Құл-Керім ЕЛЕМЕС: Жын ба, жын да тұрақсыздау мақұлық, Адам – халиф, бірақ көбі надан-ды...

Құл-Керім ЕЛЕМЕС: Жын ба, жын да тұрақсыздау мақұлық, Адам – халиф, бірақ көбі надан-ды...

СҮЮ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Адам һәм Адам баласы,
Аллаһты сүйсе жарапты.
Жын менен Адам баласын,
Сүюге Ол Өзін жаратты!


Аллаһты сүйгем, нұр өпкем,
Әр сәтім жарап мың күнге.
Аллаһты сүйген жүрекпен,
Адамды сүймеу мүмкін бе?


Адамды сүйгем жүрекпен,
Әр сәтім татып мың күнге.
Адамды сүйген жүрекпен,
Қазақты сүймеу мүмкін бе?


Қазақты сүйгем жүрекпен,
Әр сәтім татып мың күнге.
Қазақты жүйген жүрекпен,
Қалқаны сүймеу мүмкін бе?
Жоқ!


СЕН
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим!


«Ия, Аллаһ!» десем, жарқылдап
Жүрегім нұрға толады.
Аллаһты құлдың артында,
Бір іздеушісі болады!


«Аллаһ!» деп өткен Абай да,
«Аллаһ!» деп өткен Шәкәрім.
Солардың тұнған арайға,
Жүземін аппақ шәһәрін...


Жүземін аппақ шәһәрда,
Иманнан, нұрдан қашалған.
Солардай нұрын шашарда,
Нәпсіден аулақ қаша алған!


«Ия, Аллаһ!» десем, арайлап
Жүрегім нұрға толады.
Аллаһты құлдың қалайда,
Бір іздеушісі болады!..
Сен!


МАХАББАТ ПА?
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


«Хаққым болсын Саған, – дейтін, – жан құрбан!»
Құдай берді құштарлық ол жанды ұрған.
Хақ лебінің бір мысқалы ол, мүмкін,
Соқыр, мылқау, кереңді де жандырған!


Дүниенің тартылысы ол – махаббат.
Жасындардың жарқылысы ол – махаббат.
Рух пен тәннің әр тынысы ол – махаббат,
Сезімдердің шарпылысы ол – махаббат!..


Ал, онда –


Хақ пен өзін ұламаған махаббат,
Хақты айтқанда жыламаған махаббат,
Хақтың аты аты құрлы арудың,
Жан-діліне ұнамаған махаббат,
Махаббат па?


Хақты көрмей, қызды көрген махаббат,
Нақты көрмей, ізді көрген махаббат,
Хаққа құлдық ісін жаннан өшіріп,
Нәпсілерге үздіге ерген махаббат,
Махаббат па?


Хақ сырына қанықпаған махаббат,
Хақты құлға танытпаған махаббат,
Сонша ма ыстық сүйіспендік күшімен,
Хақты бір де қана ұқпаған махаббат,
Махаббат па?


Жүректерді аралаған махаббат,
Жүрген жерін жаралаған махаббат,
Өзі берген құштарлықпен Аллаһты,
Бір сүюге жарамаған махаббат,
Махаббат па?
Жоқ!!!


РУХ ПЕН ЖАН
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Рухты «жан» деп,
Жан жайлы кеппіз жақ ашпай.
Рухсыз, жансыз, ақылсыз өскен ағаштай.
Тілейік Хақтан жан (нәпсіге) еріп адасып,
Істеген талай ісіміз үшін оғаш қай...


Кіргенді «жан» деп,
Шыққанды кеппіз «рух» деп,
Жоқ олай емес, кірген де шыққан рух тек!
Жан ба, жан – нәпсі ұшатын алып әр неге,
Қоздыратын да, тоздыратын да «бұрық» деп.


Жансыз болса ағаш «нәпсісіз екен» деп түсін,
Әне сол жаннан көретіні адам бек қысым.
Жан адамдағы ақылды алса басқарып,
Екі әлемде адам өтеді сор мен от құшып.


Рух ол – адам тән қабында алған отырып,
Жан ол – тән бірде ақылды, ал бірде есірік.
Тән қабын тастап кететін де рух, һәм тағы,
Әл-Мисақта әлгі серт берген Хаққа да осы рух!..


Сондықтан жан мен рухты біліп даралап,
Жанға еріп рухты алмайық кірлеп, қаралап.
Рухқа бәрін басқартып иман (сеніммен),
Өтейік «Хақ» деп дүние бағын аралап.


ҚАП-АЙ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Екі ұшы күндіздің қараңғы,
Екі ұшы өмірдің жап-жарық.
Күндізі жұтқандай қараңды,
Өмірдің ортасында отырмын дағдарып.


Пендемін, не дауа, ғарыппын,
Жарыққа назарын салмаған.
Басы мен аяғы жарықтың,
Ортасын жарықтай алмаған!


Өмірімнің ортасын қарайтып,
Шетіне жете алмай – жарыққа,
Екі бір дүниемді тарайтып,
Анығында айналдым ғарыпқа...
Қап-ай!..


ҚАЙШЫ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Аузы ашылып көрімнің,
Өткенімді жерлеп тұр...
Құл-Керім мен Керімнің,
Арасында жер, көк тұр...


Аузын ашып көрімнің,
Жап-жарық нұр өтті есіп.
Құл-Керім мен Керімнің,
Жатқаны бұл беттесіп.


Тұтасымды тұмшаған,
Қараңғымнан арылып,
Жарығыма ұмсанам,
Екіге хақ жарылып...


Алдыңгүнім қап-қара,
Ал, бүгінім жап-жарық.
Қараңғымды қап-қара,
Шығып келем қақ жарып!..
Әлхамдулилләһ!


СЕСКЕНУ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


«Жерде жүргенде дандайсып асқақтама.
Өйткені, сен Жерді әсте жара алмайсың.
Бой жағынан да таулармен иық тірестіре алмайсың»
(Құран. 17с – 37а)


Өзіңнен үмітімді ұштағам мен,
Рухым нұр, тәнім сенсің ұшпағанмен.
Дәретсіз бір баспауға қақылы едім,
Жер,
Сені басқаным-ай күс табанмен!


Жер,
Сені басқаным-ай аяғыммен.
Астамсып шұқып аса таяғыммен.
Бірақ, сен мызғымастан, «мыңқ» деместен,
Жатырсың сабаз қалпы баяғыңмен...


Жер-ау, Жер,
Сен недеген төзімдісің?
Сыйлаған Аллаһ қандай төзім күшін?
Мүмкін, сен бір алмастан жатырсың ба-ау,
Жаратқан сенен бізден көзіңді шын?!


Біз – құлға менменсіген елес үндеп,
Айтып та жатырсың ба-ау «өлесің» деп?
«Паң, пақыр көкке қарап кердеңси бер,
Түбі ақыр қойыныма келесің» деп?!


Жер,
Сені жібердім-ау таптап-ақ тым.
Шіркін-ай, қайтіп ақыңды ақтамақпын?
Жүрісім мынау менің «Құдай» деудің
Орнына ізін кесіп ақ тамақтың...


Жер – Ана-ай,
«Құлыным» деп құшармысың?
Жоқ әлде қос бүйірден қысармысың?
Отын боп Жаһанамға жанар ма екем,
Ұша алмай Жәннәт – бақта ұшар құсым?!


Аллаһ – Ол шексіз Ұлы, кешірімді!
Бірақ, «мен» өмір еттім кесірімді...
Аруақты құдай тұтып* қара бастым,
Аллаһқа тарыс жауып «есігімді»...


Аллаһ – Ол шексіз ұлы, Рахымды!
Кешірер (бұрғам Оған мұратымды!)
«Серіксіз, иманы пәк болса екен» деп,
Халқының қамын жеген бір ақынды!
Аллаһ – Ол шексіз Рахман! Рахымды!

---------------------------------------------------------------------------------

* Аруақты құдай тұту – кейбір қазақи таным меңзелген


МАХАББАТ ГҮЛІ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Махаббат гүлі – ғашықтық,
Ғашықтық болса, ол, қашықты
біріне бірін ынталап,
Қасиет қосар асық қып.


Махаббатты егер жер десек,
Ғашықтық соның гүлі өскен.
Жер жоқ па гүлің нөлге есеп,
Кем қалмақ солай үлестен.


Таптасаң жерді табанда,
Ардай ақ гүлін жаныштап.
Қалай ғана өсіп бағаң да,
Жаратқанға өрлеп «жан» ұшпақ?


Қалай ғана, адам, сафтығың,
Жаралған қалпы сақталмақ?
Қалай ғана артып сақтығың,
Адамдық мұрат ақталмақ?


Махаббат, ғашық бірісіз
бірінің күні қаран-ды.
Нұры ол Хақ, Хақтың нұрысыз,
Адамның күні қараңғы.


Аллаһтан берген адамға,
Қасиет олар тым нәзік.
Болмаса олар адамда,
Кетпек-ті адам мүлде азып.


Айтсақ шын ойдың ашығын:
Бастырған Хаққа қадамды,
Махаббаты мен ғашығын,
Сақтаумен адам адам-ды.


Сүюге Хақты арналған,
Қасиетті осы пәсейтіп,
Адам қанша ма қармалған,
Нәпсісін жөнсіз есейтіп?!


Тұрса да тәнді алқымдап,
Ғашығын тиған маздаған,
Сабырын сары алтындап,
Жетті Оған адам аздаған.


Махаббатсыз шын жоқ ғашық,
Махаббат та жоқ ғашықсыз.
Талайдың жүргені от басып,
Еді олар Хаққа асықсыз.


Асығың – Аллаһ, Хаққа асық,
Арыңмен Оны, ал, мақта.
Аллаһың ғана жақтасып,
Жеткізетұғын Жәннәтқа!


ӘУЛИЕ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Хақтан хақтап пәгеюін сұраған,
Әулие, ол – Хаққа ғашық бір адам.
Хақ болғасын қабыл оның дұғасы,
Сонда да одан сұм болады сұраған.


Бірі өзінің әулиесін білмейді,
Бірақ та ылғи қылған ісі гүлдейді.
Басқа біліп оның әулие екенін,
Дұға еткізіп дұғасынан нілдейді.


Бірі өзінің біледі әулие екенін,
Хақтан сұрап хақтандырар мекенін.
Дүниеге пысқырмайды өткінші,
Деп біледі дүниені «не теңім».


Енді бірін жұрт та, өзі де біледі,
Күндіз күлмей, түнде аз кірпік іледі.
Хаққа шексіз құл болған соң қалтқысыз,
Хақ алдында қабыл шексіз тілегі.


Бәрі солай әулиелігі ашылған,
Иманының нұры әлемге шашылған.
Солай рас,
Бірақ солай екен деп,
Адасады әулиеге бас ұрған!..


АДАМ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Хақ рас,
Құран рас,
Рас діні!
«Хақ» деген растайды рас мұны.
Тірілтіп өлмей тұрып, Хаққа шүкір,
Танытқан шын расты қыр астырып!


Хақ Өзі сүйген құлын дара етеді,
Барды жоқ, жоқты жоқтан бар етеді.
Тәңірін танымаған «Барды жоқ» деп,
Наданды Намұрттай хар* етеді.


Ондайлар көз, жүрегі, құлақ тұрып,
Шындықты естімейді құлақ түріп.
Анықты «көрдім» демес көзі көрмей,
Білмекті «білмеймін» дер жылап тұрып.


Бұл үшін адам деме перделіні,
Һәм «пенде» дей көрме әсте зерделіні.
Аллаһын естіп, көрмей нанатын бар,
Адам сол адамдықта жердегі ірі!

--------------------------------

*Хар – суқараңғы


ХАЛЫҚ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Халық: «халық құдіретті» дер,
Жоқ, ол әсте құдіретті емес.
Хақты ғана құдірет білер,
Халықты әсте «құдірет» демес.


Халық рас құдірет болса,
Харлық қорлық кешпес еді.
Еш мұқтажсыз құдіретті Олша,
Жасап мәңгі өшпес еді.


Хақсыз оның жоқ түгі де,
Тек ол ештер жиынтығы.
Жете салар жоқ түбіне,
Жоқ бейшара ол қиын түгі.


Хақтау Хақтың анық сыйы,
Қанша десең де «емес» мейлі.
Хақсыз халық халық күйі,
Бір хақтыға теңеспейді.


Бұл өмірдің ережесі –
Иман барлық қалыпқа өлшем.
Бір хақтының дәрежесі,
Хақсыз күллі халықпен тең.


Хақшылдық ол – шын тірілік,
Мың өліден бір тірі артық.
Білсін мұны шын тіріліп,
Жүрген хақсыз құр мұнартып.


Халық – «Халиқ» – Жаратушы
атты Хақтың бір есімі.
Халық бірақ жаратушы
емес, жайлы ол, біл, осыны!


Топ ол мұқтаж хақ Аллаһқа,
Хақпен халық боп өседі.
Тағдыры оның хақ Аллаһта,
Хақсыз халық жоқ есебі.


Имансыздың тиын құны,
Тіпті халық болсын мейлі.
Жатқа Өзінен сиындыны,
Хақ ешқашан менсінбейді!


Малданбау шарт санына аса,
Хаққа қарсы салып егес.
Хақ Аллаһын танымаса,
Халық тіпті халық емес!


Көптігінің тиын құны,
Егер иман келтірмесе.
Онда оның қиын күні,
Ойтсе өзін сан өлтірді есе!


Құл боу Хаққа жиғаны кем,
Көп болса да ол өлген тексіз.
Халық халық иманымен,
Бір Хаққына сенген шексіз!


ТЕРІС МЕЖЕ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Қасқыр ол аю шапса жөн-ақ еді,
Бүркіт те қасқыр алса жөн-ақ еді.
Қасқыр ол қойға шауып «ұран» болды.
Бүркіт ол қоян аулап «қыран» болды.


Қасқыр қой, не, ал тіпті, жарсын айғыр,
Қыран қоян, не киік алсын-ай бір,
Азусызды заңдылық жері екеуі,
Шындыққа адам бұл терең барсын-ай бір...


Хақ берді ойла адамға есті не ғып?
Бұлайша адам жалғаннан бөсті не ғып?
Қыран қасқыр, ал қасқыр арыстан ап,
Иттің итті жегенін естімедік.


Жергендейміз жағып шын өрлікті отқа,
Бүркіт алса қоянды ерлік боп па?
Қоян момын, қой момын, ал ендеше,
Қасқыр, қыран қай ісі өрлік бопты, а?!


Былай қойып көрсеткен Құран жолды,
Мақтайтыны қазақтың қыран болды.
Хақ алдында бермекпіз қалай жауап,
Көп наданға көкбөрі ұран болды.


Онсыздағы жетерлік бойда азабың,
Хақ таны, Құраннан ал ой ғажабын.
Қойдың жауы бөріні ұран тұтып,
Қыран мінез болмай-ақ қой, қазағым!


ҚАЗАҚ КҮЙІНДЕ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Қазақтың барлық арманы,
Мұңы күйінде,
Қазақтығы оның бұрышсыз қазақы үйінде.
Хақпенен ішкі үндесі, шексіз құлдығы,
Ауратын жапқан ар қабы сынды киімде.


Қазақтың күйін қазақы киіз үйінде,
Үстіне киім қазақы киген күйінде,
Алдыда қымыз, жал, жая, бағлан сырбазын
қарпытқан қалпы тыңдау шарт қазақ күйінде...


Еске түссе олар сөз таптыртпайтын айтарға,
Айналтар лезде қан тулап бойда қайсарға,
Іргеден енген жуа, гүл, тезек, көң исі...
Шіркін-ай, деші,
Қазақы ол өмір қайтар ма?!


Шіркін-ай, рас, қазақтың күйі – арманы!
Ішінде оның қара баласы, сар наны.
Ішінде оның бар сүрген өмір тарихы,
Ішінде оның қол жетпей кеткен Қорланы...


Ішінде оның дұғасы менен тілегі...
Ішінде оның бірліккен жауға білегі...
Ішінде оның адасқан шағы хақсыздап,
Ішінде оның дін тұтқан елдік ірілігі...


Қазақтың содан көңлінен қалса жыр ұшпай,
Жаман қиялдар болмысын алса құрыстай,
Жалғыз күй тыңдап, құрыс-құрысы жазылып,
Жарқылдайтыны алдаспан сынды қылыштай…


АҚЫЛ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Ақылды ақылы жоқ тыңдамайды,
Ақылсыз ақылсызды сындамайды.
Ақылды ақылды айтқан тыңдатпауға,
Ақылын ақылсыздың жын қамайды.


Ақылды Аллаһты ұққан дана тыңдар,
Ақ иман нұрлағасын санасын бар.
Ақылды пенделікпен адаспаған,
Толмаған балағатқа бала тыңдар.


Дана оны тыңдайды өзін өсірмекке,
Бір нұсқау берер тұста есірмекке.
Ісінен рас деген жалған шығып,
Тигізіп қоймау үшін кесір көпке.


Ақылды бала тыңдар білу үшін,
Ілімді сарайына ілу үшін.
Қалған көп ақылды әсте тыңдамайды,
Себебі, Хақты таныр құлығы сұм.


Дінсіз көп «ақыл айтпа, білем» дейді,
«Өмірді ақылсыз да сүрем» дейді.
Адамның басқалардан артығы ақыл,
Ақылсыз адам ісі бір өнбейді.


Болғасын жарық онда сана күткен,
Ақылмен Хаққа сенер дана біткен.
Ақыл ол адамзаттағы артығы анық,
Ақылмен Хақ тану да дана діттен.


Нұрланған нұрлы ақылмен саналары,
Даланың біз білетін даналары,
Ақылмен сенген шексіз Хақ Аллаһқа.
Адамның Хаққа сенген дана бәрі!


Ақылды ақылдылар құп алады,
Ақылды ақылды ғана ұға алады.
Адам ол ақыл алмай адам болмас,
Адам тек ақылынан сыналады.


ИІС
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Нан исінен сезінесің жер исін,
Жер исінен аңғарасың көр исін.
Егер жерден аңғардың ба көр исін,
Онда жалған дүниеден жерисің!


Нан исінде жер исінің бары анық,
Жер исінде көр исінің бары анық.
Нан,
Жерден соң иіскеп бақ та адамды,
Сосын жайлы ол хақ Құранға қара анық...


Ақыл, сенім, бір сырлы ойды түйісінде,
Һәм болғанмен өзгешелік киісінде,
Жермен,
Нанмен хақ Аллаһтың хақтығы ол,
Бір ұқсастық болса адамның исінде!..


Болса да адам ақылынан жоқ күткен,
Жерсіз,
Нансыз ғұмыры оның жоқ тіптен.
Жер мен нанды игіліктеп жаратып,
Халифа еткен Хаққа құлдық еттік кем!


Жер,
Нан,
Адам ұқсасы анық иісі,
Жер мен нансыз жоқ тағы адам күйісі.
Өз иісін жер мен наннан сезген құл,
Құлдық ғұмыр сүруі шарт тиісі!


АЛАШ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Алаш ұранлы халық боламыз, ол рас.
Алашы – «Алла аш», басқаға білген жорымас.


Дәлел ме?
Дәлел – мұсылман жұртпыз біз деген!
«Алла аштап» сұрап, үмітін Одан үзбеген.


Мысалы, Алаш – «Алла жол, бағым, барымды аш!»,
Дегені екені күмәнсіз менше, ей, қарындас!


Тіпті, Алаш – «Алла аш!» екені көңілді емдемек,
«Ялланың» – «ия, Аллаһ» екені сынды «мен» демек.


Мұндай сөз бізде көп-ақ-ты, халқым, көп бізде.
Соларды ескер, салыстыр ойдан өткіз де!


Мысалы, құда – парсыша «Құдай» деген сөз.
Ал «құдыяр» ма – «Құдай – Жар» деген көген сөз.


Мысалы, «Алаш – алапес елдің аты екен»,
Деген сөз қалай ақылға саймақ?
Жат екен!..


Солайы даусыз, күмәнсіз болса сөз жоқ-ты.
О дағы болжам қисыны шыннан өзгек-ті.


Хан аты да емес,
Ел аты да емес «Алаш» ол,
Ежелден діншіл ұраны қазақ – «Алла аш!» ол!


Айтыла «Алла аш» – «Алды аш» – «Алаш» боп өзгеріп,
Жеткен сөз өзі шыннан тұр бізге сөз беріп.


Қазақ ұраны – «Алла ашта» тастай біріккен.
Аруақтағанда үріккен қойдай іріккен...


Онысы Хақты ұмытқаны еді ширіктеп,
Танымнан азып тозғаны еді шіріктеп.


«Алла ашы» қалып батырын кетіп ұрандап,
Тозғаны үшін басынан ұшқан Тұран – бақ!


«Алла ашын» тастап, «аруақтап» қазақ шабам деп,
Астына түсті құдайсыздардың сабан боп...


Солайша сақал,
Қырқылды қыздың бұрымы,
Тіректен Ұлы күшейгенде ырым-жырымы...


Себебі, Аллаһ Жалғыз-ақ еді, Бір еді!
Ол – Ояу,
Білгір,
Әуелсіз,
Соңсыз,
Тірі еді!..


Оны ұмытқанның жоқ болмақ еді тірегі!
Сенімі азып,
Жабылмақ еді жүрегі...


Ел болдық қайта Хақ беріп тәуелсіздікті,
Қоялық енді хақсыздық – Әуелсіздікті!


«Аруақтап» шаппай,
«Аллааштап» ұрандаталық,
Ұлт болып ұйып бір ғана Хаққа маталып!


Тек сөйтсек қана бақытты халық боламыз!
Нұрлап тұрмақ-ты кетсек те жоқ боп моламыз!..
Иншаллаһ!


КЕНДЕЛІК
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Сақтан «саңлақ, даңықты, ұлы, салмақтым»!
Сезген білмек ауырлығын салмақтың.
Даңық – изар, екен бізше алжапқыш,
Ұлылық ол шапаны екен Аллаһтың!


Даңық кімді арбамады қазақта?
Ұлылық та тіркелмеді аз атқа.
Хақ: «екеуін иелемек болса кім,
Салам, – депті, – сол құлымды азапқа*»!


«Кешір Аллаһ, тауба!» делік – қайтайық!
Хаққа ғана мақтау, мадақ айтайық!
Құл лайықсыз шынды жалған малданып,
Жүре бермей «ұлымын» деп қайқайып.


Ұлы Аллаһ,
Аллаһ дана,
Даңықты!
Ұлы, өйткені Ол – жаратты да, дамытты
Аспан,
Жерді,
Жел,
Күн,
Айды, күллі істі,
Екі әлемді,
Жәннәтті һәм тамұқты...


Ол жаратты өсімдік,
Хайуан,
Жәндікті,
Ол: «бол!» деді, боп бәріне жан бітті...
Ол жаратты өлім,
Өмір,
Жоқ-барды...
Нұр,
Сәулені,
Жасынды,
Отты һәм құтты...


Ол жаратты періште,
Жын,
Адамды!
Періште ме, пәкизат ол табанды.
Жын ба, жын да тұрақсыздау мақұлық,
Адам – халиф, бірақ көбі надан-ды...


Адам рас жаратылыс соңғысы,
Күтілді одан болмақ бәрі оңды ісі.
Қос қасиет – ақыл, нәпсі беріліп,
Болсын делді тек жәннәттық сом кісі.


Адам бірақ тілін алып малғұнның,
Жоқшысына айналды, әттең, бал күннің.
Болды міндет дүниеден қайта өрлеу,
Еншісінде Хақ білер жәй... ол кімнің!


Соны білмей кердеңсиді көп пенде,
Хақтан қорқу кәперінде жоқ та емге.
Аңғармайды тұрса да өлім алқымдап,
Адам рас ақиқаттан бек кенде!

------------------------------------------

* Құдыс хадис. Имам Муслимнен


ҚҰРАН
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Құранда тұрып ілім сені күтті,
Менменсіп білмедің-ау соны «мықты».
Онда: «Мен жын, адамды тек Өзіме
жараттым құлдық үшін*» делініпті!


Менменсіп оқымадың Құранды ашып,
Санаңды күдікті ауыр күмән басып.


Құранды оқысаң саф шын көрер ең,
Жалғанда жалғанға емес Шынға ерер ең.


Шынға еріп, шынданар ең періштедей,
Хақты һәм Хақтың ісін терістемей.


Ғаламның он сегіз мың сырын біліп,
Кетпес ең кездейсоқты ырым қылып.


Таубаңа келіп солай танып Хақты,
Өткенге өкінер ең жанып қатты!


Дүние өтірігін рас біліп,
Дүрмектен алыстар ең құлашты ұрып.


Тірілер Хақ алдында күніңді ойлап,
Істеген біліп-білмей мінің бойлап,


Таубаңа тағы-тағы, тағы келіп,
Хақ құлдың қараүзер ең нағы болып!


Күнәдан шыбын-шіркей қашып солай,
Өзіңді жарқырар ең ашып солай!..


Бар кітап бір харфіне тең келмейтін,
Оқымай адам оны жөнделмейтін,


Құранды – сөзін Хақтың оқымауың,
Ол сенің – екі әлемдік тоқырауың!


Ол сенің – Хақ Аллаһпен сырласпауың,
Хақ берген бойдағы игі сырды ашпауың!


Ол сенің – надандыққа тірелуің,
Ол сенің – тірі жүріп тірі өлуің!


Ол сенің – Хақ ілімін қате алуың,
Қате алып хақсыздыққа маталуың!


Ол сенің – өзіңді-өзің аша алмауың,
Жаныңа жарығыңды шаша алмауың!


Ол сенің – айырмауың ақ-қараны,
Ол сенің – ақ білуің қап-қараны!


Ол сенің – жұмсамауың ақылыңды,
Адамдық қор еткенің асылыңды.


Ол сенің – рух, жан һәм сезім жайлы,
Білмеуің не делгенін өзің жайлы!..


Екі әлем,
Періште,
Жын,
Жаралды Адам,
Жаралып Хақтан зат жоқ нәр алмаған.


Жалғыз зат Аллаһ қана жаралмаған,
Һәм Аллаһ сөзі – Құран жаралмаған!


Себебі, жаралмайды Жаралмастың
Сөзі де, Өзі де хақ!..
Нәр алмас кім?!


Білсең бұл хақ Құранның мәртебесі,
Жіберген бізге оны Хақ, мәрт еді Осы!


Білмеуің міне осыны – Құран білмеу,
Көзіңе ілмеу Хақты – Құранды ілмеу!


Көзіңе Құранды ілмеу – Хақты «жоқ» деу,
Басыңнан екі әлемдік бақты жөткеу!
Басыңнан екі әлемдік бақты жөткеп,
Пәниде-ақ тозақ оты жақты беттеу!..
Солай!


АҚ ПЕН ҚАРА
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Білмеймін деп ойламайды еш надан,
Басқа білед деп те ойламайд еш надан.
Надандық ол – мойындамау Хақ барын,
Надан надан – хақиқаттан еш қаған.


Сенімі бар сенбес Хақсыз ешке адам!
Барда сенім қалмас надан еш те адам.
Сенімділік – Хаққа сену қылаусыз,
Адам ба адам – ақиқатты қостаған!


Надан Күннің шығуына бір қарап,
Оны: «Тәңір, – десе, – тұрған нұрлап-ақ!»
Адам демек: «Аллаһ Күнді жайнатқан,
Хақ күшімен Күн осылай нұрламақ!»


Адам – білу, Бардың* барын анықтап,
Шүбәсіз һәм шексіз білу қанықтап.
Надан – білмеу, Бардың, бар ғып Жаратқан
Өзін Шынның анығында танып та!

 

СОНІКІ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Анық шындық менікі емес, Хақтікі!
Хақтікі шын хақтығы хақ Нақтікі!
Хақтікі жөн хақтығы рас Растікі,
Өйткені мен Хақ бар еткен бақтікі!..


Мен өйткені Хақ бар еткен құл-ақпын,
Ақиқаттан аққан жалғыз бұлақпын!
Білдірілген,
Білетіннің білдірген
Бір шынымын, бір-ақ шыннан* гүл аттым!


Себебі сол, қалай менікі рас-ты!
Растау да құлға ауыр іс расты.
Рас білген растығын Растың,
Жан аспаған ақиқаттан бір асты.


Сол себебі Хақтікі жөн, жөні сол!
Хақ құлына жөн білу де жеңіс ол!
Хақтың құлы – Хаққа құлдық бағынан
Өніп шығар хақиқаттың жемісі ол!


Сондықтан да емес дұрыс менікі!
Деу хақсыздық адам үшін «менікі!»
Күллі ғалам, мендегі де Хақтікі,
Хақтікі рас,
Барлық рас Сонікі!

-----------------------------------------

* Бар – Аллаһ тағала
* Бір-ақ шын – Адам атадан


САДАҚ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Ермек үшін жазбан мен де өлеңді,
Хақиқы өлең Хақтың сыйы – ол енді.
Шайнап берген нандай жайғап берсең де,
Түсінбес бар берген жазып өлеңді.


Жүрек шөлін қандырмай ма нұрлы өлең,
Сөнген ойды жандырмай ма нұрлы өлең.
Көңілсізді көл қылмай ма нұрлы өлең,
Танымсызды таң қылмай ма нұрлы өлең.


Ақылға ақыл қоспас па еді нұрлы өлең,
Тағылықтан тоспас па еді нұрлы өлең.
Түнергенді ашпас па еді нұрлы өлең,
Айрылғанды қоспас па еді нұрлы өлең.


Жоқ, қоспаққа себеп болмақ нұрлы өлең,
Болса егер хақ хақиқатпен бүрлеген.
Сіңіріліп сәлихалы нұрлы иман,
Иман бақтан болса әйтпесе нұр кеген.


Өлең дейін игеріп сөз – құйынды,
Хақ шындықты жырлау құлға қиын-ды.
Жан жыртығын жамау керек болса егер,
Сөзден гөрі жырмен жамау тиімді.


Ақын – мерген,
Ойы – садақ,
Сөз – жебе,
Ата алсаң ат діттегенің көзде де.
Ақиқатсыз көзді соқыр сияқты,
Бірақ дарып кетпеуі шарт өзгеге.


Нұрлы өлеңнің тиер жері бұрыстық
болуы шарт,
Жөн орнауы дұрыстық.
Әкелері болу керек туралық,
Орнатары болсын көпке ырыс-құт.


Хақ Құранмен қаруландыр сөзіңді,
Ақиқаттан айнытпа да еш өзіңді.
Қисықтардың қасында ұста қашанда,
Хаққың берген қайсар өлең – тезіңді!


Түсінбеске түсіндіріп қиналма.
Одан да аттан Хақ Иеңе жинал да.
Әр сөзіңе абай болып,
«Аллаһ» деп,
Хақ жолында ұш жүректер мен миларға!


ДІН
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Өмірде жалғыз бақты – діні адамның,
Діні аман болады пәк күнәдан мың.
Жаратқан адамды Аллаһ дін үстінде,
Күн емес діні жоқ па күні адамның.


Дін бе, дін Аллаһ берген нұры адамның.
Қорлық сол, діні жоқ па, бұл адамның.
Басқадан сұрап босқа күнә таппа,
Бүйірі шығар Хақтан сұрағанның.


Екі әлемі ырыстамақ діні аманның,
Дінсізге өз байқалмайды міні адамның.
«Аллаһ» деп күні туар жылағанның,
Аллаһсыз сүйері жоқ құлағанның.


Қашанда жолы жарық дінді адамның,
Құдайлы көкірегі Күнді адамның.
Діні жоқ,
Хақ Иесін танымаған,
Жүрегі, жүзі қара сұм наданның.


Аллаһқа құл боп көркем қарыз жолдап,
Дінде өлмек дінді адамға парыз болмақ.
Сондықтан дін тұтыну құлға міндет,
Дінің тұт!
Міндетіңді* ұқ!..
Қарыз болма!..

-----------------------------------------------------------------------------------

* Міндет – «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттымды» («Зәрият» сүресі, 56) біліп ғамал ету.


СЕН ҒАНА БАРСЫҢ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Аллаһымды ойлап атырып таңын Аллаһтың,
Құзырына Аллаһ жүрегім жібін жалғаптым.
Езіліп жүрек,
Есіліп көңіл елжиді,
Көтеріп күшін бойдағы ауыр салмақтың.


Құранын оқып Құдіретпенен сырласып,
Жанымда жабық жабылып қалған сырды ашып,
Аллаһыма әрі өзіме жақындап келем,
Ақ нұрда балқып екі де басып, бір басып.


Шіркін десеңші, жамалын көрсем Иемнің!
Ием-ай, Саған ілтипатыммен сүйендім!
Құранды қондыр,
Әлім жеткенше амал ғып,
Жұқтырып алған шәяйын нұрмен күйемді!


Аллаһым, Өзің қателерімді кешірші?
Рух, тәнімдегі кір атаулымды өшірші?
Таудан да биік,
Тастан да қатты кінәм бар,
Кешіріп, Ием, Жәннәт бағыңа көшірші?!


Мәңгілік мекен Ғадынға кірсем, шіркін-ай!
Бұзылмас еді мәңгілік болып шырқым-ай!
Онда кіргеннің мәңгілік нұрлап бақыты,
Онда кіргеннің балта шаппайды мұртын-ай!


Шіркін-ай!..


Ғадынға иә,
Фердауысқа иә кірейін!
Үкіміңе айтқан үмітпен құлақ түрейін!
Дем бер Хақ Өзің, шайтанның сақтап шәрінен,
Тура Өзің баста, «жүр» дегеніңмен жүрейін!


Саған сенемін,
Сенен басқа ешбір жоқ тәңір!
Басқаға сенген кірері даусыз отқа құр.
Саған сенемін,
Сен ғана барсың, Мәңгісің,
Мүмкін емес-ті болуы әсте жоқта нұр!..
Сенен басқа, Аллаһ, Сенен басқа әсте жоқ тәңір!!!


ХАҚ ТІЛЕУ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Аллаһу Әкбар,
Аллаһсың, Әкбар – Ұлысың!
Сен ғана барсың, Басқа тәңір жоқ құл үшін!
Сен жаратқалы жасап келе атқан мекенім,
Сен нәсіп еткен станым қазақ – Ұлысым!


Әлхамдулиллиәһ, Қазақстаным – мекенім!
Мұндағы қазақ бір бауыр елі Мекенің!
Адам атаның бір ұлы болса бұл қазақ,
Мен қазаққа ұлмын, Хақ Саған құлдық етемін!


Өзіңе құлдық еттім де таптым менімді,
Иман нұрыңмен жібіттім қатқан көнімді.
Адамның бақты Өзіңе ғана серіксіз
сенімде екен! Бекіттім, шүкір, сенімді!


Атамыз қазақ болғаныменен мұсылман,
Адасулардан күніміз көп-ті қысылған.
Мезгілдер өтті халық боп бастан кешірген,
Дәреттен, құлдық, хабарсыз қалған ғұсылдан...


Сан шүкір Хаққа,
Орнады қайта басқа бақ!
Қазақтың қазір ғаламдағы аты асқақ-ақ!
Сен берген, шүкір, бастағы бақты дос қолдап,
Қаймыға бізге қадайды көзін қас қадап.


Шүкір,
Сан шүкір, мадақ Өзіңе Хақ Ием!
Халқымның әйтеу қалмағаны анық тағы иен.
Елді одан ары дінімен көркейт,
Дінімен
көркейген жұрттың қалмайды қаңсып бағы иен!


САТҚЫН
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Дін сыртында адамға адам жақпайды,
Дін ішінде адамды адам сатпайды.
Себебі, адам хақ білумен Хақ ісін,
Хақ дінімен хақиқатын сақтайды.


Дін сыртында білмегесін шындықты,
Боп бір өзі алады да шын мықты,
Шын Мықтының үкімінен қалыс қап,
Қару қылад қасиетіне сұмдықты.


Сұмдық оны бастамайды шындыққа,
Бастайды ол тек қулық пенен сұмдыққа.
Қулық, сұмдық құлды Хақтан айырып,
Сатқындыққа апарады құлдықта.


Тек мүддемен ғұмыр кешіп ол сосын,
Әуел сатып ана – Отанын, өлкесін,
Тілін,
Дінін,
Арын сатып, намысын,
Сосын ақыр қасыр соңы желкесін.


Дін сыртында адамға адам жақпауы –
Міне осындай сатқындықты сақтауы.
Аллаһқа емес, малғұн шайтанға ілесіп,
Иманда ұйып, дінде үйлесім таппауы.


ӘЛЕМ ТІЛІ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Хақ Құранын Аллаһ бізге түсірді араб тілінде,
Тұрғаны анық онда ақиқат, екі әлемдік ілім де.
Оны білу біздегі өлшем Онан алған білімде.


Дүние біреу,
Әлем екеу,
Дүние әлем ішінде,
Құран тілі – әлем тілі, Хақ сөзімен күшінде!
Адам соны түсінбеуде надандығы үшін де.


Әлем тілі болғасын ол дүниенің де тілі анық!
Дәлелдеуді керек етпес бұлтартпас бұл бір анық!
Жазылған һәм хақ Құранда күллі болмыс сыры анық.


«Ағылшын» ол қатынас тіл, қарын тілі немесе,
Қарын тілден дарын тілдің артығы анық он есе!
Бұл шындықты білу еш жоқ хақ дінге адам кемесе.


Құран тілмен қаруланған биге шықпақ екі алып,
Жұртпен әуел қатынаспақ һәм Аллаһқа бет алып.
Құран құмар Хақ Аллаһпен сырласары өте анық.


Онан жалған, шынды біліп,
Ақ пен қараны айырып,
Адамға азып, адаспақ жоқ жаман беттеп, жай ұрып.
Ал, тірі өлі саналмақ-ты одан қалса еш қай рух.


Білгесін тіл Құранды оқып,
Хақтың хақтап әмірін,
Таниды адам тек Аллаһ Хақ Жалғыз Ұлы Тәңірін!
Сосын «Басқа Тәңір жоқтан» болмайды онда жаңылым!


ҚАЗАҚ-АУ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Салтың қайсы қазақ-ау,
Дінің қайсы?
Діннен тайып жетілген күнің қайсы?
Абай айтқан бейнеңнен артқа кеттің,
Біліп қане түзелген мінің қайсы?


Біліп қане түзелген түрің қайсы?
Сақтамайтын, сақтайтын сырың қайсы?
Жеңіл асты, ауырдың үстіндесің,
Хаққа өрлеткен кәсіпте қырың қайсы?


Тұтынғанды қош көрдің арам асты...
Киінгенді қош көрмей, жалаңашты
жаның сүйді,
Сондықтан – арың – қызың,
Ашпайтұғын, масқара-ай, араны ашты!..


Сұмдық болды, бұл іске бет үйренді,
Көре-көре көзбен, діл, ет үйренді.
Ел болатын ұлтыңның жәйі осылай,
Бұғанасы, әй, қайтып бекиді енді?


Ұят жоқта иман жоқ емес пе еді,
Имансыз жоқ айдардан жел еспегі.
Күрес иман, тек ұят үшін ғана –
Екі әлемін ойлаған ел өстеді.


Ұят, иман болса тек бәрі болмақ!
Бұлар болса сақтайт Хақ әрі қолдап.
Бұлар болмай бұ дүниең харан болмақ,
О дүниең онан да ары болмақ!


Ұят, иман әуел сол керек бізге,
Өзіңді-өзің олсыз құр жер еткізбе.
Дамығаның дүниеде мәселе емес,
О дүниеңе әуелі керекті ізде!


Сондықтан да, қазақ-ау, тұт ұятты,
Енгіз қайта үйіне құт – ұятты.
Әйел қойма ашылған ұяттысы,
Әйел ұлттың ұяты «құпия» атты!..


Сосын ерді тый, қазақ, зина еткеннен,
Әйел ерсіз түк қылмас үйреткенмен.
Әйел қылмақ еркекті қашаннан жоқ,
Ерді тимақ шарт бүйдә сүйреткеннен...


Сөйтсең ұлттан арылып зор мін тақ қап,
Ұят, иман қайтып өз орнын таппақ.
Сөйтіп рухы асқақтап Хақ алдында,
Ұлт тек сонда қалмақ-ты формын сақтап!


Иман, ұят бар адам бұзылмайды,
Олсыз ұлт та қырмандай қызылдайды...
Олсыз халық азаптан құтылмақ жоқ,
Баса бермек азғындық жүзін қайғы...


ТІЛЕ, ХАЛҚЫМ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Патшаң залым болса егер тіле, халқым,
Жұрттың боу шарт ол үшін жүрегі алтын.
Алтындығы жүректің – Хаққа иман,
Жүрегі алтын халықтың тілегі алтын.


Алтынданған жүрекпен алтын тіле,
Алтын жүрек патшаға қалпын тіле.
Алтынданған жүрекпен жұртты бастар,
Алтын жүрек патшаға қарқын тіле.


Тіле халқым, не етсең де Хақ көреді,
Шын тілеген тілекті Хақ береді.
Хақ береді, сен Соған, «берет» деп сен,
Хаққа сенген қашан да Хаққа ереді!


Хақтан жомарт жомарт жоқ шүбәланба,
«Хақ» деп қана қызмет қыл, шық «алаңға».
«Хақ» деп қана малың бақ, сал егінді,
«Хақ» деп қана шық болсаң шығар аңға...


Ісің удан боп келіп, сөзің жалын,
Көңілің надан болмасын, көзің ғалым.
Залым жұртқа залым хан беріледі екен,
Патшаң бетер боп жүрме өзің залым!..


ҚҰМАЛАҚ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


(Ей, Мұхаммед, айтыңыз):
(222). «Мен сендерге жындар кімдерге түсуі туралы айтайын ба?
(223). Олар барлық күнәға батқан өтірікші-жалақорларға түсіп,
(224). Естіп алғандарын оларға тастайды.
Олардың (жындардың) көбі өтірікші».
«Шұғара» сүресінен.


«Келеді, – деп, – тағы да бір Пайғамбар»,
Күту де кей хақиқаттан тайғандар.
Құранда енді келмейтіні айтылған,
Мұхаммед хақ, хақ ол соңғы Пайғамбар!


Құран,
Хаққа нанбайтұғын залымдар,
Білгендей-ақ дүниенің жалын бар,
Бірі жұртты Хақ бастамақ елші боп,
Бірі күтіп «соңғы» елшіні жалындар.


Бірі Мәді,
Бірі Иса боп барады,
Дүниеге соқыр діндер тарады...
Хаққа осылай қарсы шығып жатқанда,
Хақтан зауал кеп қалмаса жарады.


Аллаһты емес, пір тұтқандар атаны,
Аруақ кезіп алды тауып жапаны.
Бақшыларға жынның тисе шатағы,
Бақсыларға керек шықпақ атағы.


Дін жамылып, шымқай шаңқан ақ киіп,
Бағынғанға жалған қояр «бақты» үйіп.
«Әулие екен десе, – болды, – атасын»,
Науқас – «жынын» жереді алып «сап тиып».


Ол оны анық «әулие екен» деп қалат,
Жатқаннан соң жалын жұтып, от жалап.
Солай сезіп, қосса серік жеткені,
Артық оған қойылмайды бек талап.


Мінсіз боуды жүргенде іздеп, дінсіз боп
шыға келу оңай солай құнсыз боп.
Бірақ та олар «хақ жолдамыз, – дейді, – анық»,
Шүбәланбайт, сұрасаңыз «кімсіз» деп.


Міне осылай бақсы, «әулие», «пайғамбар»,
Шайтанға еріп шарапатын шәйғандар,
Жұртты азғырып,
Рухтарды ластауда,
Хақ жолынан кеткен ауып қайрандар!


Қылықтары бұл сұмдардың қанқұйлы-ақ,
Қанқұйлыны хайырымды хан тимақ.
Хан тимаса қанқұйлыны Хақ тимақ,
Хақ тиымы зауал болмақ, аңқима!


Қорық халқым, зауал келер іс қылма!
Хақ ісіне такаппарсып ысқырма!
Дініңді ұста,
Дініңмен тый дінсізді,
Жамандықтың қара қанын құстыр да!


Жамандық ол тимағанға тимек-ті,
Бұдан білген білгі өнеге түймек-ті.
Тимау оны жақтасқандық саналып,
Ақиретте тозақ отқа күймек-ті.


Одан – оттан сақтасын Хақ, сақтасын!
Сақтау үшін халық дінін сатпасын!
Сақтау үшін халық тиып азғынын,
Хақ Аллаһын – Мәңгі Иесін мақтасын!


КІР
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Адамдығы адамның жылтыраған жүзде емес,
Жүрек жылтыр болмаса адам хақты іздемес.
Иманы бар,
Ал, бірақ, сол иманды кір шалған,
Сырты кірсіз, іші кір туралыққа жүз кемес.


Турасы оның өз ісі өз ақылы «жөн» деген,
Жау ол үшін достықпен оның жөнін жөндеген.
Бұл мінезден мынандай мақал шығар сияқты:
«Іші кірдің сырты дүр, солына оңы жем» деген.


Іші адамның болса кір ісі оңды болмақ жоқ,
Өлі бала тапқандай сүрмек өмір толғақ жеп.
Құлдық,
Сенім құтайып шапағатты шәшіп нұр,
Іс, сөз тауып үндестік адамдықта толмақ жоқ.


Ішкі кірі адамның сөз бен істен көрінбек,
Күлмек,
Ішпек,
Сараңдық бәрі содан, ерінбек...
Аманатқа қиянат,
Уәде үзу,
Ант бұзу,
Өтірік,
Өсек,
Мүддеқор,
Жар сүймекте жерінбек...


Сыртын сыптап сыланып, айнаға алты таранып,
Үлде менен бүлдеге алғанымен оранып,
Қасиетті қашырар, берекетті кетірер,
Іші кірлі құл адамның,
Қоғамның да соры анық!..


СӨЙТУ КЕРЕК
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


«Егер құлшылықтарың болмаса,
Раббым сендерді неге бағаласын».
(Әл-Фурқан, 77)
Атағың,
Даңқың аспандап таулармен талғар теңессін,
Табысың судай тасқындап, айдарыңды аңқып жел ессін,
Бәрі-бір Хақтың алдында, сен бе, сен түк те емессің!
Әрі сол Хақтан басқа-шы, ешкімге керек емессің!


Жау бермес бауыр, дос, жолдас маңыңды қоршап тел өссін,
Олар сені алқап: «аспансың, асқар-ақ десін, белессің!..»
Ажал сені алмай қоймайды,
Ажалға сен түк емессің!
Өйткені Хақтан басқа, шын, ешке сен керек емессің!


Тынысың, дәмің Оныкі!
Табысың дағы Оныкі!
Жаралмақ, Тумақ, Қайта өлмек,
Тағысын-тағы Оныкі!..
Ойлама «байлық, бала, әйел менікі», деп сен, ол дағы
Оныкі, Оған ең ізгі құлдығың ғана сенікі!


Әуелі сеніп Аллаһқа, ете алсаң құлдық өмірі,
Алдында Оның анық ол күтуде сыйлық сені ірі.
Тақуасың ба, адамда артығы сенсің бәрінен,
Бақытты сенсің бірінші алдында Оның нөмірі!


Сондықтан хақ дін Исламдай айнымай тұтып сарадан,
Тартқызбай ажалға артыңнан бетіңмен тура бар Оған.
Көңліңде қылау қалдырмай,
Шерік те қатпай зәредей,
Күллі ісіңді арнап жолына, құл болып шексіз әрі Оған,
Бар Оған!


КӨЗ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Шанағына Сыймағанды көз көрмес,
Көрмей сенбес көрмей Хақты өзгермес.
Көрмегені тұрмағанын көрінбей
Түсіндіру мүмкін емес ездерге еш.


Сөзді түсін,
Құран хақ сөз ол нақты,
Нақ Сөзін Хақ періштемен жолдапты.
Ақиқаттың сөзбен білгенге Иесін
Көзбен көру қайтып мүмкін болмақ-ты?


Сөз ақылда көрінеді өз күшінде.
Сөзді анық адам көру үшін де,
Сөзді көру мүмкін емес сияқты
Біл, соны біл шындық сөздің ішінде.


Ақыл білсең көрмей Оған нана бер,
Тек Ол ғана Жарылқаушы, Панагер!
Хақтың Өзін о дүниеде көресің,
Көрмей нанбас көкірегі қара көр.


Сөзін білсең Хақтың Өзін табасың,
Сондықтан да Құранның біл бағасын!
Рас, ол хақ – Құранның біл бағасын,
Аңсыз бейғам алшақтамай, Ағасы!


БІР ҮЙДЕ ЖАНЫП ТҰРАЙЫҚ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Жалғанып үміт үзілген,
Қуанып қалдым қайтадан.
Хақ сүю үшін түзілген,
Жүрегім күліп айтады ән...


Жүрегім күліп айтады ән,
Рухына жиып арайды.
Хақ десем ғана жәй табам,
Хақ десем қайғым тарайды.


Пәс еді көңлім кешегі,
Барады қайта биіктеп...
Хақ нұрын ойым кешеді,
Хаққа өтем басты иіп тек!


Махаббат болып осы ұлық,
Болайық мәңгі сәлем мың...
Тартылыс болып қосылып,
Тартылысына әлемнің!..


Хақ үшін сені ұнаттым,
Хақ үшін сені сүйейін.
Тұрғындығы үшін Жұмақтың,
Басымды Хаққа иейін!


Сағынып сабыр күткенше,
Хақ үшін басты құрайық.
Білтеміз қашан біткенше,
Бір үйде жанып тұрайық!


КҮЙ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Әнімді тауысты «түн» ішіп,
Кем емес еді ғой ғазалдан.
Кеудемнен шықты бір күн ұшып,
Қансырап қалғандай ажалдан...


Тас-түнек ішінде тұншығып,
Жанбаған кезінде жанатын
үмітім өлгенде... күн шығып,
Жасындай жарқ етті жан отым.


Әнімді құрбан ғып күн үшін,
Жүрегім тұр үнсіз қылаулап.
Жаннан нұрлы ұшқандай күміс үн,
Жауып тұр көк-жасыл нұр аумақ...


ХАҚ ЕРКІ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Иір де қиыр Кеген суындай керге аққан,
Кегежім кейіп кері тартады кербаққан.
Бөрі – мың ұлып мидың мың түкпірлерінде,
Үрей кеп ішті тіміскілейді көр жақтан...


Көр жақтан келген үрейдің үні тым қатты...
Көрші шал кеше кеселдің кебін тыңдапты...
Ауылды басып Ай астыменен аяңдап,
Түйе көш өтіп баратса керек құндақты...


Шағала шаңқан киінген өңкей бір әппәқ,
Түйе көш шеткі отауда аз-кем тұрақтап,
Алып кетіпті жалғыздың жалғыз тұяғын –
Талпынған әрең екі аттап, қайта бір аттап...


Шу-у ете қалды ел, сөгіле таңның танабы,
Жас емес, көзден жатқандай қызыл қан ағып.
Оларша қойған тасемшек тағдыр иімей...
Ескі ұғым солай түсініктегі манағы...


Ескі ұғымша әлгі: «отаудың өртеп оттығын
Күл ғып тындырған тағдырың – жасын от-тұғын!..»
Бірақ бұл теріс таным, ей, пенде, бар, жоқ қу
Хақ еркіндегі іс, болмасын оған боқтығың!


МАХАББАТ БОП...
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Олпы-солпы өтіп кеткен көп күндер...
Қасақана кейде тәлкек еттіңдер...
Қиып қимас қыршын ұлды құрдымға,
Қарлығаштар, қайда ұшып кеттіңдер?!


Байғұс жүрек өкінішін баса алмай,
Өксіп кетті-ау, жанарына жас алмай.
Ұлпа көңілді үсік шалып жазыңда,
Қатып қалды-ау, асуынан аса алмай...


Жаратқаным, берші нұрлы ақыл-ақ?
Арсыз істі жатпайыншы ақылап.
Тәңірісің, табынарым Өзіңсің,
Тірлігімді күзететін бақылап?!


Беу, дүние-ай,
Бедерің бар не түрлі,
Кейде жалын, кейде жәйдің оты ұрды.
Қайшылыққа толы мынау тіршілік,
Додаға сап мазамды әбден кетірді.


Бірақ, кімге жалынамын наз айтып?
Бара жатыр Хақтың ісін қаз айтып...
Сен ғанасың сырласарым адамнан,
Кеп-кетіп тұр мұңымды сәл азайтып.


Сәл ғана сәт ұмытайын қайғыны,
Арманымның жетсін барып Айға үні...
Махаббат боп ұласайын мәңгімен,
Көңілімнің құсқа толып айдыны...


ҚАС ҚАҒЫМ ҒҰМЫР
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Тотияйынға барып батты Күн,
Кіреу көзденді жарық Ай.
Шәшірады жұлдыз – шаттығым,
Тауыққа шәшқан тарыдай.


Ағарған жалғыз көз – түннен,
Санаға ұйқы тамып тұр.
Қазан астынан боз күмбез,
Қараңғыны іштім қанып бір.


Қараңғыны ішіп қаңсыған,
Масаңдау майпаң екпінмен,
Түн – нұрдың әуен аңқыған,
Көңліне сіңіп кеттім мен.


Ес жиғанша есер мауықтан,
Қарадан аққа ауысыпты.
Жұлдыз біткеннің тауық – таң,
Шоқылап бәрін тауысыпты...


ҚҰМҚОРА
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Жұңғар ойпаты менің туған мекенім.
Қамысты өлке. Күз келіп қамыс үлдіректегенде
сары жәйқын теңіз кейіптенеді.
Оның дәл ортасында
Құмқора деп аталатын биік құм төбе бар.
Ол сол сары теңізді жүзіп бара
жатқан алып кемеге ұқсайды...


Сары қамыс, қызық, телегей
сары теңіздей шайқалақтаған.
Құмқора тұр жүзіп кемедей,
Сары сағымда жәйқалақтаған.


Ұшар басына ұмтылушы едім,
Сары сағымды кештіріп атпен.
Қытықшыл аумақ қымсынушы еді,
Құлпырушы еді кешкілік... әттең?!


Сары Күн қимай аз-кем тұрақтап,
Құмтау басында – сары мойнақта,
Асатын ары назбен бір аттап,
Сары киіктей cағым ойнақтап...


Жататын солай сары күз бөртіп...
Ол жәйлі менің әнім күшінде.
Оны мен жүрем өзіммен ертіп,
Ол қазір менің жаным ішінде...


ТЕККЕ ТАРТУ
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Еріксе – тескентау асып балханға барған...
Әбіш Кекілбай


Талай маған,
Мен талайға қорландым.
Дерт талаған, өрт жалаған орманмын.
Аждаһалар омыртқасын опырып,
Жөргегінде тұншықтырған арманмын!


Скиф те мен,
Үйсін де мен,
Сақ та мен...
Тәңір деген, тәжілеген тақ та мен...
Ен-жалғанның егесе де кетпейтін,
Қолқасына қатып қалған қақ та мен!


Мен – тарих!..
(Кешір Тәңір құлыңды-ай?)
Күн түбінен кісінейді құлындай
Күн бегі – елім, күймелері сыңғырлап,
Күс абандар кеткен үзіп жұлындай...


Содан менің Қағанатым қақ болды.
Тағым күйреп тақсыретке тап болды.
Көкжиегім көз жұмуға мәжбүр боп,
Хақшыл кейім хақсыздарға жақ болды...


Күстабандар кірекелеп өткенді,
Бір ауыққа көрсетпеді көктемді...
Сәл соң шындық басын қайта көтеріп,
Керең кезең келмеске өксіп кетті енді...


Хақшыл елмін!
Көкіректе арман көп...
Хақ құлымын, хақиқаттан танғам жоқ.
Қайта тұрып келем міне қасқайып,
Апандарды қақырата қан-қан боп!...


ЕКІ АРЫСТАН
Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим


Мен өзіңмен сырласпаған пенде емес,
Аяр досым, ал қанекей, жөнге көш.
Сенің көңілің көңіл екен, мақұл-ақ,
Басқанікі гүлзардағы «сембе» емес.


Менің бағам сенен тиіттей кем де емес.
Мендегі ми ақылдан да кенде емес.
Қайран менің адамшылық арым-ай,
Безбүйрекке бәйек болған еңбегі еш.


Қиып түсер ақ дүзіндей алмастың,
Намыс, ұждан мейлі кезек алмассын,
Мені мен деп құп ал, алма, бірақ мен
Битке өкпелеп тонымды отқа салмаспын...


Жауың болсам жасын ұрып мерт етпей,
Баяғы «әнді» қайталайсың ертектей...
Шегірткенің айғырынша жер теппей,
Еркектерге мінез керек еркектей!


Адам болу қиынырақ десек те,
Қиынырақ төзе білу өсекке...
Қиын, қиын, қылмыс тіпті кешкісіз,
Орын беру тұлпар тұрып, есекке!


Мінез, көңіл екі басқа өрісте,
Құпта мейлің, шығар оны теріске.
Арым менің мінезімді жақтайды,
Дейді «өлсең де шындық үшін беріспе!»


Махаббаттың маздап жануы әр үйде,
Ол, көңіл ғой, көңіл шіркін кәри ме?
Бірге туып, бірге жасау үшін де,
Көлдей көсем көңіл керек, әрине!


Жараспайды сый, құрметке шен, шек, қыр!...
Ағытайын осылай бір емсек сыр:
Мінез, көңіл – екі арыстан, арбатпай,
Ақылға сап әр екеуін теңшеп тұр!

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста