Саят ҚАМШЫГЕР: Көктем маған өлең боп көшкен кезде, Бәлкім мен де көктемге айналамын!

Саят ҚАМШЫГЕР: Көктем маған өлең боп көшкен кезде, Бәлкім мен де көктемге айналамын!

Туған елім
Анық басып жүрсем де жұрт алдында,
Намысыңды туған ел,
жырта алдым ба?
Аманаты халқымның-бабаларым,
Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда!

Туған елім,
Көрсеттің құрметіңді,
Өтей алар ма екенмін міндетімді?
Көңілімде көк байрақ желбіреуде,
Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!

Жаппар ием!
Ризамын,
бас ұрылды,
Алшысынан түсірдің асығымды.
Туған елім, анамдай аялаймын,
Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды!

Иә,сүйем,
сүйемін,
тағы сүйем,
Жүрмін әзір өмірдің ағысымен.
Қызғалдақтай құлпырар қыздарым бар,
Ұлым ертең сүйінер «барысымен».

Туған елім,
мәңгілік берік шынар,
Туған халқым өзіңе серік,сыңар.
Топырағың болсам ел,арманым жоқ,
Өзегінен тіршілік өніп шығар...
*******
Әз пайғамбарға (с.ғ.с)
Саған деген мың өлең бар санамда,
Сен дегенде құлпырады далам да.
Жаратқанның елшісі һәм құлы, Сен,
Рақым нұры болып келдің ғаламға.

Алла десем жүрегім де жай табар,
Сен дегенде иман-гүлім жайқалар.
Міндетіңнің ауырлығын сезінген,
Үмбетіңмін кәлиманы қайталар.

Қадырыңды дәл жеткізіп жаза алман,
Айтқаныңдай сабақ алам ажалдан.
Дінім еріп келіп еді өзіңмен,
Мұзым еріп бара жатыр азаннан.

Алла ғана бар дерттердің дауасы,
(Білсе, шіркін, бар адамзат баласы!)
Көз алдымда Алматыдай шахар тұр,
Ал, көңілде – «пайғамбардың қаласы».

Әз пайғамбар, иман еді жиғаның,
Адамзатқа Хақтың дінін сыйладың.
Сені аңсаймын, екі дүние сардары,
Уахи күткен үңгіріндей Хираның.

«Лә иллаһа илла Аллаһ» боп ұраным,
Жүзімді тек Қағба жаққа бұрамын.
Я, расулым, жүрегімде Хақ Алла,
Рухымда – Сен, ал қолымда – Құраным.

Сеніменен түрленгендей бар алап,
Жүрем енді әр ісімді саралап.
Аллаға – құл, ал Өзіңе үмбетпін,
Әз пайғамбар, айтам саған салауат!
«Саллалаху ғалейхи уассалам...»
*******
Әлі екеуіміз
Әлі екеуіміз аттанамыз сан жылға,
Ғұмырымыз айналады ән-жырға.
Кемпір-шал боп отырамыз әлі біз,
Риза болып Алла берген тағдырға.

Қос қарлығаш қатар ұшып-қонғанда,
Балапандар көбейеді сол маңда.
Қай кезде де мені өзіңмен бір деп біл,
Сені, жаным, жылытамын тоңғанда.

Біз еккен гүл өсер әлі тамыр ап,
Ұрпағымыз жұлдыздардай жамырап.
Екеуіміз де аялайық арманды,
Көк тудайын биікте тұр шаңырақ.

Бірге айқасып қиындықтар, мұңдармен,
Сыналармыз Алла берген сындармен.
Әлі екеуіміз ұрпақтармен мың жасап,
Қауышамыз сол бақытты жылдармен.

Әр күніңді ең бақытты күн деп біл,
Хақ тағала жүрекке жан үрлеп тұр.
Әлі екеуіміз аттанамыз сан жылға,
Қай кезде де мені өзіңмен бір деп біл!
*******
Қазақтың қызы
Жүрегі тұнған мейірім,
алақандары аялы,
Қазақтың әрбір аруы тамырын терең жаяды.
Тақпаса дағы үкісін, үлпілдеп тұрған үмітім,
Бұрымын сәл-пәл қиса да,
көңілі, жаны баяғы.

Жандарын егер зерттесең, түбіне жетпес ілімдей,
«Ауызға үріп салғандай»,
қазақтың қызы үрімдей.
Келбетті, көркем бойжеткен —
бұралып өскен тал шыбық,
Қазақтың әрбір сұлуы даламның бір-бір гүліндей.

Қызы бар үйдің төріне бақыттың құсы қонады,
Береке кіріп,
шаңырақ ырыс пен құтқа толады.
Сүйетін болсаң оларды — Қыз Жібек, Еңлік, Баяндай,
Жауына егер кектенсе, Әлия мен Мәншүк болады!

Қазақтың қызы қырмызы,
күн дағы оған күліп тұр,
Жаратқан Алла оларға ырзық пен нәсіп бұрып тұр.
Аманаттары бабамның — арудың нұрлы жүзінде,
Халқымның арман, үміті қарашығында тұнып тұр.

Қызбенен бірге әр үйге әдеп пен иба таралған,
Қазақтың әрбір аруы әлемнен мынау нәр алған.
Дүниенің барлық сұлуы құрмет пен сыйға лайықты,
Қазақтың қызы аялап,
ардақтау үшін жаралған!
*******
Ауылдан қайтқанда
Қандай керім боз даланы бақылау,
Жан дүниең туған жерге жақын-ау...
Балалығым, балғын шағым, дәуренім,
Жусан, сенің иісіңде жатыр-ау!

Туған ауыл, қымбатсың деп айта алам,
Аңсап саған келгенімде жай табам.
Алтын ұям сенде қалды, Кезеңсу,
Қарлығаштай қайтып келем қайтадан.

Ойлар мені тереңіне батырар,
Көңіл құсы күніне мың қатынар.
Шилер дағы Шығыс жаққа бас иіп,
Жел де мені ауылыма шақырар.

Ауыл тұрса, туған жерден ел аумас,
Жырымды да сенде жазғам ең алғаш.
Саған деген сағынышты, ауылым,
Ешбір өлең дәл көрсетіп бере алмас!
*******
Уақыт
Өтiп жатыр өмiрiм,
жылдар жылжып барады-ай!
Алып-ұшқан көңiлiм
сонда да бiр баладай.

Жүрек дүрс-дүрс етедi,
(дүрсiлдеуден танбасын)
Жылдар салып кетедi
Жүректерге таңбасын.

Жүйрiксiңдер, жылдар-ай,
балалары уақыттың.
Сынайсыңдар кiм қалай
iздеп жүр деп бақытын.

Уақыт, талай сынарсыз,
Айттам сiзге шындықты.
Адам кейде тым әлсiз,
ал кей кезде тым мықты.

Уақыт бiздi шынжырлап,
Жетектейдi күнде алға.
Аңсамайды кiм зырлап
жетсем ғой деп жылдарға.

Дегенi оның болып тұр,
Уақыт жылдам жүредi.
Сағат тырс-тырс соғып тұр,
Ол – уақыттың жүрегi…
*******
Мағжанға
Ботақаным сүттің иісі аңқыған,
Аумай қалған тәтті бала қалпынан.
Күлімдеген нұр жүзіңді көргенде,
Әкең сенің қорғасындай балқыған.

Былдырлаған тілің сенің тәп-тәтті,
«Ана» дейсің, «аға» дейсің нап-нақты.
Саған әкең жүрегінде жасырып,
Жазылмаған миллион жыр сақтапты.

Алға қарай еңбектейсің талпынып,
Балам, сенің барлық ісің бал қылық.
Үйге қарай құстай ұшып жетемін,
Жұмысымнан қайтам саған алқынып.

Айналайын Мағжан деген есімнен,
Әке болып ғажап сәтті кешіргем.
Саған қарап оралғандай сәби шақ,
Бала кезім шығар емес есімнен.

Сен дегенде дайын менің жүз әнім,
Жүз әнді айтып шапқан аттай қызамын.
Балалықтың бал шақтары бұйырсын,
Бұл өмірдің Алла берсін ұзағын!
*******
Аңсау
Қайтем іздеп үлде менен бүлдені,
Тәтті ойларым құрма болып гүлдеді.
Мекке менен Мәдинада болған кез —
Ғұмырымның ең бақытты күндері.

Раббымды айтып арайлайды әр таңым,
Қиялыммен Қағба жаққа тартамын.
Зәмзәм аңсап қаталайды бар ағзам,
Әл-Харамда тауап етер жан-тәнім.

Рух қоршаудан кербұғыдай қарғиды,
Әзәзілдер күн-түнімді аңдиды.
Умрадағы сәттерімді сағынсам,
Сөзбен қалай жеткізе алам хал, күйді?!

Көз алдымда жаны жайсаң бауырлар,
Шөл даладан қол бұлғайтын бауым бар.
Шөлдеп барсам зәмзәм деген суым бар,
Аңсап барсам Арафаттай тауым бар.

Жалғыз Раббым көңіліме дос, пана,
Ал жүрегім иманыма баспана.
Жан-тәніммен жұмақ жақты аңсасам,
Көкейімнен кетпей қояр қос қала.

Құлшылығым — бақытымның қазығы,
Өлең шіркін — жан дүниемнің наз үні.
Мекке менен Мәдинада болған кез —
Енді қалған ғұмырымның азығы!
*******
Мадақ
Сені сүйе алмаған —
сүйе алмайды ешкімді,
Құлшылықпен өткізсем мынау фәни — «бес күнді».
Әлемдердің раббысы, Саған көңіл тым құштар,
Жадыратар жанымды азан үні естілді.

Тіршіліктің қамы деп ұзақ күнге жортамын,
Ойласамшы одан да мәңгі сапар, жол қамын.
Жаппар ием, саттарсың, рахман, рақым, әзизсің,
Мейіріміңнен дәметіп,
Қаһарыңнан қорқамын!

Көкке құштар қиялым ғарыш жаққа талпынды,
Қайтіп, қалай түзетсем мынау әлсіз қалпымды?
Бар ғаламның иесі жалғыз Өзің, бір Сенсің,
Рамазанда теңселіп жүрген ұқпас парқыңды...

Сені сезе алмаған —
сезе алмайды ештеңе,
Саған ғана тәуекел еттім міне, ес келе.
Ақыреттік жауапқа тартылғанда қайтемін,
Біз алдыңа барамыз ерте ме, әлде кеште ме?

Сенің арқаң өмірде қуанғаным, күлгенім,
Көктем келіп көңілге, сан мәрте рет бүрледім.
Сансыз мадақ Өзіңе,
иман деген дос таптым,
Саған шүкір айтуда жылдар, айлар, күндерім!

Бір Өзіңе бағынам жүрегіммен, санамен,
Дауа таптым тек Сенен,
жаным дертті, жаралы ем.
Саған тәубе етуде менің барлық жасушам,
Сансыз мадақ айтуда өз тілінде бар Әлем!
*******
Әке
Бала кезден қақпаған еш бетінен,
Қорғады әкем ызғар, желдің өтінен.
Күні-түні бір Алладан сұрарым –
әкем аман жүре тұрсын, өтінем!

Кеше тау ед, бүгін аздап шөккендей,
Жетпіс оған сынағы көп өткелдей.
Біреу келіп кірпігіне мұң іліп,
шаштарына қарды шашып өткендей.

Бүгіндері тез суланат жанары,
Кеудесі оның қыл қобыздың шанағы.
Маңдайына ойлар түрлі жол жасап,
жалғыздықты жақсы көріп барады.

Әлі әкемнің өрде тұр ғой сан тасы,
Маған қымбат қалғанынша жаңқасы.
Егер батыл, өжет болсақ өмірде,
тау тұлғалы әкелердің арқасы.

Сенім дарып әке деген қорғаннан,
Өтіп келем қалың қайғы – орманнан.
Әне, жастар келе жатыр алшаңдап,
тірек болар әкелері болғаннан.

Әкелермен асқақ болып тұрамыз,
(Аналар да таусылмайтын жыр-аңыз.)
Әкең барда жайқалады бар әлем,
олар жоқта солып қалған құла дүз.

Бала кезден қақпаған еш бетінен,
Қорғады әкем ызғар, желдің өтінен.
Күні-түні бір Алладан сұрарым-
әкем аман жүре тұрсын, өтінем!
*******
Жанайқай
Ылғи жұмыстан қайтып бара жатқанда көшенің
бір бұрышында темекі тартып тұратын қазақ қызын көремін.


Күнде өтемін жаныңнан,
Шылымнан у тарады.
Өткендей от, жалыннан,
Жаным жанып барады.

Арттырасың мұңымды,
Қазылғандай молам мың.
Қыз тұтатса шылымды,
Азғаны ма қоғамның?

Жанға салсаң сен сызат,
Шылым емес дауасы.
Алматының сенсіз-ақ
Тарылуда ауасы...

Кеттім бейне құздардың
Құрдымына құлдырап.
Түтінінен қыздардың
Болашақ тұр бұлдырап.

Қайғы қалсын тасаңда,
Қыр гүліндей жайнашы.
Қыз дегенің қашанда
Аналардың айнасы.

Айықсаңшы дертіңнен,
Бақыт күнге басташы.
Қазақ қызы, өтінем,
Темекіңді тасташы?!

Шылым деген айтар ем,
Сәні емес қой еріннің.
Басқа жолмен қайтар ем,
Ол жақтан да жеріндім...

Темекіде сары у бар,
Қарашы бір сыйқыңды.
Шылым сорған арулар
Бола алмайды сүйкімді!
*******
Досым келді
Досым келді ауылдан,
бұл – жаңалық,
менің жаным қалада жүр қамалып.
Жаймашуақ күн сынды көктем келді,
айналасын жап-жарық нұрға малып!

Шіркін дәурен!
Ауылдың тектілігі,
Балалықтың жалт етіп кетті күні.
Досым келді бал күндер белгісіндей,
ертіп алып жанына епті ініні.

Достың сөзі ақ бұлтпен теңескендей,
Сурет болып ауылым елестердей...
Ол сөйлесе жүрекке жыр қонақтап,
Алматыда ауылдың лебі ескендей.

Досым келді көңілді жадыратып,
Әкелгендей ауылдан жаныма құт.
Алыстағы ауылдан сәлем әкеп,
іздеп келер досыңның бары-бақыт.

Досым келді айтып сыр,
жаңалығын,
Ол – бөлшегі шын достық ғаламының.
Қимай-қимай досыма қол бұлғаймын,
Ұзап бара жатқандай балалығым...
*******
Қандасыма үшбу хат
Аман болсын деген қазақ даласы,
Ар ма ағайын, ел мен елдің арасы.
Паналады-ау босағасын жат жұрттың,
Бір кездегі бай-бағланның баласы.

Көктей өтіп шекараның қамалын,
Жетуді ойлап тозды ұлтан, табаның.
Елге жетсең табар едің қалайда,
Әз бейітін әже менен бабаның.

Құшағына алар келсең өр елің,
Сен оралсаң кеңейеді көлемім.
Атажұртқа асықтың-ау армандап,
Сағыныштың ерттеп мініп төбелін.

Заман тыныш, сені күтіп тұр елің,
Бұл жақта да ерттеулі тұр күреңің.
Атамекен — өз жұртыңа келуден,
Үмітіңді үзе көрме, тілерім.

Өзге жұрттан мен сендерді қызғанам,
Өз елінде бұлаңдасын қыз, балаң.
Халқымыз бар сағынысып қауышар,
Қалпымыз бар, жүрек мынау, сыздаған...

Атажұртпен табыстырып тағдырың,
Қандай ғажап тамашалау таң нұрын.
Домбырамен қосылғандай қыл қобыз,
Шырқайық бір еркіндіктің ән-жырын.

Қандасына бола алатын бек тіреу,
Қазағың бар өзге жұрттан тектілеу.
Қай қиырда жүрсе дағы қазағым,
Оттан ыстық Отаны оның тек біреу!
*******
Әкесіз күндер
Қампайып сырттай жүргенмен,
жабықтым іштей езіліп.
Балаша мәз боп күлгенмен,
қайғыны жүрмін сезініп.

Әкесіз күндер зулауда,
бұл күндер маған тамұқтай.
Көңілдің гүлі қурауда,
жүремін қалай қамықпай?

Сағыныш серік жаныма,
көңілге медеу — жырларым.
Бастағы бақты тағы да
уақыт-ау, қалай ұрладың?

Өткінші екен бақ, ырыс,
көшті ғой бастан, тұрмай көп.
Өзекті өртер сағыныш,
жазылмай қалған жырдай боп.

Фәниде Алла пендені
сынайды екен мұң артып.
Әкенің таудай мендегі
бейнесі қалды мұнартып...

Үмітсіз, ойсыз жүр едім,
Иманға енді бағындым.
Сыздайды құрғыр жүрегім,
әкешім, сені сағындым!
*******
Байынқол
Байынқол, саған келдім түу алыстан,
Жерденмін шөбі шүйгін, ұлар ұшқан.
Лайласа бәз біреулер тұнығыңды,
Жүректе айбат шегер бір арыстан.

Байынқол, сені ойласам өртенемін,
Салаңа сағынып кеп еркеледім.
Батыр боп буырқанып, тас аударған,
Өзіңдей бала кезде тентек едім.

Құстарың қай кезде де салсын әнін,
Өмірдің сындарына сан шыдадың.
Алланы зікір етіп жүргендей-ақ,
Секірген тастан-тасқа тамшыларың.

Байынқол, бұл балаңды таныдың ба,
Намысын ұлдарыңның жаныдың ба?
Кеудемде тұр бір маңғаз Хан Тәңірі,
Ағып жүр бір Байынқол тамырымда.

Жылжытар Алла талай күн, аптаны,
Балаңа тілектес бол жырақтағы.
Өзенді көрдім таза бұл фәниде,
Кәусарды көрсем , шіркін, жұмақтағы!
*******
Сен кеткелі
Сен кеткелі құлазуда көңілім,
Жүрегіңмен тоқтағандай өмірім.
Қайғы-мұңға жан дүнием жаншылды,
Ал, сырт көзге күдірейген бөрімін.

Сен кеткелі көтермедім басымды,
Енді менің кім сүртеді жасымды?
Бұл дүниеде қайдан сені табамын,
«Құлыным» деп кім сипайды шашымды?!

Сен кеткелі кеудем толды өксікке,
Теңіздерім айналғандай көлшікке.
Асыл анам кірмейінше жұмаққа,
Алла, менің көңілімді көншітпе!

Сен кеткелі өкпем қысып, тарылды,
Ажал менің әкетіпті «барымды».
Опыр-топыр, бір жеміс те қалдырмай,
Біреулер кеп тонағандай бағымды.

Сен кеткелі ой сан саққа бөлінді,
Ұлың да енді көп ойлайды өлімді.
Тағдыр мені бір бұрышқа тастады,
Сығып-сығып шығарғандай сөлімді.

Сен кеткелі жүрем босқа сабылып,
Әкем кетіп, өзің боп ең бар үміт.
Енді мені шығарып сап көзімен,
Келерімді кім күтеді сарылып?

Сен кеткелі есеңгіреп аспаным,
Теректер де көтермей тұр бастарын.
Бар кезіңде қадырыңды білдік пе,
Өмір деген осылайша,
қас-қағым...
*******
Ақтарылу
Кешірімді бола біл,
көңіліңе кір алма,
Сүйген құлға сый арнар мейірімді бір Алла.
Қараңғылық сейілді,
арайлады таң күліп,
Кеш те болса бас қойдым құдай сөзі — Құранға.

Қандай едім бұрында?
— Болғандаймын тірі «өлік»,
Құбылаға бет бұрдым басқан жерге гүл өніп.
Бүкіл жолдар бір жерде тоғысқаны секілді,
Рахаттандым бар ойым Жаратқанға тіреліп.

Сезесің бе?
Бар ғалам уысында Иенің,
Сол иенің алдында құл боп басты иемін.
Керуен-керуен көш кеткен мәңгі мекен жақтанбыз,
қонағымыз бес күндік өмір деген жүйенің.

Бұл күнде де мен кейде жоғалтамын өзімді,
Тырнап-тырнап ашамын ұйқы қысқан көзімді.
Хаққа ғашық әрбір жан
шөлде өскен құрмадай,
Тасымайды қуанса,
қиындыққа төзімді.

Көңіл — құсым шырылдап Жерұйығын іздеген,
Үйде құл боп иіліп, мырза болам түзде мен.
Адамзатқа елші боп келген нәби — шын үлгі,
Мұсылмандық — тура жол,
Жаратушы бізбенен!
*******
Бiз ақынбыз
Бiз ақынбыз, жалғанды
жалпағынан басатын.
Жақсы көрер алғанды,
барын судай шашатын.

Бiз ақынбыз, көңiлi
жауған қардай аппақ тым.
Өтетұғын өмiрi
бойында сан соқпақтың.

Бiз ақынбыз, бiр уақ
ойша әлемдi шолатын.
Баладаймыз күлiп ап,
бiрден жылай салатын.

Бiз ақынбыз, жалғызбыз,
көп iшiнде жүрсек те.
Бүгiн серi, сал — бiзбiз,
әнге айналар бiр сәтте.

Бiз ақынбыз, тағдыры,
талай аңыз болатын.
Жырларымыз таң нұры
басқа бақ боп қонатын.

Бiз ақынбыз, бiр-бiр ер,
керек болса батырмыз.
Сырмыз iште iркiлер,
айтылмаған ақылмыз.

Бiз ақынбыз, бiздерге
ешқашанда таң қалма.
Кеудесi бай күзден де,
сөзi күштi заңнан да.

Бiз ақынбыз, күлкiлi
бұл жалғанды түс дейтiн.
Ұшып көкке бiр күнi,
жерге қайтып түспейтiн!
*******
Сені ойласам
Сен ауылдың бар қызынан әдемі ең,
Сұлулықтың кіп-кішкене дәнегі ең.
Ашылмаған арал едің сен маған,
Тіршіліктің тылсым жұмбақ әлемі ең.

Тал шыбық ең, жас қадалған өскін ең,
Ысып-суып бөлекше күй кештім мен.
Ғашықтықтан бір ауыз сөз айта алмай,
Жүрегімде талай-талай өшті өлең.

Сен еркелеп айтатұғын сөздер-ай,
Үнсіз ғана жымиятын көзден ай.
Түні бойы бір өзіңді армандап,
Таң атқанда көз ілетін кездер-ай!

Жырларым бар жүрегіммен үндескен,
Шығармаймын ғашық болған күнді естен.
Естімей қап әке-шеше сөздерін,
Сенің тәтті елесіңмен тілдескем.

Көңілімнен ғайып болсаң құлармын.
Ақ жаныңның тұнығына құмармын.
Сені өмірде тек мен ғана осылай
Есім кетіп сағынатын шығармын.

Бала кез-ай!
Тұмар қылар сезімді,
Сені ойласам ет жүрегім езілді.
Бұл күндері іздеп жүрмін аңсаумен,
Сол кездегі саған ғашық өзімді!
*******
Майталман
Оралхан Бөкейге
Сенің сөзің көркем сурет,жарасым,
Қатарыңнан оқтай озық,дарасың.
Асыл сөзің аралап жүр Қыдыр боп,
Алтай менен Атыраудың арасын.

Сен тілімнің ең бір биік шыңысың,
Ал мұраң ше?
— Баға жетпес ырысым.
Өлмегенсің,рухыңменен тірісің,
Көркем сөздің сәулесісің,
нұрысың.

Қыран болып қалықтайсың көгімнен,
Жанарыңнан тазалығың көрінген.
Қаламыңнан жұпар иіс аңқыған,
Ал жүзіңнен иман нұры төгілген.

Сен,Ор-аға!
Қазағымның сертісің,
Сөз—әлемнің шахарысың,кентісің.
Сені оқысам көңіліме көктем кеп,
Бұқтырмамен толыққандай Ертісім.

Сені оқысам «Мұзтаудағы» Ақтаның,
Жеңер,бәлкім Алтай жақтың ақпанын.
«Қар қызы» мен «Мынау аппақ дүние»,
«Құм мінезі» мамығындай мақтаның.

Ор-ағамыз!
Сені өлді деп айта алман,
Мұраң гүлдей жадыраған,жайқалған.
Жаның көктем,
көңілің жаз,
тұлғаң тау,
Сөзің жібек,
Ел үшін сен майталман!
*******
Мен көктемді сағындым
Мен көктемді сағындым,
көктем мені,
Жаным жылу аңсайды көптен бері.
Әр күндерім тағдырдың тартуындай,
әрбір мезгіл— өмірдің өткелдері.

Жол күткендей көңілім жүр елеңдеп,
Шуағымен көктемнің гүл егем көп.
Көктем маған келеді бүршік атып,
көктем маған көшеді бір өлең боп.

Өтіп жатыр ай жылжып, күн жаңарып,
Сағынышым мұңменен жүр жамалып.
Әрбір күннен көктемді іздеп жүрмін,
әр көктемнен күтемін бір жаңалық.

Сәнді екенін өмірдің сан ұқтырған,
Мен көктемді сағындым сауық құрған.
Күтудемін көктемді,
ал көктем ше?
Үйден шықпас арудай зарықтырған.

Қиялыммен басамын айға да адым,
Ғұмырымның әр сәтін аймаладым.
Көктем маған өлең боп көшкен кезде,
Бәлкім мен де көктемге айналамын!

Саят Қамшыгер, ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста