Торғын ТҰРЛЫБАЕВА: Сен күлгенмен, мен күлгенмен, ортамызда біздердің Сәби-сезім жылап тұр

Таны мені
Кінә тағам саған қандай?
Бірақ та...
Тағы келдің.
Сағы сынған сағым болып,
Жырақта қалып едің.
Жармастың да мен қоятын сұраққа
Жауабын сен ала алмадың.
Досымын тағы желдің.
Таны мені.

Тағы жел деп қайталадың,
Күлдің де,
Үндемедің.
Тағылықта тектілік бар
Білдің бе?
Біл дегенім –
Тар болжамның тұзағына көнбейтін
Жүрегі жыр жолаушысы боламын
бір кеменің.
Таны мені.

Көтерілген гүл-көктемнің
Меңзейді
Таңы нені?
От кеуденің
Күйі қанат сермейді,
Жалын еді.
Шарпығанда қоламта шоқ шыдасаң,
Құпиямды тауып ал да,
Тентегім, таны мені.
Таны мені.
***
Сәби-сезім
Үндемедім, сыр бермедім, сенде де бар өр кеуде,
Бөтен адам секілденіп ең бірінші көргенде
Қалдық, бірақ, өз дегенін істеп бағып өмір-от
Өртеп өрге өрлеуде.

Сен де жүрсің, мен де жүрмін төзімімді сынап құр,
Өзімді-өзім қайрап деймін: Ұмыт бәрін, лақтыр!
Сен күлгенмен, мен күлгенмен, ортамызда біздердің
Сәби-сезім жылап тұр.

Сөз керек жоқ жүректерге түсінісу үшін түк,
Таңның бұзбай тыныштығын бәрін еске түсірдік.
Екеуіміз көзбен ұғып сырымызды айтпаған
Үнсіз ғана түсіндік.

Қыс болып та қатаямын, кейде жұмсақ жаз болам,
Көңілімнің көктеміне сапар шегіп аздаған.
Сәби-сезім әлдилеп тұр періштесін жұбатып
Тағдыр бізге жазбаған.

Сәби-сезім, аппақ қанат қиянатсыз құсымның
Сипап-сипап қанаттарын қолымменен ұшырдым.
Қимасақ та, алдымызда жатқандығын екі жол
Сен де, мен де түсіндім.

***
Қараңғы түн

Қалғып кеткен қараңғылық
етек-жеңі қымқалау,
Қарғып өткен тыныштықтан
кеудемде тек жыр жарау.
Ашық тұрған терезеден
үңілдім де аспанға
Саумал түннің сырын тыңдап,
жібін естім мың тарау.

Қараңғы түн. Айсыз аспан.
Өңі қашқан көрініс.
Бұлқынады тек әлек боп,
қолы қысқа өлі күш.
Маған мұңдас болған соң ба,
құшағына қысады,
Түннің бірақ, таусылмаймын
түсі – өң де, өңі – түс.

Жалғыз жұлдыз – жарты сәуле,
кімге бақыт сыйладың?
Қалтырайды басқасы әне,
үйіргендей иманын.
Ертең тағы көрерімді біліп тұрып,
себепсіз
Көп қарадым, сездің бе сен,
қоштасуға қимадым.

Жаңбыр иісі сезіледі,
жанға жайлы ерек түн.
Сынық көңіл кезім еді,
байқалмайды өр екпін.
Басқалардан бөлек өскен
тереземнің алдында
Бүгін тағы тұрғандайсың
түбінде сен теректің.

Дей тұрғанмен, мен басқамын,
сен де өзіңше басқасың,
Терек басқа,
Қайың басқа,
Алтын менен ақ тасың.
Терек емес,
қарағайдың сарғаймайтын қылқаны
Сырымызды тастай түйіп,
өзегіне сақтасын.

Қараңғы түн.
Қала үнсіз,
құпиясын қымтаған.
Ауыл түні түсті есіме,
ит үргендей қырқадан.
Қараңғыда құр қиялмен
алдап тұрып өзімді,
Сені болса,
ақиқатқа жақындаттым бір табан.
***
Босатшы
Таласып жүріп жалғанның жасық бағымен,
Адасып қалған арнаңнан асау ағын ең.
Барыңмен ғана базарлап, еттің қанағат
Тентектік жасап тартады шетке тағы нең?

Асауға тұсау түскендей болат тұяқты,
Төсіңде дала дүбірлеп жатқан сияқты.
Ақылды арбап, аспанда бір ай желіндеп,
Жүректі жұлып жұлдыздар болса жиі ақты.

Табанын тіліп тамырын тастың таптаған,
Жаманын біліп, жақсысын тізіп сақтаған.
Жұлынын үзіп жарыққа жеткен керек жоқ,
Жебеушім болсаң, сөйлейтін жүрек тап маған.

Кінәңді қойма, тарпаңдау мінез таныттым,
Салар ем айқай, аспанның асты алып тым.
Біліп те тұрып осалдау менің тұсымды
Сырыңды түгел несіне маған ағыттың?

Баянсыз күнім балдырға жатыр күрмеліп,
Аян боп, сірә, түсіме кірдің түрленіп.
Білместік болар, бағдарсыз бақ-бақ бақыттың
Үлпілдек гүлін қосылып тұрып үрледік.

Мезгілсіз шақта меңіреу ойлар мазамды ап,
Отырмын тағы әлдебір неге алаңдап.
Барады кетіп әне бір жаққа әлдекім
Еңсесі түскен сұлбасы ғана қараңдап.

Күбір де сыбыр қызыққа мойнын бұрмаған,
Жағамнан алды телміре қарап түн маған.
Қызықсам дағы күнәдан ада күніңді
Босатшы мені,
мен емес едім ғой ұрлаған?!
***
Беймаза күй
Таңнан да таппай бір емді
Тұрғанда,
Сәске шіренді.
Қарайлап кешке қайтейін,
Сырларын бүккен білем-ді.

Сан күрмеу жатыр жолымда,
Белгілі шегі оның да.
Босатар ма еді, бір ұшы
Болғанда, бәлкім, қолында.

Серттесіп сағым үмітке,
Көңіл де бөлмей күдікке
Жүргенде,
Аяр уақыттың
Кетерін алдап біліп пе?

Енді тұр қалмай шарасы,
Алыс боп қас, көз арасы.
Шамасы тағат таппайды
Туғанша айдың жаңасы.

Тербетіп ойдың бесігін,
Тәңірден сұрап кешірім.
Несі мін,
қақса қайтадан
Беймаза күйдің есігін.

Дүние – дүбір бәрібір,
Құятын қуат, кәні, нұр.
Өкпелеп оған неғылам,
Бәрінің айтар әні бір.

Байқадым бабын басқаның,
Аңысын аңдап аспадым.
«Тәуекел түбі – желқайық»,
Ескегін азат тастадым.

Тұс-тұстан түртіп көп үміт,
Несібі текке толығып,
Жұмаққа барып қайтқандай,
Періштелермен жолығып.

Төскейге төсеп жөргегін,
Кестелеп сосын өрнегін.
Төрлерін әрлеп қойса да,
Мен одан медеу көрмедім.

Таңнан да таппай бір емді,
Тұрғанда,
сәске шіренді.
Беймаза тірлік билейді
Қашсаң да қайда, біл, енді.
***
Тағдыр
Өткен күндер қатал неткен,
Қарамайтын бұрылып.
Уақыт, мүмкін, кінәлі?..
Зымырайтын құнығып.
Адамша егер ойлай алса тұлпар-күн,
Тынығып та алар еді,
Сәл нәрседен сыр ұғып.
Жұлдыздар жүр тығылып,
Жарық күнге жақпаған.
Отқа қарап табыну –
Түсінбедім, жат маған.
Жыр жолдарын жүрегіме жазылған
Жаттағам да,
Соңын таппай,
Саған арнап сақтағам.
Көкжиекте күреңіткен
Күн бол деп ем әр батқан,
Мың жұлдыз боп шашылдың да,
Ағып кеттің жан-жаққа.
Өктем қалпың қайда кеткен жоғалып,
Көктем болып қалғың келген,
Қанғың келген шәрбатқа.
Көктем болып қалғың келген,
Күз келерін ойламай.
Күреңітіп шыққан сонда
Бұлт басты да,
Толмады ай.
Сенім артқан сезім гүлі сен үшін
Бір күн тағы
бағасы жоқ бедер бейне болмағай.
Күз келерін ойламадың,
Көктем жақта қалды үнің.
Көктеп едім,
Талшық етіп
Жаздың жылы жаңбырын.
Түсініксіз.
Маған несін қарайды?!
Жерге сіңген жауын сынды
көрінбейтін тағдырым.
***
Елес
Төркіндеп барып төріне шуақ шағымның,
Жанарын сүрттім жасаурап тұрған жанымның.
Таныс қой деп ем бәрі де, бірақ,
жарасым,
Таба алмай мүлде жаңылдым.

Елеңдеп көңіл жыртуға тіптен қимадым,
Ертегі етіп жазылған жылдар жинағын.
Езуін тартып есіктен кірген елестің
Есімін сұрап қинадым.

Елес боп келген ертеңім екен, білмедім,
Есуас ой деп жаратпап едім күлгенін.
Елес боп келдің,
Ендеше, елес қалпыңда
Серігім болып жүр менің.
***
Тірлік
Тірліктің тұлымы жоқ тұлдыр әнін
Тыңдауға төзімімді мың құрадым.
Қиялым қалап шыққан қиялардан
Құм қармап қайта-қайта құлдырадым.

Тірліктің тынымы жоқ күні пақыр,
Сәт сайын сан құбылып, сырғып жатыр.
Тырмысып тер төккенмен бәріміз де
Жатамыз топырақта тынып ақыр.

Тірліктің өрі де көп, еңістері,
Кейбіреу күлкіге де кеміс тегі.
Құр күлкі қайтымы жоқ кімге керек –
Жалғанның жарты күндік жеңістері.
***
Шетінеп ойым...
Құйылған кезде көңілге кірбің құймағы,
Шетінеп ойым ботасы ерген бұйдалы.
Күймелі сезім күңіренді де күнгейден
Биледі бойды бозамық боздау күй тағы.

Аспантау-арман, торлайтын қайта-қайта мұң,
Бағынбай кеткен белесің барын байқадым.
Қаланың шуы жіберсе дағы шаршатып,
Алдағы күннің күшіне сеніп қайтамын.

Сенімнің сыры болса да маған белгілі,
Күнәға қимай қорғайды көңіл кеңдігі.
Өлең боп қалды дұғадай айтқан күбірлеп
Ойымның жетім мұңдасар жері ендігі.
***
Жарық күн
Түнгі ойды қаттап қатырдым,
Таңымды аппақ атырдым.
Тірегім тағы болсын деп
Таулардың мұңын шақырдым.

Жуасып қапты батыл күн,
Ақ қардың сұрар атын кім?
Мұз қатқан қыңыр жолменен
Ой кешіп келе жатырмын.

Көңілін қимай батырдың,
Күлкімнен баптап татырдым.
Куә тек оған сүңгі мұз
Шетіне қатқан шатырдың.

Көзіме оттай басылдың,
Бағасы аздау бақыр-мұң.
Адасып қалған бір жолы
Аяқталмаған хатымның.

Пейілін көріп жақынның,
Азасын тыңдап ақынның.
Соңы жоқ бәрін сұр күннің
Тұңғиығына батырдым.

Жарқ еткен оты жасынның,
Ұйқымды қанша қашырдың.
Түнде емес екен тыныштық
Байланған бағы басымның.

Ақ қырау басқан шашың мың,
Жаулықпен қымтап жасырдың.
Алатау-Ана, мұң құшып,
Мойныңа келіп асылдым.

Асуың болса, асырдың.
Жатырқап, талай жасырмын.
Бәрібір бағым, Жарық Күн
Басылдым, саған бас ұрдым.
***
Ақ қайыңды даламның еркесімін
Құс қанаты талатын байтақ далам,
От тұяқты тұлпар да тайсақтаған.
Қыран тектес көңілім тарыққанда
Құшағыңа қыспасаң жай таппаған.

Ақ қайыңды даланың еркесімін,
Еркін ескен тербеген жел бесігін.
Біреу менің даламды жаратпаса,
Жаратпасын маған-ақ бер кесімін.

Құмды дала, ойды қыр алмастырып,
Екі жақты жататын жалғастырып.
Таулы өлкеге жол тартып келгенімде
Көрсетпеген түк те де жартас қылық.

Тауға ұнап, арылдым мен алаңнан,
Жақпар тасы жаныммен тең қаланған.
Сөйте тұра қамыққан сәттерімде
Қалқан іздеп кетемін кең даламнан.

Жұпарыңды, ақ қайың, аңсап сенің,
Шарласам да таппаймын, шаршап емін.
Таудан биік тұрмайды өзге нәрсе
Деген сөздің төркіні жаңсақ тегі.
***
Ауыл мұңы
Қала жаққа қарай берем алаңдап,
Бір жақсылық көрінер деп қараңдап.
Кеткенім не, әсершіл боп әрнеге,
Әбігершіл әдетпенен маған жат.

Ұясы едім аппақ қанат арманның,
Талас жүрмес төресі едім талғамның.
Дәптеріне асау жүрек ақынның
Ақауы жоқ тамшы-жыр боп тамғанмын.

Аңқылдаған ағайынның бағына,
Сарқылмайтын менде еді қазына.
Сағыныш боп қалған сұлу кештердің
Бөлек еді жан тербейтін сазы да.

Бүлкіл қағып тіршіліктің тамыры,
Көлім толқып, егін – мол құт дарыды.
Ұбап-шұбап мал өрістен қайтқан кез
Естелік пе, қайталанбас қалыбы.

Сонау жылдар... көктемім бе ең, жазым ба ең?
Ұрпағыма ұяттымын қазір мен.
Көк сөздерді көпсітеді бәзбіреу,
Көтерем деп көңілімді әзілмен.

Ебін тапқан кәрісі де, жасы да,
Қала жаққа көшіп кетті асыға.
Шүкір, қазір кейде келіп-кетіп жүр
Құран оқып бабасының басына.

Қала жақтан іздеп кеткен несібе,
Өз жұртымды жазғырайын несіне.
Қоштасарда мөлт-мөлт ете қараған,
Сол бір жанар түсе берді есіме.

Бейбіт күнде берекемді алған кім,
Неге мені ауызға алсаң арландың.
Өмір, өлім... шарам қайсы жарығы
Мен көретін сөнер болса жалғанның.

Сынық сәуле. Сұрауы жоқ ауылмын,
Ертелі-кеш еңсемді езді ауыр мұң.
Әй, бірақ та... сұрай қалса сын көздер
Деп жатыр де: «Қалім жақсы, тәуірмін».

Қалса дағы қолға қарап күтімім,
Көбейер деп үміттімін түтінім.
Кең заманда маған да бір, тағдырым,
Қия көрші бақытыңның бүтінін.
***
Тастың тілі
Алатаудың бір тасымын қатпарлы,
Темір-тұтқын жүрегімде тат бар-ды.
Мен тарихтың куәсімін, тұлпардың
Тұяғымен төсім қанша тапталды.

Алатаудың бір тасымын өзгеше,
Несі тас деп сөкпе мені, төзбесе.
Маған қарай кім де болсын бұқпадым
Сала садақ, сұр жебесін көздесе.

Қара таспын қаперсізге жат мүсін,
Менсіз бірақ, қазаққа көп қатты сын.
Кей кездері қазақ емес, өзгенің
Табанында қалғандығым батты шын.

Ғасыр қанша, жылдарда мен мыңдаған,
Домбыраның қоңыр күйін тыңдағам.
Тымық күнде тау мен тасты жаңғыртып
Қуат берді салған ән мен жыр маған.

Бағалыңды білмейсің-ау, қымбаттым,
Бүгін саған бір сырымды тыңдаттым.
Тіл бітсе егер, қан жүгіріп, келеді
Ең бірінші қазақ болып үн қатқым.

Менің мүмкін дара даусым жаңғырмас.
Алатауда мен сияқты сан мың тас
Бар тілдердің таразылап салмағын
Сөйлеп кетсе қазақ болып таң қылмас.

P.S. Тастың сыры сыр емес деп санама,
Тастың мұңы мұң емес деп қарама.
Тастың тілі – қасиеті қазақтың
Сен, ендеше, қасиетті бағала.
***
Алаң күн
Күллі әлемді бесігінде тербеткен,
Хақтың нұры төгіліп тұр жер-көктен.
Жамандыққа кезіксең де жасыма
Жақсылықтың қайтарымы кем деп пе ең?

Сағың сынып, жалған сөздеп қаштың ба?
Жасырары бар ғой достың, қастың да.
Қанша жанар сырын бүгіп барады
Қара, қара көзәйнектер астында.

Асып-тасып есірмеуі үшін де,
Есектің тек адалдығы күшінде.
Харам ойлар жүрмесіне кім кепіл
Хиджаб киген «періштелер» ішінде.

Жаратқанның әміріне бар ма сын,
Жазасы – от, жаны таза жанбасын.
Әр пендесін бір сатыға кем қойған
Дегендейін талпынудан танбасын.

Қоғам, сенің жазылмайтын жараң мың,
Шайтан-үміт адастырған алаң күн.
Мүмкін емес ақ жолға күл шашуы
Жүрегінде иманы бар адамның.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста