Сәулеш ШӘТЕНОВА: Сенім деген - Құдай шығар, кім білсін, Сенім деген - шығар менің өлеңім
Жарығымды талай жарықсыз жанға туралап,
Адастым білем көз байланатын іңірде.
Сәулемді іздеп, жүректерге кіріп сыналап,
Жоғымды таппай, сонда да мүлдем түңілмей.
Сезбедім көптің жылуын маған бергенін,
Кездерім көп қой ызғарда жалғыз үсіген.
Ұсынған қолды қапыда, бәлкім, көрмедім,
Ол-дағы қолын созбады қайта, түсінем.
Шапағатын шашқан Жаратқаныма мың алғыс:
Тарту еткен-ді өзімнен аумаған үшемді.
Жарығымды жағып, мыңдарға сыйлап қуаныш,
Бақытымды таудай, шүкірлік, тұтам місе енді.
Үш өмірім бар қылығы балдай, сөздері,
Үйімді менің ұялап етті Күн мекен.
Жарығыңды жағып туралатқанда, өзгенің,
Жарығына, тәйірі, жолықпағаның да мұң ба екен?!
***
Бозторғай жыры
Күннің алтын инелері төбеме қадалды,
Ақ торғын шаңың демімді тұншықтырды.
Сонда дағы сүйемін, даламды,
Моншақ сыйлағаның үшін мың шықтан түрлі.
Жат жерліктің мүйіз тақасы,
Төсіңді сенің таптаған шақта.
Қылбырау болды жанымның жарасы.
Түк қыла алмадым жалмауыз жатқа.
Асыңды ішіп , аяғыңды тепті,
Тілімденген жаның жаралы.
Артынып алып жатым да кетті ,
Байлығымды алып бәсі бағалы.
Қараш төбенің қарауылы едім,
Қу бұтаңның түбін бағамын.
Немен жамаймын жамауымды енді,
Кімге дәрі ұрандағаным?
Отырдым іште бір сәуле өшкендей,
Көлтаусарларға лажым болмай.
Қос бұрым жолмен бәрі көшкендей,
Жұртта қалып құлазығандай.
Таңның нұрынан өрмегімді өріп,
Күнімді сенде батырамын- дағы.
Алып кетпесе болды енді жат жерлік,
Бір уыс сенің топырағыңды.
Жырлаймын сені жеткенше дауысым,
Жүрегімде мадақ өлең тұтанды.
Бұтағына қонып сайрауым үшін,
Дін аман қылса екен бұтамды.
Жырлаймын сені көгіңде айналып,
(Жырлай білсе ғой барлық құс менше).
Қу бұтаңа мәңгі байланып,
Қанатым қурап, құлап түскенше..
***
Мен өзенді айна қылдым,
Бір періште жанары алаң.
Шағылыстырып Айға нұрын,
Айнасынан қарады маған.
Жүрегіме мың қуаныш қондырдым,
Сыбырладым ол жайлы далама.
Жүрегімнің түкпірінде ол тұрды-
Жанымнан да жақын жан аға.
Бейнесін оның Айға іліп қойдым,
Менен өзгелер көре алмасын деп.
Аймалап іштей айналып тұрдым,
Айменен күндіз жоғалмасын деп.
Көзіміздің сәулелері,
Кезікті де шағылысып қалды.
- Жоғалта көрме сен де енді мені,-
Деді ол маған: - Табыстық мәңгі.
Жассыз жылайтын, жанары құрғақ,
Жүрегімді алдасам ба екен?
Бейне жасадым бәрінен ұрлап,
Айдың бетінен құлатып алмасам екен.
***
Сәуле
Сәуленің тоңды ызғарға жаны,
Көрік еді ол Күндегі.
Жылап ағатын жұлдыздардағы,
Жарық еді ол түндегі.
Жылуын бәріне дарытты,
Жылуын мүлдем аямады.
Аймалады тоңғанды- ғаріпті,
Құшағын баршаға жаяды әлі.
Жанарынан жылуын жоғалтқандардың,
Жанарына от берді, жандырды.
Жоғалтқандардың оралтты әнін,
Көгіне көктемін әкеп қондырды.
Ал өзі тоңды, қорған іздеді,
Сәуленің тоңатынын ешкім сезбеді.
Қылтиды гүл болып іздері,
Өзін жылыта алмады, жылытты өзгені.
Сәуле деп атын айтуың шын,
Әлі де Жерді әрлейді, гүлдетеді.
Қуат алып қайту үшін,
Ол енді Күнге кетеді.
* * *
Жарығымды деймін жалғыз, жартымен бөліссем,
Нұрменен егіз жанымда менің жарық көп.
Жанына бірдің ондық шамдай боп төгілсем,
Мыңдарды мейлі тастамасам да қарық қып.
Жарығын оның жел менен сыздан қалқалап,
Жырымның жайын ойлаймын- дағы жүдеймін.
Түнекке қара кетпесем екен арқалап,
Жер бетінде нұрландыра алса екен біреуді.
Ондық шамдардың сөнетін кезде жарығы,
Таңмен таласа, құйылып кетсем қырларға.
Сәулелі жырым сөнбейді-ау сірә, тамыры,
Аспандағы анау Күнмен жалғанған нұр барда.
***
Шыр айналып жанымда шарқ ұрған,
Көрсеқызар біреу ме ең барып тұрған.
Кінә артпайын көз алмай қарады деп,
Сәулем шығар көзіңді қарықтырған.
Толағайдай таудай жүк артып алған,
Іздемейін ұсақтық нар тұлғаңнан.
Көш жөнекей өткенде, шұғылалы,
Сәулем шығар сені де тартып алған.
Боп кетердей мен үшін жаның құрбан,
Өрлігіңді өрелеп бағындырған.
Кездеріңе мен кінә артпайыншы,
Сәулем шығар жолыңнан жаңылдырған.
***
Мұнай
Сен бабамның түсіне де кірмедің,
Сенің бағаңды да білмеді:
Бар байлықтың, үлде менен бүлденің-
Көзі екенін қара сұйық жүлгенің.
Баяғыда бір қазақ,
Шөгере сап бақырауық түйесін.
Ағып жатқан қара майға таңырқап,
Қарап қапты жоғалтқандай бір есін.
Көзі екенін білмей оңай олжаның,
Жетпейтінін құнына оның бар малы.
Торсығына құйып алып сол майды,
Ағылшындарға апарыпты аңғалым.
Қазағымның мөлдіреген көзіндей,
Қара түсті қара май.
Бұл күндері байлығымды сезінбей,
Бір кәдеме жарамай.
Американдық алпауыт,
Үңірейген өңеші.
Жеріме енді қаптады,
Есін арбап иен байлықтың елесі.
Сан темір мен жарағын,
Қаптатты да күліктей.
Мұнайымды ашылып бар араны,
Сорып жатыр сүліктей.
Туған жерімнің қойны- қонышын ақтарып,
Сормақ енді соңғы қаны қалғанша.
Емшегін де суалғанша қақталып,
Сорады енді екі шандыр болғанша.
Сарып әрбір бұтама,
Жерімді жүр ала шаң қып талтайып.
Түгі қалмай жұтаған,
Бір төбеде қалыппын ғой аңқайып.
Өз байлығым бұйырмады өзіме,
Өкінем де түнерем.
Өз байлығым бұйырғанда өзіме,
Шакизада мен бегілердей өмір сүрер ем.
Қойды ұрлатып, қорамды дағы бекітіппін,
Қорқаулар жетті түбіме.
Қарға қаңқ , сауысқан саңқ етіп ішіп кетіпті,
Жұғын қалмапты күбіде.
Алданыш қып отырмын,
Қаптаған тек уайымды,
Жалмауызға жеті атасынан бері қомағай,
Неге бердім, обал-ай,
Қазақтың қара көзі сияқты қара майымды.
Мұнайымды?
***
Мен - Сәулемін
Әлдекімдер мені тіпті жаңқа құрлы көрмеді,
Әлдекімдер құрақ ұшып орнын берді төрдегі.
Әлдекімдер садақ тартты сыртымнан,
Ал мен бірақ өлмедім.
Қайратымды қара тасқа жаныдым,
Шақпақ болды : от шықты.
Ақиқатты ақ бөз мата тәрізді,
Ішімдегі Тәңірім деп таныдым.
Көгімдегі ал Тәңірім қолдаса,
Талай жерге жетер әлі жарығым.
Тоңғандарды келді сонсын жылытқым,
Сынығымен сәулемнің.
Тоздырдым да жылдарымды үгіттім,
Уақыт бірақ мені мүжи алмады.
Бүтіндемек болдым барша сынықты,
Құралмады ол әлі.
Шындықты іздеп шемен болды жүрегім,
Қорқақ болды ал тілім.
Көзім батыр, құр бозарды реңім.
Терең мені батырды, тек көбігін қалқыдым.
Жер қайысқан түменім жоқ түменім.
Жалғызбын да жалқымын.
Ақиқатым өлмесе екен тек қана,
Қойдай халқым желге ығып барады.
Жүрек от-ты, қалғаны одан шоқ қана,
Үрлегендер тек жандыра алады.
Ақиқатымды өлең қылып тасқа қашап кетемін,
Кейінгілер тауып алса жарады.- деген шығар Күлтегін.
***
Халық әні
Дүлей бір сезімдерді бастан кешіп,
Барады бұлттарды ерттеп, аспан көшіп.
Өсіп ек сықырлауық бесіктерден,
Ән десіп, аңыз десіп, дастан десіп.
Жаныңа жамайтұғын тағы да мұң,
Сарынын сағынамын, сарыламын.
Елеңдеп қыр басына шықтым енді,
Емексіп, естігендей халық әнін.
...Көгілжім көрінгендей көш сілемі:
Мінгені кіл нар, мая, бесті ме еді !?
«Басынан Қаратаудың...» деген дауыс,
Алыстан талып қана естіледі.
Күлдігіне көміп бір тастағаны:
Алтын аяқ, күмістеген тостағаны.
Қалдырып ал жүрекке қасида әнін,
Ғайып боп көз алдымнан көш барады...!
Әуенін жел жеткізіп талып, талған,
Аманат- асыл әнін алып қалғам.
Құлағын домбыраның бұрап енді,
Халқымның әнін берші салып, қарғам!
Жүрегім тыңдағанда егіледі,
Қайғысынан қабырғам сөгіледі.
Зарына қосылмаған қос ғашықтың,
Көл болып көзмоншағым төгіледі.
Тағдырдан болса да Алаш мың ұтылған,
Кезі жоқ үміті өшіп, үні тынған.
Авторы жоқ бұл әннің- халық қана,
Авторы әлде-е-е-е-еқашан ұмытылған,
Халқымның әнін берші cалып, қарғам!
***
Білезік
Шіренген түркі ед, болды шын шын ғаріп,
Шілдің құмалағындай шашылып қалды.
Көзінің жасы моншаққа айналып,
Қу бұталарға асылып қалды.
Таратылған шүлендей болды,
Тарлық етті де талыс даласы.
Улап та шулап ұлардай болды,
Бағы басынан алыстағасын.
Шаштың күлінде бесігім қалды,
Қисық арбамен бақырым кетті.
Ноғайлым босты, қосығым зарлы,
Асылым өтті жатыры текті.
Жолбарыс белдер қаңырап қалды,
Қағанат туы құлаған күні.
Жоғалды көштің сілемі мәңгі,
Қыпшақ баланың жылаған үні.
Бытырап кеткен Тұранның жұрты,
Байрағы бөлек қолына ұстаған.
Тілі бөлектеу, бөлектеу сұрқы,
Кейпіңді іздеймін маған ұқсаған.
Бөлектеу күйі, бөлектеу әні,
Жат болып маған кетті бауырым.
Бөлектеу қаракөздерім- дағы,
Бөлгесін бізді аттың сауыры.
Моңғолдау кейпім, сен иран текті,
О, кенет жүрек салды бір ойнақ ән.
Көріп қалдым мен күміс білезікті,
Биші өзбек қыздың қолында ойнаған.
Түрікпен қыздың да білегінен оны,
Тоташ қыздардан да көріп қалғанмын.
Зергерлер соққан жүрегімен оны,
Сұлулығын беріп жәхи жалғанның.
Жүрегі түскір-ай сезбесті сезіп:
Білезігіміз ұқсайды біздің.
Менің қолымда да сол күміс білезік,
Білегінде де сол сан түркі қыздың.
Сен де енді іздеп шарларсың мені,
Сен де егізім бе ең жүрегім іздеген?
Қаным ойнап, қандасым, қардашым, сені,
Танып қалдым білезігіңнен.
***
Қызыл Ай
Түсі неге қызғылт анау Айымның?
(Жүрегімде ізі де жоқ уайымның).
Білесің бе, сен шақырсаң...сенімен,
Жер түбіне баруға да дайынмын.
Түн төсінде жанып тұр бір шырақ - Ай,
Сені ойладым тағы, тағы шыдамай.
Ілесер ем сен шақырсаң егер де,
Қайда бара жатқанымды сұрамай.
Қиялымнан бір аққала тұрғызып,
Сонсын оның еритіні...тым қызық.
Қызғылт Айдың аясында сыйлады,
Әлдебіреу сүйгеніне гүл, жүзік.
Ойлай берем сені, бақыт жайлы да,
(Бой алдырмай бір бойкүйез қайғыға).
...Әлгі жігіт, қолы жетсе, сол қызға,
Ойланбастан сыйлар еді Айды да.
Сол бақытты қызды-ай, оның жүзігі-ай!
(Жалғанбайтын қиялымның үзігі-ай).
Көз көрмейтін жер түбіне шақырып,
Маған неге сыйламадың қызыл Ай.
* * *
Мен тауларға қарадым:
Одан да шыңдай биік сені көрдім.
Ойларымды ормандай тарадым,
Ойыма да қосылып өріле бердің.
Мен теңізге үңілдім:
Тереңінен тағы да телегей сені таптым.
Сенің әрбір сөздеріңдей құбылды,
Маржандары сұп-сұлу әрі қатты.
Мен аспанға көз тіктім:
Өзің тектес баратты қыран ұшып.
Сені елестетті жел тіпті,
Құшағына алатын құрақ ұшып.
Мен түнге де қарап ем:
Сенің қара шашыңдай желбіреді.
Жұлдыздарды санап ем:
Сенің қара көзіңдей мөлдіреді.
Мен қай жаққа қарасам да,
Сенің бейнеңнен құтыла алмадым.
Сені ойлауменен бал ашам да,
Көкжиекке жұтылады әр Күн.
Мен осылай уақытты өткердім,
Шығарып сап жаз, қыс, көктемді.
Ар жағынан қылкөпірдей өткелдің,
Өте алмай-ақ кеткем-ді.
...Мен күзге де жеттім жапырағының тұрған жаны әрең,
Сезім өлді ме ақыры ,бәлкім көз ілді?
Бұрылып алтын түстес Күн көзіне қарап ем,
Сені емес, көрдім Өзімді.
***
Жан аға
(Қазақ көркем сөзінің мэтрі, дегдар да сырбаз Рахымжан Отарбаев ағама арнаймын)
Жан аға,
Жанашыр сенің жүрегіңнен болайыншы садаға,
Алдыңда сенің ұқсап та кеттім балаға.
«Ағасы бардың- жағасы бар»:
Жоқ еді менде аға да,
Жоқ еді менде жаға да.
Соданба, сотқар тағдырым,
Талай рет мені жылатты,
Бұрымымнан тартып құлатты.
«Кім тиді саған, қарғам?»,-деп,
Қаратау – сынды қорған боп,
Келді-ау бір мені жұбатқың.
«Айналайыныңнан» айналдым,
Асылзада айбарлым.
Арманымды еске салдың-ау,
Арманым қайда ед?
Ұмытып,
Қобдишаға салып қойғанмын.
Мейлі, енді құздан құлайын,
Шекпейім оған уайым:
Аппақ торғыннан ұшпалы,
Сен аппақ қанат сыйладың,
Қалықтап...сонсын тұрайын.
Ақ сауыт киген ағатай,
Аппақ нұр саулап, жортқанда,
Жолың болсыншы ылайым!
***
Менменшіл ғұнның қанымын МЕН
Ғұнның мын-сан найзасындай,
Күннің инесі жерге шаншылды.
Таң құшағын жайғанда бай,
Шөпке қондырдым шық қылып тамшымды.
Құмда иір ізді кесіртке қашты,
Жабағы бұлттар жаумады.
Күн керегеден сәулесін шашты,
Сұлулығы көзімді жаулады.
Көңілім шалқыды,
Қурайға қосып жыр айттым.
Қара тас та балқыды,
Сазымменен мұңайттым.
Сондағы әнім бұл еді:
Қара түнде маздатпай шырағыңды құр.
Ести алса жүрегің,
Төбелерден күңіреніп шыққан үнге құлағыңды түр!
Аруағы бабаңның болған аңыз,
Жауына қаһарланып жай атады.
Ешкінің ішегі тағылған қобыз,
Қалғып кеткен рухыңды тепкілеп оятады.
***
Ғұнның әні
Түйелер шөккен төбелер менікі,
Қарсақ қашқан құмдар менікі.
Талыстай белдер менікі,
Күмістей көлдер менікі.
Біздей өткір қамыстар менікі,
Терісі теңбіл барыстар менікі.
Қардың арасынан қылтиған гүл менікі,
Ошақтан шыққан күл менікі.
Таңбалы ту менікі,
Оқ тиген қу менікі.
Арасында қабан қашқан ну менікі,
Даланы кесіп аққан су менікі.
Ұшқан құс талатын дала менікі,
Тастан соғылған қала менікі.
Тасқа басылған дастан менікі.
Жерге төңкерген аспан менікі.
«Менменшіл» ғұнның бір тамшы қанымын ,
Топыраққа сіңген.
Жұмақта жүрген бабамның тастап кеткен жанымын,
Қайтадан жаралған күннен-
МЕН.
***
Батыстың «қақпасы»
Батысты біреу «мәдениеттің қақпасы» деді,
Сол қақпадан енуден сақтасын.
Батыстың саталақ бояудан баттасқан өңін,
Қызықтап, көзімді сатпаспын.
Батыстың дәстүрі мен салтынан,
Таба алмай дағдардым мазмұн түк.
Жалаңаш төстер мен бөкселер артынан,
Сығалап қарайды азғындық.
Сайтан мен сапалақ жиыла,
Жезтырнақ бір-бірін шашынан сүйрейді.
Лыпасын беліне іліп ап, тамұқтың күйіне,
Гомосапиенс билейді.
Ібіліс дұғасын оқиды, үнінде кекесін,
Қара магия, қан және сиқыр жайында.
Албасты қияды некесін,
Еркек пен еркектің үйлену тойында.
Тірі роботтардың жүрегі болмайды,
Милары- доллардың қиқымы.
Жатса- тұрса долларын ойлайды,
Ұмытып ұйқыны.
Батысты біреу «мәдениеттің қақпасы» деді,
Сол қақпадан енуден сақтасын.
Шырайлы жүзінде ұяттың қызылы сембеген,
Шығысқа бұрдым ат басын.
Шығыстан шығады Күн күліп.
***
Жусан жұлдым желге ырғалып қылқиған,
Ат тұяғының мың-сан дүбірі қиқулап.
Қойтастарға да, обаларға да,
Запырандай ащы күй тұнған.
Құрт сақырлап, қара қазан қайнатып,
Түтін көкке шаншылды.
Тобылғының шоғын жақұттай жайнатып,
Қарғаның қанатындай шашын жайды баршын түн.
Ақ манар сұлудай кезбе Ай,
Бұлтты аралап, сылаң қағып барады.
Жұлдыз болса көздері-ай,
Бір сұлудың тартып тұрған қабағы.
Сұңқылдап байғыз өреде,
Қиссаны ескі жырлайды.
Қорқынышты ертегідей тоңазытқан денені,
Пері менен жын жайлы...
***
Іңір суреті
Тойға бара жатқандай тым сәндене,
(Күн иегін бүкір дөңге сүйепті).
Көкжиектер көйлек киіп алды, әне,
Күлгін түсті, етегі қызыл жиекті.
Тотықұстың қанатындай жасанды,
Діріліне гүлді етегі құбылды.
«Бүкірге иек сүйей берем қашанғы?!»,-
Деп хас сұлу Күн тығылды.
Алтындаған көкжиектің етегін,
Тым сиықсыз сол бүкір дөң түреді.
Сусылдаған жарқанаттың мекерін,
Желдей есіп бір жемтігін іледі!
...Ал көкжиек ауыстырды мың көйлек,
Кірпігімді қаққан сайын- сәт сайын:
Күрең қызыл, сарықошқыл, шымқай көк,
Торғын, мақпал, ши барқыт пен патсайы.
Созып қойып ұзын-сонар қиссаны,
Қара шашын бір жезтырнақ- түн жайды.
Тым көне ол ертегіге ұқсады,
Пері менен дию жайлы, жын жайлы.
Ақша жүзі албырап бір қараған,
Айға мұңын шағып байғыз жылады.
Жарқыратып жақұт- жұлдыз қадаған,
Ең соңғы көйлегі көкжиекке ұнады.
Ертегідегі... төнгендей бір албасты,
Даланы түн басты.
***
Қанаттыларға қызығам
Тақ мініп шың мен құзынан,
Қағатын кездей қанатын.
Қанаттыларға қызығам,
Жерден көтеріле алатын.
Құшақтап дауыл, желін де,
Қанаты сынға шыдайтын.
Әуелеп алып көгінде,
Құласа көктен құлайтын.
Күнәсі көп қой пенденің,
Қанатты Құдай кимаған.
Табанын қадап Жерге оның,
Қиялды ғана сыйлаған.
Өздері қолдан құраған,
Бұза алмай тап- тар шеңберін.
Өздерін санап ұлы адам,
Санайда Құдай өздерін.
Шығуға одан шарасыз,
Шеңбердің кіл құл-құтаны.
Өздері улап ауасын,
Өздері соны жұтады.
Шеңберді ғана жағалар,
Қамыты құлдың жүр қажап.
Түтін ыстаған қалалар-
Қолдан жасалған кіл тозақ.
Құрт ауруымен жөтелген,
Қоқыс патшалығы қоғамы.
Аспандап ұшып кетерме ем,
Аласалардан жоғары.
Қыран боп ұшсам төбеде,
Болса ғой сонда бәрі аң- таң.
Қанаттар өсіп келе ме?-
Сыздайды кейде жонарқам.
***
Мықты әйел
(«...Сильная женщина плачет у окна». Алла Пугачева)
Тозаңдай ем... қара тас боп бекідім,
Тастар мендей жаралады тозаңнан.
Көлік-тірлік жүргіземін тетігін,
Шаршағаным сезіліп сәл жанардан.
Жалғандағы жалғыздығым- айыбым,
Палуанымын өмір атты күрестің.
Быт- шыт болып қалмау үшін қайығым,
Ескегімді ап толқынменен тірестім.
Еркектерше мен де жылай алмаймын,
Тұншыққан-ды жастығыммен қайғы-мұң.
Күзетшіден момын, жуас әлгі бір,
Бес-алты есе көптеу менің айлығым.
Таптап өттім біз өкшеммен мықтыңды,
Тіпті маған дұшпандарым сүйсінді.
Ақыл айтып, ақымаққа ұқтырдым,
Сөз сөйледім мінбелерден қисынды.
...Мықты әйел болма, бірақ, құрбым-ай.
Нәзік болу- мына сенің қаныңда!
Мықты әйел болмас едім мен бұлай,
Мықты еркек кездескенде жолымда.
Рас, кейде қорғансыз боп кетемін,
Тас-талқан боп ұрсам сонсын тағдырға.
...Еске түсіп кетті әйел екенім,
Жылап тұрмын терезенің алдында.
***
CЕНІМ
(«Сіз адамдарға қатты сенесіз»,- деп таңғала әрі мысқылдай қарады бір жас қыз маған)
Сендім. Сенем. Ия, жанмын сенгіштеу,
Ал үмітім алдап кетті мың рет.
Сене берем. Сенем шексіз мен іштей,
Барына да және шексіз Құдірет!
Сен де оған сенесің,
Демек сенің де бар «әлсіз» тұсың, қалқашым.
Сол сенімге селкеу түспей өлесің,
И-ия, күрделі- адамдардың ортасы.
Сенімдерім ақталмайды лайым:
Мені мұқап, кекеткенің орынды.
Көзге менің көрінбейтін Құдайым,
Бірақ менің жарылқап жүр жолымды.
Кейбіреулер жас балаша алдайды,
Қылбұраудай осы- мені қинаған.
Үмітімнің сау тамтығы қалмайды,
Көңіліме күмбездей қып жинаған.
Үмітімнің отын қайта жағамын,
Жинап алып сұр реңді күлді де.
Кешіремін шалалығын ағаның,
Сенем көзі жасандылау сіңліге.
Жете алмайтын биігіне жүріп мың,
Өзгере ме тасбақаның қалыбы.
Қарайды ылғи көзіменен күдіктің,
Бір біріне атеистер қауымы.
Жүз сақтанып, болам енді абай мың,
Тым ақылды бикешім- ай, жарайсың!
Мен өмірге өз көзіммен қараймын,
Сен өмірге өз көзіңмен қарайсың.
Алданатын аңғал жүрек шыңғырсын:
Сенем, Сендім және сене беремін.
Сенім деген- Құдай шығар, кім білсін,
Сенім деген- шығар менің өлеңім.
Тек аппақ түстерге сенетін...