Тоқтарәлі Таңжарық: Екеуміз сүйетін бұл өмір Барады, ә, осылай қуарып...

Өртелген мешіт
Бейуақта сөккен кім сенімімнің көбесін?
Үйі өртелді Алланың.
(Түсім емес, өңім бұл).
Жанарымда боталап жазулардың елесі,
Кірпігімнен ұшады құсқа айналып көгілдір.
...Тұншықтырып жанымды жанайқайым өзімнің,
Құмда қалған құлазып жолаушыдай сезіндім.
Мендік тағдыр жазылған «Тәңірхаттың» парағы,
Көз алдымда тұр әне, отқа оранып күп-күрең.
Қанат қағып Қиссалар қиялымның үстінен,
Әлсін әлі қағады қылқобыздың шанағын.
Жалқын оттың ішінде күрсінеді көлеңкем,
Шым-шытырық, қым-қиғаш елес торлап жанарын.
Өртке сүңгіп барамын...
...Батып бара жаттым бір қап-қараңғы түнекке,
Қалды артымда шұбалып иір-қиыр жалғыз із.
Таңғы азанның дауысы қалқып шығып жүректен,
Маңдайыма қадалды өртенген Ай алқызыл...


Гүл-І
Түн.
Балауыз шамның әлсіз жарығы
Жалауын жел жыққан кемедей
Қиялымызды иенге сүйреген.
Ұмыта алмайтындығымыз бен
ұмытуға болмайтындығын да елемей,
санамызды мағынасыз әуендер билеген...
Әйтсе де бір буда қызыл гүл
ұсынар едім мен саған,
Бірақ, сен таңырқамайсың
дала гүлінің иісіне.
Иә, біздің сезім
Өзіміз ойлағаннан да «сараң»,
Тіпті оны қуат та қалмаған түйсінер.
Біздің бұл ауыр да азапты халімізді ұғар кім?
Сен нені аңсайсың, жаным,
көзіңді үн-түнсіз әйнекке қадап.
Бәлкім, біз бір күні ұмыта алмайтындығымыз бен
ұмытуға болмайтындығы үшін егіліп жылармыз...
Бірақ, ол кезде тым кеш болар!
Жасымыз көкірегімізде бүр жарған
қауашақ гүлдің жапырағына
аппақ қырау боп қонар...
Сосын, ол да солар!


Гүл-ІІ
...Солады сыйлауға жаралған гүлдер.
Дәл осы гүлдердей
қарашығымызда қуарып, солар күз.
Әрине, тым қиын өткенді ұмыту мүлдем...
Бізде
ағыстар шайқаған
Мұзтаудай мүжілген болармыз...
...Қиялды тоғытып түнге,
Елесін іздейміз солардың.
Ал қазір іңір ғой қарс түйген қабағын,
Ынтық пен өксіктің қауышқан сәті
Немесе қураған гүлдердің сабағы,
Бояуы қалмаған жасыл...
Аппақ сүңгіден тамған мөлдір тамшыдай
Сенің жасың...
Көкірегіме шым-шымдап сіңген.
Сен енді қайтесің бұл түнге жылап.
...Қайтадан қауашақ жаяды гүлдер...
Бірақ,...
Бірақ,...
Бірақ,...


Теңіз. Ай. Елес
Көгілдір ай сәулесі астында буырқанып жатқан теңіз...
Толқындар сапырылыса шайқаған айдың «өлі» денесін.
Бәлкім, сол Ай - біздің ғұмырмен егіз,
Бәріміз шарқ ұра аңсаймыз өткеннің елесін.
Көкірегімізді қан-жоса ғып қадалған
Тіпті де ұмыта алмаймыз уақыттың улы жебесін.
Ай мен сол Елес.
Жылымға шөккен кеме.
Су бетіне шықпайды енді олар қалқып.
Сұңқылдап жалғыз ұшқан аққуды көрсең сен, егер,
Қанатын көгілдір сәулелерге шарпып;
Ол да біздей күңіреніп Елес дүниесін кезер,
Аласұрған сезімнің құшағында малтып.


...Бүгін теңіздің демі салқын.
Үн-түнсіз барамыз қайтып...


Иек сүйеу
Үн-түнсіз. Жым-жылас.
Есік пен терезе –
Мәңгілік ашылмас кейіпте. Жабылған.
Әлдене аңсайсың. Кебедеі кенезең.
Масалар ызыңы билеген қабырға –
Ол да үнсіз! –
Қиялға шомылған.


Кірпікте қара түн түнеріп,
Қарашық ішінде мұң ағып...
Екеуміз сүйетін бұл өмір
Барады, ә, осылай қуарып...


Қасірет иектеп жанымды,
Жұбатар едің ғой күрсінсем.
Бейуақ сыңсиды қалың ну:
«Қай жақта жүрсің сен?»


...Үзілген үмітті жалғар кім?
Ұзақ түн ғасырдан.
Ертеңгі ататын таңдардың
Парағы шашылған...


Ай
Іңір желі сұп-суық қарашығыма мұң үрлеп,
Лашығымда жатамын әлде нені күбірлеп.
Ұласқан бұл дүние жан толқытар уілге,
Құс жолының төсінен нұр төгілер сібірлеп...


Айдың нұры... Аспанға асып қойған шамшырақ,
«Жас жүрегім саусағын жаяр» көкке қалтырап.
Ойлар кезіп миымда оттай ыстық, (салқын әм),
Көкірегіме құйылған шымыр-шымыр тамшылар...


Шегірткелер шырылдап, бақалары шұрылдап,
Үндерінде балқыған ескілеу бір ұғымдар.
Қиялымда күн кешкен менің «құбыжығым» да,
Сенің жалқын нұрыңмен әлсін әлі құбылған:


Жалын атып мұңдарым жанарымның түбінен,
Арпалысқан жанымның ащы жасын сімірем.
Жазмышым жарқырап көлеңкемнің ізінен,
Өзім қашып өзімнен айғай салып жүгірем...


Долы дауыл буырқанып арнасынан тасар мың,
Малып аппақ қанатын Ай көгілжім шашар нұр.
Шашым қудай ағарып, ағарып һәм сақалым,
Теңіздердің үстімен ө-ө-ті-іп бара жатамын...


Басып өткен жолыма қасіретімнен гүл өніп,
Шиыр-шиыр ізіммен шимайлаймын жыр өңін.
Көкке ұлыған бөрідей көкжиектен нұр еміп,
Жапандағы жалғыз бір молаларға түнейім.


Жиям әзер есімді... Мұнар толы мұңлы алап,
Азалы бір музыка әуендері дулаған.
Жанарымның жалыны кеңістікті кезіп бір,
Күрсінемін тым ұзақ көкірегіме күн қадап...


Будақ-будақ бұлттардың бұтағында бүр жарған,
Көк жүзінде қалқисың жамалыңмен түнді арбап.
Саған қарап сол сәтте көзімді аршып булардан,
Жүзім тосып үн-түнсіз ұйып сүттей иманға,
Ұшқан әбден үрейі рухымды ілдәлдап;
Жазуларды оқимын жапырағында нұр жанған:
«Ла иллаһа иллаллаһ,
Ла иллаһа иллаллаһ,
Ла иллаһа иллаллаһ!...»
Жолаушы
Бір сапарға шыққанмын, барар жерім белгісіз,
Қайдан шықтым?
Оны да айта алмаймын. (Сенгісіз).
Маңдайыма жазылған сұрқы бөтен сұрақтар,
Жан баласы төзгісіз...


Жұлдыздардан тамады жалқын, жалқын, жалқын нұр,
Тоңазу бар бойымда, бар тағы да балқу бір.
Қанаттары қып-қызыл алауларға шарпулы,
Көз ұшында көлбеңдеп көбелектер қалқып жүр.


Тұнжыр мұңлы көздерін түнге малып кісінеп,
О, киелі пырағым, қасіретіңді түсінем.
Мың жылғы бір мұңдары енгендейін түсіне,
Көкбөрілер ұлиды көгілдір тау ішінен.


Бал бұлақтың сыңғыры, байғыздардың «түн жыры»,
Оған көңіл елітпес. (Бұл не қылған мұңлылық!?)
Ұйықтап кетем иенде жауып қиял түндігін,
Түс көремін, түсімнен оянамын шыңғырып...
Жанымды жеп жегідей жалғыздықтың дауысы,
Қайдан шықтым, тәйір-ай, барар қайсы бағытым?
Айдың нұрын жамылып Аруағым жүр жарысып,
Мен келемін сүйрелеп рухымның табытын.


...Жандар біткен қарайды жанарларын мұң арбап,
Ынтызарлық һәм олар айырылған құмардан.
Іңірдегі сұп-суық иреңдеген жыландай,
Қарсы алдымда қап-қара жолдар жатыр шұбалған...


Жұмбақтас
...Мүжіп біткен уақыттың дауылы,
Менің мұңлы қиялымдай ескірген.
Сан ғасырлық сағыныштың жазуы
Сіңген саған һәм кеткен тым өшкіндеп.
...Жынданардай өз-өзімнен айқайлап,
Бурабайдың толқындарын кештім мен.
(Ал онымды түсінген жоқ ешкімде)
Мәңгілікке мызғып кеткен мүсіндей,
Тұрсың үнсіз ақ толқынның ішінде.


Саған қарап ойлану да тым ауыр,
Ғасырлардың парағындай жел ашқан.
Айнадағы елес сынды бұла бір,
Жалғыз рет көргеннен соң... адасқан.
...Әлденені жүрген жандай аластап,
Күрсінеді көк аспан.
Ал сен тұрсың ақ толқынның ішінде,
Мәңгілікке мызғып кеткен мүсіндей.


Жым-жырт қана отырғандай ой тастап,
Елең етпей түкке де.
Бейне жалғыз жолаушыдай жол тосқан,
Бейуақта белгісіз бір түс көрем:
Көкірегімде жаңғырады жартастар,
Және мың-сан нүктелер...
Мен өзімді, сосын сені түсінбей,
Тұрдым ұзақ ақ толқынның ішінде –
Мәңгілікке мызғып кеткен мүсіндей...


Жазу
...Жазу көрем мен ылғи нұр балқытқан пішінде,
Аяны ма Алланың жер бетіне түсірген?!
Қарап кейде айнаға жанарымның ішінен,
Сол жазуды көремін үлкейген һәм кішірген.


Жазуы емес Тәураттың, емес мүлде Інжілде...
Отырамын оңаша қиялымда мұң бүрлеп.
Жапырағына жанымның салған шақта жұлдыз дем,
Белгісіз бір әуенде сөйлейді олар күмбірлеп.


Бірақ оны ұғуға рухы жетпей ділімнің,
Күрмеледі тілім дүр.
Ортасынан безініп күбір менен сыбырдың,
Көкке жайып қолымды көкжиекпен жүгірдім...
Сонда балқып Ай туды үрпін сүйіп іңірдің.


Құстарындай бейіштің қанаттары жап - жасыл,
Олар самғап...
Нұр өпкен қауырсынын маздатып.
Шымыр-шымыр қайнаған қасіретімді қоздатып,
Қара түнді сіміріп қарашығыма көз жасым,–
Кебісімді сүйретіп кеттім келмес жаққа бір,
Аяғыма, сонан соң өзіме сор – өз басым...


Маңдайымды сүйгізіп қараңғы мен жарыққа,
Езу тартам сәбидей өз өзімнен шалықтап.
Айғай менен ұраннан сәттерімде талыққан,
Үн жетеді бір мұңлы, үн жетеді тамұқтан.
Сонсоң мәңгі баз кешіп марапат пен даңқтан,
Санамдағы сәуленің нұрын мұңлы Ай ұрттап...


Сұлық түсіп жатамын сұп-суық бір табытта,
Сол жазулар жүреді көкірегімде қалықтап...


Құштарлық
Сезім нұры жауғанда себелектеп,
Ермен мұңға мас болған ебелектеп.
Қызыл гүлдің жабысып қауызына,
Қонса жалғыз қоңырқай көбелек кеп...
Ол менмін ғой,
Әлдене керек еткен.


Жетім көлшік бөленіп шұрылға сан,
Маңғаз тірлік айтқанда жырын масаң.
Бозала таң атқанда бозторғай кеп,
Терезеңе қонақтап шырылдаса,
Ол менмін ғой...
Қайтейін ұғынбасаң.


Тырналарын түн бойы тыраулатқан,
Мұңлы әуенге тұншығып мұнарлы аспан.
Қара жолдың үстінде қайғы құшып,
Жапырақты көрсең сен құлап жатқан...
Ол менмін ғой,
Сені ойлап жылап жатқан!


Қыңыр боран қымсынбай қыңсыласа,
Қыңсыласа,
Бір сәтке тыншымаса.
Сенің алма жүзіңді аяз келіп
Ақырын шымшыласа...
Ол менмін ғой сүюге құштарланған,
Жүрегіңнен бір күні бүршік атам...
2003 ж.
* * *

Мүлгиді үнсіз мынау бақ,
Жеткендей бір сұм хабар.
Тымық түнде тыраулап,
Қайда кеттің тырналар?


Жүректерің мұң тыңдап,
Жүрсіңдер ме адасып.
Қанаттарың сымпылдап,
Қайда ұшып барасың?


Сағындырған өзен бе,
Әлде, асау теңіз бе?
Қарқарадай тізіліп,
Барасыңдар нені іздеп?


Сендерге ұсап қайтуға,
Жетпес жанның дәрмені.
Тұңғиыққа тартылған
Сағынышым бар менің:


Теңіздерден телегей,
Өткім келіп тұрады.
Ештеңені елемей
Кеткім келіп тұрады.


Екі өмір жоқ, әрине,
Жоқ, әрине, екі өлім.
Қандай бақыт пәниде,
Табу іздеп мекенін.


Желпініп бір жетуге
Мекеніне аңсаған,
Сорлы жердің бетінде
Қанатсыздар қаншама...


Солар жайлы толғанып,
Солар жайлы мұң кешем.
Қасірет қой ол дағы,
Түсінбейсің мүлде сен.


Теңіздерден телегей
Өткім келіп тұрады.
Ештеңені елемей
Кеткім келіп тұрады.


Еркіндігі ен-тегін,
Шомылар ем шуаққа.
Менің дағы қайтемін,
Қанатым жоқ бірақ та.


...Сонау байтақ әлемге,
Жеткізіңдер бір хабар.
Дұғай, дұғай сәлем де!..
Қош бол!
Қош бол, тырналар!..


Боздақ
...Досым, мені тыңда сен,
Сайтанмен де көңілдес,
Құдаймен де мұңдас ем.
Кеудемдегі жарамен қарсы алып ем таңды мың,
О, киелі Қара Өлең — Жалғандағы зарлығым,
Саған шақтым мұңымды,
Жаратушы Рабма болу үшін ұғымды.
Қылқобыздың қылы едім, Ұлы Оғыздың ұлы едім,
Жарып тастап жалғанның кетпек едім түнегін...
Сапарларым баянсыз, (Оны тым кеш ұқтым мен),
Соқпақ-соқпақ жолдармен сорға бола шықтым мен.
Жабылмастан есігі қалды артымда қожырам,
«Мен өмірді сүйем!» деп салғамын жоқ аз ұран.
Ол да бірақ жалған-ды.
Бәрін қойшы сірә да...
Сақал-шашы қылаулап,
Мені ертіп кетеді сәлден кейін кіл аруақ.
Тобырларды мендегі толғандырмас құса түк,
Есіне алмас ешкім де қырық шырақ тұтатып.
Көз алдымда мың елес билер қазір – (түнгі би),
Қобызымды қолыма ап тартам сонда мұңлы күй.
Аңыраған зарымды ұқпаса да басқалар,
Ай-арудың көзінен шым-шымдаған жас тамар.
Өйткені ол, әрине, соңғы түннің куәсі,
(Көбелектер көңілсіз күбірлесер дұғасын).
Сосын жасым сорғалап, мұңлы Ай жанып шекемнен,
Бұлың-бұлың көшемен бұлтқа сіңіп кетем мен.
...Жолдар күтіп тұр әне, қасіреттің иісі аңқып,
Қой, ішелік, құйсаңшы...


Көбелек
Сен бір әсем көбелексің
Қызыл ала қанатты.
Өн бойыңнан тұрар сенің
Иісі аңқып жәннаттың.


Желмен баяу тұр ырғалып
Даланың пәк гүлдері.
Қанаттарың діріл қағып,
Әсемдік бар мүлде бір.


Нәзік қана көркің біткен,
Көңілімді тасытты.
Сендегі сол еркіндікке
Өле-өлгенше ғашықпын.


Талпынғанмен жете алмаспын,
Сен жасаған әлемге.
Өйткені мен адаммын ғой,
Адаммын ғой, шарам не.


Жырлайтұғын өмір әнін,
Және мұңлы ақынмын.
Паң дүние шомылады,
Көз жасына пақырдың.


Көрдім көркем елесіңді,
Таңның сұлу бағынан.
Жаулаған шақ сен есімді,
Сары даламды сағынам.


Сені сүю — қиын маған,
Арманым ол — ақ сағым.
Мен түгілі бұйырмаған,
Бақытына патшаның.


...Сен бір әсем көбелексің,
Қимас басқа мүсінге.
Ен далада жүресің ұшып,
Көрем әркез түсімде...
* * *
Түн. Құлазыған бейне.
Айнаның жүзінде сағым.
Екеуміз өксиміз кейде,
Еске алып бақидың таңын.


Қиялдың қанаты талса,
Жабылар белгісіз бір есік.
Моладан бүр жарар арша,
Көлкіген көлеңкені кешіп.


Шыңғырар шытырман жолдар,
Үнсіздік өксіген сәтте.
Мүлгиді қап-қара орман,
Біз үшін жат енді ол әттең.


Күз бе бұл, яки көктем?
Даланы тұмшалар тұман.
Көмейде талықсып кеткен,
Ешқашан айтылмас бір ән.


Түн. Құлазыған бейне.
Жүзінде ескірген әжім.
...Біз неге өксиміз кейде,
Еске алып бақидың таңын?..


Орман

Жиілейді қара орман...
М.Жұмабаев
Суық һәм сүркейлі Шығыстың желі...
Ауыр бір ойларға шомған –
Мен мәңгі сүйемін сені,
Үн-түнсіз мүлгіген қап-қара орман.


Жататын жым-жылас жыныстар бүркеп,
Онда да аюлы шатқал бар –
Шытырман жолы.
Мен өскен тауларға жарасар бұл тек,
Білемін, ешкім де сезген жоқ оны.


Анамның ағарған шашындай селдір,
Менің де қиялым ағарды, жаным:
Іленің суындай тап-таза, мөлдір,
Тауындай тым асқақ тағы –
Сол орман туралы пікір жоқ оңды,
Себебі, ешкім де болған жоқ ұғып.
Дәл өзі сияқты
қиялға шомсаң бір болды,
ойыңа жап-жасыл бояуы қалады жұғып.


Төбеңде жүреді Ай балқып... толысып...
Тек соған бастайды
бейуаққы белгісіз жолдар.
Мен сені сүйемін сол үшін,
үн-түнсіз мүлгіген қап-қара орман...


...Болады енді кім қорған?!..
Өртелген мешіт
Бейуақта сөккен кім сенімімнің көбесін?
Үйі өртелді Тәңірдің.
(Түсім емес, өңім бұл).
Жанарымда боталап жазулардың елесі,
Кірпігімнен ұшады құсқа айналып көгілдір.
...Тұншықтырып жанымды жанайқайым өзімнің,
Құмда қалған құлазып жолаушыдай сезіндім.


Мендік тағдыр жазылған «Тәңірхаттың» парағы,
Көз алдымда тұр әне, отқа оранып күп-күрең.
Қанат қағып Қиссалар қиялымның үстінен,
Әлсін әлі қағады қылқобыздың шанағын.
Жалқын оттың ішінде күрсінеді көлеңкем,
Шым-шытырық, қым-қиғаш елес торлап жанарын.
Өртке сүңгіп барамын...


...Батып бара жаттым бір қап-қараңғы түнекке,
Қалды артымда шұбалып иір-қиыр жалғыз із.
Таңғы азанның дауысы қалқып шығып жүректен,
Маңдайыма қадалды өртенген Ай алқызыл...


Уақыт жыры
Уақыт – ысқырып ұшқан жебе...
Яки, тау басында қалған кеме...
Мәңгіге тоқтаған.
Ол бірақ ғасырлар қойнауының ішінен
Күп-күрең от жағар.


Сол отқа жылындық,
Сол отқа күйдік те,
Демінен кететін мұз да еріп.
Сүймедік,
Жоқ, әлде, білмейміз сүйдік пе,
Шұбалып жатыр тек сарғайған іздері.


...Айнадан сақылдап күлетін Аруақ,
Жүзінде – Ажалдың елесі.
Бөлмені кезеді ол қалған бір қаңырап,
Көтеріп мезгілдің сұп-суық денесін.


...Қасірет әуені секілді
Бейуақ бір мұңлы үн тарар тамшыдан.
Жаңбырға үн-түнсіз тосасың бетіңді:
«Бұл халге қалайша жан шыдар?..»
(Уақыт –...?
Уақыт бәрін де жаншыған.)


...Осы бір ырғақты ыңылдап отырып,
Екеуміз жұтылдық!..
Жұтылдық түнге –
Қап-қара тұманға...
Мүлде!.. Мүлде!.. Мүлде!..

* * *

Мұңайма, жылама жаным,
Бұл маңда жұбатпас ешкім.
Онсыз да қасіреті қалың
Мынау бір сұп-сұры кештің.


Қайтесің уайымға жүзіп,
Көз жасың көтермес оны.
Уақыт сызған бір сызық,
Емес ол маңдайдың соры.


Мағынасыз әуендей сөзің:
«Көремін, – дейсің, – бір жебе!»
Нүктеге қадалып көзің,
Сен іштей егілесің неге?


Өтінем, күлші бір мұңсыз,
Жүрген не еңсеңді езіп.
...Сен қайда барасың үнсіз,
Бейуаққы көшені кезіп?

* * *

Түн құшағында мүлгіген елес,
Қараша гүліндей солған.
Бірақ ол мен сүйген махаббат емес,
Қиялын кеңістік сорған...


Бұлдырар бұлыңғыр әйнек...
Көкірегі күбірге толы.
Самал жел ұшырған ләйлек
Секілді ол сермейді қолын.


Көзінен көлеңке тамар...–
Уақыттың күп-күрең табы.
Алаулап жұлдыздар ағар,
Отқа орап мезгілдің бағын...


Түн құшағында мүлгіген елес,–
Өрмекші тоқыған тордай.
Бірақ ол мен сүйген махаббат емес,
Мен сүйген махаббат болған...


...Тек оны біледі
Кеңістік қойнауына құлаған жолдар!


Құлазу
Үнсіздік пен айқайдың арасындағы
Жалғыз аяқ соқпақ...–
ұзыннан ұзаққа шұбалған.
Бейне, ашылмаған Қиял кітабының ішіне
Бір нәзік қол жасырып,
Жалғыз тал емен жапырағындай қуарған.


Алыс сапарға шақыратын жолдар,
Қатал уақыт илеуіндегі бір түн —
Бір ғасыр!
Көз алдыңда билейді сонда
Өткенің мен Болашағыңның сұлбасы.


Немесе көктемгі бәйшешектей
Шықпай жатып солады арманыңның бүршігі.
Сосын отырасың жалғыз құлазып
Өз-өзіңнен тұншығып.


Көзіңді ашсаң да, жұмсаң да
көкірегіңе шер түнер...
Құстар ұшады қанаттарының сусылдарымен мұң аулап.
Сол ұлы құлазу қасіретінің дертінен
Менің де, сенің де, оның да жанары суалар...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста