Толқын ҚАБЫЛША: Алқаракөктің ақ сауыр бұлты жолдаған, Керімсал менің көктемім!

Толқын ҚАБЫЛША: Алқаракөктің  ақ  сауыр  бұлты жолдаған, Керімсал  менің  көктемім!
 
Аңсарым  болып  тек  менің!
Ақпанмен  бірге  асығып  жеткен көктемім.
Ақ  қанат  қарды  алақанға  алып, жаураған.
Аңғал да  болдым, сөкпегін!
Алғаусыз  мезет, жанымды  үнсіз  жылытып,
Күн  болып  құшқан  көктегім! 
 
 
Адалдығымның, ғазал  жырымның  айнасы.
Қолымды  көкке  жайғасын. 
Көктем  боп  бір  сәт  көрінген  менің  көзіме,
Ақ жауын мезгіл,
Қайдасың?
Періште  күймен қарсы  алғым  келген  өзіңді,
Ұға  алмай  өмір  айласын.
 
 
Құштарлық па едің?
Кеудемде  жүрген  от  па  едің?
Ұмытшы  бәрін  өкпенің.
Жанымды  оқы, жанымда  бәрі  жазулы.
Алдыңда  кінәм  жоқ  менің! 
Алқаракөктің  ақ  сауыр  бұлты жолдаған,
Керімсал  менің  көктемім!
 
****
 
Тәрк ете алмай,
Теперішін көп мұңның.
Дей алмаймын,
аз налыдым,көп күлдім.
Жауынынан жаурағанда тағдырдың,
Жасырындым жүрегіне шоқ гүлдің.
Жыр тәңірдің сезіндім бе қуатын?
Өлеңімде сезім кештім сұрапыл.
Ғұмырымның әр мезетін сүйдім мен,
Секундтары сағыныштан тұратын…
Тәңірімнен тілей алмай басқа арман.
Сүйсем дағы,
сыр айтуға жасқанғам.
Күн секілді жырақтардан өбтім мен,
Бақыт құшып, алқаракөк  аспаннан.
Бір ғаламат жүрегімде.
Ұғындым.
Әлі де сол…
Дей алмаймын,суындым.
Әлі де сол…
армандарға  сенемін.
Ғанибеті бәлкім солай ғұмырдың?
 
****
 
Айтылмаған сөздер бәлкім құндырақ,
Ашылмаған сырлар бәлкім,сиқырлы?
Неге ендеше, күн құлазып,
түн жылап,
Жұлдыз біткен ұрлап алды ұйқымды?
Талай күндер тіл қатуға оқталып,
Сағынышты тұсауладым неше мен?
Кеуде тұсым жарылуға шақ қалып,
Жүректегі құрбан болды неше өлең?
Біз ғұмырды түгесерміз төзіммен,
Сырт көздерге мен ақылды,сіз дара.
Мен жасқанып, сіз үркіген сезімнен,
Шуақ тосып, күмілжитін  күз  ғана.
Тағы  келем, үнсіз сүйіп  атыңды,
Біз кездейсоқ  кезікпейтін көшемен,
Кеудемдегі  жолданбайтын  хатымды,
Жанардағы  жеткізер деп  осы өлең…
Айтылмаған сөздер, бәлкім, құндырақ???
                     
****
 
  Іздемейсің,біздер,сірә,
бөтенбіз?!
Бәлкім,бәлкім,
болдық іңкар бекер біз?
Жапырағы желмен ұшып жоғалған,
Қайда барып,
паналайды екен күз?
Сол күз ғайып,
Біздің жаққа қыс келді.
Мен ұмыттым,
өзің жайлы түстерді.
Қанатымен қиқу қағып аспанда,
Сонау көктен танытады құс белгі.
Сонау көктен,
Сыбырлайды таныс үн.
Сағынбайды ол,
«Сендік сезім, бәрі сын…»
Жақының да,жалғызың да емес,ол!
Бәлкім,бәлкім,
ең аяулы танысың?
Күрсініс пе,қимастық па?
Қол бұлғап.
Қарды құшып, күмілжиді біздің бақ.
«Көктем әлі бір келер» деп мен жүрмін,
Қайда жүрсіз?
Мен ұнатқан күзді ұрлап? 
 
****
 
Сенесіз бе?
Бәрінен де қажыдым,
ештеңеге зауқым жоқ.
-Өмір дерсіз,
бұлбұлдарға ән үйретсе әупілдек.
Ал,мен болсам,
арманымды ұрлаттым…
--Содан,бәлкім,көздеріңде жарқыл жоқ! 
Дәл  осылай,
өз-өзіммен  тілдесіп.
Тағы тұрмын, суық айна алдында.
(Ол сұқтанбас қарашыққа сыр бүгіп)
«Өзіңде ғой,өзіңде ғой бар кінә»
Мысқылдайды,
мүсіркейді бір күдік.
-Жо-жоқ,
Мен өмірге іңкар ем,
Ақжарылып айналама сыр айтқан.
Бір сезімге адал болдым,жазығым!
— Ізгіліктен безінген бе мына әлем?
Сен едің ғой, нәзік үн,
Мына өмірге ессіз, шексіз құмартқан…
Солай еді…
Ал, бүгінде, өлең де емес сырласым.
Мынау шерлі жүрегімде,
сезім ғайып, мұң басым.
Ееең ауыры,сенімімді жоғалттым,
Сорлы жүрек,
қалай, қайтіп жырласын?
P.S .Айнадағы келбетімнен безіндім.
Сенбеген жан,табар ма енді мұңдасын? 
 
*****
 
Сағындым ба?
сонау  күзгі  қаз үнін,
Сұп-сұр мынау  әлемімнен  қажыдым,
Саған  жетпес құштарымдай  шертілген,
Әуенін -ай, мына  көктем сазының.
Маңдайымнан сүйсін қанша жарық күн,
Сенсіз осы  сергелдеңнен  жалықтым,
Мағынасыз  мезеттерге  тоналған,
Күлкімнен де құлазыған хәл ұқтым.
Жапырақтың жанарында үзілген,
Тамшыларда тағдырым жүр түзілген,
Сенсіз сүрген шаттығымның жасанды,
Торлап алды көздерін мұң, жүзін  мең.
Сағынғаным,
болар,мейлі  жазығым,
Аңсарым-ай, сенде бәлкім,қажыдың?
Аспан астын қайтайықшы бір байқап,
Естиікші,сонау  кешкі  қаз үнін.
Барлығына болса дағы кеш бүгін,
Келеді екен дауысыңды естігім,
Қапияда қалайықта  кезігіп,
Қол ұстасып  қайтайықшы кешқұрым.
Қайдасың?
                         
****
 
Көктем болып кеткендей мына ғалам,
Боз жусанның исі аңқып тұр ауадан.
Аяз да жоқ, ақпанмен арпалысқан .
Еріген қар,
дейтіндей «жылап алам!»
Көктем Сырға расында асық сынды.
Жылғалардан бір шаттық тасып, күлді.
Астанаға кеш жетер бұл құдірет,
Бізде ерте құшады ғашық гүлді. 
Бізде ерте атады бүршік арман,
Таң рауандап, жер жібіп,
күн шығардан.
Бізде бәрі ертерек,
неткен ғажап,
Жаз да ерте оянар, тыншып алған.
Неткен сезім,
Аймалап бақыт жерді.
Іңкарлігін паш етер уақыт келді.
Біз көктемге ғашықпыз,
көктем бізге.
Көрдіңдер ме, осындай бақытты елді? 
 
****
 
Іңкәрлік пе едің?
ізеті жаннан өшпеген,
құштарлық па едің,
от болып бірге кешпеген?
Қаламның ұшы –сағынышыммен боялып,
Тағы да, міне, мазалап отыр ескі өлең.
Ескі өлең,
әлде, ескірмей жүрген естелік,
Елең- алаңда, екеуміз неге хош дедік ?
Ерте көктемгі жауқазынға ұқсас жанымды,
Жабырқадың ба кеш көріп?
Сеп болдың сосын,
Сергелдең мұңның бәріне.
Сезімсіз кешкен ғұмырдың білмен, мәні не?
Жалғыз-ақ сөздің болғанмен ауыр үкімі,
Жанарың бірге әлі де.
Елестеп бейнең,
көшеден, кейде көліктен.
Күн кешіп келем, кездейсоқтыққа сеніп мен.
Сен келер күнді, болжай алатын бір сәтте,
Болмадым  неге  көріпкел?
                 
****
 
Сені  ұмыту- ұмыту  ма  сүюді,
Сенсіз  жалған- жылусыз  хәм  көріксіз.
Өлең  тәңір   ұқпай  қойды  күйімді,
Айтпай  кетсем, есіміңді   еріксіз
 
 
Сені  ойламау- баз  кешу  ме  әлемнен,
Ойсыз, мұңсыз  әр  күнімнен  жеріндім,
Өр  келбетің  қол  бұлғайды  өлеңнен,
Жеңіс  сенде, мен  тағы  да  жеңілдім.
 
 
Сені   іздемеу-  сұлулықтан  безіну,
Нәзіктіктен   қол  үзу  ме  аяулы?
Сені  ойламай  қандай  қиын  көз  ілу,
Сезім  кейде   білмейді  екен  аяуды.
 
 
Сені  сүймеу- жазалау  ма  өзімді,
Сенсіз мұңнан сатқындықты таныдым,
Сен  ұнатқан   әр мезетте   сезім  жүр,
Сен көзімде  ғұмыр  кешші, жарығым!
 
****
 
Жүрегімді мекен етіп ізгілік.
Жанарымнан төгіледі мейірім.
Жүздеріңнен көрем ылғи ізгі үміт,
Мынау бақпен кереғар ғой кей ұғым.
Көп күйбеңнен кірбің тартса қабағым,
Күңгірт үйді жарық еткен күлкісі.
Бәсі бөлек бұл бақыттың бағамын,
Тілмен айтып жеткізе алмас мың кісі.
Сендер барда әлденені армандап,
Әлдекімге кейігенім- күпірлік,
Өздеріңсіз дүние құнсыз, ,
жалған- бақ,
Өн бойымды толқытады шүкірлік.
Сендерсіңдер- ең қызықты ертегім,
Жапырағы әз жанымның жайқалған,
Қуанышым, қоңыр қозым, тентегім
Көздерінен тәңір нұры байқалған.
Жүрегімді мекен етіп ізгі үміт.
Жанарымнан төгіледі мейірім.
Жүздеріңнен көрем ылғи ізгі үміт,
Мынау бақпен шын кереғар кей ұғым.
 
****
 
Ақтүтек  боранын ақпанның
Ақшұнақ аязын  ақ  қардың
(Елемей, қысқы бақ ішінде )
беймаза пішінде,
Өктемсіп қар кешіп келемін,
Өзекте өрт болған өлеңім…
(Жаураған сезімді жоқтар кім?)
Мысқылдап барады мосқал күн.
Қар асты,
Тастанды жапырақ,
Мен сүйген сезімнің отын ап,
(Келгендей жылынып алғысы,)
О, тоба,
Дәл осы халде жүр сан кісі…
Қайда екен сезімнің тәңірі?
Мезгілге жүрместей әмірі,
Күмілжіп қарайды атырап.
Жоғалтқан,
ақыл-ой сананы,
Жәудіреп жүректер жанары,
Ақталып әлдене демекші.
Кейпіндей құлазып бақтардың,
Баз кешіп кетуге оқталдым,
Бұларға бір бақыт керек шын?!
Қайғысын жеңіске балаған,
Дәл осы күйде ме сан адам?
Жалғыздық
сенбісің  себепші?
P. S Қиқулап, жылаған құс білем?
Жоғалтып ең ұлы уақытты.
Жалғыздық!
Сен неткен сұсты ең?
Ендеше, мен неткен бақытты !
 
****
 
Көктем болып кеткендей мына ғалам,
Боз жусанның исі аңқып тұр ауадан.
Аяз да  жоқ, ақпанмен арпалысқан .
Еріген  қар,
дейтіндей «жылап  алам!»
Көктем  Сырға  расында  асық  сынды.
Жылғалардан  бір  шаттық тасып,күлді.
Астанаға кеш  жетер  бұл  құдірет,
Бізде ерте  құшады  ғашық гүлді.
Бізде ерте  атады бүршік  арман,
Таң  рауандап, жер  жібіп,
күн  шығардан.
Бізде бәрі  ертерек,
неткен ғажап,
Жаз да ерте оянар, тыншып алған.
Неткен сезім,
Аймалап бақыт жерді.
Іңкарлігін паш етер уақыт келді.
Біз көктемге ғашықпыз,
көктем бізге.
Көрдіңдер ме, осындай бақытты елді?
 
****
 
Жүректен  сезім,
санамнан  өзің  кеткелі,
Сұп -суық ойлар құшатын болды тек мені.
Өн -бойымдағы өлшеусіз мұңмен алыстым,
Өзіңсіз бақыт жоқ па еді?
Ақшаңқан  аспан,
Керімсал  Күн де көктегі.
Түнерген  бұлттар, олар  да  маған  өкпелі.
Биылғы  көктем, төксе де  қанша  шуағын,
Қуанта алған  жоқ  мені..
Жалыным  ғайып,
Мегзейсің маған от нені?
Сүймеген  күндер, сәттерге  жүрмін  өкпелі.
Қоламтасында  маздамай  қалған  шоқтаймын,
Сағынышымның  жоқ  шегі.
Қуанышым  да,
қайғы –мұңым  да  өтпелі.
Сенім мен  Сырдың  иесі Тәңір  көктегі,
Өткен күн  елес,
келер  күн  жұмбақ, ал  өмір
Үміт пен  сенім  өткелі.
 Жүректі   жырмен,
жанымды  шермен  толқытқан,
Өлең  ғұмырдың талқысы мұнша көп пе еді?
                    
****
 
Сүйген сәтті кім айтады кез деп мұң?
Сезім едің,
сергелдеңсіз, саналы.
Өзің едім, өгейсідің, өзгерттің.
Сағынышсыз күндер жалғап араны.
Нәзік едім,
Нәркес едім расында.
Жанарымда күн кешетін жарты әлем.
Шексіз мендік сол махаббат қасында,
Мынау ғалам өлшенбейді картамен.
Аспан асты арманымнан нұрланып,
Күннің өзі күмілжитін сәулемнен.
Өмір өзі адастырды бізді анық,
Ғашықтарға бір ғадауат бар деумен.
Сол күндердің оты қалып санамда.
Жүрегімде бос кеңістік, бос әлем.
Қайта оралып, мына нұрсыз ғаламға
Ғажайыбың болам десең, тосар ем.
Қайдасың?
 
****
 
Іңкарлікке  толы  мына  кеудені,
Жабырқатпас,
енді келіп бөтен үн.
Ең бақытты әйел менмін жердегі,
Анау ғарыш — менің самғар мекенім.
Енді мені жылата алмас ешкім де.
Күмбір толы көңілімнің күйі ерен.
Бар қадірін-
ұғындырған кеш мүлде.
Өмір сенің әр сәтіңе сүйенем.
Сүйемін мен,
Мұқата алмас өзге ешкім.
Жігерімді өмір сенсің жаныған.
Қанша арманмен қапияда кездестім,
Келбетімнен кісілікті таныған.
Көз жасымен  келген  кім  бар  мәреге?
Жеңіс менің  өмірімнің әр күні…
Жұбатуға  асықпасын және де ел.
Жасып  қалсам,
ол  да  жазмыш  жарлығы.
Өлең  болмыс,
өзгешелеу  жаным  нұр.
Бақыттының нақ өзіндей қалыбым,
Самғап  жүрмін,
сан  қиынды  ұмытып,
Бойымдағы  қандай  қуат  Тәңірім?
 
****
 
Сұқ көздерден есіміңді қорғаштап,
Сіз жоқ жерде болмайтындай мына әлем.
Тағы  отырмын,өзің  жайлы жыр бастап.
Сүйіп қалдым сірә,мен?
Мен де сіздей ізгілікке құмар ем...
Періште едім,
Арпалысқан күнәмен.
 
 
Көздеріңде күн бар дейді.
кейбіреу.
Сіз боларсыз еніп кеткен жүрекке.
Маған да серт,ол шуақты сөндірмеу,
Жарқырату түнекте.
Сол шуаққа жан тәніммен жылынғам,
Сіз боп және гүл еккем.
 
 
Жанарымда мұң бар еді,
Ол ғайып.
Бақыт бүгін құшағымда сенсеңіз.
Жапырақтар қалған еді сарғайып.
Гүл атып тұр,көрсеңіз.
Мен де енді жыр жазбаймын мұңайып.
Таға алмайды жыр айып.
Сіз көктем боп келсеңіз.
Сертіңізді  берсеңіз.
 
****
 
Астананың аспанынан аумайтын,
Мынау көкке мен ғана ма ынтызар?
Шуақсыз-ақ,өн бойымды баурайтын,
Бұлт кейпіне болдым ба екен шын құмар?
Сонау  зеңгір, күрсінгенде  сезіммен,
Аңсай түсем,сол әлемнің аспанын.
Зеңгір көкте,қимастықпен көз ілген,
Көк бұлттарда жатыр екен қанша мұң?
Түнерген бұлт,сенесіз бе, ұқсайды,
Мен ұнатқан қабағына аңсардың.
Қолым созсам,бір құдірет тұсайды,
Мен  тағы да, сағынышты қарсы алдым
 
****
 
Сағынғанымды, сездіре  алмадым,
Арлымын.
Салқындық  құшқан, санамда  жатқан бар мұңым.
Сыбырлай  сүйіп, сағынса алып — ұшатын,
Сезімнен  жырақ, бақытты-ау осы  тағдырым.
Сезімнен  жырақ,
Бақытты — ау осы  күндерім..
Селт етпей, сүймей, аптықпай  өмір сүргенім.
Ақын  атаулы  осынау  асқақ  қалпында ,
Елемей  өткен  дүниенің  ессіз дүрмегін.
Тәрк етіп мұңды,
Сезімді,сырды барлығын.
Күн  кешсем, сүймей, жүзімде  толқып  жан  нұрым.
Естімей,сезбей, жүректің  тылсым  жарлығын,
Өзгерер  болсам,
Не  дейсің  жұмбақ  тағдырым? 
Тәнімде  толқып,
жаныммен  егіз  жыр  керім,
Тәп- тәтті  мұңды  талықси  құшам  түнде  мың,
Сұп — суық  қалпы, қоштаспақ  болам, алайда,
Нәп- нәзік  сезім,еркімді  билеп  жүр  менің…
Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста