Роза Сейілхан: Мен өлеңмін, өлеңде кінә бар ма...
* * *
Армандарымды қайтемін,
Адасып жүрген ақ таңда.
Сезімдерімді не істеймін,
Түсіп бір қалған қақпанға.
Мінезімді де білемін,
Шыдаған талай батпанға,
Адамдар ұқпас жанымды,
Ақтарсам ба екен, ақ қарға.
Жалғыз ойыммен өбісіп,
Жабырқап жүрген шақтарда.
Ақыл мен мұңды бөлісіп,
Кетер ем алыс жақтарға.
Қысы да келер, күз өтіп,
Жапырақ сынды өмірім.
Жаратқан соң-ақ қыз етіп,
Күндердің енді көбі мұң.
Мастанған емен, мақтанға
Жаным бір жайын тапқан ба?!
Өзім де біліп болмаймын,
Басыма қонған бақ бар ма?!
Не болар, ол бақ қонғанмен,
Шыр-пыры шыққан тірлікте,
Үтірі көптеу болғанмен,
Өмірдің өзі бір нүкте.
* * *
Жарық әлем, мен саған шын құмармын,
Сүрінермін, құлап ап, бір тұрармын.
Жапырақтай сарғайып күз келгенде,
Көктем келе қайтадан құлпырармын.
Мен өлеңмін, өлеңде кінә бар ма,
Жарық күннің жетелер шуағы алға.
Түсініксіз бір жайтты жиі өткерем,
Көз көрмейтін кеткім кеп бір аралға.
Тамшыларын үйірді жанарға мұң,
Өзімді іздеп өзімнен таба алмадым.
Бақытымды бағамдай алмасам кеш,
Үмітімді жалғай гөр, ақ арманым.
Мен әйелмін, мұңаяр жабыққанда,
Қанатым жоқ қайтейін қалықтарға.
Мен ақынмын, шарасыз ақын жанын,
Не жетеді, шіркін-ай, жары ұққанға...
* * *
Жалықтырды,
ұқсас күндер сырғыған,
Қай жерде екен,
қиялдағы мекенім.
Өзімді өзім
ұқпай жүріп, кімді ұғам?..
Кермек татып
бара жатса шекерім.
Енді өзімнен
сұраймын ба кешірім,
Көтермейді
бұдан артық жүрек шын.
Шынымды емес,
сырымды айтсам несі мін.
Жалғыз жаным,
тек сол ғана тілекшім.
Түсіндіріп
жатуға да болар-ау,
Бірақ оны
тыңдар ма екен бір адам.
Сол баяғы
іште жанған бір алау,
Сол алауды
сөндіре алмай жылағам.
Жылап тұрып
күле де алам, сұмдық-ай,
Кімге айналып,
қайда барып жай табам.
Пендемін ғой,
жар болса екен бір Құдай,
Әлде тіпті
жаратса ғой, қайтадан.
Бәлкім сонда
ем табармын дертіме,
Қайталамай
қателескен күндерді.
Берік болам
сөзіме де, сертіме,
Жылауды емес,
ұнатармын күлгенді.
ЖҰБАНУ
Өзімді жүрмін
мұңға шын батырып,
Таңымды үмітпенен
күнде атырып.
Мүсіндеп қиялымда
жасап алған,
Бақытым келмей қойды-ау,
ырғатылып.
Білмеймін нені күтем,
нелерді аңсап,
Жанымда жылап жатыр
өлең-моншақ.
Бәрі де қалады ғой
дүниенің,
Таусылып талқанымыз
өлер болсақ.
Сезімім сергелдеңге
салады енді,
Әлегін мына көктем
ала келді.
Тұңғиық көк аспаннан
маңғазданып,
Менің де бір жұлдызым
жанады енді.
Жанады, жанбайды деп
айтам қалай,
Нұр шашып, көкжиектен
байқалды арай.
Өзіне ынтық етіп
онан сайын,
Өзгеше тал-қайыңның
жайқалғаны-ай.
Апыр-ай, мына күннің
құмартқаны-ай,
Сылдырап, ән айтады
бұлақ қалай?!
Жабыққан жанарымды
самал өбіп,
Жылаған жүрегімді
жұбатқаны-ай.
Бұл күн де өтер ме екен
тұрақтамай...
* * *
Дәлелдемек боламын кімге нені,
Күн артынан ілесіп күн келеді.
Мен әйтеуір елегзіп күтудемін,
Шын бақытқа ұқсайтын бірдеңені.
Бірдеңені иә, рас, бірдеңені,
Көргім келген... жоқ оның бір дерегі.
Ол жайлы айту ыңғайсыз болар білем,
Құрғыр жүрек өйткені сыр береді.
Өмір жүйткіп барады қалай ғана,
Қарауға да құлқым жоқ шарайнаға.
Онсыз-дағы жүргенде басым қатып,
Қинағанды қойыңыз, жарай ма, аға!
* * *
Сезім іздедім, төзім іздедім,
Таппадым одан тұрақ түк.
Есіме алсам, ең ізгілерін,
Жанардан кетті құлап шық.
Өзімнен өзім жерініп тегі,
Жетімнің күйін кешкемін.
Тап бұлай жаным езіліп пе еді,
Мен, Тағдыр, саған не істедім?!.
Күлемін, рас, жылап тұрып-ақ,
Соғады жүрек дүрсілі.
Қайрылмай кеткен ұнаттырып ап,
Көңілдің солды бүршігі.
Сынаптай сырғып барады күндер,
Бұ дүние кімнен қалмаған.
Кетеді кімдер, қалады кімдер,
Өкінбей өткен бар ма адам?
ЖАНЫ АУЫРМАС
Жаны ауырмас біреудің біреу үшін,
Жанашырдың аздығын біледі ішім.
Жақсыларды жаныма жақын тартам,
Жақсы көре алатын жүрегі үшін.
Шын мейірімге шөлдегем, зарыға тым,
Жарық күннен мен емес жалығатын.
Сыймай кетіп өзіме
кездерім көп,
Мұңдарымды моншақ қып тағынатын.
Тазарғым кеп мен солай жылап алам.
Жылатады шындықсыз мына ғалам.
Бір-біріне кінә артып жүрген жоқ па,
Туғандар да бір әке, бір анадан.
Пенделер көп өмірде соры қалың,
Неге мұнша жүдеймін, қорынамын.
Күннің нұры жарқырап шыға келсе,
Жер де жібір қыстан соң тоңы қалың.
* * *
Күз екен,
күркіреп келген,
Дүрілдеп, дүркіреп келген
Жаңбыр боп
сіркіреп көргем.
Терезе жылады қайта,
Күн көзі сүртіп өткенмен.
Мұң есіп тұрады бақтан,
Таң бе екен, құлазып атқан,
Күз, сені жақсы көремін,
Сені де ұнатам қатты,
Ей, өзен, бұралып аққан.
Аямай жапырақтарын,
Таптайды, таптайды тағы,
Шуылдақ көшелер анау,
Қаланың жақпай тұр әні.
Келгенше келесі көктем,
Күз сырды сақтай тұрады...
АЛМАТЫ ДЕГЕН МӘРТ ҚАЛА
Өтіп жатыр, өтуде
есіл күндер,
Сыйлап кетер бір сезім
тосын күндер.
Алматы деп аталған
мәрт қалаға,
Тікпей жатыр бұл күнде
қосын кімдер.
Қара көздің ішінде
нала қалып,
Ауыр ойдан болды ғой,
сана ғаріп.
Табанынан таусылып
ұл-қызың жүр,
Дала барып,
біресе қала барып.
Тіксін, қосын,
тікпе деп кім айтады,
Наз айтам деп бұл қазақ
сыр айтады.
Тұрағы жоқ дүние-ай,
қарайламай,
Абайламай өткенің
мұңайтады.
Медет етсем, бозарған
таңды ғана.
Құмартады көз тартқан
сәнді қала.
Алатаумен таласқан
ақ шатырлар,
Үйі жоққа болдың ғой
жанды жара.
Жақсыны кім жаратпас,
үйір бәрі,
Тағдыр неге бұлайша
шиырлады.
Өмір өтіп кетпесе,
болғаны енді
деп жүргенде,
болар деп бұйырғаны.
Жасыл бақтың сүйкімді
тиындары,
Жалқау болып алғандай
биылдары.
Теріп жеуден ерініп
жаңғақтарын,
Ұйықтап жатқан секілді
үйінде әлі.
Әлде, олар да жалығып,
мына өмірден,
Жатыр ма екен,
болар деп бұйырғаны.
КЕЛГЕН СОҢ КӨКТЕМ
Келген соң көктем
Мұз-қарды ерітпей ме екен,
Қаһарлы қысқа
Ол әлде еліктей ме екен,
Астаң да кестең,
Бір ғажап сезімге бөлеп,
Жүрегі нәзік жандарды
Елітпей ме екен.
Қырмызы гүлді қырдағы
Термегем бе екем,
Көктемді күткен кісілер
Кемде кем бе екен?
Ызғары қарған аяздың
Жазығы бар ма,
Суыққа тоңған жүрегім,
Емделер ме екен.
Аңсаған көңіл,
Аптығың басылар ма екен,
Кешіккен бақыт,
Мен жаққа асығар ма екен.
Табиғат ана жылады
Күн шығып еді,
Менің де онда
Көзімнің жасы бар ма екен.
АЛМАТЫ ТҮНІ
Алматы түні, жан-жақтан зуылдап көлік,
Қағардай замат, тоқтайды зырылдап келіп.
Қонақжай анам жататын дуылдап келіп,
Отырған шығар, мейманға қуырдақ беріп.
Қызығам сондай, ауылды сағынам қатты,
Қаланың қатал тірлігі жаныма батты.
Туған жерде өскен гүлдің де иісі бөлек,
Арайлап атар ауылдың таңы ғажап-ты.
Қатыгез болып алдық қой, қалаға келіп,
Қасиет деген бойдағы бара ма кеміп,
Өзім де ұғып болмайтын өмірдің жайын,
Үйреткен болам, өзімше балама келіп.
* * *
Ештеңені сезбейді ғой деп пе еңдер,
Еш нәрсені білмейді ғой деп пе еңдер.
Менің жаным көлгірсуді сүймеген,
Оған куә, тау менен тас, көк пен жер.
Бәрін көрдім, жасаурады жанарым,
Кеуде қаққан кейпін көрдім ағаның.
Бұл өмірден алары көп білемін,
Уызында жарымаған баланың.
Жылап тұрды, қан жылады жүрегім,
Сонда да үміт үзе алмады күдерін.
«Мен басқамын, ұқсамаймын оларға», –
деймін де іштей, өзіме-өзім күлемін.
Жалынуға дәрменім жоқ, жат маған,
Көтермеңдер, қар боп жерде тапталам.
Менің мұңым өзім үшін тәтті мұң,
Менің жырым, түтей соққан ақ боран.
ӘН САЛЫП ЖАТЫР ҚАР ӘППАҚ
Шыңылтыр аяз, мүлгиді қала,
Ән салып жатыр қар әппақ.
Қайыңдар билеп бір биді ғана,
Бозарып атты таң әппақ.
Келмесін біліп жылауға шамам,
Жазғырдым сені жарық күн.
Ақынның жанын ұға алмас адам,
Ол үшін неге қамықтым.
Тәнімді қойшы, қалтырап жаным,
Санама салды салмағын,
Жігер мен күштің сарқып ап бәрін.
Өзімді күң ғып жалдадым.
Шарапаты жоқ заманға налып,
Ай туса тұрам күбірлеп.
Шындықтың бетін қаламға қарып,
Қызымды сүйем, гүлім деп.
Ұлыма жаным-күнім деп.
Соларға қарап шүкірлік етем,
Басқа бақ қандай болады.
Өзгенің бәрі күпірлік екен,
Өмірдің соны ұқ, қонағы.
ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫМЫН
Қазақтың қызымын,
Бойында қызу қаны бар.
Қазақ деп соққан жаны бар.
Жанатын түбі бағы бар.
Ажарын билер ақылы
Бетінде ұяты, ары бар.
Қазақтың қызымын
танып ал.
Қазақтың қызымын,
Сезімін төзімге жаныған.
Ашқарақ пейілден арыған.
Шаршаған заманның
Өзімшіл заңынан.
Қазақтың қызымын,
Ұлдары тілдеген.
Құлдары күндеген.
Шырағын сөндірмей сонда да,
Өшірмей үмітін үрлеген.
Қазақтың қызымын,
Ананың мейірімін,
Ағаның пейілін аңсаған,
Ізгілік күтетін баршадан.
Қазақтың қызымын,
Жігіттің төресін,
Ойының өресін іздеген.
Көңілін марқайтқан
Ізгі өлең
Үлкенге иіліп, Сіз деген.
Қазақтың қызымын,
Көзіне жас тұнған,
Жарасы асқынған.
Нәзіктеу болғанмен,
Қазақтың қызымын,
Темірдей тас тұлғам.
ТУҒАН ЖЕР
Туған жер,
Жүрегімнің тамырысың,
Бір сәтке
Сарқылмайтын бар ырысың.
Куәсі балалығым, жастығымның,
Өзіңсіз басылмайды сағынышым.
Көкшетау,
Анау жатқан Көктөбем ғой,
Нәр алып
Мен өзіңнен көктеп ем ғой.
Сапырған сары қымыз
Көк жайлауым,
Сен маған мәңгі бақи
Көктем ең ғой.
Сен маған
Қашан-дағы жұмақ ең ғой,
Мен саған,
Сен де маған құмар ең ғой.
Самалы сипағанда самайымды,
Сүйсініп жұпарыңа тұрар ем ғой.
Бұлақтан су тасыған
Бұла күнім,
Сылдырап құлағымда
Тұрады үнің.
Түсімде көргенімді
Апама айтқам,
Жамбылдай атамызды,
Жыр алыбын.
Мен бүгін
Бір отаудың шырағымын,
Шегі жоқ, шеті де жоқ
Шыдамының.
Жаныма жыр сыйлаған
Туған елім,
Алдыңда мен сендердің
Кінәлімін.
Алдыңда
Мен сендердің айыптымын,
Жазаға
Қандай болсын лайықтымын.
Биікті аңсағанмен
Биікте өсіп,
Ұшпадым қанатымды
Жайып бүгін.
Сұлу ғой,
Біздің ауыл әдемі ғой,
Күй еді, айтылмаған
Ән еді ғой.
Алапат, астаң-кестең
Күй кештірген,
Ақындар,
Батырлардың әлемі ғой.
ӨЗІМДІ ЖЕК КӨРГЕНДЕ...
Өзімді-өзім жек көрген кездерім көп,
Осыншалық апыр-ау, арсыз ба едім.
Селт етпедім, түкті де сезгенім жоқ,
Жоғалтып ап, ұятымды қанша іздедім.
Кешір дедім, оп-оңай айта салғам,
Жылап тұрды жүрегім шын жылады.
Шыға келер шындығым қай тасадан,
Бір өкініш ішімде шыңғырады.
Жастығыма сіңірдім бұлақ жасты,
Менің жайым тек соған, соған мәлім.
Қателескен кездерде шыдам қашты,
Бәрін көріп мұңайды жанарларым.
Сөз естідім, тым ауыр, зілдей екен,
Жеңілденбек мұндайда жазам қалай.
Сонда қалай шаттанбай, күлмей өтем,
Барыңдаршы, бәрің де мазамды алмай?!
ӨЛЕҢ
Теңіз өлең, толқышы тағы да бір,
Көктем өлең, ексеңші жаныма гүл.
Жаңбыр өлең, селдетіп жауа берші,
Өмір өлең, мұңыма, зарыма үңіл.
Тұнық өлең, ойыма, санама кір,
Тентек өлең, түссеңші, сабаңа бір.
Тағдырлы өлең, еңсеңді көтер, енді,
Мұндай күйге түскенің маған ауыр.
Өлең, өлең, не дейін саған өлең,
Хақым бар ма жазуға жаман өлең.
Тек Алланың алдында кінәм болса,
Пешенеме жазғанын бара көрем.
Бақытты өлең, нұрлы өлең, шуақты өлең,
Кете көрме, тек қана жырақ менен.
Ешкім қалмай жанымда жабырқасам,
Басымнан кеп сипады, жұбатты өлең.
БАЛАПАНДАРЫМ
Балапандарым,
Жанымның жарығысыңдар.
Жүрегімсіңдер,
Менің бар тамырымсыңдар.
Шөлімді басар сусыным,
Жабыққан шақта,
Жігерімсіңдер,
Өздерің сабырымсыңдар.
Балапандарым,
Күн нұрым – шуағымсыңдар,
Сендерде ғана,
Шаттығым, қуанышым бар.
Ұмыттыратын өмірдің
Сәтсіз тұстарын,
Төзімімсіңдер,
Күндерім, шыдамымсыңдар.
Балапандарым,
Дем берер, оттегімсіңдер,
Бүр ашқан жаңа
Гүл бағым, көктемімсіңдер,
Шаттығымсыңдар,
Жаныма жылу сыйлаған,
Ана болуды үйреткен
Мектебімсіңдер.
ӘЖЕ
Әже, мен бүгін айналғам анаға,
Көре алмай кеттіңіз өкінем.
Қаншама уақыт өтсе де арада
Қазір мен мықтымын, бекігем.
Сіз жайлы ойланам, отырып түндерде,
Кешірші, жұмысым басымнан асады
Пенде емес, біз, әже, екенбіз құр кеуде,
Өзіме қарным ашады.
Жылаудан шаршағам,
Барлығы ауырады жанымның.
Рас айтам, кезім көп аңсаған,
Сені әже, өлердей сағындым.
Балалық шағым да есімде мәңгілік,
Ұмыту мүмкін бе, бал күнді.
Дауысың жадымда қалыпты жаңғырып,
Өкініш ішімді жандырды.
Білте шам, екеуміз жағатын кештерде,
Қоқысқа кетті ме таппадым.
Тау жақтан өңмеңдеп бір ызғар ескенде,
Байқадым сол кештің құлазып батқанын.
* * *
Нұр тілеп көлеңкедей күн аңсаған,
Көктемдей көңілім бар гүл аңсаған.
Мен сені ұмыта алмай қойдым десем,
Біртүрлі естілетін шығар саған.
Біртүрлі естілер-ау, біледі кім,
Жыласам мазақ етіп күледі кім.
Санама кеп түнейді сені ойласам,
Қияли қонақтары түн елінің.
Сен жайлы өлең жазам тұрып түнде,
Дейтіндей сенің кейпің «ұмыт мүлде».
Жазған-ау, шын ұнатып көрмедім ғой,
Боларын дәл осылай біліппін бе.
Жаз ба еді, есімде жоқ, көктем бе еді,
Астасып бір-бірімен көк пен жері.
Күз өтіп, қыс та кетті бір алапат,
Көп болды бір сезімді өткергелі.
Әйелмін, азабына көнген күліп,
Қол берем, соңыма ылғи ергенде үміт.
Ақылдан айырмасын деп тілеймін,
Ілесіп бұл көктеммен келген бүлік.
Жаныма талғажау ғып өлеңімді,
Дал болғам, білмей сенбес, сенерімді.
Сен кеткен жаққа қарай мен де ұзадым,
Көктеммен бірге жайып желегімді.
Өлара, «құсқанаты» жапты жерді,
Жаныма әппақ қардан таптым емді.
Өбектеп менің әппақ сезімімдей,
Ай нұры сүйіп жатты ақ кілемді.
СӘЛЕМДЕСТІМ...
Сәлемдестім бау-бақшамен,
Көк желегін жайып тұрған.
Осы көктем емес пе еді,
Мені мұңнан айықтырған.
Тамашалап қыз – көктемді,
Еске түсті бала күнім,
Ақ парақты қайық қылған.
Санамдағы сағыныштан,
Ертегі өмір жасап алғам.
Сыртым бүтін, жаным іштен,
Бір тұйыққа тасаланғам.
Арманыма арыз айттым,
Нұрын іздеп жанарымның.
Аузыңа су тамызбайтын,
Өзі ме бұл азабымның, –
Деп ойлағам, бірақ көктем,
Ұмыттырды мұңның барын.
Көп көктеммен жырақ кеткен,
Есіме алып тұрдым бәрін.
* * *
Нала мұңым,
Аңсап жүр дала гүлін,
Ақ арыма дақ түсті,
Аттамай-ақ ешкімнің ала жібін.
Сенделемін,
Бар күнәм жерде менің.
Ұғуға да келмейтін
Түсінуге,
«Ақын» деген кінәмшіл
Пендең едім.
Өлгенім де белгісіз
Өлмегенім.
Арман әнім,
Кештім талай
Тағдырдың қар боранын.
Алдағанын, біреудің
Арбағанын
Айтпай-ақ аңғарамын.
Түсінгенім –
Таусылмайтын сияқты
Күшім, демім.
Өңімде ылғи болып жүр –
Түсімдегім.
Атап жүрген «бақыт» деп
Жақсылықты
Тек қиялда суреттеп,
Мүсіндедім.
АҚТАРЫЛУ
Шаршағам, жабырқағам,
өмірдің заңын ұғып,
Таңдар да әлі атпаған
сыйлайды жаныма үміт.
Бүгінгі күннен безіп,
Ертеңге емексимін,
Тұрса да, санам, ойым
Жүрегім, жаным ұлып.
Білмеймін нені күтем,
Нелерді аңсап тағы,
Бір елес бұлдырайды,
Мұң сыйлап алшақтағы.
Тәнім де қалтыраған,
Күздегі жапырақтай,
Жанарда боталайды,
Жанымның моншақтары.
Басым бір ауған жаққа
Бел буып күнде-күнде.
Сорыммен содан кейін,
Жатамын түнде бірге.
Қырдағы қызғалдақ ем,
Ұқсамай кеткем рас,
Өзіме мүлде-мүлде.
Осылай болатынын
Әу, баста білмедім бе.
Шаттықты сүйген көңіл,
Сен солай кірледің бе?!
Қажеті жоқ-ау, осы
Үлдемен-бүлденің де.
Шаттық боп жолыққан ол,
Мұң болып жүргенімде.
Дертімді асқындырды,
Сезімнен кеткен ағат.
Қайтейін өмір сүрем,
Біреуге өкпелеп ап.
Жұлдызды түннен үміт,
Күтемін сарыла шын,
Тағы да көкке қарап.
Жүр ме әлде, мені адамдар,
Ақынға текке балап.
Жауап жоқ сауалыма,
Ішімде арпалысым.
Алдыға талпынғанмен,
Кейінге тартады ісім.
Кім енді не десе де,
Өлеңім, өмірімсің,
Дем берер арқауымсың.
ОРАЛХАН БӨКЕЙ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Мазаны ала берді күдік келіп,
Дос анау бірін-бірі жығып беріп.
Алдымнан бір тосқауыл шығады, аға,
Жүргенде жақсылықтан үміттеніп.
Өлген соң айтыла ма, шынның бәрі,
Тірліктің тербеп жатыр мұңды ырғағы.
Сіз, аға, бақилықсыз, жаны нұрдан,
Мен болсам бір мұңлықпын құрдымдағы.
Есіме түседі ылғи құлын күнім,
Мендегі өрт сезімге жылынды мұң.
Сіз жазған кейіпкерге ұқсап қалам,
Әттең-ай, ұғар бірақ сырымды кім.
Ұзақ түн, келмейді аға, ұйқым менің,
Жазғаның жанға жақын сиқыр ма едің.
Қатыгез дүниенің көру азап,
Шырқырап, тозақ отта үйтілгенін.
Өр Алтай сыйлаған ғой Сізге бәрін,
Өзіңді тауып алған іздеп ағын.
Ағылып, төгілесіз нөсер болып,
Жемістей беретұғын күзде нәрін.
Арманның арғымағын таң асырдым,
«Тағандай» күйін кештім шарасыздың.
Өзімді-өзім таппай жарық күннен,
Тамшымен жуып көзді аласұрдым.
Шығыстың балқарағай, шыршалары,
Өзіңсіз енді кімге мұң шағады.
Алтайды мекен еткен кер бұғыдай,
Сананы қайта-қайта жыр соғады.
ҚЫРЫҚТАМЫН
Сұрасаң қыздың жасын қырықтамын,
Білемін, Құдай сүймес қылықтамын.
Құраумен келем әлі быт-шыт болып,
Шашылған сезімімнің сынықтарын.
Сұрасаң сұрай берші, қырықтамын.
Бұл күні бәріне де шыныққамын.
Өлеңсіз өмір сүру мүмкін емес,
Өлеңсіз тұл жетіммін бір ұққаным.
Қинаған жанымды мұң қырықтамын,
Мөлдіреп тұрмас енді тұнықтарым.
Тірліктің көргім келмей былықтарын,
Өзімді өзім ғана жылытқамын.
Осылай өтіп жатыр өмір деген,
Жармасып көз жасыма төгілді өлең.
Тірліктің әділетсіз сиқын көріп,
Бәрінен қалады екен көңіл деген.
Жас болсам елемес ем ештеңені,
Пендеге ақыл сірә, кеш келеді.
Күні өтіп бара жатса, ғұмыры өтіп,
Оны айтшы, қай ақымақ хош көреді.
Жоқ шығар тағдырыңа айла, амалың,
Бар дейсің алынбаған қай қамалым.
Құбылған дүниеге көз салғанда,
Ұлым мен қызым жайлы ойланамын.
ӨСКЕМЕНГЕ
Табиғат берген қала сыйын үйіп,
Ойлантпай қоймайды екен шыңы биік.
Қазақтың жүрегі мен пейіліндей,
Бұралып бал қарағай тұр иіліп.
Таңырқап бұл ғажапқа қарар аспан,
Таулары ақша бұлтпен жағаласқан.
Көліне кәусар бұлақ араласқан.
Жел анау есеңгіреп, есі кетіп,
Жұпарын сай-салаға ала қашқан.
Ертістің өзімсініп жағалауын,
Үмітпен балықшылар салады ауын.
Толқындар дауылдан соң саябырсыр,
Шешкендей өзара бір жаңа дауын.
Бұл мекен міне, осындай жәннат мекен,
Таусылып біткендей ғой, тағат көкем,
Тұндырып сұлулыққа тұла бойын,
Жаныңды қандай нұрдан жаратты екен.
ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕККЕ
Есаға, есіл ағам-ау,
Бәрін де есіме алам-ау.
Алдыңда болса айыбым,
Кешірші, кешір ағам-ау.
Баладай жаныңды көргем,
Шарасыз хәліңді көргем.
Ақын ең, амал бар ма енді.
Өлеңге барыңды берген.
Мұңайған шағыңды көргем,
Жүзіңнен сабырды көргем.
Сіз жоқсыз, Ұзынағашта,
Сол ойдан тарылды кеудем.
Асығып Алматы жақтан
Ақындар іздеп баратын.
Біз жақты көрсек деп емес,
Өлең деп, Сіз деп баратын.
Шаттанып қалатын едің,
Күлімдеп көгілдір көзің.
Лапылдап жанатын едің,
Шын сүйіп өмірдің де өзін.
Қалтарыс-бұлтарыстарын,
Тағдырдың қалдырып ұмыт,
Ап-адал жүрегіңде аға,
Тұратын жаңғырып үміт.
Жығылсаң, тұратын ең ғой,
Жасанып шығатын ең ғой.
Өмірді тап басып, жырлап,
Талайды жылатып ең ғой.
Асығып кеткенің қалай,
Енді-енді бүр атып ең ғой.
Сабырға жеңдіріп бәрін,
Ішіңнен тынатын ең ғой.
Төгілді жанардан бұлақ,
Кетпейсің санамнан жырақ.
Алдыңнан қарсы алсын аға,
Шындықтан жаралған жұмақ.
Жүрегің ауырмайды енді,
Ешкімді сағынбайды енді.
Бұл жақта өлеңің лаулап,
Баурайды, жалындайды енді.
Тұлпардай бәйгеге қосқан,
Шапқанда бағынбайды енді.
Туғанмен тағы бір ақын,
Дәл сіздей табылмайды енді.
Есаға, есіл ағам-ау,
Өткенді есіме алам-ау,
Алдыңда айыбым болса,
Кеш енді, кешір ағам-ау.
«Ақ бұлттар» кітабынан