Мерген ТОҚСАНБАЙ: Шынымен кездескің келе ме? Ұмыта салмайсың о, неге?
БІР ӨЛЕҢ ОҚЫП БЕРЕЙІН...
Бір өлең оқып берейін!
Осы жерге кеп
Анау да сөйлеп кетті ғой,
Мынау да сөйлеп...
Бүлкілдеп алып көмейім,
Көсілерде тек
Анау да «қой»,- деп айтпасын,
Мынау да «қой»,- деп!
Бір өлең оқып берейін,
Тыңдасаңыздар!
Өлең сүйетін Өр Қазақ,
Мың жасаңыздар!
Нөсерлеп өлең төгейін –
Құрғасаңыздар!
Ғашық боп тағы қалады-ау,
Тыңдаса қыздар!
Бір өлең оқып берейін,
Есіріп анық!
Именбей анау ағамның ескертпесінен!
Бір өлең оқып берейін,
Көшіріп алып,
Көшпенділердің ең көне ескерткішінен.
Бір өлең оқып берейін,
Махаббатымдай –
аяулы. Әдемі қызға
айта да алмаған.
Мәреден озып көрейін,
Ақан ақындай!
Құлагер жырды ерттеп бер,
Қайтадан маған!!!
Бір өлең оқып берейін,
Шөлдейтін Әлем!
Ұлылығымды мойындап,
Мақұлдағанша.
Бір өлең оқып берейін –
Өлмейтін Өлең!
(Өзімен бірге сөзі өлген
Ақындар қанша?!)
Бір өлең оқып берейін!
Жастай ұқтырып
мықтылығымды. Төбемнен ауып
Күн қызарғанша.
Бір өлең оқып өлейін,
Қасқайып тұрып!
...үнсіз қалғанша!
***
ҮШ ТҮН БОЛДЫ...
Құлап бара жатамын,
Биіктен.
Қурап бара жатамын,
Күйіктен.
Өліп бара жатамын,
Сау қалмай!
Шөгіп бара жатамын,
Таулардай!
Әлдекімнен қашамын,
Күш салып.
Әлдекімге жатамын,
Ұсталып...
Қарызданып жатамын -
Жұртымдай.
Бауыздалып жатамын,
Жылқымдай!
Еш айырмам болмай қап
Қайыңнан.
Сарғаямын, сор қайнап -
Уайымнан.
Қара шашын жайып сап,
Қайқаңдар,
Бұраң белі майысқақ -
Сайтандар!
Бастырылып, түршігіп
шығам да,
Тіл ұшында тұншығып
дұғам да..!
Біреу келіп тергейді,
Ісімді.
Осындайда көр дейді,
Күшіңді.
Үш түн тусте көргенім -
қысым-ды,
Ғазиз басым төрде еді -
түсірді.
...........................................
Айтпағаным жөн бе еді,
Түсімді?!
***
САҒЫНАМ СЕРІ ҒҰМЫРДЫ
Түнімен тұрған таң асып,
Тобылғы меңді торымен.
Сән-салтанатым жарасып,
Сал-серілердің жолымен,
Сары адырларды бетке алып,
Салқын самалын төске алып.
Ауған бөкендей топталып,
Соңымда қара қос қалып.
Сәрсенбі күні сәскеде,
Қозғалсам, шіркін, орнымнан.
Күнім де қоймас сестене,
Айым да туып оңымнан.
Кес-кестеп жолды көлденең,
Бөденелерім жорғалап.
Беткейдің желі тербеген,
Бетегелерім жол қарап...
Толқытып әнді, тулатсам,
Қара домбырамды күйлетіп.
Қарағайларды шулатсам,
Ақ қайыңдарды билетіп.
Қолпаштап терек-емендер,
Қол соқса әрбір жапырақ.
Мәртебем қалай төмендер?
Гүлін сыйласа топырақ!
Елегізейін несіне,
Жанымды елім ұға алған.
Елік іздейін есіле,
Шұрайлы мына шұбардан.
Сусыным қанбай бұлақтан,
Саумалын көлдің сұратсам.
Ағаштай жаңа бүр атқан,
Ақ нөсеріңе құмартсам.
Осылай өмір кешсем бір.
Қиялым кері бұрылды.
Көшкен дәуренді көксеу бұл,
Сағынып сері ғұмырды.
Тұлпарын мінсем өлеңнің,
Сұңқарын жырдың түлетіп.
Туған топырағым о, менің,
Өтсемші сені жыр етіп...
Өлсемші сені жыр етіп!
***
АҚЫНДАР ЖАТЫР КӨШЕДЕ
Ақындар жатыр көшеде,
Арзан ақшаға сатылып.
Көгермей қалған көсеге,
Тағы бір мұңға батырып.
Ақындар жатыр... көмілген,
Тұншыққан шаңға көп өлең.
Бақыт таппаған өмірден,
Орын таппаған сөреден.
Ақындар! Сендер сезімге,
Лапылдап, лаулап жүз жандың.
Арманы едің кезінде,
Қолы жетпеген қыздардың.
Ақындар, сендер кезінде,
Лапылдап, лаулап жүз жандың.
О, қандай жатсың сезімде,
Аяғы астында қыздардың?!
Қап-қара асфальт үстінде,
Жату да мүмкін мәртебе?!
Есенин жатыр, Пушкин де,
Гейне де, Гете, Данте де!
Мағжан да, Сәкен, Абай да,
Қасым да жатыр көшеде...
Кітап боп маған қарайды,
Көгермей қанша көсеге!
Үйлерде бос қап сөрелер,
Адам жоқ оқып, көрем дер.
Төмендеп кетіп өрелер,
Төмендеп кетті өлеңдер!
***
ЖЕЗӨКШЕ
(Пойызда танысқан жігітің әңгімесі)
Бір ауыр мұң үйір болып басына,
Кімдер келіп, кім кетпеген қасына?!
Қойынымда жылап жатты жезөкше,
Темекінің иісі сіңген шашына.
Жапырақсыз көңілі күздей тұлданған.
(Бір жақсылық күтті ме екен бұл да алдан?)
Жанын айтам аққу құстай жаралы,
Арын қайтем? – Ақ төсектей былғанған.
Көзден ағып өмірге айтар өкпесі,
Ағыл-тегіл жылай-жылай кетті есі.
Қадірінің қашқандығы сияқты,
Жамылғысыз жалаңаш қап бөксесі.
Жылап жатты... Есіне алып өткенді.
Тағдырына, өзіне өзі кектенді.
Бұрын мені қалай сүйсе риясыз,
Бүгін мені тура солай жек көрді.
Осы қызға бұрын қанша гүлді үздім,
Сырымызды жасыратын түн біздің.
Күлімдеген көзі еді ғой жұлдыз мың,
Бүлінбеген кезі еді ғой бұл қыздың.
Қыз еді ғой қылығы бал-шекердей,
Бір жігітті шын бақытты етердей.
Енді бүгін әркім кіріп-шығатын,
Жын жайлаған жалдамалы пәтердей.
Кім кінәлі?
Анасы өліп, ішіп кеткен әке ме?
Ажырасып тынған - сәтсіз неке ме?
Жалақысы жарты айға да жетпейтін,
Кінәлі ме мемлекеттік мекеме?!
Алты күндей зулап өткен алты жыл,
(Арты - өкініш бұл өмірдің алды - зіл!)
Алқаракөк түндер қайда кешегі,
Мен сыйлаған гүлдер қайда алқызыл?
Қап-қара боп солған гүлдер алқызыл,
Танымастай өзгертті оны алты жыл.
Көктемінен қалған жалғыз белгі еді,
Елдің қамын ойлар ма ертең жалғыз ұл?!
...Мен кетерде сұр төсектен түрегеп,
Ол отырған төмен қарап, жүрелеп.
Кенет күлді сақылықтап сайтандай:
«Мен осындай болып кеттім, міне»,– деп.
Сол бір сөзі жанды көктей солғызды,
Қоспасы анық енді қайтіп жол бізді.
Бір-екі мың артық бердім: «шайға», – деп.
Ал сен қалай жұбатар ең ол қызды?!
***
НЕ БОЛЫП КЕТТІ?!
Құм болды ма жігерім?!
Құр болды ма тілегім?!
Кір болды ма жүрегім?!
Түн болдым ба? Күн едім!
Өкініп көрдім - опа жоқ!
Өтірік болдым, шын едім.
Мұң жастандым, шер жұттым,
Ой - орманға түнедім.
Сартап боп кестім, сенделіп,
Саруайымның сүреңін.
Мен кім едім, кім едім?!
Ар-иманы шалқып тұрған құл едім,
Алашыма тартып туған ұл едім!
Қаракөздің түн ұйқысын таптырмас,
Қандыбалақ ұры едім!
Кілең гүлге аға едім,
Кілең дүрге іні едім...
Сүрінгелі күреңім,
Сарғылт тартты іреңім.
Ұсақталдым... Ірі едім!
Енді қайтіп жүремін?
Қайтіп өмір сүремін?
Жүдедім-ау, жүдедім...
Сүлдерімді сүйретіп,
Көрге барып кіремін...
Басқа жол жоқ?!
Білемін!
***
БАХЫТКҮЛ СЕРІКҚЫЗЫ
Қаңғыбас ұлыңды кеше гөр!
Жастыққа мас боп жүр көшеде ол.
Сен сене көрмеші, Мергенді,
Адам болмайды десе егер!
Ренжіме, ұлыңды жеккөрме!
Жаныашыр басқа ешкім жоқ менде.
БАХЫТКҮЛ СЕРІКҚЫЗЫ!!! -
Мен саған осылай айтамын,
Әжемді сағынып кеткенде.
Бахыткүл Серікқызы!
Жанарың неге жас төгеді?
Еңсең де неге ерте шөгеді?
Білемін, жүйкеңді жұқартқан,
Менде де қателік көп еді.
Бахыткүл Серікқызы!
Тарыла бермесін тынысың,
Ештеңе етпейді, құрысын!
Тауыспай кеткен оқу да,
Ұнамай, тастаған жұмысым...
Белшемнен батқан қарыз да,
Үстімнен кеп түскен арыз да.
Басымнан кетпейтін бұл қырсық,
Шашыма жабысқан сағыз ба?!
Бахыткүл Серікқызы!
Іске аспай қойды ғой жоспарым,
Бәйгеден келмей жүр қосқаным.
Азайып кеткелі дұшпаным,
Көбейіп барады достарым.
Берекесіз болып істерім,
Үрейлі неліктен түстерім,
Мойыны қатқан тазыдай,
Түлкі алмай, ауаны тістедім...
Бахыткүл Серікқызы!
Ұлыңды кешіре гөр енді,
Ақылды болады ол енді!;)
Мен саған жазбаппын, ұят-ай,
Қыздарға көп жазған өлеңді.
Бахыткүл Серікқызы!
Үміттен! Көзіңде отты жақ!
Мен түбі тұрамын, көп құлап.
Ақын ғып дүниеге әкелген,
Өзіңе де обал жоқ, бірақ!
***
БИЫЛ БІЗДЕР
Биыл бізге кездесуге жазбапты,
Көктем өтіп, артымызда жаз қапты.
Күз қоштасып құстар салған мұңлы әнмен,
Сағынышымның жапырағын маздатты.
Биыл біздер кездеспедік, әттең-ай,
Аз сөйлесіп, көп сағынған сәттер-ай.
Мені ешкім бұлай ұзақ күтпеген,
Мен де ешкімді аңсамаппын дәп бұлай!
Биыл біздер кездеспедік, не керек?!
(Ол кездесу болар ма ед ең керемет?!)
Мені іздеп келе алмадың сен неге?!
Бәрін тастап мен баруым керек ед?!
Биыл біздер ақ сезімге арбалып,
Мен көзіңе, сен сөзіме таңқалып,
Әтірімнің иісі сіңіп үстіңе,
Ерінімде ерініңнен бал қалып,
Әттең, әттең, бір кездесе алмадық!
Биыл...
Биыл бітсін осы әңгіме.
Өкініштер өткен жылда қалды де!
Жаңа жылда кездесейік! Содан соң
Қоштаспайық мәңгіге!!!
***
ҚЫЗ МОНОЛОГЫ
(Маған ғашық қыздың атынан)
Ағажан!
Мен сіздің өлеңіңізге емес,
Өміріңізге енгім келеді.
Атар таңды бірге көрерімізге,
Сенгім келеді, ағажан!
Сүйемін деуге дәтім жетпейді,
Сол үшін,
Жанарымды оқып, жүрегімді тыңдаңызшы!
Өтінем, аясаңыз егер мені шын,
Түк сезбейтіндей боп тұрмаңызшы!
Ағажан!
Сөзіңіз, көзіңіз, өзіңіз салқынсыз.
Мені жауратып,
Жылата бересіз Сіз неге?
Білесіз бе,
Сізге ұқсағасын,
Ғашық боп алдым күзге де.
Ағажан,
Мен сізді сағынып жүрмін...
Күтумен жүрмін, пайдасыз.
Мен жалғыз мұңға малынып жүрмін,
Сіз кіммен жүрсіз??? Қайдасыз?!
Сізге хат жазып жіберсем бе екен?
(Оқымайсыз ғой бәрібір!)
Туф, сөз таппай осы мүдірсем бе екен?!
Кездесейікші тағы бір...
Ағажан,
Өткендегідей, көктемдегідей,
Мейлі, үндемей тұрсақ та.
Төбем бір көкке жеткендегідей
Қуанайын!
Түсіңізге кіріп, рұқсат па?!
***
СЕН КЕРЕКСІҢ
Маған бүгін сен керексің... ертең де!
Өмірімді күлкіңменен көркемде!
Құстар сайрап қонуы үшін көліме,
Гүлдер жайнап өнуі үшін өлкемде!
Маған бүгін сен керексің, жарығым,
Шаңырағымда шаттық күйін шертерге!
Маған, жаным, сен керексің, түсінші,
Жүрегіңнің кілті қайда? Ұсыншы!
Сен керексің, сен керексің - бірінші,
Саған тартқан қыздар керек - екінші,
Маған тартқан ұлдар керек - үшінші!
Маған, жаным, сен керексің, КЕРЕКСІҢ!
Тәңір берген бақытыма себепшім.
Жатырыңнан батыр болып туады,
Жарты әлемді таңқалдырар көмекшім!
Маған, жаным, сен керексің, ішімде,
Алай-түлей дауыл тұрмас үшін де.
Жалғыздықты сезбеу үшін өңімде,
Жардан құлап өлмеу үшін түсімде!
Маған, жаным, сен керексің, екі елді
құда қылып, қуантуға әкемді.
Аққулардай адал болып жұбына,
Қос дүниеде бұзбау үшін некемді!
Сен керексің, Сенсіз өмір маған - мұң!
Жарығысың мендік түнек ғаламның!
Сен керексің өтеу үшін ақ сүтін,
Алғысын ап анамның!
Маған, жаным, сен керексің! Ал, тыңда!
Сәл еркелеу, сәл бұзықтау қалпыңда!
Жан дүниемнің бақ, байлығы өзіңсің,
Айырбастамас алтынға!!!
Маған, жаным, сен керексің! қаншама,
Қыздың жасы менің үшін тамса да!
Сен керексің! Сен керексің, жарығым,
Басқа дүние керексіз боп қалса да!!!
***
ЕКЕУМІЗ
Екеуміз:
Көшеде кездеспедік, кафеде отырмадық,
Ән болып айтылмадық, жыр болып оқылмадық.
Бақтарда қыдырмадық, қалада қаңғырмадық,
Лаулатып кеш батырмай, атқан жоқ таң нұрланып.
Теппедік алтыбақан, мінбедік қайыққа да,
Сен жайлы жазғам да жоқ күнделік, айыптама!
Қолыңнан ұстағам жоқ, сүйгем жоқ ерініңнен,
Сен тіпті ойламайсың, білемін, мені мүлдем.
Сен мені күткен жоқсың, сен маған «кел» демедің,
Мөп-мөлдір махаббатқа құмартып, шөлдемедің.
Вокзалда күткем де жоқ, шығарып салмадым да,
Үйге де шақырғам жоқ, оңаша қалғанымда...
Армандап болашақты, жоспар да құрыспадық,
Біріміз бірімізді қызғанып ұрыспадық.
Екеуміз үйленбедік, балалы болмадық та,
Ол жайлы көрген жоқпыз ойланып, толғанып та...
Сен мені сағынбадың, мен сені аңсамадым,
Осылай өмір сүрдік қанша жыл, қаншама күн?!
Жайқалсын жанымыздың мәуелі бәйтерегі,
Осының бәрін енді өзгертсек қайтер еді?!
Екеуміз!
***
ЖҮРЕГІМ
Жүрегім ауырады менің:
Жат біреу қорлағаны үшін;
Жазықсыз сорлағаны үшін;
Жанды мұң торлағаны үшін;
Жолымды кесіп кеткен
Опасыз оңбаған үшін;
Жүрегім!
Жүрегім ауырады менің:
Сүйген соң кете алмағаны үшін;
Мұратқа жете алмағаны үшін;
Бақытты бола алмағаны үшін;
Бақытсыз ете алмағаны үшін;
Қайғысыз, қамсыз жүргендей болып,
Жұртты - бір, сені - екі алдағаны үшін;
Жүрегім!
Жүрегім ауырады менің:
Ерте өлген арманына да;
Төзімнің талғанына да;
Сезімнің тоңғанына да;
Кешігіп қалғанына да;
Кешіре салғанына да;
Жүрегім!
Жүрегім ауырады менің!
Бермегеннен соң тілегімді оңай,
Түрмегеннен соң түнегімді арай...
Кеудемнен жұлып тастай салар ем!
Жүрексіз сосын жүремін қалай?!
***
НҮКТЕ
«Керек емес маған ешкім!»
Сенің хатың.
Керек емес маған ешкім!
Өзім де сол... керексізбін.
Ертегіміз сәл көңілсіз
аяқталды демек біздің.
Суығын-ай қара кештің,
Салқынын-ай сөздеріңнің.
Түк етпейді! Мен Арқаның
аязына төзген ұлмын!
Қарағайға қарап өстім –
Өңін бермес қысы-жазы!
Тек жүрегім ауыр-ауыр
кей сөздерден ұшынады...
Тозып біткен таға емеспін!
Жұқарғанмен жүйкем аздап.
Мұз боп суып жек көреалман!
Себебі Мен сүйгем – маздап!
Бәрін ұқтым, бала емеспін!
Білем, бәрі бітті осымен.
Сен бастаған бұл өлеңнің,
Қоя салам нүктесін Мен!
***
ТҮНМЕН ТІЛДЕСУ...
Әр таңды көз ілмей қарсы алу – әдетім.
Есікке телмірем кірердей әлдекім.
Бүгін де күтемін...
Ол бәлкім кеп қалар?
Кідірші сәлге, түн.
Түн, неге асықтың?
Тыңдашы,
Ол қазір келеді сыңғырлап сырғасы.
Ол сенің егізің сияқты жарасқан.
Қастары – қара орман,
Шаштары – қара аспан.
Айнадай айдыннан көрінген Ай сынды
Әдемі сұлбасы.
Мен оған...
Мен оған ғашықпын бұрыннан,
Бағымды қоса өрген бұрымнан
Тарқатып ала алмас ешкім де.
Е-ех, оны ұмыту кеш мүлде.
Ұмыту?
Ақымақ десе де ел мейлі,
Оллаһи ұмытқым келмейді.
Тіптен-ақ болмасын жарым да,
Мен өмір сүргім келеді
Сол жанның жалғанда барында.
Түн, сен оны көрсең ғой...
Күтсеңші, берейін сый-ақы,
Ол сенің егізің сияқты.
Ол барлық қыздардан әдемі!
Көздері – көк жұлдыз,
Жамалы – Ай,
Еріні – еріген құлпынай, ал демі –
Жеткізген жүз гүлдің жұпарын –
Самалдай.
Ол келсе тек түнде келеді.
Түн, Патшалық құра тұр тағы аздап.
Келеді ол – жанары жәудіреп,
жүрегі елжіреп...
... Сағыныш әтірін бір бүркіп қағазға ақ,
Аспанмен хат жазып жібергем, өткенде
«келші», – деп.
Күтейік тағы аздап.
* * *
Саған бір өлең жазғым кеп тұрады,
Бір өкініш ішімді от қылады.
Саған келіп байланса екен деймін,
Қаңғыбас мынау басым - жоқ тұрағы!
Саған кейде бір өлең жазсам деймін,
Ағыл-тегіл сырымды ашсам деймін.
Әппақ, нәзік, тәніңді қысып, құшып,
Бауырыма бассам деймін!
Саған ұятсыз сөздерді түнде айтқым кеп,
Ренжіткім кеп, әдейі мұңайтқым кеп...
Сосын қайта кешірім сұрағым кеп,
Гүлдер сыйлап тек саған ұнайтын көп!
Сені кейде өшіріп тастағым кеп,
Бұл сезім де өткінші - қас қағым деп!
Сенсіз де өмір өтті ғой...
Сенсіз қайта өмірді бастағым кеп!
Сені...
Өшіріп тастағым кеп...!!!
Сосын сені... сағынып, ойлап, аңсап,
Бірге өткізген оралып ойға бал шақ.
Жалғыздығым ғасырдай көрінеді -
Қара түнде өзіңсіз қайғы алар сәт!
Саған барып... жабысып ерініңе...
Дақ түсіріп е, мейлі сеніміңе...
Бүлдіргім кеп тағы да бірдеңені,
Құмар көңіл тағы іздеп сені, міне!
Дәл осындай, ботам-ай, бүгін хәлім,
Ғашықпын-ау мен саған - ұғынғаным!
Саған барсам: тып-тыныш қайтамын ғой,
Жасай алмай, айта алмай мұның бәрін...
***
АДАСУ
Сен жазған хаттардан соң...
Сен жалғыз жатқаннан соң...
Көңілсіз шақ болған соң,
Мен түнде жетіп бардым!
Сен сонда ойладың не?
Қобалжи қойғаның не?
Сенімді жойғаның не?
Ей-й, саған не ғып... бардым?!
Бұл ессіз ақын ғой деп,
Тигелі жатыр ғой деп,
Жыртады ақыр көйлек,
Деп жаман ойладың ба?
Нәпсісі тұрар бүрлеп,
Басады құмарды тек,
Білемін бұларды деп,
Көңліңді лайладың ба?!
Керемет сезім кешіп,
Күлесің қазір десіп,
Қалжыңдап әзілдесіп,
Алдардай алдайды деп,
Жан соған елең етіп,
Сыбырлап өлең оқып,
Сиқырлы, әдемі етіп,
Алаудай арбайды деп.
Жымиып, күліп сөйлеп,
Атар таң жуық қой деп,
Пәтерің суық қой деп,
Жаныма жатады деп.
Алаулап, күйеді деп,
Аймалап, сүйеді деп,
Батады сүйегі деп,
Балымнан татады деп...
Сен сол ойладың ғой?
Мен бірақ, үйге сыймай,
Жабыққан күйде солай,
Досым деп кейде осылай,
Түн демей жетіп барам.
Шығарып масқарасын,
Ол есік ашпағасын,
Тиген соң тасқа басым,
Үндемей кетіп қалам...
***
СУРЕТШІ ҚЫЗДЫҢ ЕКІ СУРЕТІ
СУРЕТШІ ҚЫЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ СУРЕТІ
Ни куда не отпущу,
Ни кому не отдам!
Суреттің төменгі жағындағы
қыздың қолтаңбасы...
Ол салған суретте:
Ақ балтыр қайыңның
Жап-жасыл жапырақ сезімі көктеген.
Арманның ақ құсы айдынның
арасын жалғайды көкпенен.
Ақ ұлпа ақша бұлт
Аспанда ериді еппенен.
Жүректер жалыны жанарда жақса үміт,
Қос ғашық құшағы айқасып,
Мұнартқан мұратқа беттеген.
Олардың бақытын жыр етіп,
Тобылғы ішінен бозторғай пыр етіп
Ұшып ед... әуеде ілініп қалды да...
Әдемі бір әнін әлемге гүл етіп,
Әдейі,
Жоқ әлде абайсыз төгіп ол алды ма?
Әп-сәтте,
Ән болып төгілген гүлді кеп
Құшақтап, сүюде ақ қанат көбелек.
қып-қызыл қыз ерін шиелер
қызғанып тұр әне үлбіреп.
Ал, анау бұлақта дәу де осы,
Мөп-мөлдір махаббат тұнып тұр.
Көзіңе шағылып ойнайды сәулесі,
Күн – сұлу қараса күліп бір.
Ал, одан әрірек,
Еңселі еменнің
Қолына қонақтап,
Сайраған бұлбұлдың әуенін
Тылсым күш жеткізіп тұрғандай құлаққа.
Осы бір көрініс
Ашылған терезе сияқты Жұмаққа.
...Солардың ішінде бір қызбен бір жігіт,
Соқпақ жолменен келеді бір жүріп.
Мұнартқан мұратқа беттеген екеудің
Жолдары айырылып екіге,
Үміті кетпесін үзіліп...
***
СУРЕТШІ ҚЫЗДЫҢ АҚЫРҒЫ СУРЕТІ
... Жизнь – это не те дни,
что прошли,
а те дни что запомнились...
Суреттің төменгі жағындағы
қыздың қолтаңбасы
Ол салған суретте:
Ақ балтыр қайыңға
Сап-сары сағыныш бояуын жұқтырып,
Күз келген.
Қара көк толқынды уайымға
Арманның ақ құсы
Қайтадан қонбасын ұқтырып...
Жылатып тым жиі аспанды,
Сұп-сұры бұлттардан сұп-суық жас тамды,
Жүректің жалынын өшіріп.
Жалғыз-ақ Жел жүрер сезімге – түкіріп,
Еліріп, есіріп, құтырып...
Тобылғы ішінен пыр етіп көкке ұшып,
Әнін де айтпайды бозторғай.
Көбелек қонуды қойған соң
Гүлдер де кетті үсіп.
Құстардың базарын тарқатып,
Тұр әне қаңырап бос тоғай...
Күн ойнап бұлақтың көзінде,
Сыңғырлап күлмейді қыз құсап.
Жылайды ол...
Оныңда еңсесін езді ме?
Сұмырай – күзгі шақ.
Осы бір суреттің ішінде,
Мұңлылау, жабырқау пішінде.
Бір қыз тұр сағынып ғашығын...
Кім біледі, ол мүмкін келеді,
Түсінде...
25.11.2010 жыл
***
ТУҒАН КҮНІҢДЕ
Сен бүгін тойлайсың туған күніңді...
Қасыңда құрбың бар – бұрынғы, жігітің – бүгінгі.
Иа, олар бақыт пен шаттықты тілеумен
Байқамай оятып алады мұңыңды.
Оларға өп-өтірік күлесің, жанарың жүдеулі,
Есіктен күтесің біреуді.
Жаңағы мұң келіп қонады қабаққа,
Түн сайын үйренген осылай түнеуді.
Досың көп...
Кім арам? Кім адал? Тауып ал!
Осында бәрі де: ішкені, сауы бар;
Есіріп билейді содан соң барлығы,
Ал, сенің жүрегің ауырар.
Сәлден соң
Жігітің вальске шақырар құлшынып.
Орныңнан тұрасың Мұңыңа қырсығып!
Мен, біреуді сағынып жазған сол әнге,
Билейсің, билейсің күрсініп...
Бір кіріп, шығады бір есің...
Күтесің...
Келмеймін...
Білесің...
Шалқыған шаттықтың ішінде,
Мөп-мөлдір мұң болып жүресің.
Естімей ендігі айтылар тостарды,
Көзіңе – жас тұнып, бокалың – бос қалды.
Солқылдап, солқылдап жыларсың, жыларсың
Шығарып салған соң достарды...
Шаршайсың. Доғарып өп-өтірік күлуді,
Аңсайсың жылуды.
...Бір түнің бір жылға есейтті.
Ешкімді күтпейсің... есігің ішінен ілулі.
13:57/11.05.2011 жыл
***
Өңімде – жалғызбын...
Өлеңде – сағыныш, сезім мен үміт бар;
Түсімде – Сен барсың...
жібітер жан мұзын
Сендік пәк, періште қылықтар.
Өзіңнен адасқан уақытым – өңім бұл.
Өксігін баса алмай өкінген – өлеңім.
Аққудың баласы сияқты көгілдір
Тәп-тәттім, Мен Сені түсімде көремін!
Түсімде:
Шаштарың иықтан төгілген...
От демің бойымды балқытты-ау!
Түсінші!
Өзіңді сағынған өлең мен
Өзіңсіз өтетін өмірден
Өзіңмен табысқан түстерім артықтау!
Өлеңде:
Тағы да сен жайлы ойларға таңылам.
Көркемім, сен жоқта қоңыр күз әлемім.
Мен сені осылай, осылай сағынам!
Әдемім!
Түсімде:
Сен – Аққу, Мен – Айдын шығармын.
Қонасың..! Толқыным аймалар төсіңді...
Астында ақ көрпе – тұманның
Тауып ап бағымды,
Жоғалтып аламын есімді...
Оянсам –
Сені іздеп сыңарсыз жүрермін...
Санамды сығымдап мың түрлі ой.
Өңімде кездесіп,
Шырынын татырсын гүл ернің,
Әйтпесе, оянбай қалуым мүмкін ғой...
05.04.2012 жыл
***
ЕСЕРЛІК ПЕН БЕКЕРЛІК
(диптих)
1
Терек түбі. Ескі орындық. Бәрі тын.
Қыз қаланы құшағына ап кәрі Түн.
Ай толқынды сәулесімен сүйгенде,
Көл – көңілдің тыңдап үнсіз ағысын...
Күтем сені... келеді деп ырымдап.
Күлкіңменен кеудемдегі мұңымды ап,
Сен келерсің жібек самал оранып,
Жанарыңда жұлдыз біткен жымыңдап.
Күзгі түнгі жапырақтай дірілдеп,
Үздігулі құлағыма үнің кеп:
«Сендікпін», – деп құшағыма енгенде,
Жүректегі өлген сезім тірілмек.
Жасыл шөптен жайып тастап көрпеше...
Қан қысымым көтеріліп төрт есе.
Алақанды аймалаған алқынып,
Оттай ыстық омырауың өртесе.
Ерініңдегі шиелерден үзіп ап,
Тамсанатын тәтті сәттер – қызық-ақ.
Сен кетерсің апақ-сапақ мезгілде,
Жон арқамда тырнағыңның ізі қап.
2
Терек түбі. Ескі орындық. Тыныштық.
Тағы отырмын көл самалын тыныс қып.
Қала да сол Түн қойынында... ұйқысыз,
Ай да көктен шашып отыр күміс түк.
Толқын да сол... көңілімдей мазасыз,
Жұлдыз ақты. Тұтпады оны аза Түз.
Жан жаурады жалғыздықтан сірә да?
Бірақ қазір ауа – суық, дала – сыз.
Көзімдегі көл – мұңымды шайқаған,
Қамыс жақта езуеурейді сайтан ән.
Жолға қарап сені күтіп отырмын,
Келмесіңді білсем дағы қайтадан.
Жолға қарап... көз талдырам неге Мен?
Сен жоқсың ғой... Ешкім де жоқ! Өлі әлем.
У жұтар ем ойланбастан тап қазір,
Жан жарама осы болса егер ем.
Бейбақ басқа қайта қонбай Қызыр – Бақ,
Тағы қанша түндер түсім бұзылмақ?
Сені... бәрін баяғыда ұмытқам,
Тек жүректе тырнағыңның ізі қап...
***
ТҮНГІ КӨКШЕТАУ
ТҮНГІ КӨКШЕТАУ – арманым менің маздаған.
Көркіңді көріп көңілім тасып мәз болам!
Мен талай бұрын көрсем де сұлулығыңды,
Мен қалай өлең жазбағам?
ТҮНГІ КӨКШЕТАУ – Аспандай әсем қарашы!
ТҮНГІ КӨКШЕТАУ – Мергеннің ғашық қаласы!
Шам жарығымен жалғанып жатқан сияқты,
Аспан мен жердің арасы!
ТҮНГІ КӨКШЕТАУ, самалың тарап кекілді,
ТҮНГІ КӨКШЕТАУ, салқының сүйсін бетімді.
Көшелеріңе жұлдыздар жауып түнімен,
Сөне алмай жатқан секілді.
ТҮНГІ КӨКШЕТАУ, әрбір сәулеңнен гүл өнсін!
Қадірін оның көзіңмен көрсең білерсің.
Бұрымды қызбен Бұқпаның шығып басына,
Таң атпасын деп тілерсің!
15.04.2013 жыл.
** *
Саған баратын жол жоқ қой енді, жол жоқ қой,
Қайтейін, жаным, ерніңе сенің шөлдетті ой.
Бұл өмір деген ойын емес қой, ботам-ай,
Бәрін басынан бастай салатын оп-оңай!
Бәрін басынан бастай алмаймыз, не етеміз?
Қай жерден кетті, білмеймін, біздің қатеміз?
Өкініп қалдым, опынып қалдым мен неге?
Жалғыз ұлыңмен отырып қалдың сен неге?
Жылайсың жалғыз суық төсекке құлап кеп,
Жалғыз ұлыңа «тек жалғыз қызды ұнат»,-деп,
ақыл айтарсың, «жылатпасын деп басқаны,
бір қызды сүйіп ұнатпасын деп басқаны...»
әкесі оның ұнатып еді тастады,
әкесі оның жылатып сені тастады...
жаның ашымай шыдарсың қалай мұндайға?
Бағың ашылмай... е, бұдан ауыр мұң қайда?!
Ерке қыз едің көтермеді ме назыңды,
Сағынып жүрсің көктемдеріңді, жазыңды.
Мұңайып жүрсің өткеніңді өмір қайтармай,
Қиналып жүрмін жұбатар түк те айта алмай...
05:35/11.03.3013 жыл
***
МЕН КЕЛДІМ...
Мен келдім тағыда алдыңа,
Көктем боп күлімдеп дидарым.
Сен мені сағынып қалдың ба?
Ұмытып қалдың ба?! Беймәлім...
Мінекей, Сен тұрсың алдымда,
Көктем боп күлімдеп дидарың.
Қып-қызыл жүректі ал, мына!
Қып-қызыл раушын ғып сыйладым!
Мен Сенен кеткелі... қаншама
Күнтізбе парағы жыртылды?
Келдім ғой... қанатым талса да,
Еске алып бал шақты былтырғы!
Қанша ай көрмедің? Ал, сана!
Қанша ай көзіңде мұң тұрды?
Кәнекей, қуаншы ән сала,
Ұмытып өкепеңді былтырғы!
Мен келдім Сен үшін ақын боп,
Өлеңмен жолыңа гүл себер!
Махаббат, сенде алар ақым көп,
Әй, бірақ, мұныма кім сенер?!
Жанқалқа, сезімді жақ үрлеп,
Лаулауға, маздауға мұрша бер!
Ерніммен сүйіп көр жақын кеп,
Көздерің сене алмай тұрса егер!
***
Ұп-ұзақ түн өтті-ау, қамығып.
Қып-қысқа сарғайған таң – үміт.
Шоп-шолақ түсімнің иесі
өзіңді,
Оп-оңай ұмытпай, сағынып,
Там-тұмдап сабырдан арылып,
Ап-ауыр бір ойға малынып.
Шап-шағын бөлмеме сия алмай,
Үп-үлкен әлемнен сені іздеп,
сабылып...
Жап-жарық жалғанды түрлентіп,
Жап-жасыл Бағымды бүрлетіп.
Көкпеңбек көктемгі жусанның,
Жеп-жеңіл жұпарын үрлетіп.
Тап-таза көңілмен – ұдайы жас,
Біп-биік еңсем бар – мұңаймас!
Ес-түссіз жүрегім
сезімге
шіп-шикі мас бүгін, удай мас.
Тұп-тұлдыр төзімсіз қалып Мен,
Дәп-дәл сол елгезек қалыппен.
Тұп-тура жаныңа жетсем ғой,
Жып-жылдам! Жарысып жарықпен!
Қым-қиғаш жолдардан бүкіл көп,
Аман-сау жеткенге шүкір деп.
Жұп-жұқа көйлектің астында,
Нәп-нәзік Жүрегің лүпілдеп.
Тұп-тұнық жүзіңнен Ай көріп,
Жап-жарқын күлкіңде қайғы өліп.
Сұп-суық Тағдырым тоңдырса,
Жып-жылы құшағың жай келіп.
Қап-қалың шашыңды тарқатып,
Қып-қызыл ерініңнен бал татып.
Қап-қара түн өтіп қойныңда,
Аппақ боп қасыңда таң да атып.
Тәп-тәтті қылығың ұнап қап,
Мөп-мөлдір көзіңе құлап қап.
Жап-жақын жүргенде қуансам,
Ап-алыс кеткенде жылап қап.
***
ХАТ ЖАЗБАШЫ
Сендегі ең іңкәр сезіммен,
Хаттарың сүйеді көзімнен.
Хат жазып шығасың түнімен,
Сағынып жүрсің бе шынымен?
Шынымен кездескің келе ме?
Ұмыта салмайсың о, неге?
Біз деген қос көздің жасымыз,
Әйтеуір қосылмас басымыз...
Құдай үшін,
Сен маған хат жаза бермеші,
Сезімді өлтірші, жерлеші!
Сен мені шақырма, бармаймын!
Мен сені шақырсам – келмеші!
Сен мені сағынба, аңсама!
Қарашы, мендейлер қаншама!
Ұмыта салуға бекігем,
Сен дағы ұмытшы, өтінем!
Күнәлі болмайық Құдайға,
Осыған жүрегің шыдай ма?!
Хат жазба! Неге деп сұрама!
Қош енді, жылама! Жылама...
***
Тек сенің жанарың оқысын,
Ешкімге көрсетпе сен енді.
Көзіңнің ойнақы оты үшін,
Өмірге келген өлеңді.
О, сендік мойылдай қарашық,
Нұрынан өлеңім гүлдесін.
Өлеңге бір күліп қарашы,
Мұңайып қалып ол жүрмесін!
Бүгінгі жүрекпен жазғанға,
Иа, ертең жанарың ие ғой.
Өлеңге сәбидей мәз бол да,
Көзіңмен сүйе ғой, сүйе ой!
Ешкімге оқыма дауыстап,
Жұрт жаттап алмасын жиылып.
Кеткенде арамыз алыстап,
Оңаша оқырсың, жымиып.
Сен оны жасыршы.
Салсаңда
Түпсіз көзіңнің түбіне.
Е, мейлі жаттап алсаң да,
Бір оқып шыға сал күніне!
Сүйсініп, сүйініп оқышы,
Көзіңнің нұрына бөлендір.
Көзіңнің ойнақы оты үшін,
Өмірге келген өлең бұл.
Құрбың да оқымай,
Оқымай жігітің,
Кішкентай құпия боп қалсын.
О, сосын ғашық боп... күні-түн,
О, бәлкім сен мені жоқтарсың?
Осылай мен аздап мұңайдым,
Жүрекке шоқ түсіп жаңа бір.
Мен сенсіз өмірге шыдаймын,
Өлеңге көз қырын сала жүр.
Ішіне бір тамшы түн құйып,
Шабытпен жаратқан Алла шын.
Мөп-мөлдір, тұп-тұнық, тұңғиық,
Көзіңді
Өлеңім сағынып қалмасын!
***
КЕЛІП АП АСТАНАҒА
Келіп ап Астанаға, үндемедім.
Керегім бола қойсын кімге менің?!
Бір-екі досым ғана келіп кетті,
Бір-екі ағам: маған жолық,- депті.
Жайын сұрап құдаша - ерке қыздың,
Бір-екі шайын іштім жеңгеміздің.
Бір ай болды мен жаққа қадам баспай,
Бір-екі інім жатыр хабарласпай?!.
Қиғаш біткен қастарын күліп, керіп,
Бір-екі қыз хат жазды үміттеніп...
Бір-екі рет телефон шырылдады,
Белгісіз бір нөмірлер мұның бәрі.
Бір қыз маған сөйтуші ед бұрындары,
(Бұл жолы жүрек сен деп ырымдады.)
Бір-екі түс көріп ем сен туралы,
Жори алмай жүрегім толқуда әлі.
Сені ойлаумен о қанша күн өтіп ед,
Сені аңсаумен о қанша түн өтіп ед,
Сені көрсем жан дүнием күлетін ед,
Кездесу керек тағы... бір-екі рет!
***
Мен ертең кететін шығармын
Қаладан,
Мұңнан да жанымды талаған.
Жоғалып осы бір мекеннен,
Табылмай осы бір арадан.
Мен ертең кететін шығармын,
Ауылға,
Жететін шығармын бауырға.
Адасып кетпесем тұманда,
Тап келіп қалмасам дауылға.
Мен ертең көшетін шығармын
Қайтадан.
Бөлінген рудай боп тайпадан.
Шаңырақ сияқты бақ тайған -
Қайғы мен қасірет шайқаған.
Мен ертең өшетін шығармын
Есіңнен.
Сезімдей жалғыз сәт кешірген.
Алатау басына қона алмай,
Тайсақтап өте алмай Есілден.
Мен ертең өтетін шығармын
Өмірден.
Мүрде боп кәдімгі көмілген.
Немесе балбалға айналам,
Жауын мен жегі жел кемірген.
Мен ертең ауатын шығармын
Бұлттардай.
Ең соңғы әнім де шырқалмай.
Тарихтың шаңына көмілем,
Жоғалған, жұтаған жұрттардай.
Сен ертең күтпейтін шығарсың
Хатымды.
Ұмыт боп кездесу ақырғы...
Тек бір күн оянып кетерсің,
Қайталап жатып атымды...
***
ҚАР ЖАУҒАН ТҮН
Мынау қардың тазасын-ай, аппағы-ай!
Тұра тұршы, лас табандар, таптамай!
Ақ көйлекті қалыңдықтай, кәдімгі,
Әп-әдемі бақтар-ай!
Осындай да
Аяқ-қолды тоңдырып,
Алып-ұшып кеудеңдегі соңғы үміт.
Алматының аруымен қыдырсаң,
Әр ұлпаны кірпігіне қондырып.
Аппақ қылып, аппақ кылып алапты,
Әрбіреуі ғажайып нұр таратты.
Аспан жақтан түсіп жатыр, би билеп,
Кіп-кішкентай періштелер қанатты!
Билеп, билеп, билеп жерге қонады...
Жүріп келем... Таусылған жоқ жол әлі!
Жүрегімде Алматының жылуы,
Көңілімде Көкшетаудың бораны!
Қарға ғашық болып көрген мұнша кім?
(Күнде осылай керемет боп тұрса Түн!)
Әкем алыс, қар күретіп қояр еді,
Шешем де алыс "үйге кір",- деп ұрсатын!
Бойындағы кісілікті қаза ғып,
Белден батқан былығына, сазарып,
Адамдардан шаршап жүргем және де
Аңсап жүргем Сені, қайран Тазалық!
Арманымды орындатқан бұл түн-ай!
Әне, бір қыз келеді, еріні - құлпынай.
Қуанышты кеудемдегі бөлісіп,
Ұстап алып, жуындырсам, шіркін-ай!
***
СЕНІ ӨМІРДЕЙ СҮЙЕМІН
Сағынбайды дейсің бе, сол көктемді?
Оралатын өткенге жол жоқ па енді?!
Жаным, қашан қоясың жанды қинап,
Мөлдіріне сезімнің шөлдеткенді?!.
Ойламайды дейсің бе? Ойлаймын ғой!
Жан жүдетіп барады қоймай мұңды ой.
Жердің жүзін жүз мәрте жүріп өтіп,
Саған ғана бармайтын жолдаймын ғой.
Өкінбейді дейсің бе?
Өкінемін...
Тас кептеліп қалғандай көкірегім.
Басқа жанды бақытты еткім келеді,
Естен шығып, түске енбе, өтінемін!
Іздемеді дейсің бе? Іздегенмін...
Үмітті үрлеп, күдерім үзбегенмін.
Сені ойлаумен басқаны құшып жүрдім,
Саған, әттең, жетпейді қыз дегенің!
Қырсығамыз, бірге айтпай үміт әнін.
Кім ұтылып, білмеймін, кім ұтарын?!
Сені өмірдей сүйсем де, өлген күні,
Ұмытпайды дейсің бе?
Ұмытамын!
***
КЕШІРМЕ
Маған деген сағыныштың отымен,
Мен сүйетін әнді айтып бер, өтінем,
Гитараңның пернелерін жылатып.
Қоштасарда: "Келемін",- деп кетіп ем,
Соным үшін - өкінемін... Өкінем!
Қалдым кеше басқа қызды ұнатып...
Бәріне мен кінәлімін, кешірме!
Жек көріп кет, хаттарымды өшір де!
Басқа жігіт жолығады шын адал.
Ғашық болып Алматының кешіне,
Бірге жүрген сәттер түссе есіңе,
Оңашада жылап алсаң, жылап ал.
Енді мені ұмыта сал, ақылдым,
Мен осындай "иттігі" көп ақынмын,
Жан жылатып, жүрегіңді жүдеткен.
Басыңды да бекер сенің қатырдым...
Саған тағы өлең жазып жатырмын,
Саған енді ғашық емес жүрекпен...
Жүрегіңде сағынышың бүр атып,
Тілегің де бір мейірім сұратып,
Жалынышты жанарларың мөлдіреп,
Арманыңды Алатаудан құлатып,
Гитараңның пернелерін жылатып,
Мен сүйетін әнді айтып бер, соңғы рет...
Сосын хабарласпайық!
***
ІҢКӘРІМ
«Келші», – деп шақырмадың,
Көргің де келмеген шығар?
Мен салған жараның ақыр бәрін,
Басқа жан емдеген шығар?!
«Мен сені сағындым», – деп ем,
Жүрегің сенбеген шығар?
Жетім де жалғыз жаным – мұңды өлең,
Сүйген соң – өлмеген шығар...
Сүймесе, өмір де өлімдей,
Сүйгенім – ең әйбәт бақыт.
Дірілдеп еріндеріңдей,
Толқимын сені ойлап жатып.
Құмарлық өкіндіре ме?
Барғым кеп кімдерге тағы?
Мен жалғыз отырмын, міне,
Жұбымен жүргенде бәрі.
Іздеумен, білмеймін, кімді,
Қаңғырып қалада мына.
Көңілім күндей тұтылды,
Қол жетпей қалағаныма.
Үйіме кеш келем жүріп,
Кезікпей алдан арманым.
Жүректе – өшпеген үміт,
Басымда – жанбаған бағым.
Іңкәрім,
Жалғыздық жастанып тағы,
Жүргенім жарамас олай.
Әдемі басталып бәрі,
Аяқсыз қала ма солай?!
Қайтарам бал шақты қалай?
Қажытты тым алыс кезің...
Аңсатты-ау, аңсатты талай,
«Кел» деген бір ауыз сөзің!
***
БІР ҚЫЗҒА ХАТ
Сол сұлу қыз мені алдады,
Мен аңғал ем... сенгіш ем...
Сосын мен де кек алғалы
Сені алдадым! Енді ше?
Ақымақтық қой. Түсінемін.
Кешіре салшы. Нең кетеді???
Мен кірмеймін түсіне оның,
Түсіме енбеші сен де тек!
Сен де сөйтіп алдадың ғой,
Біреулерді... өзіңді...
Қайта табу арманың ғой,
Алдай алмас кезіңді.
Өтірікті үйренбеуші ем,
Сол қыз мені бүлдірген.
Ол да мені сүйген деуші ем,
Сүймепті ғой... Кім білген?!
Алдады ол қыз, алдаса да,
Сен емес, сол ұнайды.
Аңсап, іздеп анда-санда,
Жүрек үнсіз жылайды.
Білесің бе? Қызға бола
Досты алдаған түндер бар...
Елді алдаған біз ғана ма?
Күнәдан пәк кімдер, ал?
Әлі алдаймын. Аруларға,
Өтірігім ұнайды.
Содан жанға дәру бар ма?
Алдай алмаймыз Құдайды...
***
СЕН КЕТКЕН СОҢ...
«Мен біреуді сағынамын,
Сағынамын әлі де...
...Соны іздеп кетсем бе екен,
Қолды сілтеп бәріне!»
(бұрынғы әнімнен)
Cені іздеп кетіп едім,
Қолды сілтеп бәріне.
Көңілімнің жетігенін,
Зар жылатты тағы не?!
Аңғал, аңқау баладай боп,
Сенгем арман әніме.
«Бәрі бізде болады-ай, – деп,
Болады-ай, – деп, әлі де...»
Бақыт таппай басқа ешкімнен,
Жұп бола алмай қосылып.
Сенсіз қалған, баз кештім Мен,
Тағдырымнан шошынып.
Саған арнап кешке салған,
Әнім елге жатталып.
Жаным сүйген Көкшетаудан,
Алматыға аттанып...
Өзің үшін кеткенімді,
Өзім жақсы білемін.
Сені... сосын көктемімді,
Неге аңсайды жүрегім?!
Жатақхана дәлізіндей,
Қыз қаптаған өмірім...
Болмаған соң дәл өзіңдей,
Қалған әбден көңілім!
Сен кеткен соң Алматыға,
Мен де кеттім! Сен үшін!
Қаңғып қайда бармадым, ә?
Тозғанынша кебісім?!
Таба алмадым... Қайдан табам?
Алматы үлкен екен ғой.
«Табамын», – деп жайраңдаған,
Менікі де бекер ғой...
Аңғал, аңқау баладай боп,
Сеніп арман әніме.
«Бәрі бізде болады-ай, – деп,
Болады-ай, – деп, әлі де...»
Бекер айтқам, алда ¬– тұман.
Артым боран – жоғалдым...
Арман болған Алматыдан,
Көкшетауға оралдым...
Жердегіні көктен іздеп,
Бекер, бекер қаңғырғам!
Ол да мендей көктем іздеп,
Шыға келді алдымнан!
Енді менде мұң қала ма?!
Кел, шаттықты құтты өлең!!!
Қашан келген бұл қалаға???
Неге осында күтпегем???
Шашып гүлдей жұпарыңды,
Мас қып мені жүр демей.
Сыйға тартып кітабымды,
Кетіп қалдым... үндемей.
***
ӨЗІМДІ ІЗДЕУ...
Өзімді таба алмай жүрмін бе?
Өзімді жоғалтып алдым ба?
Өзгерді барлығы бір күнде,
Өзгерді көзімнің алдында...
Десем де бәріне үйренгем,
Кетіп жүр әр кімге күнде есем.
Не пайда өмірді сүйгеннен,
Өмірді сүруді білмесем?!
Қайда деп бақытты шақтарым,
Сұрадым, тіледім, Һақтан мың.
Күнделіктерімді ақтардым –
Өзімді іздедім... таппадым!
Ағадан көңілім қалған мың,
Ініден үмітті үзгенмін.
Досыма сеніп ем – алдандым,
(«ДОС ЖОҚ», – деп айтып еді бізге кім?!)
«ДОС ЖОҚ», – деп... айтқанда сенбеп ем.
Бір түрі ол – кеп кетер қонақтың.
Кім қалды?
Көңілден өшпеген? Жүректе сөнбеген?
Дос түгіл өзімді жоғалттым.
Шынымен өзімді жоғалттым,
Басқа адам едім ғой мен кеше.
Өзімді іздеуде – олақпын,
Көмектес! Тауып бер ендеше!
Өзімді жоғалттым... Баяғы
Мергенді көрген жан бар ма екен?
Төсекте серейіп аяғы,
Қай қыздың қойнында қалды екен?
Табылар ма екен деп дерегі,
Ол жүрген көшемен күнде өтем.
Адамнан ит жақсы деп еді,
Итімен қаңғырып жүр ме екен?
О, бәлкім, мекені түнгі бар?
Кім біледі?
Жезөкше біле ме жолдағы?
Мен оны таба алмай жүрмін, ал,
Кімді іздеп кетті екен ол тағы?!
***
КҮЙІНІШ ҚАРИЯНЫҢ КҮРСІНІСІ
Айналайындар-ай!
Есіктен кіргенде
Ана тілінде сөйлей салыңдаршы!
Аналарың қуанып қалсын...
Бесік тербегенде
Әлди жырымен тербей салыңдаршы!
Балаларың уанып қалсын...
Түсінсеңдерші!
Көшіміз жаңа түзелген шақта,
Төте жол іздеп адаспа!
Онсыз да адасып жүз өлген жоқ па?
Ақыл айтпаңдаршы Алашқа!
Бақыт іздейсің...
Бақытсыз шағың кеше емес пе еді?
Тонағанда орыс барыңды.
Тәуелсіздігің ¬–
Бастағы бағың осы емес пе енді?
Аялай білші бағыңды!
Бастағы мұңым¬ ¬–
Қатарым озып кейін қалатындай,
Тұйықтала ма жол әбден?
Жастарым бүгін
Қазақтығынан ұялатындай,
Мұншама топас болар ма ең?
Бұла шаттығым
Тепкі жеп тағы тұралар ма екен?
Тапталып қалған гүлдейін.
Бұл азат күнім,
Басымда мәңгі тұра алар ма екен?
Білмеймін...
Теректей ұлдар, Қайыңдай қыздар,
Елімнің мынау көркі сендерсің!
Болашағыңды уайымдаймыз, ал,
«Ұлт» деген жүрек өрті сөнбесін!
Айналайындар-ай!
Ақылым тыңда!
Ақырғы сөзім мүмкін бұл.
Көп еді сенің батыр ұлтыңда,
Батыры болғын ұлтыңның.
Ұғасыңдар ма?
Алдағы күнге алаң жүрегім.
Алпауыт елдер көкпар қылмасын.
Расында да,
Танығым кеп тұр ғаламды менің,
Танытқым кеп тұр қазақ тұлғасын!
Білесіңдер ғой,
Абылайлардың ғасыры өткен.
Қылыш сілтейтін кез емес.
Күлесіңдер ғой...
Соғыс боп жатыр, жасырын, әттең,
Ер болсаңдаршы, ей, ез емес!
Апыр-ай, қалай?
Қайқы қылышпен келмеске бірге,
Дүр рухым менің кетті ме?
«Абылайламай!»
Үнсіз қап неге белдескенімде,
Қайтара алмадым кекті де?!
Үміт дегенім –
Дауылды күнгі жанған шырпыдай.
Өше салатын сияқты, ә?
Күдіктенемін
Алдаса тағы арман, шіркін-ай,
Бабаларымнан ұят та...
Көктемгі күндей жайбарақатсың,
Сөгіліп көңіл көбесі.
Түк бітірмейсің, ай қарап жатсың
Неңді ойлап жүрсің сен осы?
Ұтыласыңдар-ау,
Бәрін білем деп кісімсімеші,
Менікі жөн ғой, мойындашы!
Мына түріңмен жұтыласыңдар-ау...
Түсінсеңдерші, ей!
Түсінбейсіңдер ғой... Қойыңдаршы...!
Мерген Көшербайұлы Тоқсанбай 1988 жылы 14 қарашада бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Казгородок (ескіше атауы Жанғұс-Тоқсанбай) ауылында дүниеге келген.