Қадыр Мырза Әлі: Он балаға ана болған адамға, Он бірінші бала болам мен өзім!

Қадыр Мырза Әлі: Он балаға ана болған адамға, Он бірінші бала болам мен өзім!

Шындық
Ақындық шығар айыпты,
Әлі білмен себебін.
Өлеңге айтып қойыппын
Өмірдің айтпа дегенін.


Өтірік жырдың қайдағы
Болмайсың жетіп шетіне.
Ақиқат – сөздің қаймағы,
Тұрмайды шықпай бетіне.


ТАБИҒАТ – ЖАРАТЫЛЫС ПЕРНЕСІ
О, далам, менің байтағым,
Далам деп өлең айтамын.
Ұлың боп ойлап барам да,
Құлын боп ойнап қайтамын.


О, далам, менің байтағым,
Далам деп өлең айтамын.
Солған Ай болып барам да,
Толған Ай болып қайтамын.


АУЫЛ – АТАМЕКЕН ПЕРНЕСІ
Бұл сөзіме сенбе менің мейлің, сен мейлің,
Сен тұрғанда сембеймін де, сөнбеймін!
Бақытыңды таба алмасаң сүюден,
Басқа тапқан Бақытыңа сенбеймін!


Бұл сөзіме сенбе менің мейлің, сен мейлің,
Отан барда сембеймін де, сөнбеймін.
Туған жерден таба алмасаң қасиет,
Басқа тапқан қасиетіңе сенбеймін!
***

Кентті жерде қонақ үй тәртіп десек,
Жібермейді ауыл да мәртікке есе...
Әрбір үйде он-он бес артық сейсеп,
Әрбір үйде он-он бес артық төсек.


Күн бата кел, кел тіпті түнде, мейлі.
Маңғаз төбет мынауың кім демейді.
Бірін жұмып көзінің, бірін ашып,
Қарайды да қояды, үндемейді.


Ажарында аунақшып күн шуағы,
Ағайындар мейман деп құлшынады,
Аңқылдаған ақ көңіл ақ самаурын
Қонағыңмен бір кіріп, бір шығады.

***
Жанарында жылтылдап назар шуақ,
Жырақ кетсең, жүргенің азар шыдап.
Бүкіл ауыл атынан
Жексенбіде
Бір-ақ адам келеді базаршылап.


Ойын-тойын,
Сауығын жыр басқарған,
Қалжың ғана естисің құрдастардан.
Бір-ақ қазан қайнайды екі үй үшін,
Екі үй үшін келеді бір дастархан.


Күндіз-түні жаппайды ел есігін.
Көршілердің қылығын елесін кім.
Бір әжейдің кебісі
Бір әжейдің
Аяғында жүреді келесі күн.


Тату ауыл бөліскен малтасын да,
Бір ұстайды арасын,
Балтасын да.
Бір атайдың шақшасы
Бір атайдың
Кетіп қала береді қалтасында.


Бар маңайды көлеңке-күңгірт қамап.
Бірте-бірте түседі ымырт-қабақ
Бір жеңшейдің тауығы
Бір жеңгейдің
Қорасына келеді жұмыртқалап.

***
Қабат-қабат бұлт төнсе де басыңа,
Қабағыңды шытпа, жігіт, жасыма!
Біз шегінсек,
Біз жеңілсек,
Біздерді
Байқап тұрып,
Не істемекші жас ұлан?!
От ішінде,
Өрт ішінде күйгенде,
Басыңды име,
Тізе бүкпе,
Именбе!
Ер еңкейсе еңкейеді
Жалғыз-ақ
Туған жердің топырағын сүйгенде!

***
Адам емес сияқты мақұлық-аң,
Ақсап басқан біреулер ақылынан.
Алысынан біреулер пайда тауып,
Азап шегіп жүр біреу жақынынан.


Оған қонбай,
Бас құсы саған қонса,
Басқа түгіл,
Көрмейді ағаң да онша...
Сайтан жайлы аңыздар туар ма еді
Адамдардың бәрі де
Адам болса!

***
Дұшпанға мені балама,
Мұқату іздеп сезімнен.
Адам боп туу – анадан,
Айуан боп кету – өзіңнен.

***
Тағдыр мұны тілемесін, тілесін,
Достық болды менің үлкен үлесім.
Бұл өмірде маған ненің керегін
Менен гөрі өзің жақсы білесің.

***
Ажыратар алыс пенен жақынын
Әжептәуір бар еді ғой ақылың.
Аяқ асты шыға келдің құбылып,
Арғымаққа тиген бойда-ақ тақымың.


Аш қасқырың жатыр екен тар інде,
Қасқыр үшін сәбиің не,
Кәрің не?!
Енді қазір
Бұрын жетіп басқадан
Елден бұрын алсам дейсің бәрін де.


Көрмеп едім бұрын мұндай күйінде,
Сөз болмайтын сән-салтанат,
Киім де.
Дүниенің ең жақсысы
Бүгінде
Болса дейсің менің ғана үйімде.


Өмірді ешкім ұғып біткен жоқ әлі,
Артық кетсем менде жырдың обалы.
Тойға барсаң,
Соңғы кезде байқаймын,
Отыруға ұмтыласың жоғары.


Осы сынды мен өзіңе арнайын.
Өлеңге өріс болар ой да тұр дайын.
Жұмыс орның
Өмірдегі орныңа
Тура келе бермес бірақ әрдайым!


Шын шешенсің,
Егер тілден бал тамса.
Дей бер онда:
Мен сайрайын,
Ал тамсан!
Жұрттан бұрын сөйлерсің-ау сөйлеуін,
Жұрт айтпаған ойды содан айта алсаң!


Бір қанағат болу керек адамда.
Мінез жатыр басқан әрбір қадамда.
Өзін-өзі тапқан адам – бақытты,
Жоғалтпаған – бақыттырақ одан да!


МАХАББАТ – ҒАШЫҚТЫҚ ПЕРНЕСІ
Өзіңсің – басыма құт, қосыма құт,
Өзіңсің – жасыл уақыт, асыл уақыт,
Сапарда жүргенімде сарғайып мен,
Сағынып күте берсең, осы – Бақыт!


Кім демей, аталғанда досым аты,
Отырсаң ақылыма қосып ақыл...
Бір қора жолдас ертіп келгенімде
Қарсы алсаң күлімсіреп, осы – Бақыт!


Біреулер жүр ғой сырттан досын атып.
Қорықпа, күдіктенбе шошыма түк.
Мен жайлы айтылған бір қаңқу сөзге
Сенбесең, иланбасаң, осы – Бақыт!


Жарқырап, жалт-жұлт етіп жасын атып,
Жасыннан кейін бірақ басым қатып,
Мас болып келген күні бір сөз айтпай,
Ертесіне ұмытып кетсең, осы – бақыт!

***
Жүлдегерміз,
Жүйткітіп шабар атпыз.
Қыран құспыз,
Ұшқанда жоғары-ақпыз.
Тындыруға келгенде құлқымыз жоқ,
Сындыруға келгенде шебер-ақпыз.

***
Ақиқатты іренжітсең,
Ар түбіңе жетеді.
Күн күлкіні іренжітсең,
Көз жасы боп кетеді.


Сүйгеніңді іренжітсең,
Сүйегіңнен өтеді.
Алақанды іренжітсең,
Жұдырық боп кетеді!

***

АРМАН – ҮМІТ ПЕРНЕСІ
Ащы айтқанның ашумен жарған басын
Ағайындар бұл сөзге арланбасын:
Туысқанның мықтысы – тілеулесің.
Қарындастың жақсысы – армандасың!


Перзентің бе базардың пұлына алаң?
Әлде ол сенің, Ұлы Отан, ұлы балаң?!
Кім екенін айтпа оның,
Арманын айт,
Арманына қарап-ақ біліп алам!

***
Жігіттің жолбарысы,
Арланы бар,
Ақиық,
Арғымағы, Тарланы бар.
Жұтаса мал-дәулеті, оқасы жоқ,
Татитын мал-дәулетке арманы бар.

***
Ақтарылып бағайын,
Аңғарғайсың бар мәнін:
Айныса да ағайын,
Айнымасын арманың!


Асау өзен, асылы,
Ағар бұзып арнаны.
Азайса да асылың,
Азаймасын арманың!


Жанға шипа бал түні
Жұлдызыңды қармағын...
Жоғалса да алтының,
Жоғалмаған арманың!


Жолын қуып жаманның
Жұқтырмайтын арға шаң
Арманы үлкен Адамның
Өзі де үлкен әрқашан!

***
Той-думанға,
Қыз-қырқынға алақтап,
Жастығымды өткізбедім далақтап.
Арман шіркін – алтын ие,
Өмірде
Мен – жібек жіп қойған соған сабақтап.


Жұлдыз-ойға толса екен деп жыр-түнің.
Әлі күнге тапқан жоқпын бір тыным.
Жамап жүрмін көңілдерді сөгілген,
Жамап жүрмін жүректердің жыртығын.


МҰРАТ – МҮДДЕ ПЕРНЕСІ
Қай жерде де бір өлім,
Қаймықпадым дәуден де.
Бүкіл жұрттың жүрегі
Мына менің кеудемде.


Бітпей қалған ел үшін
Бала күнгі ойным да.
Бүкіл халық борышы
Мына менің мойнымда.


Адамды адам жылатып
Жатса жердің шетінде,
Ұят!
Бүкіл ұятың
Мына менің бетімде!

***
Жаны жомарт жерімде
Жүрсе де жұрт төркінсіп,
Жайғасып өз төрімде
Жата алмаймын еркінсіп.


Жаным жалын мекендеп
Жанған ердің жайын ұқ.
Жайлау өмір екен деп,
Жүре алмаймын жайылып!
***

Көңілім – дос соңында ерген құлын.
Құрбымның құшағында – терген гүлім.
Мен үшін барып тұрған ақырзаман –
Біреуден бір қиянат көрген күнім.


Әділдік ауылында түстенгенмін,
Ақиқат азап шексе тістенгенмін.
Мен үшін ең ғажап күн өмірімде –
Біреуге бір жақсылық істеген күн!

***
Көкейіне қонсын деп қазағымның,
Бір өлеңді бір емес, жазамын мың.
Жазып-жазып қалжырап,
Келесі күн
Рахатын көремін азабымның.


Болмай бірақ тұрмайды бір ағаттық,
Бірге тойлап қызығын жұрағаттың,
Бөсіп-бөсіп түнімен,
Келесі күн
Тартып жатамын азабын рахаттың!

***
Бәрін істе,
Жау не істесе батырға:
Аштан қатыр,
Бір тамшы су татырма! –
Бәрін де мен көтеремін,
Бәрін де.
Бірақ маған айқайлама,
Бақырма!


БЕЙНЕТ – ЗЕЙНЕТ ПЕРНЕСІ
Жігітке жиырма деп қараған кім?
Жігіт емес бәрі шаш тарағанның.
Туған күні тумайды ер,
Туады ол
Тұңғыш рет жұмысқа жараған күн.


Бір ұғудай ұғып-ақ алғам мұны,
Артық шығар марғаудан малдың құны.
Өлген күні өлмейді ер,
Өледі ол
Қолынан іс келмей бір қалған күні.
***

Жалқаулыққа жамбасың қайдан шыдар!
Жүйкең шіріп кетпей ме ойдан шұбар?!
Нағыз жаза – жұмысқа салу емес,
Нағыз жаза – жұмыссыз қалған шығар!
***

Көңілдестер әр түрлі ұлыстан бар,
Керемет қой үндемей ұғысқандар.
Күнде-күнде көруге уақыт болмас,
Күле отырып ішелік, туысқандар!


Саулығыма қуансын туысқандар,
Сана-сезім,
Сендерде де тыныстаңдар!
Бір дем алып алайын әйткенменен,
Демалдырмас алда әлі жұмыстар бар.


ТОЙ – ТАМАША ПЕРНЕСІ
Қызығыңнан қартаймас;
Қазағыңның әулеті.
Дос-жолдастан ортаймас
Дастарханның дәулеті.


Саяқ бұлттай көшіпті
Сал-серілер жасында.
Даудың өзін шешіпті
Дастарханның басында.


Қарыздар боп қайтыпты
Қазақтарға қайсың да.
Билігін ел айтыпты
Дастарханның басында.


Атамыздың асынан
Үлкен емес тақ биік.
Жыланның да басына
Шығарған ол ақ құйып!
***

Ағайын, не аңғардың?
Аңғармасаң, қарашы:
Танымайтын жандардың
Түбі – жиен-нағашы.
***

Шақырды ма?
Кезінде
Бару, досым, міндет бұл.
Суық түннің өзін де
Май тоңғысыз түн деп біл!


Қыз-қырқыннан сын көрсең,
Қызарарсың терлеп бір.
Қай орынға дәл келсең,
Сол орынды төр деп біл!


Алып жібер қинаса,
Ал, ағайын, ал! – деп бір.
Қай шараппен сыйласа,
Сол шарапты бал деп біл!


Қожайынды сен тегі,
Құлақкесті құл деп біл.
Жарын – сұлу,
Тентегін –
Тәрбиелі ұл деп біл!
***

Қызықтан,
Құмар-сайраннан,
Қолыңнан келсе,
Тартынба!
Жұртпенен бірге жайраңда,
Жұртпенен бірге жарқылда.


Біреулер ішер тамсанып,
Ішпесең ішпе, сүймесең.
Жұртпенен бірге ән салып,
Жұртпенен бірге биле сен!


Дулатып тойды тамада,
Болмайды, жігіт, бұл айып.
Ойлай да білген адамға
Тойлай да білген лайық!
***

Бастасаң әнді бір ғажап,
Бүкіл жұрт болып қолдайды.
Өнерсіз жанды бұл қазақ
Қатарына қоспайды.


Жігітпен түзде түлеген
Қалайша бір жыр шықпайды?!
Қазақтың ұлттық тілі – өлең,
Өлеңсіз сені ол ұқпайды.


Бейтаныс тілде салсаң да,
Болғаны – берсең ән салып.
Жаңыла жаздап қалсаң да,
Тыңдаймыз сені тамсанып.


«О баста өнер қонбаса,
Сол үшін тойда күймек пе ер?!»
Күйеді!
Даусың болмаса,
Ортаға шығып билеп бер!


Өйтпесең, жұрттың оншама
Көңілі саған толмайды...
Өнерсіз адам болса да,
Өнерсіз қазақ болмайды!
***

Жетеді өнер жұртыма,
Жадыралық ән салып.
Жыр таусылса,
Сыр тыңдап,
Сүйсінелік тамсанып.


Жат отыр деп қасымда,
Жалақтама, жолдасым.
Тек
Дастархан басында
Өсек-аяң болмасын!


Мән бермегін, толайым,
Көрсең көңіл тасқынын.
Жақсы болсақ болайық,
Жамандамай басқаны!


Емес ерге лайық
Ойлау қара бас қамын.
Үлкен болсақ болайық,
Кішірейтпей басқаны!


Өліспес те беріспес
Құрып кетсін тамам дау!
Жас қыранға келіспес
Жапалақты жамандау.
***

Ауыр
Тойдың өзінде
Азаматтың жүгі тым.
Бір үзіліс кезінде
Бәйбішеңе, жігітім:


«Қатарыңның ең әсем,
Ең сұлуы – өзің!» де.
Демедің бе?
Демесең,
Дәм болмайды сөзіңде.
Сөйлегенде қамықпа
Айтпадым деп ұлы сөз.
Қажет кейде халыққа
Ұлы сөздей жылы сөз!
***

Тентек су
Ерді қалайды
Тынбайды дейміз өлтірмей.
Ішетін ел бар алайда
Араққа бір сөз келтірмей.


Жігіттің жампоз жайсаңы
Жырласа қызып,
Күлмеңдер...
Ішкіштер емес – той сәні,
Той сәні – іше білгендер!
***

УАҚЫТ – МЕЗГІЛ ПЕРНЕСІ
Еңбек дәмін татпаған дәм біліп пе?!
Қалай айтып ұқтырам әңгүдікке!
Айналдырсаң уақытты ащы терге,
Айналмақ тер уақыттай мәңгілікке!
***

Қонбады ма бақыттың құсы келіп,
Қаламымның бара ма күші кеміп?
Іссіз өтсе бір тәулік
Тап сол түні
Ұстаздарым шығады түсіме еніп.


Жақсы жырын аузынан жырып көптің,
Жүрмес жолмен кей кезде жүріп кеппін.
Шұқып-шұқып
Отырған орыныма
Ұялғаннан келеді кіріп кеткім!


Қысыр болса өткен ай,
Алдағы айым,
Жоқтан барға қалайша алданайын!
Батар күннің бетіне қарай алмай,
Теріс қарап кетемін кейде, ағайын!


Мынау заман – бақ-дәулет қонған заман.
Еңбек қана,
Сол – ханың,
Сол – ханзадаң.
Өмірде бұл, о достар, өлгендер мен
Батқан күнге қарыздар болған жаман!
***

Ақиқат па?
Ақиқатқа сене гөр.
Ақиқатсыз майсыз шамдай сөнеді ер.
Өмір бойы өтер ме едім қаталап,
Қайран уақыт,
Қымыз болсаң сен егер.


Еңбегің бе?
Еңбегіңе сене гөр.
Еңбек етпей майсыз шамдай сөнеді ер.
Өмір бойы өтер ме едім аш жүріп,
Қайрат уақыт,
Қазы болсаң сен егер.


Махаббат па?
Махаббатқа сене гөр.
Махаббатсыз майсыз шамдай сөнеді ер.
Тұншығып-ақ өлер ме едім ендігі,
Қайран уақыт,
Ауа болсаң сен егер.


Ажалдың да атқан оғы дарымай,
Алыс-алыс шабар ем-ау арымай!
Күнге кедей Тундрадай,
Мен, әттең,
Өтіп барам, уақыт, саған жарымай!
***

Сәйгүлікке отырып тау аспаймын,
Сұңқарыңның өзімен санаспаймын.
Бұл айтқаным – өз ойым,
Өз пікірім,
Келіспесең,
Келіспе,
Таласпаймын!
***

Ғайып уақыт,
Мен сенен оза алдым ба!
Саған қолы жетпейді ажалдың да.
Қызығына батқанда қыз-жұмыстың,
Жоғаласың зым-зия көз алдымда.


Мейірбанды өзіңнен қас жауым да.
Сенен қорқып қартайды-ау жас жаным да,
Сәл қол үзсем жұмыстан,
Қасапшыдай
Тұрасың да аласың бас жағымда.

ӨЛЕҢ – ӨНЕР ПЕРНЕСІ
Сыпырылсын жалған күлкі, маскалар!
Семсер ажал масканы емес,
Басты алар!
Ертең мынау көк теректер түбінде
Біз болмаймыз,
Табысады басқалар.


Кемеңгерлер,
Жайсаңдар мен қасқалар
Күні жетіп,
Топырағын жастанар
Ертең мынау дастарханның басында
Біз болмаймыз,
Отырады басқалар.


Ешкім де жоқ құқайыңнан жасқанар,
Кеудеңді сен қаға берме,
Масқара!
Ертең мынау өлең-жырдың басында
Біз болмаймыз,
Бағалайды басқалар!
***

О бастан-ақ мен бұған пәс қарадым,
Халық әні емес қой – мастар әні.
Жыр ұялса ұятсыз ақын үшін,
Сол-ақ шығар үлкені масқараның!


Қыран болып қонбасаң қияға бір,
Батқан күндей қызарып ұяңа кір!
Қалай болсаң, олай бол, айналайын,
Ақын болсаң, алдымен ұяла біл.
***

Күрестен түк өнбес,
Қауқарыңды біліп бақ.
Күлкі болғың келмесе,
Өзіңе өзің күліп бақ.


Әділ десең, жөн десең,
Айтқан жерде тұрып бақ.
Таяқ жегің келмесе,
Өзіңді өзің ұрып бақ!


Көрсе мініп шебердің
Кетеді жұрт шошып бір.
Ордасына өнердің аяғыңды шешіп кір.
***

Ажырата алмаса төр мен көрді,
Көрді деу де қиын-ау көргендерді.
Дәл атуды алдым мен мақсат қылып,
Ұстаз қылып алдым мен мергендерді.


Сыбырласып, сырласып текке түнмен,
Сұлу сөздер,
Кетпеңдер бет-бетіңмен!
Пулеметчик сияқты
Өлеңді де
Жатып алып атамын етпетімнен...
***

Айналайын, сөз танитын ер ме едің?
Сөз танысаң,
Қонағым боп төрледің.
Асаудың да асауы бар деуші еді,
Сөзден асқан асауды мен көрмедім.


ӨМІР – ҒҰМЫР ПЕРНЕСІ
Алдап-сулап,
Абайсызда жылыстар
Айла-уақытқа кейде адамның жыны ұстар.
Бір нәрсеге жіпсіз сені байлайды
Желісі бар
Жемісі жоқ жұмыстар.


Жер соқтырып жүргенменен түлкілер,
Жиналмайды өкпе-наздың бұлтын ер.
Ұмыттырып уақыт барын,
Үй барын,
Кетеді алып кейде күміс күлкілер.
***

Біреу, жаңа болсаң да, тоздың дейді.
Біреу, қалып тұрса да, оздым дейді.
Шыдай алмай осыған шыға келсең,
Шыда!
Шыда!
Төзген жөн!
Төзгін! – дейді.


Біреу, тыныш тұрсаң да, қоздың дейді.
Қарашығын
Ағы бұл көздің дейді.
Шыдай алмай осыған шыға келсең,
Шыда!
Шыда!
Төзген жөн!
Төзгін! – дейді.


Төзер едің,
Ойбай-ау!
Еңіретіп,
Алтынды мыс,
Мысыңды темір етіп,
Орманды шоқ,
Шоғыңды көмір етіп,
Өмір өтіп кетпей ме,
Өмір өтіп?
***

Бақыт деген батырдың пырағында,
бұқараның ұранында,
өзіңнің босағаңда
жағылған шырағыңда.


Бақыт деген досыңның табағында,
домбыра шанағында,
жарыңның жанарында,
халықтың қабағында!


Домбыра
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!


Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.


Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын
Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.


Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.


Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру


Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп,
Жасап жатыр анық той.
Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне,
Танып қой!


Қазақ осы:
Дала дейтін,
Күн дейтін.
Қазақ осы:
«Өнер алды – тіл» дейтін.
Қазақ осы:
Қарасың ба,
Ақсың ба,
Қоңырсың ба,
Жатырқауды білмейтін.


Қазақ осы:
Құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы:
Дүние мен малыңды
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.

Мамыр
Адам үшін жұбаныш
Мамыр келді шуақты.
Күннің ішін қуаныш
Кернеп тұрған сияқты.


Ақ арманы көктемнің
Мамыр келді шуақты.
Іздегенін көктен Күн
Жерден тапқан сияқты.


Ала-бөтен сәндігің,
Мамыр-майым шуақты.
Табиғаттың дәл бүгін
Туған күні сияқты.


Әрі сұлу, әрі игі
Мамыр-майым шуақты:
Он бір ұлы бар үйдің
Жалғыз қызы сияқты!


Өз үйің
Өз үйіңде бір сәт тыным таппайсың,
Бірде жуып,
Бірде сырлап,
Ақтайсың.
Өз үйіңе, керек болса, киізсің,
Өз үйіңе, керек болса, тақтайсың.


Үйің үшін түнің адал,
Күн адал.
Өз үйіңде аулақсың сен күнәдан.
Өмір мына түзелмейді,
Оңбайды,
Өз үйіндей көрмей тұрып оны адам!


Бір үзім нан
Жал-жая ма?
Қадірлеген атамыз.
Коньяк па?
Аздап дәмін татамыз.
Бәрін қойып дастарханға,
О тоба!
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз.


Бүгін көңіл семірді ғой,
Семірді!
Бітік егін жауып кетті өңірді.
Бір жүз грамм арақ емес,
Бір кезде
Бір үзім нан алып қалған өмірді.


Студент
Басталмаған қаланың дастаны әлі
Бірінші жыл дала деп жас тамады.
Бірінші жыл ауылы естен кетпей,
Бесінші жыл қимайды астананы.


О жастық-ай, алмайтын өлмей тыным,
Ойын-тойсыз, өмірге көнбейтұғын.
Биге барса баратын бір топ болып,
Жалғыз жүру дегенді білмейтұғын.


Ғашық болсаң түн пана, терек пана,
Сұлу демі – дем емес – шарапхана.
Қызға барсаң кигенің – өзгенікі,
Өзіңдікі – жалғыз-ақ жүрек қана!


Өмір! Өмір! –
Деп жастық ұрандай ма,
Кекіректі кернейді бір ән майда.
Бір жігітке он қонақ мейрам күні,
Он жігітке бір билет трамвайда.


Алматымыз жастықтың бағы іспеттес,
Қаншама гүл сол баққа қоныс тепті.
Бір жігіттің ойында он арманнан,
Он жігітке жалғыз-ақ конспекті.


Тауысса да ақыры нандық пұлды,
Тартпай қойған серілік, сәндік кімді!
Түніменен дуылдап,
Келесі күн
Отырғаны сабақта қалғып-мүлгіп.


Керемет қой,
Қызық қой сезім деген,
Көктемде кім үйден безінбеген!
Он ай бойы масайрап ойнағандар
Емтиханда отыз күн көз ілмеген.


Содан кейін әлгіні ащысынбай,
Жұтып-жұтып жіберіп тұщы судай,
Туған жерге ұзатып тұрғандары
Бірін-бірі
Бір елдің басшысындай!


Он баласы бар ана
Адам жаны өрілмеген таспадан.
Адам – адам.
Ұға ма оны тас надан.
Он баласы бар ананы бүгінде
Он есе сыйлау керек басқадан!


Қызыл шақа сәби үшін егесте
Көрместі де көрдіңіз-ау,
Көбі есте.
Бір он жылға қартайтқанмен,
Әрқайсысы
Он-он жылдан жасартты да емес пе?


Білмесек те дүниенің қысымын,
Шотқа қағып табысы мен түсімін,
Жайалықтан қашқан жандар бір кезде
Жүр қазір де ермек қылып мысығын!


Бесіктегі немерені «Күнім!» деп,
Отырсаңыз сіз теректің түбінде,
Қиынанан қашқан жандар сәбидің
Ит жетектеп қыдырады бүгінде!


Арасында ошақ пенен бесіктің
Айдай кездер өтіпті, рас, есіттім.
Саны қанша енді міне,
Сізді күтіп сағынатын есіктің.


Болашақты білмейді екен еш біліп,
Бар ғұмырын өткізем деп хош қылып.
Бөбек үшін қимағандар кештерін
Баспанаға сыймайды енді кешкілік!


Жортқанменен қалмайды ғой із құмда,
Жүрмеген соң ұлың онда, қыз мұнда.
Қалтасында жүз мың қалмақ біреудің,
Бір мұрагер жоқ бірақ сол жүз мыңға!


Бесік жыры ашады адам мінезін,
Бесік жыры – ең сүйікті әуезім.
Он балаға ана болған адамға
Он бірінші бала болам мен өзім!


Шарап
Шарап, сенде бар жүзімнің ашу, кегі, ызасы.
Саған басын тұрады иіп дастарханның жүз асы.
Жасайсың сен ырду-дырду той-тамаша, сауық кеш,
Сол сауықты өзің және бірінші боп бұзасың.


Мұнша шақар болады деп кім ойлаған жүзімді.
Шарап, сені жеңемін деп талай мықты кіжінді.
Бірақ сен пілдің өзін бірте-бірте өгіз қып,
Үндеместің нағыз өзін жібересің мылжың қып!


Сен көңілді көтересің шынардай ғып, дырдай ғып,
Сен дауысты шығарасың сыбызғы ғып, сырнай ғып.
Сен адамға бермейтіннің бәрін, бәрін бересің,
Содан кейін жібересің бәрінен де жұрдай ғып!


Сені бір түн ішсе бір күн жия алмайды ел есін.
Бір бокалдан жазыласың, бір бокалдан өлесің.
Бейтаныс пен бейтанысты таныстырып болған соң,
Таныстарға тиісесің, бір туғандарды бөлесің!


Сол-ай, сенің тегеурініңе кім шыдады?!
Сеніменен шайқасуға қай қара дәу шығады?!
Сеніменен белдескеннің жоқ әлі бір жыққаны,
Сені жықса, жалғыз ғана белдеспеген жығады!


Әйткенменен, күнде-күнде бола бермес сауық той.
Сауық тойда әзіл-қалжың, ойнап-күлу салық қой.
Ішпейсің бе, сыйлы қонақ? Рахмет!.. Дегенмен,
Екіншісін ішпес үшін біріншісін алып қой!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста