыз сәтке жарқ етіп, жаңғыр деді.
Сол жарқылды екеуі көре ме деп,
Сұп-сұр бұлт төнген-ді төбеме кеп.
Сыңар құстай сырт жүрген бір-бірінен
Біздің жазмыш өзгеден неге бөлек?!
Өміріңе неге ендім - өзімде мін,
Өміріме неге ендің өзің менің?!
Есіндегі естелік есін алған
Жүген-құрық сала алар сезімге кім?!
Жанымды ұғар дедім бе жараланған,
Жанарымнан жарқ етіп қарады арман...
Айта алмай тұр ештеме түнерген түн,
Айта алмайды ештеме таң ағарған...
Күңгірт аспан тұр үнсіз.
Есінер күз.
Шығып кеткен шығармыз есінен біз...
"Қарашада өмір тұр"...
жазын іздеп...
Жазмыш шығар,
Қайтеміз, кешірерміз..
* * *
Қазанның қараңғы түні бұл...
Қаракөк әлемде қалықтап,
Мұң деген бір құстың үні жүр.
Титімдей жүрегін шер алып,
Өксиді ол, естимін мен анық.
Жалғандық жылатқан сезімнен
Айта алсаң, айтшы өзің...
не ғаріп?!
Ай неге қарайды мұңайып,
Түн кезген титімдей құсым-ау,
Тыныштал... екеуміз шыдайық...
Кел бері, қасыма қон енді,
Жылытам бір уыс денеңді.
Сен айтпа мына бір мұңлы әнді,
Мен дағы қояйын өлеңді...
Дүние тас керең... саңырау...
Сен жылап ұшасың...
үніңді
Мен ғана естимін, жаным-ау!!!
* * *
Қараңғыда
жұбын іздеп жүрген қаз,
Қаңқылыңды меңіреу түн неғылсын.
Мейірімі дәл бүгінгі түннен де аз
Ертеңгі күн өзің жайлы не білсін...
Нені айтпақсың. Түнге неге үн қаттың,
Мен естідім дауысыңды... білдің бе?!
Сол үніңді жүрегіме тыңдаттым,
Қараңғылық құшағына кірдім де...
Сыңарыңа жетті ме екен бұл үнің,
Алдарыңда алыс-алыс жол жатыр.
Менің мынау сағынышты ғұмырым -
Жанарына мұң ұялап ол да тұр...
Қазан түні...
Қаз қаңқылы тұр әлі
Қараңғылық қанатына ілініп.
Жұбын іздеп түнді кезген бұл әні
Қалмаса екен әлденеге ұрынып...
БӨЛМЕДЕГІ ГҮЛ
Бөлмедегі елеусіздеу бұрышта -
Гүл өсіп тұр ыдыста.
Қою жасыл жапырағы тым қанық,
Түрлі түсті күлтелері бүр жарып,
Жайқалады...
Терезенің сыртынан
Телміреді күн-ғаріп...
Гүл өсіп тұр...
Күлтесінде бар кірбің -
Сыйлығы сол тастап кеткен әр күннің.
Сіңіре алмай тамырына өтеді-ау
Жұпар демін жаңбырдың...
Терезенің сыртындағы күн анау
Осы гүлді бір сүюге құмар-ау...
Әбестік пе, кірбің көңіл өскіннен
Хал-жағдай сұрамау...
Тағдыры осы...
Тар ыдысқа тәуелді,
Табиғатын сағынады әуелгі.
Күн жанарын бұлт шалады неліктен
Жаңғыртып бір әуенді...
Бөлмедегі елеусіздеу бұрышта -
Гүл өсіп тұр ыдыста...
*Ақынның өлеңдері Фейсбуктегі парақшасынан алынды