Серік Қалиев: Біліп қайтем қай күні не боларын?

Серік Қалиев: Біліп қайтем қай күні не боларын?

МҰРАТЫМ МЕНІҢ

Құлшынбаймын да: «Қаламмен құдық қазам!» деп.
Қажетті жерде үндемеудің де өзі – еңбек.
Алдыма мақсат қойғанмын айқын –
жұртыма
Керемет емес, керекті өлең жазам деп.

Жарқылдап көзге түспей-ақ қойсын жырларым.
Атаққа қарай атымның басын бұрмадым.
Кемерін керген арыны асау арна емес,
Бақшаға қарай бұрылып аққан жылғамын.

Әрбір түп дақыл түбіне сөзім бара алса!
Шөліркеп қалған түйнектер одан нәр алса...
Төрт көрпе төсеп, төрінен сайлап орынды,
Еркелетпей-ақ қойсыншы елім мені онша.
Қажетін қамдап өзімді өсірген қоғамның,
Өмірімді сүргім келеді нағыз адамша!

ПАРЫЗ МАҒАН

Дінтанушы ғалым да, молда емеспін.
Дүниені тәрк еткен жолда емеспін.
Сүннетін Пайғамбардың сүйем бірақ,
Құраннан құр қап жүрген сорлы емеспін.

Сәждеге тигенменен маңдайым дөп,
Біреуге пәтуә айтар жағдайым жоқ.
Бірлігін мұсылманның көру үшін,
Жүремін мешіт жаққа әрдайым кеп.

Иманның дәмін татып дәніккесін,
Түсіндім Алла екенін анық досым.
Үйрендім Ол жіберген шариғаттың,
Әр адам білуі шарт әліппесін.

Өбектеп өзі өсірген абыз-далам,
Төле би, Бұхар, Абай нағыз бабам!
Солардан бізге жеткен сара жолды,
Ұрпаққа ұғындыру – парыз маған!

КЕЛІНГЕ ӨСИЕТ

Қарағым, алды екенсің тең құрбының,
Айтайын саған арнап елдің жырын.
Көп жылдар әке үйінде қонақ едің,
Мінеки өз үйіңе келдің бүгін.
Өсе бер өркен жайып өрімталдай,
Кеще бер мағыналы мөлдір ғұмыр.

Бір елдің қызғалдағы ең қырға біткен,
Туыс боп шыға келдің бұл халықпен.
Еріңіз не десе де ерегіспей,
Жүруге тырыса біл бір бағытпен.
Жарыңыз не тапса да қанағат қып,
Қабылда әкелгенін ырзалықпен.

Қой басындай күмісті алған бойда-ақ,
Ат басындай алтынды ел армандайды-ақ.
Адалдан ақша табу - үлкен тасты
Арқалап тау басына барғандай-ақ,
Ал оны жұмсау деген - сол дәу тасты,
Төбеден домалата салғандай-ақ.

Әрқашан атсын десең күліп таңың,
Алған жөн ақиқаттың біліп заңын.
Сыбырлап саған айтқан сырдың бәрі
Аманат екендігін ұмытпағын.
Әсіресе еріңнің құпиясын
Жүректің тереңіне құлыптағын.

Сыр бағып жарының көз қарасынан,
Үйренген жанның дәйім бағы ашылар.
Алладан соң жарының ырзалығын
Шығармау керек әйел санасынан.
Еріңмен қол ұстассаң, күнәларың
Төгілер саусақтарың арасынан.

Аруға ана деген бөлек есім.
Жалғастыр әз әжелер өнегесін.
Қаншалық күйеуіңді қуанта алсаң,
Соншалық махаббатқа бөленесің.
Жарыңның жақындарын жақсы көрсең,
Үйіңнің кеңітесің керегесін.

Мұнтаздай таза болсаң жаны арайлы,
Басыңды барша халық бағалайды.
Нас деген адамдар да, таза болған
Үйлерді рахаттана аралайды.
Ең лас адамдар да, салақтардың
Қолынан ас ішуді қаламайды.

Тарихтың жаңартатын жарқын бетін,
Көбейт сен Пайғамбардың мәрт үмбетін.
Немере балдан тәтті сыйлап тұрсаң,
Аямас ата-енең де бар құрметін.
Төркінің мен қайынжұрт арасында
Сол болар сен салатын алтын көпір.

Кісі емес кісі артынан жамандаған.
Талайлар жамандауға маман болған.
Адамдар жайлы жақсы ойлағанның,
Ғайбаттан тілі әрқашан аман қалған.
Өзінің мініменен күрескендер
Өзгенің кемшілігін көре алмаған.

Жақсы бол жұрты үшін жаны ауырған,
Тілекшің табылатын әр ауылдан.
Абай бол Құдай қосқан қосағыңнан
Өзіңді артығырақ санауыңнан.
Жетесің бар бақытқа, ер қалауын
Өзіңнің биік қойсаң қалауыңнан.


МУАММАР КАДДАФИДІҢ МОНОЛОГЫ

Мына күн - мөлдір бастау суалған күн,
Жайнаң қаққан жасыл бақ қуарған күн.
Шындықтың көзі жасқа шыланған күн.
Шайтандар шашу шашып қуанған күн.

«Ел тонап өскен басшы құрысын!» деп,
Жазылған қолдарыңда ұрандар тұр.
Анталап Ақ Ордаңа ат қойдың-ау,
Ертең-ақ өкінерсің бұған, халқым!

Аққуын құзғынға жем қылғанымен,
Ақ туын адалдықтың жыға алған кім?
Қалайын айтып-айтып айтарымды,
Бұл менің соңғы сөзім шығар бәлкім...

Биліктен кетуімді қалағандар,
Түйрейді жүрегімді жараланған.
«Жұтатты, деп, жұртымды!» жұлқынады,
Бір басында он үйі бар адамдар.

«Тапталды, деп, құқымыз!» шулағандар,
Берекеден қашады тулап әрмән!
Жарамады жамағат ойлануға,
Жанармайы болғанын судан арзан!

Ойланбады ағайын арыдан кеп.
Айта алмады: «Шүкірлік, бәрі бар!» деп.
Тегін еді электр жарығы да,
Ақысыз таратылды дәрі-дәрмек.

Шашылған ырысыңды жиып-теріп,
Намысыңды қойып ем биікке іліп.
Жаңа туған балаңның жайын ойлап,
Ақша салдым шотына үйіп-төгіп.

Шариғаттан болғанмен хабарларың,
Айтағына арамның арандадың.
Айыбына адамның үңілем деп,
Байыбына шындықтың бара алмадың.

Қол сұқпадым қалтаңа ұрыларша.
Дүниенің мен үшін құны қанша?
Қазынадан төлеттім қаражатты,
Балаң барып шет елден білім алса.

Мен кімдерді жылатып, еңіреттім?
Өмір сүру үрдісін жеңіл еттім.
Медицина, жоғары оқу орнын
Ақы-пұлсыз бәрін де тегін еттім.

Кімнің жері кеңиді мен өлгенде?
Айтарсыңдар «бақытқа бөленгенде».
Өсімі жоқ несие алып бердім
«Кәсіппен айналысам» дегендерге.

Ерік беріп қоймадым елді алдарға,
Барға қосып сататын делдалдарға.
Жөн көрмедім, сондықтан жол бермедім,
Момын адам пысыққа жем болғанға.

Ешкімнен пара алмадым, алғызбадым.
Алаяқты айлаға барғызбадым.
Пақырым да патшамен тең болып ед,
Ақырында аңырып жалғыз қалдым.

Басбұзарлар батырсып ақылы жоқ,
Басып жатыр топырлап ақыры боқ.
Тойынғандар жұдырық көрсетеді:
«Тоқты еті топырақ татыды!» деп.

Елімнен үзілмеген береке-құт.
Тойлаған әрбір күнін мереке қып.
Алтын-күміс жимаған мені көріп,
Күлді талай патшалар келеке етіп.

Қайырлады кемеміз, қайран елім.
Қайырылмай кетті енді сайран-өмір!
Бейбіт күндер бесігі қиратылып,
Бейітке енді тіршілік майда қоңыр.

«Жоқшылық деуші еді елді шынықтырар,
Молшылық адамдықты ұмыттырар».
Ортақұрсақ болғанда елім бәлкім,
Мұншалық болмас па едің бүлікқұмар...

Ең қоқымын өсектің тересіңдер.
Досыңа емес, дұшпанға сенесіңдер.
«Бағынбадың басшыңа неге?» десе,
Ақіретте не жауап бересіңдер?

Бәлесі мен жаласын жау атқылар.
Сенбейді оған бірақта сауаттылар.
Елбасыға ермеудің ақыр соңын,
Тарих айтып сендерді сабақ қылар.

Тонна-тонна алтынға тоймағандар,
Тойдырам деп құлқынын ойлағандар,
Бүлдіруде әлемді, адамдарды
Шахматтың тасы қып ойнағандар.

Бұл жалғанда бірер күн аялдадым.
Елім үшін тер төктім, аянбадым.
«Мемлекет мүлкінен бөліс!» деген,
Есер топты есіртіп қоя алмадым.

Мен өлермін қаласа оны Аллаһым.
Бар байлығын елімнің тонар кәпір.
Балпаң басқан бүгінгі бай баласы,
Боздап жүріп болады соларға құл.

Айнымайтын ел боппыз адамы аңнан.
Кескілеңдер, шаншыңдар, сабалаңдар!
Сендер үшін ұялам айналамнан,
Досқа күлкі, дұшпанға таба болған!

Егесумен өтіпті-ау есіл өмір!
Нали берем өткенге несіне, елім?
Кешіріңдер мендегі кемшілікті,
Мен де, жұртым, сендерді кешіремін...

ҮШ СҰРАҚ

Мергенбісің сұлатқан атқан аңды?
Елденбісің таратқан хат-хабарды?
Кердеңбісің,
ұнатқан адамдардың
Намысы мен сезімін таптағанды?
...Бәрімізді тым-тырыс күтіп жатыр,
Қабір деген тар мекен қап-қараңғы.

Соңында ит-тірліктің жүрген елміз.
Жеңімпазбыз, кейде жәй жүлдегерміз.
Деп жүріп: «Әлі ерте ғой, үлгерерміз...»
Сұп-суық қараңғыға бір келерміз...

Қорқыныш емес оның тарлығында,
Байдың да барар жері ол, жарлының да.
Біреулер жатады онда балды нұрда,
Біреулер батады онда мәңгі мұңға...
Білмейсің не жазулы тағдырыңда...

Қу жаның түршігеді ол еске түссе.
Үстіңе топырақ үйіп дос көміссе...
Қайтпексің, күркіреген күндей болып
Келгенде үш сұрақпен қос періште?

Үш сұрақ. Алғашқысы: «Құдайың кім?»
Қашатын кезі осы шырайыңның.
Олармен тіл табысу мүмкін емес,
Мың жерден көрсетсең де мүләйім түр.
Ойлансаң, нағыз сұмдық уәйім бұл!..

Иманмен жүректері нұрланбаған,
«Ниетім түп-түзу!» деп ырбаңдаған,
«Құдайым - Алла ғой» деп айта алмақ па ,
Аллаға өмірінде құл болмаған?

Болғандар атақ, байлық, мансапқа құл,
Жауабын бере алмайды тар шақта бұл.
Айтпақшы ма алтайы түлкідей боп,
Жеткізбей қу дүние шаршатқанын?

Келесі қояр сұрақ: «Дінің не еді?»
Сөзіңді айтқызбайды тіліңдегі!
Шариғат шарттарына салақ болсаң,
Біле бер, бақи өмір бүлінгені!

...Бүгін сен тәтті өмірге тоя алмайсың.
Ол күні қолға түскен қояндайсың.
Парызын бұйырылған атқармасаң,
«Ислам - дінім менің!» дей алмайсың.

Соңғы сұрақ: «Кім еді пайғамбарың?»
Қане оның сүннетіне сай болғаның?
Ізіне ілеспесең үмбеті боп,
Басыңнан сол болады тайған бағың!

Кеше сен өмір деген жарыста едің.
Қанекей мұсылманға тән істерің?
Қаншалық басшылыққа алып жүрдің,
Мұхаммед Пайғамбардың хадистерін?

Ол күні жүрек сөйлер, тіл байланар.
Ертек деп жүргендерің шынға айналар.
«Бес» алса, қабірі кеңіп, нұрға толып,
Рахат тіршілікте жырғайды адам.
«Екі» алса, қабырғасын қақыратып
Қара жер қысқан кезде тұрмай қалар...
Болса да профессор, академик
Қайғы мен қасіреті пырдай болар.
Жалғанда жиған атақ, абыройдың
Бәрінен айырылып жұрдай болар.
Азаптап періштелер қолға алғанда,
Әр күні мың - миллион жылдай болар...

Қабірстан. Ғажайып құрылыстар!
Құпиясын астында тығып ұстар.
Жарқын жүзді жақсылар жатыр мұнда,
Жарты сөзден бір-бірін ұғынысқан.
Небір қыршын боздақтар жатыр мұнда,
Асығам деп аунаған бұрылыстан.
Әншінің де осында-ау неше атасы,
Шырқағанда аумаған үні құстан.
Жатыр мұнда шешендер, көсемдер де,
Әр көңілден әсерлі сыр ұғысқан.
Жатыр мұнда, әдебиет әлемінде
Атанған «қайталанбас құбылыстар!»
Жатыр мұнда небір жұрт тіршілікте
Қызыметке таласып қырылысқан.
Жатыр мұнда даңққұмар, таққұмарлар
Кең ғаламға сия алмай сығылысқан.
Енді мұнда өкіру, ыңырану
Жалбарыну, шыңғыру, түңіліс бар...
...Барлығының үстінде Бақылаушы,
Әділ, Үстем, Сенімді Ұлы Күш бар!

Көрмей, білмей, ойлап-ақ қаны қашар,
Дінсіздердің ол жақта халі нашар.
Кім кінәлі, ақылмен Алла берген,
Жаратушы Раббыңды танымасаң?

Зымырандай замандар зырлағасын,
Игіліктен қаншама құр қаласың.
Әрбір адам сұраққа қабірдегі
Не дайындап қойғанын бір қарасын!..


ХАТ ЖАЗДЫМ ҚАЛАМ АЛЫП...

Хат жаздым қалам алып бауырларға,
Жүрегім жүдеп қатты ауырғанда.
Көздерін бір-бірінің шоқымайтын,
Болып тұр бізден гөрі тәуір қарға.

Бір жүрген дархан пейіл, ұғымды ұлдар,
Неліктен тура жолдан бұрылдыңдар?
Алпыс екі айлалы нәлетіден
Аяғың аспаннан кеп жығылдыңдар.

Кешегі досым, бүгін маған жатсың.
Жауыңның айтағына арандапсың.
Құдайдың құлдарына құрметің жоқ,
Жәннатқа қай бетіңмен бара алмақсың?

Жылуын жанның шайтан тонағанда,
Жүрегі айналдық қой өлі адамға.
Жай оғы сезімдерін жайратпаған,
Баяғы күндер қайтып оралар ма?!

Құлдарын қорламайды Құдай бекер.
Бауыр да болады ма бұлай бөтен?
Теп-тегін сәлемді алмай сырт беруге
Дәттерің қалай ғана шыдайды екен?

Кеткен соң бүйрек, бауыр тасқа айналып,
Қайтеді өздеріңнен қашпай халық?
Көрмейсің кісідегі жақсылықты,
Көздері бұлдыраған мастай болып.

Көргендей өмір бойы қорлық елден,
Қалайша кек пен дертке толды кеудең?
Сілікпең шыққан шайтан сілкігенде,
Ойпырай осыншалық сорлы ма еңдер?

Ойлаушы ем мұсылманды ірі ғой деп,
Құдайдың Өзі сүйген құлы ғой деп,
Ал сендер тойып алып кекіресің,
Етіңді бір-біріңнің тірідей жеп!

Әрбірің «данышпансың», «ғұламасың»!
Дәлелмен бір-біріңді ұра аласың.
Намазың нұрландармай дидарыңды,
Сұрланып жүрген күннен сұраласың!

Бір қисық ұстаз болса бүкіл қуға,
Шіреніп шеттеріңнен түкір суға!
Дауласу үшін білім үйренесің,
Басқаны «надансың!» деп тұқыртуға.

Көп рас түлкіміз де, қоянымыз.
Қонжықтай қалғи бермей, ояныңыз.
Үкідей үңілмейік кемшілікке,
Шалуға оқталмасын аяғымыз.

Қаймаққа тойдырғанмен қайран қарнын,
Қайырым, мейірімді ойға алған кім?
Кім айтар үмметі деп мына бізді,
Мінезі мінсіз болған Пайғамбардың?

Арамыз тұрған кезде әлі ашылмай,
Тату ек бір әкенің баласындай.
Иманға жаңа келген он жыл бұрын,
Имамға еркелеуші ем нағашымдай.

Күлімдеп бұрғанменен көпке бетін,
Уағызы ұрсуменен шектелетін,
Имамдар пайда болды мешіттерде,
Өзінің жамағатын жек көретін!

Көшіміз қонсын десек өңшең өрге,
Өзгеге кем пішпейік өлшегенде!
Сүйейік: «әр мұсылман - бауырым!» деп,
Жәннаттан үмітіміз болса егерде!..

ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ АДАМ

«Рас, ақіретке сенбегендер үшін күйзелтуші азап әзірледік» «Исра», 9-аят

Дейсің дәйім: «тегі асыл қазақ едік!
Көп халықтан бөлекше ғажап едік!»
Өмірге ғашық адам, өлімді айтса,
Аза бойың кетеді қаза болып.

Оқуға аят, хадис талпынбайсың.
Күні-түн кино көріп, ән тыңдайсың.
Жәннатқа шақырғанды жақтырмайсың,
Тозақтан қайтарғанға тоңқылдайсың.

Ажалдан момын құлда тіксіну жоқ.
Оны айтқанға сен жақтан тықсыру көп.
Құдай сүйген құл болсаң расында,
Әзірейілің келмей ме сұп-сұлу боп?

Қайтейін жаның таза, шыны болсаң,
Дін жайын бізден гөрі шын ұға алсаң?
Түйеқұстай басыңды құмға тығып,
Өлімді айтпай өмірді айт тірі қалсаң!..

БІР БӨЛІК

Хадис: «Қиямет күні сауапқа қатты мұқтаж болған ері әйелінен кеп: «мен саған анау өмірде қандай күйеу болдым?» деп сұрайды. Жары оған: сен маған адал, қамқор жар болғансың» деп жауап береді. Ері: «Ендеше маған сауабыңнан аздап берші, жағдайым нашар болайын деп тұр» деп жылайды. Әйелі: «Кешір, олай ете алмаймын. Менің сауабым өзіме жетпей қалуы мүмкін» деп азар да безер болады...». Баласы да, бауыры да солай қашады. Себебі ол күні әр адам жантүршігерлік тозақты көреді де өз басымен қайғы болады. Жан достар да өзін қорғау үшін бір-бірін сата бастайды...

Ғажап іздеп өмірден жүрген інім,
Көңіл көзін ашайық бірге бүгін.
Мейірімін Ұла Алла жүзге бөліп,
Жер бетіне таратқан бір бөлігін.

Сол бір бөлік ұлы істер атқарады!
Содан барлық тіршілік бақ табады.
Сол бір бөлік ананы баласы үшін,
Арыстанның аузына ап барады!

Сол бір бөлік жарық қып қап-қараны,
Шимайланар көңілдің ақ парағы.
Кейбір адам морт сынып қайғысынан,
Қимасының артынан аттанады.

Сол бір бөлік тасты да ұн қылады.
Жайнап тұрған күніңді түн қылады.
Жүрегіне сол бөлік жылу беріп,
Бір-біріне қасқыр да ынтығады!

Сол бір бөлік сананы қозғайтұғын.
Махаббат берген бізге маздайтұғын.
Сағыныштан сұм жүрек солқ еткенде,
Жұлынып жерге түсе жаздайтұғын.

Татулықтан бақытын тапқан пенде,
Тәттілікке тоймайды татқанмен де.
Жастық құшып жас ғашық зарлағанда,
«Аққу жүзер көздерден аққан селге!..»

Көзсіз сезім көңілді дертті қылып,
Өкіргендер өзекке өрт тығылып,
Кездескенде Сотында Қияметтің
Бір-бірінен қашады жалт бұрылып.

«Басымызда тұрса, деп, үнемі бақ»,
Жүгіргендер жалау қып жүрегін ап,
Жалындарды көргенде гүрілдеген,
Жалғандығын өмірдің біледі нақ.

«Сезімталдар» тозаққа тасталарда,
Жала жаба бастайды басқаларға.
Аллаһ үшін болмаған махаббаттар
Ұшырайды сол күні масқараға!

Ықыласпен парызын атқарғанға,
Шатағынан шайтанның сақтанғанға,
Мейірімін Жаратқан түгел төгер
Разылығын Раббының тапқандарға!
Пенделердің төбесі көкке жетер,
Періштелер алдында мақталғанда.

ТАҒДЫР

«...жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін және де жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы мүмкін. Алла біледі сендер білмейсіңдер». «Бахара», 216-аят

Біліп қайтем қай күні не боларын?
Ертеңіме ешқандай жоқ алаңым.
Билік берсе, биікке домалармын.
Бұйрық келсе, көшімді доғарармын.

Біліп қайтем қай күні өтерімді?
Жек көрем жеке уайым, жеке мұңды.
Мұсылман боп сүре алсам ғұмырымды,
Безе қашып бақидан не көрінді?

Күдікпенен күмәнді матап барлық,
Бойсұндық та Аллаға рахаттандық.
Тағдыр деген – Құдайдың құпиясы,
«Құпияны білсем» деу – тәкәппарлық!


ТЕЛЕФОНЫҢДЫ КӨТЕР

Еңбекқор білем ер екеніңді.
Үйіңе үйіліп береке кірді.
Табанды мінез, талмай ізденіс
Өзіңді елге елете білді.
Зәуімен саған хабарласып ем,
Білмедің бе екен мен екенімді,
Қырауар тірлік қырына алып,
Қиындатты ма кенет өмірді?
Көкейге келер көңілсіз ойлар,
Көтерші, бауырым, телефоныңды.
«Көк тиынға оған керегің жоқ!» деп,
Көп шайтан мені келеке қылды...

СЕН

Ақиқаттан аулаққа алыстағасын,
Надан десем өлердей намыстанасың.
Саналы деп санаймын қалайша сені,
Алла ұсынған заңменен таныспағасын.

Шариғатқа сай етіп іс қалмағасын,
Сүннетіне Нәбидің пысқырмағасын,
Зауыққа ерген өзіңнен артық деп білем,
Тауық деген ақылсыз құстың бағасын.

Симайтын жанмын дерсің-ау ноқтаға басым,
Хадистен хабарсыз болғасын жоққа нанасың.
Қай атыңа жақсы сөз айтуым керек,
Аятына Алланың тоқтамағасын?!

СІЗ...

Мен сізге қараймын да таң қаламын,
Екі ойлап бір басатын әр қадамын.
Әперген көктен үзіп ай мен жұлдыз,
Әкесі сіздей болса бар баланың!

Кім таласар, білімді, дарындысыз.
Лапылдаған, лаулаған жалындысыз.
Алтындатқан астаудан ас жеп жүрген,
Көкелердің көбіне жағымдысыз.

Мойындатқан сөзімен, ісіменен,
Сіздей-ақ болар іскер кісі деген!
Бір сізді разы етсем деп талай адам,
Жүгірген аяғының ұшыменен.

Жүріп өткен жолыңыз тамаша тым,
Атағыңнан атты адам адасатын.
Теле, радио, газеттің тілшілері
Сізден сұхбат алуға таласатын.

Айналада дәл сіздей бар ма мықты?
Әупіріммен талайлар жан бағыпты...
Құдай берген қуат пен қайратыңыз
Өсу менен өрлеуге арналыпты!

Татқан сайын тәттіні таңдайыңыз,
Арғымақтай ұмтылды алға ойыңыз.
Сонша ақылмен Алланы таппағасын,
Ақіретте не болмақ жағдайыңыз?..

КІМ АЙТЫПТЫ?

Кім айтыпты «мінсіз деп Нұрағамыз!»?
Сұранамыз –
Айтпаңызшы кинодай құрап аңыз!
Әлемдердің Патшасы болмаған соң,
Кемшіліксіз болмаймыз сірә да біз.
Қаны қазақ бауыр ғой, жаны қазақ,
Колбинге де кезінде шыдағамыз!
Бесіктен кеше шыққан ел едік қой,
Бекіген жоқ әлі де бұғанамыз.
Патшаға тіл тигізу - сүннетте жоқ,
Бұл деген барып тұрған күнә нағыз.
Жанында жүрмеген соң күнде көріп,
Жағдайын қалай оның ұға аламыз?
Аяр жау аяғансып айдап салса,
Аяғың көктен келіп құламаңыз.
Мемлекет түгілі мекемені
Басқара алмай қалғанды кінәлаңыз...
Арандап қалмасақ тек айтақшыға,
Тығырықтан аман-сау шыға аламыз.
Көрші елдердің жағдайын көргің келсе,
Саусағың арасынан сығалаңыз,
Басшымызды тағынан тайдырсақ деп ,
Бекерге білекті біз сыбанамыз.
Бүлікпен келген билік берекесіз,
Құдайдан бәле сұрап жыламаңыз...
Әркім өз амалына жауап берер,
Ақіретте бәріміз де сұраламыз...

Ереуілге кеткен бе етің өліп,
Езуіміз көпіре көкімелік!
Әйеліне сөзі өтпес ездің көбі
Елбасысын боқтайды екіленіп.
Нашарлығы-ай біздегі түсініктің,
Қашан бұлай бақытқа жетіп едік?

Қас ашады қасыңнан күліп құшақ,
Туса екен деп тезірек бүлікті сәт.
Өтірік ақпаратты өкіртеді-ай,
Ел іргесін бүлдіріп іріткі сап!
Аңғал қазақ алданып, өзді-өзімен
Қырылысып болса деп қырық пышақ.

Дертті жан дұрыс пікір қыла алмайды,
Кекті жан ақиқатты құп алмайды.
Қазақтың кенге толы кең даласы
Өзіне жау шақырмай тұра алмайды.
«Түлкінің қызылдығы өзіне сор!»
Бүркіттің көз жауын ап бұлаңдайды.
Анталап өңшең ашкөз алпауыттар:
«...Бермесең жолыңнан!» деп ұрандайды.
Ел ішінен сатқындар тауып алып,
Үй ішінен үй тігіп ылаңдайды.
Қасымыз, досымызды танып алмай,
Басымыз ешқашанда құралмайды.
Билікке қарсы шыққан бүлікшінің
өлгенде
жаназасын шығармайды!

Бай бола салсақ дейміз бірден кейде,
Тер шығып шекемізден үлгермей де.
Байлықтың сұрағы көп, сынағы ауыр,
Беліміз көтере алмай сыр бермей ме?
Кімге не қайырлысын Алла білер,
Шүкір деп барға момын күн көрмей ме?
«Бес саусақ бірдей емес», Жәннатта да
Адамдар сүрмейді өмір бір деңгейде.

...Кім айтады мінсіз деп Нұрағамыз?
Оның да бар соңында шұбалаң із.
Пайғамбарға разы емес жандар өткен,
Ендеше жәй адамды сынамаңыз.
Бүкіл ел ұнататын жан таппаспыз,
Сайласақ та бір басшы күнара біз.
Ұнамаған патшаны қуа берсек,
Ел болып қалай өмір сүре аламыз?
Ертең елді басқарсын қай мұсылман,
Ол үшін де қасқайып тұра аламыз.
Ауызбірлік болған соң басты мұрат,
Татулық туын қалай жыға аламыз?
Аллаһ оған игі істер жасатсын деп,
Болайықшы әрқашан дұғада біз!

ЖАСЫЛ ШЫРШАНЫҢ ЗАРЫ:

Келгім келген жоқ еді бұл алаңға.
Обалым мені әкелген мыналарға!
Аллаһ емес, ағашқа сыйынады ел!
Бұдан өткен өмірде күнә бар ма?

Балта тиді аяусыз биыл маған.
Туды содан басыма қиын заман!
Қасиетті Қағбаны тәуе еткендей,
«Шырша айнал!» деп Жаратқан бұйырмаған!

Аллаһ Өзі өсірген бір шыбықпын.
Мені айналу – көкесі құлшылықтың!
Сары аязды сезбеуші ем, адамдардың
Күнәсінен өн бойым түршігіп тұр!

Надандықтан адамның күллі соры.
Шайтан малғұн тамаша білді соны.
Шырша сәндеп, әндетіп шыр айналу –
Қай атасы ұстанған үрдіс еді?

Бұл дәстүрдің ұмытты ел бөтендігін.
Дін бұзуға шетінен екен мығым...
Білмейді жұрт мені жел құлатқаны –
Ескертуі Алланың екендігін!

ҚАЗАҒЫМ...
(Мұқағали мен Абайша)

Қазағым, ғажапсың-ау, дегенменен,
Басқадан көрмегенді сенен көрем.
Байыңда жоқ, уайым, қауіп жайы,
Ойыңда жоқ бір күні өлем деген.

Қазағым, сүйем сені, бірақ, бірақ...
Мейіріңді қайтемін жылап сұрап?
Маған деген пейілің парша-парша,
Саған деген көңілім құрақ-құрақ...

Кімің қалды, нең қалды сатылмаған?
Үрдіс болған қылмысқа шатылмаған?
Жеп тойғанын аңғармас аурудай,
Кеп қалғанын білмейсің ақырзаман.

Қарадай мұсылманды қаралайсың,
Құранда не жазғанын қарамайсың!
Заманақыр кеп қалса, құтылмақ боп,
Шырақ алып, шұңқырды паналайсың.

Күні-түн карта соқсаң мәз екенсің.
Балаң намаз оқыса, баж етесің.
Есікте жатқан масты байқамайсың,
Мешітке барған жасты сөз етесің.

Саяси діни білім жетпегесін,
«Бандит!» деп мұсылманды кектенесің.
Күнәдан қашқандардан күдіктеніп,
«Уахаби!», «Сәләфи!» деп жек көресің.

Дінменен соғысуда бақыт бардай,
Өте алмайсың көзіңмен атып қалмай.
«Соңғы елші еврейден шықпады!» деп,
Құдайға өкпелеген яхудтардай.

Адал жүре алмастан ақшаң барда,
Сауық қудың жағдайың жақсарғанда.
Қуанады жүрегің жарылардай,
Бір-біріңнің көзіңе шөп салғанда.

Сәл тойынсаң, бұтыңды талтайтасың.
Қарап тұрып, адамды қартайтасың.
Көп төбет қамалаған аш бөрідей,
«Семізбін!» деп жүніңді қампайтасың.

Түссем деп көп көзіне кимелейсің.
Қай жерде тамақ болса, үймелейсің.
Партадан жаңа шыққан жас баланы,
Парақор оқуына сүйрелейсің.

Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар,
Сумаңдаған сұғанақ, ала қолдар,
Ауыл толы маскүнем, ұры қары,
Алаяқ пен зинақор қала толған.

Сүрең қосып ғаламдық дүрбелеңге,
Момындарды тоғыттың түрмелерге.
Қаһары кеп Алланың, Алатауда
Бес мың ағаш сұлады бір дегенде.

Жаңатаста жел жұлып шатырыңды,
Баспанасыз қалдырды пақырыңды.
Темірбетон мұнара, бағаналар
Бір-ақ сәтте сәждеге жапырылды!

Қылықтарды бастады қызың оғаш.
Бұзықтар кеп жабылды құжынап аш.
Суық жүріс сумақай көбейген соң,
Су шайды да жоқ болды Қызылағаш.

Қызығы осы екен деп тіршіліктің,
Жасайсың күнәларды құлшынып бір.
Жұмыр жердің жүрегі түршігіп құр,
Табаныңның астында сілкініп тұр!

Сел басып Батыс, Шығыс, Оңтүстігің,
Шөл басты егін шықпай Солтүстігің.
Табынар Құдайыңды таба алмастан,
Табанын жалай бердің әр күштінің.

Сай келмей жатады ылғи сөзге ісің де.
Себебі сене алмайсың өз күшіңе.
Жігерің жанышталды, жасыды әбден,
Үш ғасыр үстем жұрттың езгісінде.

Білмеймін не күтеді алда сені.
Көз бояу, бос мақтанның бар ма соңы?
Сен мықты болсаң, ата қонысыңды,
Тең бөліп Орыс, Қытай алмас еді.

Өткен күн қауіппенен қатер етін.
Жендетің желкеңдегі жат ел етін.
Санаңды емдеп, бүгін кез келіп тұр,
Саныңменен сапаңды көтеретін.

Қарахан дәуірінде керемет ең.
Әрбірің жауынгер ең төреге тең!
Құлдық мінез құлықтан құтылуға,
Бізге енді қанша ғасыр керек екен?

Маңдайың талай мәрте тасқа ұрылған.
Тасада бұғып жатқан дәстүрің бар.
Білгенің - бауырыңның артын шұқу,
Жүргенің айыға алмай мастығыңнан.
Кісідей тырп ете алмай тырбаңдайсың,
Түсіне шайтан кіріп бастырылған!

Қазағым, сүйем сені. Бірақ, бірақ...
Сен мені қарсы алмайсың гүл атқылап.
Шайтан кеп шайырыңа шағыстырса,
Өсегі нәлетінің ұнап тұрад...
Бес уақ әр күн сайын тілеп жүрем,
Басыңда болса екен деп тұрақты бақ!..

«ДЕМЕМЕУШІ»

Қасиетті Құранда: «Кім Алланың дініне жәрдем берсе, Алла оған жәрдем етеді» деген мағынада аят бар. Қазіргі кезде жер бетінде «Діннің ең жаманы- ислам, адамның ең жаманы – мұсылман» деп көрсетуге дін жаулары жанталасып жатқанда, «жоқ, олай емес – былай!» деп, оларға жауап ретінде фильм түсіріп, кітап шығарайын десең, ақша таппайсың. Сосын «кедейдің күні кіжінумен өтеді» дегендей, өлең жазасың. Басқа қолдан не келеді? Сауабы көл-көсір игі істерді мен істемесем де біреу жасайды деп үміттенемін...

Егескенді қоймайтын ыңырсытпай,
Көз тояды көркіңе тығыншықтай.
«Алла дінін қолдайық, нең бар?» десем,
Көзіңмен жер шұқисың түк үн шықпай.
Жәннәтқа баратұғын ойың бар ма ед,
Қалтаңнан соқыр тиын шығын шықпай?

Сауап пен садақадан үрке көңілің,
Сейілмеді жүзіңді бүркеген мұң.
Жарысар жақсылыққа сәт келгенде,
Қу шөппенен ауызыңды сүрте бердің.

Күркіреп жүретін ең күндей болып,
Кеттің-ау күреңітіп күлдей болып.
Ұшқан ба бастың бағы дейін десем,
Мінгенің астыңдағы пілдей көлік!

Бақ берген Құдай үшін маңдайыңа,
Дайын ең қызыметтің қандайына?
Өкпе жоқ, өкініш жоқ, өтініш бар;
Көлікті қарап мінші жағдайыңа...

ЖЕКЕ ШУМАҚТАР

Көңілі тәкәппардың - шырқау биік.
Сенімі бірақ оның - мылқау күйік.
Алдына Жаратқанның ақіретте,
Бармақшы сауап емес, сылтау жиып.

***

Құдіретті Құдайым!
Қайырлы жар нәсіп ет.
Қайырсыз болса, қашық ет.
Алғанша емес әйелге,
Алғаннан соң ғашық ет!..

***

Малында буаз да көп, қысырақ көп.
Қалмаса екен жұтқа ұшырап тек...
«Тақуа» боп кеткені соншалықты,
Ойлайды садақаны «ысырап!» деп.

***

Атасың шырт түкіріп насыбайды,
Құл болып никатинге басыбайлы.
Алғанда айықпас дерт алқымыңнан,
Кім сенің үй ішіңді асырайды?

БҰЛ КІМ?

Өзінде бес парыздың бірі де жоқ.
Түгендей қояр оны түрі де жоқ.
Дін жайлы талқылайды топқа түсіп,
Телеарна эфирінен күніге кеп.

***

Ақиқаттан адамның бет бұруы -
Бос сөз сөйлеп, ыржақтап көп күлуі.
Қасірет сол - сыбырын ібілістің,
Өз ойымның жемісі деп білуі.

adebiportal.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста