Табиғат АБАИЛДАЕВ: Сенің кінәң – көктен құлайтындығың, Менің кінәм – лажсыз күлімдейтінім!

Табиғат АБАИЛДАЕВ: Сенің кінәң – көктен құлайтындығың, Менің кінәм – лажсыз күлімдейтінім!


Есімде еді

Есімде еді, есіңде еді,
Бізбен бірге талдардың шешінгені.
Қимылымды құп алып, қарсы болмай,
Кінәлі ғып тастадың сосын мені.


Есіңде еді, есімде еді,
Тұсауыңның әп-сәтте кесілгені.
Өміріңді бір күнде тәрк етіп,
Талап еттің тағы да сосын нені?


Есімде еді, есіңде еді,
Іңірде емес, кәдімгі бесінде еді.
Мен емеспін, алдымен сен қаладың,
Сол үшін де күнім ау кешір мені.


Есімде еді, есіңде еді,
Күңіренген жиектің тосын демі.
Ашық аспан астында... болды бәрі,
Есімде еді, есіңде еді...
Кұлы болып күдіктің,
Мен бәрін ұмыттым,
Сен де ұмыт!


Ол мені сүйеді бәрібір!

Жалындап тұрып-ақ жанары,
Булығып, ішінен жылайды.
Алмадай домалақ анары,
Әлі де ұнайды, ұнайды.


Мақтадай мап-мамық еріні,
Дәмі – бал, сүйгенде еріген...
Ол бүгін бір үйдің келіні,
Біреуді бағына теліген.


Талдырмаш, шыбықтай белінен,
Ең алғаш мен бейбақ құшқанмын.
«Сүйемін» деп айтып «сені мен!»
Ал бүгін «ойыннан» тыс қалдым.


Уақыт не деген ақымақ?
Ол қыздың әлі де жаны – гүл.
Өзгенің қойнында жатып-ақ,
Ол мені сүйеді бәрібір!


Сол түннің жазасы да...

Біз кешкен жан ызғары,
Бергісіз аңыздарға.
Түндерге қарыз бәрі,
Түн бізге қарыздар ма?


Мен саған ғашық едім,
Үкідей үмітіммен.
Жүректер жасық еді,
Үміті үгітілген...


Жүректің Көзі де мұң,
Белдері майырылған.
Аққудың өзі ме едің?
Қанаты қайырылған...


Бұл түннің нәсібі ме?
Біздерді табыстыру.
Жоқ әлде кәсібі ме?
Жақынды алыс қылу...


Сол түннің жазасы да,
Келіншек қылған сені.
Сезімнің қазасы да,
Нән мұңлық қылған мені...


Жүректің серті бөтен,
Түндерге Тәуелді ол да.
Тағдырдың еркі ме екен?
Таразы әуелі Алла.


Сіңісіп Текке мұңым,
Жігіт те сауық көрер.
Құрсақта кеткен ұлым,
Әкесін тауып келер...


1 хат

Ойлар, ойлар, жеңіл әрі тұңғиық,
Ой-төбемді құтқарам ба, сол ойдан.
Жанарыңа жүрсің бе сен жыр құйып,
Жас шайырды ғашық етіп талайдан.


Сезім шіркін шыр айналған күйтабақ,
Тым майысқақ Жыр жолындай жүрегім.
Сол жүрекке жазылмастай «сый қадап»,
(Махаббаттың моласына түнедім).


Күдіктерден аман сақтап Үмітін,
Ажарлы қыз тірі екен әлі де.
Мейман-тірлік, әсте ауыр сыны тым –
Көндіріпті амалсыздан бәріне.


Жымияды, жымиысы – жасанды,
Ал жылауға қақысы жоқ, Батыр-қыз!
Жасандылық құтқарады қашанғы,
Жүрегінде ерімеген жатыр мұз.


Жүрегінде ерімеген жатыр мұз,
Ерітуге жетеді ме шамамыз?
Мұңаймаңыз, өтінемін Батыр-қыз,
Көңілдердің кілтін ертең табамыз.


P.S. Иірілсек ұршығында бүгіннің,
Кешегінің үкімі ол. Алайда.
Өткен шақта сүрін, құла, жығыл мың,
Келер шақта қосылайық жарай ма?


2 хат

(Смс-ке сыймаған шумақтар)

Сен жүрген жолдың бәрі,
Сезімге тәуелді ме?
Тіл қатшы, Мұңның Жары-
Сезбеппін әуелгіде.


Көзіңнен сыр аңдығам,
Көзіңде түнеп қалып,
Сөзімде жыр қалғыған,
(Шегіндім, тілеп барып).


(Назымның назы ерек,
Шайырдың өртер ішін.
Бір ақын жазып әлек,
Жазылмас ертегісін).


Қасымнан табыл еркем,
Сендікпін сенемісің?
Мен саған барам ертең,
Сен маған келемісің?
(Өтінем, келе салшы,
Мен емес, өлең үшін).


5 хат

Жақындау қиын саған,
Құсадан өлер ішім.
Өзіме тиым салам,
Сен соған сенемісің?


Шағылмас тауым анық,
Келмейді күйіп кеткім.
Жанардың жауын алып,
Жүрекке сыйып кеттің.


Байланып тіл де мына,
Қарысты қарыс жағым.
Арта алмай гүлге кінә,
Өзімнен алыстадым.


Сұрықсыз Түн Түріне,
Рең берші, баршы күліп.
Әрбір тал кірпігіңе,
Байлансын бар сұлулық.


Сүйрелеп түзге уақыт,
Жолымды қиюда ма?
Бұйырған бізге бақыт,
Сыртыңнан сүю ғана.


Төзіммен шыдай көніп,
Сезімді сыйлай білдім.
Өзгені былай қойып,
Өзіме қимай жүрмін!


6 хат

Күдігім күнде ояу,
Неліктен үміт – керең.
Тағы да мүлде баяу,
Сен жаққа жүріп келем.


Ешкім де түсінбеген,
Көзімнің ішінде әлем.
Өлмеген, кішірмеген,
Сөзімнен ұшуда өлең.


Сыймастай жер бетіне,
Таусылып тұр шыдамым...
Ботадай келбетіңе,
Қарауға қымсынамын.


«Сөз айтып жатыр едің,
Тәңірім жұптасын ба?
Түнгісін батыр едің,
Телефон тұтқасында»...


Жауабым дайын бұған,
Сауалсыз қалатындай,
Мен сені уайым қылам,
Жоғалтып алатындай.


Қаймығам... неге қалқам?
«Иең» боп алуға да
және де неге қорқам,
Қасыңда қалуға да...


Сағыныш хаттарысың,
Сарғайсын жұрттағы ән...
Өзіңді сақтау үшін,
Өзімді сырт қалдырам.


7 хат

Сен, я сенбе, күнім менің сөзіме,
Сенің көзің жүрегімді түйреген.
Ғашық болу арқылы мен өзіңе,
...Өмір сүріп үйренем...


Сенсем-дағы сарсаңы мол сөздерге,
Өз-өзіме бүгін доспын, бөтенмін.
Өліп-өшіп сүйдім деген кездерде,
...сүймеген де екенмін...


Үміттерім күдігіме арбалған,
Сетінеген сезімімді жерле сен.
Мен жалғыз боп өте салам жалғаннан,
...Сен келісім бермесең...


11 хат

Жазаңды бер, қаза болған ей, күнім,
Сенің – шаттық, менің – қайғы, «жейтінім».
Сенің кінәң – көктен құлайтындығың,
Менің кінәм – лажсыз күлімдейтінім!


Азабым бол, ажалы мол өмірім,
Енді мені жеңе алмайды өлімің.
Күннен, Гүлден шаршап біткен өзімді,
Түнге тағы тарта берді көңілім...


Мазамды алшы, Аза тұнған ей, түнім,
Шайырыңнын көзі – күлкі ал, кейпі мұн.
Менің кінәм - жырмен мүсіндейтінім,
Сенің кінәң - жырды түсінбейтінің!!!


Өзімді тастады жұлып

Саябақ саясыз неге?
Самалы жылайды баяу.
Ақынды ақымақ деме,
Ақынды керек пе аяу?


Болмақпын кімдерге үлгі?
Лайланды ей талай тұнық.
Аялап түндерде гүлді,
Кетуші ем аямай жұлып.


Кетуші ем аямай жұлып,
Аядай бөлмеге ертіп.
Көңілім қоядай бүлік,
Тастады тасаға шертіп.


Мен ерткен Миллион сылқым,
Көшінде кешенің қалар.
Болмаса жабысып бір түн,
Керекті сауабын алар...


Бір Гүл бар Ертегі мүсін,
...жан еді миллионнан тұнық,
Мың гүлді жұлғаным үшін,
Өзімді тастады жұлып...


Саябақ саясыз неге?
Самалы жылайды баяу.
Ақынды ақымақ деме,
Ақынды керек пе аяу?


Сүйетіні беймәлім кімнің мені...

Гүл-ерінге құрбан қып мұң-шеруді,
Түнеруде (ұға ма түн шерімді).
Біреулерге шайырдың паңдығы ұнар,
(Ал біреуге шайырдың бүрсеңі үлгі).


Қабағымда атой сап күннің-реңі,
Тамағымда естелік түннің зері.
Қалайтыны беймәлім кімнің нені,
Сүйетіні беймәлім кімнің мені...


Жүргенімен жүгендеп, тұсап бәрі,
Зәру менің жүрегім құшаққа әлі.
Төзімімді бір сұлу пышақтады,
Сезімімді бір сұлу құшақтады.


Жүрегіме Жан емес жарылыс тең,
Жарылыста Түнде де жарық үстем.
Көз алдымда жүрерсің сағынбай-ақ,
Көз алдыңнан кетермін сағынышпен!!!


Өзіңді іздеп барам!

Бұлқынған бұлақтардан,
Сыңсыған жел үнінен.
Арманнан жылап қалған,
Жастықтың желігінен.

Будақ бұлт жанарынан,
Шырақ күн жүрегінен.
Сәттерден сан арыған,
Сәттерден түн еріген.

Уақыттан жылжып аққан,
Бақыттан баяу жүрген.
Кездерден түн жылатқан,
Минуттан аяу білген.

Айналған жер шарынан,
Лайланған күдіктерден.
Өткен шақ шер-зарынан,
Үкілі үміттерден.

Ең ұлы біз деулерден,
Сезімді күз деп қалам.
Өзім боп түздегі өлең,
Өзіңді іздеп барам!


Әлемге керекпін мен!

Жанардың қуысында,
Жазбаған жатыр әнім.
Жүрегім, уысыңда,
Жамылар топырағым!


Өзіме өзім бөтен,
Неліктен зорсынамын.
Кездерім төзімге тең –
Келеді жол сұрағым...


Құрдымға түсіп кетпей,
Ішімнен тына бердім.
Жанымнан ұшып кетпей,
Жүрегім тұра бергін!


Сейілмес базынам да,
Жазылмай жатыр әнім.
Өмір боп жазылам да,
Өлең боп оқыламын!


Ақынмын, дерегім саз,
Өрлеймін өр екпінмен!
Әйелге керегім аз,
Әлемге керекпін Мен!


ПЕРІШТЕ ҚЫЗ!

Жүрегімде жүзіңнің табы қалған,
Жанарымнан жылжыды ағып арман.
Сені сүйіп құтқарғым келді өзімді,
Асқақ тұру үшін де жабылардан.

Жаралады, жан біткен түсінбеді,
Барлығы паң, ешқайсы кішірмеді.
Періште қыз, перідей арбап ал да,
Күндей күліп, сабама түсір мені...

Періште қыз, кешеге жүгінбедік,
Жүрегіме бекіші бүгін келіп.
Сен қуантшы, жазылар жырым болып,
Мен жатайын жолыңда гүлің болып...

Дайын уайым – ойымды меңдеген күз,
Меңдеген күз, дертіңнен емделерміз.
Періште боп қасымда жүред ылғи,
Пенде болып өмірге келмеген қыз.
ПЕРІШТЕ ҚЫЗ!


Біздің жақтың Раушаны кеш гүлдейді...

Көңіл сәби, ал өмір ескіреді,
Сәби үні шаттық боп естіледі.
Мені бәрі мадақтап, мақтағанмен,
Мені бәрі неліктен кеш біледі?


Сезгенімен, білгенмен есі бары,
Қыз біткеннің болар ма сесі-ары.
Маған неге тым кештеу ғашық болып,
Жалғыз ару неліктен кеш ұғады?


Жүрегіне жаңғырық естілмейді,
Біздің жақта ақындар ес білмейді...
Көктем бізге тым ерте келгенімен,
Біздің жақтың Раушаны кеш гүлдейді...


Өлең ағып барады Есілменен

Тарам-тарам әжім боп Аспан әрі,
Түсіреді есіме Астананы.
Көкіректің жүзінде жылдар ойнап,
Жанарынан Сезімнің Жас тамады.


Кездерімдей қатемді кешірмеген,
Сәттерімдей отымды өшірмеген.
Өмір қалып барады меніменен,,
Өлең ағып барады Есілменен.


Ренжулі, аяулы түріменен,
Ең әдемі қолдағы гүліменен.
Толқынында Есілдің тербетіліп,
Менен қашып барады Тірі Өлең!


Пенде бар ма, беу жаны сiрi мендей,
Жарасына Жанымның үңiлердей.
Ендi мен де сұлбамды сүйретем де,
Өлі өмірді сүремін тірілердей!


Алагеуім шақтан қашса еріп-түн,
Сезімдердің шеруінен шер ұқтым!
Өміріме нүкте қойшы, қанеки,
Көңіліме құлап кеткен көріктім!


Іңір қақса маңдайынан сәрінің,
Кіл күнгейге серік болар кәрі-мұң.
Жұлдыздардың жанарынан гүл жинап,
Үр қыздардың күнәсіне «жарыдым».


Түн иеме тұсалып қап ойыным,
Талай мәрте соқтым түннің сойылын.
Енді өзімді ұстап берсем өзгеге,
Енді өзімнен күте алмаймын қайырым!


Қорғансызды қорғайтындай қорық-түн,
Ойынымнан бақыт емес, сор ұттым.
Өмірімнің иесінен қаймықпай,
Өлеңімнің киесінен қорықтым!


Тас қалаға ақыннан тастар қымбат!

Қалмағандай амал да басқа маған,
Түн түсінбес Түсімді тастамағам.
Қара бұлттай шүйілер адамдары,
Не қайырым күтемін тас қаладан?


Атанса да қоғамның бары- нары,
Байқұстарға бақ-құрмет дарымады.
Қатындары құтырған қаралы елдің,
Ақындары бір үйге жарымады.

 

Ана ақынды ғапылы тепті, мейлі,
Сонда да өмір сүруге епті дейді.
Анау ақын далада түнеп жүріп,
Танауымен тепсініп көк тірейді.


Етсең де еңбек ілкі сәт алмай тыным,
Жарқыратар қайсың бар маңдай Түнін.
Босқын ақын неліктен білмейді екен,
Тас қалада тас болып қалмайтынын...


Көкіректің Көңілін ластар мұң-дақ,
Шерлі әуенді жүрегім бастар ымдап.
Баспанасын байлары бақыт көрген,
Тас қалаға ақыннан тастар қымбат!


Аласа болмасын деп!

Қара түн дидарынан,
Ақ әлем жанарынан.
Мезгілден сый дарыған,
Кездерден жан арыған.


Перілер арбауынан,
Алыстап мұң түсінен.
Пенделер қармауынан,
Періште күлкісінен.


Ғашықтар ғазалынан,
Жасықтар жазар жырдан.
Адамдар ажалынан,
Қаулаған мазар қырдан.


Ең ұлы азаптардан,
Ақынның еркінен де.
Ғаламат ғажаптардан,
Жібектің көркінен де.


Сезімнің селінен де,
Бейуақыт тасығанда.
Төзімнің көлінен де,
Жанардың жасынан да.


Махаббат ортасынан,
Жүзінен сүйікті ойдың.
Жүректің картасынан,
Мен сізді биік қойдым!


Қазаны жиып қойдым,
Жаратқан қолдасын тек.
Мен сізді биік қойдым,
Аласа болмасын деп!


Өлеңімнің жолдарынан

Қайта жанды өшіргенім,
Қате болды кешіргенім.
Өлеңімде түпнұсқамын,
Өмірімде көшірмемін.


Арбағандай өзге сенім,
Толып қалды көзге шерім.
Ертеңімнен түк таба алмай,
Ертегіммен кездесемін...


Ей, ертегім, ойымды ап кел,
Сен де ақынды мойындап көр.
Сызылмаған өлеңдерім,
Жазылмаған қойындәптер.


Кеткен күндер кетті дедім,
Ерткен күндер ертті дедім,
Қойындәптер табар ма екен,
Бойымдағы дертті менің.


Сөйлей қалсам сөзім бөтен,
Сәттер ғайып төзімге тең.
Айлар бойы айыға алмай,
Өз дертіммен өзім кетем.


Тағдырымның тоңдары нән.
Қайырым жоқ қорғанынан.
Бір кешірім күтіп келем,
Өлеңімнің жолдарынан.


Адамдар ғана ғұмыр кешетін

(Грегорий Лемаршал рухымен сырласу)

Жібіңді ей, жалған есіп көремін,
Жығыла берсем де жарға кеп...
Өмірдің лайын кешіп келемін,
...Тазарар күні барма деп...


Грегорий сен де алып боп келдің,
Ғаріп боп жаның көмілген.
Грегорий ал мен анық боп келдім,
(Жарық боп өтем өмірден)...


Күлкілі ғасыр тез көшкенінше,
...кез жеткенінше білме, сен...
Өзіңмен кейін кездескенімше,
Даусыңмен ғана тілдесем...


Тым жарық таңға жетсем де бекем,
Жаным әніңмен күбірлесетін.
Сен кеткен жаққа кетсем бе екен,
Адамдар ғана ғұмыр кешетін.


Көзіңдегі оқылмаған өлеңді...

Түсін, гүлім, әлде мені түсінбе,
Дидарыңды жүрегіме тоқығам.
Жан біткенге көрінбейтін пішінде,
Көздеріңнен өлең болып оқылам.


Өзің гүлім, жүректегі тұнығым,
Сезімдердің шеруі де бөтендеу.
Күлкілі боп көріне ме қылығым,
... жетпейтінге «жетем» деу.


Күнім менің паңдығымды кешіргін,
Өзгелік боп кетсең дағы сен енді.
Өшіре сал, келсе егер өшіргің,
Көзіңдегі оқылмаған өлеңді...


Ар и Я

Уақытымнан неге бұрын келмедің?
Бақытымнан неге бұрын келмедің?
Ғасырыма бас изеуді үйреткен,
Жасырына келген тағы сен бе едің?
Заманыңнан неге бұрын келмедің?
Адамыңнан неге бұрын келмедің?
Бар уына қарсы тұрар қоғамның,
Қаруыма айналмадың сен менің...
Жүрегіне қона алмадың пенденің,
Пенделігін бәлкім сосын жеңбедің.
Әміріне көз жеткен соң Тәңірдің,
Тамырыма тұрақтадың сен менің.
Жүрегіме Иман нұрын көшірдім,
Өшпенділік атаулыны өшірдім.
Ғайбат айтып жатқандарды кешірдім.
Ту сыртымнан сатқандарды кешірдім.
Селкеу семіп, арта түсті сенімім,
Енді арымнан биік қояр мені кім?
Өлім дейтін – көрінбейтін өмірің,
Өмір дейтін - көрінбейтін өлімің.
Арға салып кештім жанды асыл деп,
Асылыңды жанарыңа жасыр тек!
Адамзатты біз өзіміз кешірсек,
Кешіре ме мына бізді ғасыр кеп?
Көз салмастан қорымдарға, қорғанға,
Мейірімді бола салу арман ба?
Мейіріммен қарауды да үйрендік,
Арым және мен оңаша қалғанда...


ХХІІ ғасырға хат

Осымен бітеді дәуір,
Дейді ғой көсемдер мына.
Болса да бұ ақпар ауыр,
Ақпарға қаққам жоқ сына!!!


ХХІ. Мен жазған ғасыр,
Өсірді, өндірді өлең.
ХХІІ мен күткен ғасыр,
Құрметті күтемін сенен.


Тірілдім бүгінде өліп,
Жанарым суалған жылға.
Ақынның Талайын көріп,
Айналып барамын құлға.


ХХІІ. Мен күткен ғасыр,
Бүгін аш, құшақты маған!
Ойларды ең ізгі асыл,
Сендегі ошақта жағам!


Ақындар қаулаған білем,
Бүгіннен іздеген енші.
Жырыммен қою да, күрең,
Ертеңнен табамын емші!


2013. Мен күткен бір жыл,
«Жоқ қылад» ғалымды ертең.
Сол кезде мен жазған бұл жыр,
Ғасырға аттанад(ы) еркем!


Масаңдау ойымның зарын,
Бағамдар, әр қалай әркім.
Жырымның қуатын, нәрін,
Жазады жас ұрпақ, халқым!


ХХІІ. Мен күткен ғасыр,
Танытад талайдың атын,
Бұл жырды жазыпты... АСЫЛ,
№1 АҚЫН!!!


Аукцион

Жер шарында жүріп жатқан ойын бар:
Базар кезіп кетті арың,
Мазар кезіп кетті рухың.
Таптық, жаптық, саттық бәрін,
Батыр қайсы, айтшы, қу кім?
Сәт келді ме, соның бәрін мойындар...


Найза ұшы майырылып, семсер көзден тасаланып:
Тіріміздей тықты көрге,
Тәніміз жүр аһ ұрып.
Сатылымға шықты жер де,
Кетті намыс сатылып.
Бірақ, бірақ, кеуде кердік, жалған намыс жасап алып...


Аукцион!


Бабалар рухы аһ ұрып жатыр,
Қалдырған мұра сатылып жатыр!
Қолымен бәрін таратқандарың,
Аузымен бәрін қатырып жатыр!
.... аһ ұрып жатыр....


Тым арсыздарға қармақ салатын,
Сыңарсыз, шыда, жармақ қанатым.
Жаужүрек ұлдар, бармысың әлі?
Еркіндігімді қорғап қалатын!


Барсың ғой жұртым батыл да, бекем,
Кейіп танытпа, жақынға бөтен.
Сатылсын әлем, сатылсын бәрі,
Тәуелсіздігім, сатылма, Көкем!


Сөзімнің мүмкін, тапшы дерегі,
Аукционға түспес елім бар.
Жүректе оған сенім бар,
Ғасырда кеткен кегім бар,
Асылдан қымбат тегім бар...
Азапты жеңген, мазақты жеңген, 
Қазақты құдай жақсы көреді!!!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста