АЛМАТЫ
Жалаңаш жалаулар, ұрда-жық ұрандар,
және де тұмандар,
тұмандар – Күмәндар.
Шаң басқан балағын шәкене Қазақтар,
Ғаламның сиқырын білетін Сығандар.
Кірленген Кіндіктер, ісінген Кеуделер,
Лыпасыз әсемдік көшеде сенделер.
Қиқулы ғаламның, тойымсыз құшақтың
Рахатын мастана жырлайтын Теңгелер.
Қол жайған Бөбектер, иесіз Төбеттер,
Жарқын күн! Бір саған апарар жоқ өткел.
Атақты ақынның көшесі бойында
Бір тілім нан үшін өртенген Өзектер.
Қатыгез қарлы шың, тасбауыр белестер,
Кемеңгер Ойлар мен кемелі жоқ Естер.
Кеңсайда айқайлап жататын Әруақтар,
Кештерде әйнекті қағатын Елестер.
Қаңғырған Бұлақтар, қартайған Емендер,
Еменге асылып өлетін Өлеңдер.
Қайғының шарасын шайқаған Шайырлар,
Шайырлар – Жүректер,
Жүректер – Шемендер...
Жазылмас жараңның тапсам деп бір емін,
Мойныма бұршақ сап Алладан тіледім.
Булыққан төсімде бүлк етіп жатырсың,
Алматым – о, менің жаралы жүрегім.
***
Үңіл маған?!
Кектен мейлі...
Үңілме,
Мен өзіңе тәуелсізбін бүгін де!
Бір жұмбақ қыз сыбызғысын сыңсытып
Отырады жүрегімнің түбінде...
Тыңдашы сен,
Үні дерсің бұлбұлдың,
Мұңы дерсің жастық деген құрғырдың...
Гүл ернінен ұшқан лағыл әуендер
Кысқы кеште ай нұрындай сыңғырлы.
...сол аспанды есіңе алшы түн жапқан,
Тыңдашы сен әуездерді тіл қатқан -
Менің сарсаң сағынышым секілді
және қайғым салмағындай мың батпан...
Тыңдашы сен,
сан бөледі ұйқымды,
(сен де сондай жан едің-ау сүйкімді...)
Тыңдашы сен!
Күймеу,
Сүймеу мүмкін бе
Жүрегімде жүз құбылған сиқырды...
Сол дыбыстар,
сол тағдырлар әр қилы,
У боп тарап шанағымды шарпиды.
Сыбызғышы қыздың балғын демінен
Жасым тамған жусан иісі аңқиды...
Асқақ едім,
Аласардым,
Жеңілдім.
Шайыр едім, шайнап бітті жемір - мұң.
Сол қыз тартқан сыбызғының сазымен
Кетіп барам биін билеп өлімнің...
АНТ
Қайыршы тартқан сыбызғының сырлы сазындағы, Өлең,
Шоқ бұлттың үлпа үкісіне құдыретті қолмен жазылған, Өлең,
Жасынның жүзінен жап-жасыл нұр боп тараған, Өлең,
Ай астында жалы бұрқырап жортқан абадан, Өлең,
Ақ сүті сыздатқан Ана омырауының ырысты үрпісіндегі, Өлең,
Шалықтап жатқан сәбидің жұмақ лебіндей күлкісіндегі, Өлең,
Жұлдыз көзінде,
Бұлақ үнінде,
Жапырақ сыбырындағы, Өлең,
Ару анарында,
Жұпар атқан сұлу бұрымындағы, Өлең,
Жер қазанында,
Аспанның адал уысындағы, Өлең,
Шамырқанған Тәңірдің киелі, тылсым тынысындағы, Өлең,
Тереңде тебіндеп,
Биікте жаратылған, Өлең,
Патша тәжіне саңғыған құстың қанатындағы, Өлең,
Өмірдей ауыр,
Ажалдай асқақ мәңгілік, Өлең,
Жалғызым - Өлең,
Талқыға түскен тағдырым, Өлең,
Мен сені сарай табанына,
Тобыр аяғына тастай алмаспын..!
ҚОШТАСУ
Маңдайыңа қолым бастым, сұп-суық…
Мола жақтың жолын бастым, сұп-суық…
Мен өзіңді іздеп қайта тапқанша,
Сағыныштан арылмаспын сұп-суық.
Мұнарланған айды көрдім, сұп-суық…
Тұманданған ойды көрдім, сұп-суық…
Еркесімін деп жүргенде Тәңірдің,
Тәні мұздай қайғы көрдім сұп-суық.
Асқақ біткен, оқшау өнген өмірден,
Жел мүжіген жалғыз жартас едім мен.
Өзің жайлы жазылатын көп өлең,
Енді менің көз жасыма көмілген.
Табытыңа боздап ерген балаңмын,
Қыр басынан тым қартайып оралдым…
Мен пәниді сүюші едім сен барда,
Бақиды да жат көрмейтін боп алдым.
Қар да түсті қабіріңе, сұп-суық…
Көктем келер тағы бүрлеп… сұп-суық…
Бір бұрқ етіп көзімдегі сөнді күн,
Бұл ғаламның жаны мүлде сұп-суық…
АЛҒАШҚЫ ҚАР НЕМЕСЕ ҚОШТАСУ
Нәп-нәзік алақанда еріген қар,
Тамшылап таусылатын өмір болар.
Жыл өтер, Жын басылар бой билеген,
Сол тамшы жанарыңнан сенің де ағар.
Қоштасу - Қарашаның қарлы кеші,
Біз көндік, Тәңір салды - жарлық осы.
Құшағы аппақ бүрлі аңқау әлем,
Жалқы емен, Жайқын қала... қалды елесі.
Жұмақта өнген талдың бүршігі - өзің,
Көркіңе көз сүземін, күрсінемін.
Қар мынау – алғашқы қар – аспан гүлі,
(сен сондай көркем едің, кірсіз едің)
Сұлулық – алтын тұлым, Күміс қанат,
Кім сүймек, Саусағынан кім ұстамақ?!
Шағылған шаттығыңның ақ маржанын,
Сен шашып жібердің бе уыстап ап;
Жауып тұр... Жердің қара жүзін жабар,
Жел тұрар, кәрі қурай ызың қағар.
Баянсыз менің келте ғұмырымдай,
Ымыртқа сұлбаң сіңіп, ізің қалар.
Қош енді,
Аңғал дәурен барады аунап,
Жанбайды баяғыдай жан алаулап.
Ақырғы маxаббаттың кебініндей,
Алыстан ақпан келед ағараңдап...
Уа, ұлы інкәрліктің балғын кезі,
Жоқпын ба?
Бұ тірлікте бармын ба өзі?!
...Бәрібір сені есіме салар әлі,
Жылаған жоса-жоса қардың көзі.
ТҮҢІЛУ
…Бəрі солай болатынын ұқтырып,
Қаңтар өтті, көзқарасы сұп-суық.
Жалғыз шырақ –
(Жана-жана білтедей)
Бітті үміт.
Ақпан келер – асыққан бір жолаушы,
Сақа – көңіл, түспейсің-ау сен алшы.
Көбелек – қар, көз алдымда көлбемей,
Жоғалшы!
Тұман – жолдар,
Күмəн –жолдар,
Тұл өңір,
Ақын – жүрек, жыла, жыла, жүде бір.
Аққа бояп сен əуре болғанмен,
Кір өмір.
Жауқазын боп құлақтары қалқайған,
Көктем келер, жаның жанып өрт ойдан.
Көктем бе бұл,
Көктемің де көк тиын!
Гүлдің бəрі қартайған.
Тамыр түгіл, тасты ерітіп жылуы,
Сосын тағы жаз келеді бір ұлы…
Мені мұңға шақырады ақшамда,
Шегірткенің шырылы.
Уақыт берген уағдасына сенерміз,
Сенерміз де уатылып, семерміз.
…Бəрі солай болатынын ұқтырып,
Келер күз…
Кеміреді кеудемді бір батыл – əн,
Кемерге ұрған толқынымды сапырам.
«Өмір – жалған!» соны біле тұрсам да,
Қиялмаймын, аһ ұрам...