Торғын Тұрлыбаева: Зулайды күндер ішіне бүгіп бар сырын...
АНА
Бұл пәниде бағаңды артық етті Алла,
Дүрия-дәурен дүрмегі озып кетті алға.
Аңқылдайсың ойлап арғы-бергіні,
Ана, сенің пейіліңде шек бар ма?
Жалғанда бұл жетер жанға дәру мың,
Қалпын көрдім қаланың да, ауылдың.
Қаталдықтан қалтыраған заманда,
Ана, сенің мейіріміңе зәрумін.
Көрдің бе сен қия баспас пендені,
Еркелеудің қисыны бір келмеді.
Балалықпен сезе алдым ба білмеймін,
Ана, сол бір сағынышты сендегі.
Жүрегімді мұндай бір зат жаншымас,
Жанарыңа жасырынса тамшы жас.
Қайсарлыққа егер бәйге тігілсе,
Ана, саған табылмайды қарсылас.
Көрген талай тіршіліктің тартысын,
Басымдағы бар бақыттың нарқысың.
Қиналғанда маған бер деп сұрадым
Ана, сенің төзіміңнің жартысын.
Тағат таппай сыртылдайды сағатым,
Жаңылмайды жорғасынан жаңа күн.
Тынысташы, ұяласын уайымсыз,
Ана, сенің кірпігіңе қара түн.
Ой қуасың күндіз-түні білемін.
Жүрегіңе құндақтаулы жүрегім.
Абыроймен жүрсек біздер жер басып,
Ана, сенің орындалған тілегің.
ҮНСІЗДІК…
Үнсіздік,
Білмейміз оның бағасын.
Үнсіздік,
Алыстап бізден барасың.
Қаламыз кейде ұяттың даусын естімей
Айқайлап жүріп, жақсының жыртып жағасын.
Үнсіздік
Өткенді еске түсірер.
Үнсіздік,
Кімдер бар сені түсінер?
Қабағын түйіп, сөзсіз-ақ жөнге салатын
Үлкендер қайда, жолынан тайса кішілер.
Үнсіздік.
Ғашықтар үнсіз тілдескен…
Үнсіздік
Шығатын құны күнде естен.
Шулаған топтың тарылмас па екен сүрлеуі
Барады шұбап бағытын барлап, білместен.
Үнсіздік,
Тілден де өткір жанарың.
Үнсіздік,
Сенімен сырлас қаламым.
Түңілсем егер, түсін сен, мейлі, түсінбе,
Жылармын іштен, үндемей бірақ қаламын.
Үнсіз күн.
Қылмайды адам күнсіз түк.
Үнсіз түн…
Жаратқан бәрін үнсіз қып.
Сырыңды ашпай, сыныңды алға тартасың,
Қуат бер, елге, құдірет болсаң, үнсіздік.
… Тағы да үнсіздік.
ӨТКІНШІ БӘРІ ӨМІР ҒОЙ
Шаттығы бөлек, бақ құны бөлек шулы әлем,
Жетем деп саған жетесіз арман қумап ем.
Жеңімнен тартып жетелеп бара жатқанда,
Ырыққа көнбей тулап ем.
Қайнайды құж-құж өлшеусіз өмір базары,
Жазылмай қойды жанымның мөлдір ғазалы.
Таттанып ойым, топырақ қауып жатсам да,
Жүрегім менің таза әлі.
Батылдық қайда, басатын жерім кіл қақпан,
Жақын жүргеннің күлкісі неткен зіл батпан.
Беделім кеміп, безектеп жаным жатса да,
Өзеуреп оған тіл қатпан.
Сөзімді үзді, сезімді сүзді мастанып,
Жалп етті жалын өзегіне жас тамып.
Сұп-суық, сұп-сұр әлемді кезем ойменен,
Жастығын мұңның жастанып.
Зулайды күндер ішіне бүгіп бар сырын,
Бүгінге дейін аңдай алдым ба ар шыңын.
Өткінші бәрі өмір ғой, ал мен ендеше,
Кімдерге, неге қарсымын?!
ДОСТЫҚТАН КӨҢІЛ ҚАЛМАСЫН
Тірліктен кетпей арманда,
Қалса дейміз ғой бір белгім.
Бағасы артық жалғанда,
Достармен өткен күндердің.
Жақсы дос құптар, жұбатып,
Жыла, күл, мейлі, сыр ақтар.
Жаман дос жардан құлатып,
Жаныңды жейді сұрақтар.
Жамансыз жақсы бола ма,
Бақыты бір кем дүние.
Адамдық соты сол ара –
Байлықсыз баққа кім ие?!
Теңіздей толқып, тулайды,
Көкейді тескен тамшы-мұң.
Кезегін күтіп тұрмайды,
Сабындай ғұмыр қамшының.
Даурықпа сөздер – құр құйын,
Әр басқан ізің арға сын.
Өтеуі оның тым қиын,
Достықтан көңіл қалмасын.
ҚОЛДА МЕНІ
Арса көңіл аршыды да қабығын,
Аппақ әлем құйды аямай жарығын.
Ақ жолыңнан қалмайыншы адасып,
Хақ Тағала, қолда мені, Тәңірім.
Тәй-тәйлаған бота мінез талабым,
Тазалайды тылдағы ойдың танабын.
Сосын барып домбыраның тыңдайды
Дала желі шертіп кеткен шанағын.
Тұлпарларды қорғар болса тұяғы,
Құз, жар пана қырандарға ұялы.
Мені болса, көрінбейтін, дерексіз
Жетелейді жеті әлемнің қиялы.
Жетігеннің шіреп тартқан шегіндей,
Шарт сынбасам, ұзақ тұрам жеңілмей.
Опасызды орға жықпай қоймайтын
Тегеурінім тектілердің кегіндей.
Адамдардың шын рахатқа бөленген,
Көңіл-күйін көзінен-ақ көрем мен.
Мұңайғанды көрген кезде мұңайып,
Өз бағымды іздеп кетем өлеңнен.
Сен не білдің, алыстағы жақыным,
Шаба-шаба талмады ма тақымың.
Жетер жерін сынап әлде тұрмысың,
Жолға шыққан нәзік әйел затының.
Көлбеңдеген көлеңкеде көп сыр бар,
Сенен пенде сырын бүккен жоқ шығар.
Жоғымды іздеп, жауап тауып отырам,
Жиі-жиі жалғыздарға боп сыңар.
Шалқұйрықты шабысынан таныдым,
Ақыл – басшы, жүрек жасар әмірін.
Ұзын жолда қалмайыншы адасып,
Қорға мені, қолда мені, Тәңірім.
АҚ ҚАЙЫҢДЫ ДАЛАНЫҢ ЕРКЕСІМІН
Құс қанаты талатын байтақ далам,
От тұяқты тұлпар да тайсақтаған.
Қыран тектес көңілім тарыққанда
Құшағыңа қыспасаң жай таппаған.
Еркін есіп тербеген жел бесігін,
Ақ қайыңды даланың еркесімін.
Біреу менің даламды жаратпаса,
Жаратпасын маған-ақ бер кесімін.
Құмды дала, ойды қыр алмастырып,
Екі жақты жататын жалғастырып.
Таулы өлкеге жол тартып келгенімде
Көрсетпеген түк те де жартас қылық.
Тауға ұнап, арылдым мен алаңнан,
Жақпар тасы жаныммен тең қаланған.
Сөйте тұра қамыққан сәттерімде
Қалқан іздеп кетемін кең даламнан.
Жұпарыңды, ақ қайың, аңсап сенің,
Шарласам да таппаймын, шаршап емін.
Таудан биік тұрмайды өзге нәрсе
Деген сөздің төркіні жаңсақ тегі.
ТАСТЫҢ ТІЛІ
Алатаудың бір тасымын қатпарлы,
Темір-тұтқын жүрегімде тат бар-ды.
Мен тарихтың куәсімін, тұлпардың
Тұяғымен төсім қанша тапталды.
Алатаудың бір тасымын өзгеше,
Несі тас деп сөкпе мені, төзбесе.
Маған қарай кім де болсын бұқпадым
Сала садақ, сұр жебесін көздесе.
Қара таспын қаперсізге жат мүсін,
Менсіз бірақ, қазаққа көп қатты сын.
Кей кездері қазақ емес, өзгенің
Табанында қалғандығым батты шын.
Ғасыр қанша, жылдарда мен мыңдаған,
Домбыраның қоңыр күйін тыңдағам.
Тымық күнде тау мен тасты жаңғыртып
Қуат берді салған ән мен жыр маған.
Бағалыңды білмейсің-ау, қымбаттым,
Бүгін саған бір сырымды тыңдаттым.
Тіл бітсе егер, қан жүгіріп, келеді
Ең бірінші қазақ болып үн қатқым.
Менің мүмкін дара даусым жаңғырмас.
Алатауда мен сияқты сан мың тас
Бар тілдердің таразылап салмағын
Сөйлеп кетсе қазақ болып таң қылмас.
P.S. Тастың сыры сыр емес деп санама,
Тастың мұңы мұң емес деп қарама.
Тастың тілі – қасиеті қазақтың
Сен, ендеше, қасиетті бағала.
ЖАРЫҚ КҮН
Түнгі ойды қаттап қатырдым,
Таңымды аппақ атырдым.
Тірегім тағы болсын деп
Таулардың мұңын шақырдым.
Жуасып қапты батыл күн,
Ақ қардың сұрар атын кім?
Мұз қатқан қыңыр жолменен
Ой кешіп келе жатырмын.
Көңілін қимай батырдың,
Күлкімнен баптап татырдым.
Куә тек оған сүңгі мұз
Шетіне қатқан шатырдың.
Көзіме оттай басылдың,
Бағасы аздау бақыр-мұң.
Адасып қалған бір жолы
Аяқталмаған хатымның.
Пейілін көріп жақынның,
Азасын тыңдап ақынның.
Соңы жоқ бәрін сұр күннің
Тұңғиығына батырдым.
Жарқ еткен оты жасынның,
Ұйқымды қанша қашырдың.
Түнде емес екен тыныштық
Байланған бағы басымның.
Ақ қырау басқан шашың мың,
Жаулықпен қымтап жасырдың.
Алатау-Ана, мұң құшып,
Мойныңа келіп асылдым.
Асуың болса, асырдың.
Жатырқап, талай жасырмын.
Бәрібір бағым, Жарық Күн
Басылдым, саған бас ұрдым.
***
Өткен күндер қатал неткен,
Қарамайтын бұрылып.
Уақыт, мүмкін, кінәлі?..
Зымырайтын құнығып.
Адамша егер ойлай алса тұлпар-күн,
Тынығып та алар еді,
Сәл нәрседен сыр ұғып.
Жұлдыздар жүр тығылып,
Жарық күнге жақпаған.
Отқа қарап табыну –
Түсінбедім, жат маған.
Жыр жолдарын жүрегіме жазылған
Жаттағам да,
Соңын таппай,
Саған арнап сақтағам.
Көкжиекте күреңіткен
Күн бол деп ем әр батқан,
Мың жұлдыз боп шашылдың да,
Ағып кеттің жан-жаққа.
Өктем қалпың қайда кеткен жоғалып,
Көктем болып қалғың келген,
Қанғың келген шәрбатқа.
Көктем болып қалғың келген,
Күз келерін ойламай.
Күреңітіп туған сонда
Бұлт басты да,
Толмады ай.
Сенім артқан сезім гүлі сен үшін
Бір күн тағы
бағасы жоқ бедер бейне болмағай.
Күз келерін ойламадың,
Көктем жақта қалды үнің.
Көктеп едім,
Талшық етіп
Жаздың жылы жаңбырын.
Түсініксіз.
Маған несін қарайды?!
Жерге сіңген жауын сынды
көрінбейтін тағдырым.
***
Төркіндеп барып төріне шуақ шағымның,
Жанарын сүрттім жасаурап тұрған жанымның.
Таныс қой деп ем бәрі де, бірақ,
жарасым,
Таба алмай мүлде жаңылдым.
Елеңдеп көңіл жыртуға тіптен қимадым,
Ертегі етіп жазылған жылдар жинағын.
Езуін тартып есіктен кірген елестің
Есімін сұрап қинадым.
Елес боп келген ертеңім екен, білмедім,
Есуас ой деп жаратпап едім күлгенін.
Елес боп келдің,
Ендеше, елес қалпыңда
Серігім болып жүр менің.
ПЕРІШТЕМ
Кермек күндер көз алдымда көлбеңдеп,
Соңғы үміт... сынық сәуле сөнген жоқ.
Жанымды жеп күні-түні арпалыс
Тек сырт көзге көрінемін көнген боп.
Тез көндім бе, тасбауыр ем не деген,
Қасіреттің қолы маған береген.
Неге, неге, неге деген сұрақтар
Тарс-тарс етіп миды тесті шегемен.
Сабырменен байлап-матап санамды
Тәубе деумен тынып келем мен іштен.
Азғантай күн алдадың да анаңды
Аспан жаққа ұшып кеттің, періштем.
Сезесің бе, сағыныштың сарынын,
Құрыш ойдың бұза алам ба қалыбын.
Озбырлығын білмей кеткен өмірдің
Жаны таза аспандағы жарығым.
Тұла бойды талықсытып мұздай мұң,
Жаңбыр болып төгіледі күз-қайғым.
Ішімменен жанартау боп жансам да,
Сыртымменен өмір cалтын бұзбаймын.
***
Тірліктің тұлымы жоқ тұлдыр әнін
Тыңдауға төзімімді мың құрадым.
Қиялым қалап шыққан қиялардан
Құм қармап қайта-қайта құлдырадым.
Тірліктің тынымы жоқ күні пақыр,
Сәт сайын сан құбылып, сырғып жатыр.
Тырмысып тер төккенмен бәріміз де
Жатамыз топырақта тынып ақыр.
Тірліктің өрі де көп, еңістері,
Кейбіреу күлкіге де кеміс тегі.
Құр күлкі қайтымы жоқ кімге керек –
Жалғанның жарты күндік жеңістері.
АЛАҢ КҮН
Күллі әлемді бесігінде тербеткен,
Хақтың нұры төгіліп тұр жер-көктен.
Жамандыққа кезіксең де жасыма
Жақсылықтың қайтарымы кем деп пе ең?
Сағың сынып, жалған сөзден қаштың ба?
Жасырары бар ғой достың, қастың да.
Қанша жанар сырын бүгіп барады
Қара, қара көзәйнектер астында.
Асып-тасып есірмеуі үшін де,
Есектің тек адалдығы күшінде.
Харам ойлар жүрмесіне кім кепіл
Хиджаб киген «періштелер» ішінде.
Жаратқанның әміріне бар ма сын,
Жазасы – от, жаны таза жанбасын.
Әр пендесін бір сатыға кем қойған
Дегендейін талпынудан танбасын.
Қоғам, сенің жазылмайтын жараң мың,
Шайтан-үміт адастырған алаң күн.
Мүмкін емес ақ жолға күл шашуы
Жүрегінде иманы бар адамның.
***
Алланың сөзі – адалдық,
Адамдық – саған, маған құт.
Арамдық, күнә – жамандық.
Жақсы бол, рақым табарлық.
Үлкеннен көрсең кішілік,
Кішіден көрсең кісілік,
Иманға ниет білдір де,
Өзіңнен ұлы кісі күт.
Жалғанды неге жақтаймын,
Пенделік қой деп ақтаймын.
Ақирет күні дос, дұшпан,
Байлықтың бірін таппаймын.
Ғибадат қылып таныдым,
Нығметі сансыз, алыбын.
Ұлпадай жеңіл жанымды
Әлдиле, иман-жарығым.
ӨЛЕҢІМ, МЕНІ ӨЛТІРМЕ
Өлеңім, мені өлтірме,
Өтінем, сипа басымнан.
Сен менің отты семсерім
Жұлынып түскен жасыннан.
Өлеңім, тағдыр кемесі,
Елеусіз өтпе қасымнан.
Кемеңгерлердің кеңесі,
Сыр түйген ғайып ғасырдан.
Өлеңім – күнім, жыл, айым,
Таңбасы тасқа басылған.
Өзіңнен медет сұрайын
Сынақтар өтсе басымнан.
Жыртқыш-ой қанат қаққанда,
Жеткіздім сәлем лашыннан.
Бебеулеп жаным жатқанда
Талықсып келіп бас ұрғам.
Жанашырыңмын деп еді,
Мақтауын бетке асырған.
Аяудың қанша керегі,
Артыңнан сосын тас ұрған.
Өлеңім – өлшем, таразым,
Көктегі бұлтқа асылған.
Әділсіздікпен аразым,
Ақкөбе киген асылдан.
Өлеңім, мені алып ұш
Алысқа, сақта тасырдан.
Санамда сансыз жарылыс,
Көлденең көзден жасырған.
Өлеңім, алтын сарайым,
Шапағы көпке шашылған.
Үміттің отын жағайын,
Көңілді жайлап тасынған.
Зер сөзден моншақ тағайын,
Жамылып желек жасылдан.
Аспанға ұқсап қалайын
Жаңбырдан кейін ашылған.
...Өлеңім, мені өлтірме.