Мерей ҚАРТОВ: Ұлып-ұлып қайтайық айға қарап. Бөрі жортқан таулардың арасына!

Мерей ҚАРТОВ: Ұлып-ұлып қайтайық айға қарап. Бөрі жортқан таулардың арасына!

Қара қаншық!
Көрші шалда
бар еді қара қаншық,
Көп үрмейді,
көп итпен жағаласып.
Ұлыған дауысынан оянады,
Ай мен жерді 
жалғайтын арақашық.

Қан жүрекке
қалған ба ұйып қайғы?!
Өз тағдырын
өзгеше тұйықтайды.
Бір бекзаттық
қанында қалғаны ма?
Төбетті
менсінбейді, ұйықпайды!

Тауға тартып
кетеді әр ақпанда, 
Үйде өскенмен,
тағы қып жаратқан ба?
Тәңірден 
жіберілген сырттан шығар,
Абаданның 
ұрпағын таратқанға.

Арланмен
тым жақындап аралары,
Емшектері 
салбырап оралады.
Жауырыннан
көретін жортқан жолын
Кәрі шалдың
дәл келіп жорамалы.

Күндіз үрмей,
ал түнде ұлыды ма?!
Дөңбекшіді
кәрі шал қылығына.
Сол түні
ту биені жарып жепті,
Жерік болып
іштегі құлынына.

"Көз жазып қалам ба?"
-деп жалғасынан!
Ізім-ғайым
жоқ болды ауласынан,
Иттігі 
үйшігінде қалған қаншық,
Соңғы мәрте
үріпті тау басынан.

Қара қаншық
болса да қара басқыр.
Тағы ғой
тағдырына қарамас құр.
Алтайда 
ауық-ауық кездесетін,
Осының
ұрпағы ғой қара қасқыр.

***
Сезімің
суалды деп сезіктен бе,
Сөз боратпа,
мен жайлы кезіккенге
Өр мінезге,
тәкапар басыңды иіп,
Өмір сүр
тағдырыңа төзіп, көн де!

Албыртпыз
асаулығы басылмаған,
Жанар ғой
жабыққанды жасырмаған
Суыт жүрсем
салқын деп қабылдама,
Абаданым 
келді деп асыл маған.

Көркіңнен
айналайын гүл өңдестім,
Өмірде
тығырыққа тірелмес кім?!
Елегізіп 
еркем-ау елеңдеме,
Түн ішінде
ерттелсе күрең бестім.

Бұзбашы 
мен келгенде іреңіңді,
Жайып шық
саусағы бар жүрегіңді
Тілсіз неге
тудың деп тергемеші,
Таң ата 
терлеп келген күреңімді.
***
Көзі-Күн, кірпігі-Нұр!
"Күрсінгенім" - деп
түсін күн күркірін,
Мың сұрақтан
құралған мың бір түнім.
Әлемді жарық 
қылып жібереді,
Көріктім, 
Күн-көздерің, Нұр-кірпігің!

Күн көзіңе 
ғашық боп, шырай берген
Қымсынып 
құшақтағам құмай белден.
"Жұмақ" деген 
екен-ау жер бетінде,
"Хор Қызын" 
аямапты Құдай меннен.

Сенсіз өмір, 
өлең де қайда маған,
Жалғыздықтан 
жабығып айға қонам
Жүрегіме тамады 
мөлт-мөлт етіп,
Кіршіксіз нұр 
көзіңнен тайғанаған.

Сезінші 
сезімімнің сіркірін бір,
Өтсе егер 
өкінемін бір күнім құр,
Қараңғыдан 
жанымды құтқаратын,
Жарымның 
көздері-Күн, кірпігі-Нұр!

***
Апа!
Ұмытқам жоқ
Апа жан-малтаңды әлі,
Шөл басатын
сол еді қалтамдағы.
Қаймақ қосып
қант салып беретұғын,
Таңдайымда
тұр әлі талқан дәмі.

Өлең жаздым
кеш қылмай ерте күнді,
Содан іздеп
табамын ертеңімді.
Апа жан
тыңдаушы едім құлақ салып
Іргеңде
жатып алып ертегіңді.

Білетінсіз
еркелік қыр-сырымды,
Тасқа соқпай
өсірдің тұмсығымды.
Ақ тастың
көлеңкесін пана қылып,
Иіріп
отыпушы ең ұршығыңды.

Бұл балаң
шыбық мінсе өршіл еді,
Шауып-шауып
көңілім көншігеді
Бұзау бетін
тастасам бір қайырып,
Апама той
жинайтын көршілерді.

Апа бізден
сен ерте алыстадың,
Өмір дейтін
сіз өткен ағыстамын.
Оғлан еткен
құлының осал емес,
Осы өлеңді
Рухыңа бағыштадым!

***
Қамшы!
Шабандоздан
шыға қоймас серт жұтаң,
Атқа шапсам
жалын құшып, өрт жұтам.
Сәйгүліктің
жанар жасын сүртетін,
БӘЙГЕ ҚАМШЫМ
тобылғы сап, төрт тұтам.

Жылқы мінсем
көңіл аумас күйбеңге.
Ыстық қаным
тамырымда билеуде.
Талыс тері
айырылып кетеді,
ДОЙЫР ҚАМШЫМ
иіріліп тигенде.

Торыменен
топқа кірсең бу аңсап,
Абырой ғой
салым салып қуансақ!
Айбат берген,
қайрат қосқан бойыма,
КӨКПАР ҚАМШЫМ,
жылан тері, жуан сап.

Арба шегіп,
желісіне шалқымау,
Пай-пай деусіз,
өткен өмір олқылау.
Дәрте басын
үш айналып орайды,
СОПЫ ҚАМШЫМ
ұзын құлаш, жалқы бау.

Жылқы сырын
бір адамдай түсінем,
Таңдап мінем
тарланбозды ішінен.
Иіремін
асауы көп үйірді,
Үш шығыршық
ҮЙІР ҚАМШЫ мысымен.

Жанға қуат
сәйгүлікке бай далам
Тектілері
тұғырынан таймаған.
Асау мінсем
бас бермейтін, бағынбай
БАПТАУ ҚАМШЫМ
денесінде ойнаған!

Өмір мынау
қысқа қамшы сабындай,
Арғымақ күн
өтіп жатыр сағымдай,
Қара өлеңім
бәйге бермес -Қара кер,
Келеді әне,
ауыздыққа бағынбай!

***
Ар Қар!
Таудан аққан бұлақтар,
Теңіздерге су аралас мұң құйып,
Бұлттан сұрап, нөсерін,
Телміреді көк аспанға тұңғиық.
Әкесі – құз ақсақал,
Ең жұпарлы ауа жұтқан арқардың,
Тастан төлін өргізген,
Шешелері шыт байлаған шың биік!

Киелім-ай құздағы,
Бұғанасы бірге қатқан шерімен,
Қайда кеттің, тектім ау?!
Былтыр ғана Өкпетіден көріп ем,
Ей, адамзат жерінем,
Құлжаларым неге безді жерінен,
Арқарлардың көз жасы,
Қардың суы- етектегі еріген!

Маңдайларын Тәңірге,
Тұяқтарын қара тасқа сүйдірген,
Ақ сүйекті жануар;
Ауқаттары адам баспас шүйгіннен
Ойнақтаңдар, кетпеңдер,
«Ары Қардай» тазаларым сендерге,
Ақындардың атынан,
Алатау мен Алтайымды қидым мен!

Құлжаларды еңселі,
Уақыт желі, мерген көзі кемітіп,
Серкештерде сергелден,
Сезетіндей тұрғандығын не күтіп?
Аумаңдаршы арқарлар,
Туған өлке біздің байтақ даладан,
Жылатпаңдар тауларды,
Қара тастың қабырғасын сөгітіп.

Енесінің желінімен,
Қозылардың қос бауырын сыздатып,
Ей, пенделер көзі шер,
Қанішерден таба алмаймыз біз бақыт,
Аяңдаршы өтінем,
Бізге түкте батпаса да қайғысы,
Кәрі таулар жоқтайды,
Күңіреніп, кірпігіне мұз қатып.

Адам ғана кінәлі,
Құстар кетіп, аңдар ауған әр көшке,
Соның бәрін қайтарып,
Бірақ тілек, белуардан ар кешсе,
Абайлаңдар аңкөстер,
Ашкөзіңді қадай бермей Тектіге,
Арқарлардың зауалы,
Тау басынан тас домалап, қар көшсе!

***
Ішкі шер!
Ұсақ тірлік
байлайды амал қанша,
Шаруа бітпес
жалғаннан жоғалғанша.
Жүр досым,
тауға шығып серуендейік.
Қалада қапас
ойға қамалғанша.

Қайырымсыз
бұл қала жарқыраған,
Даламыздан
садаға парқы маған.
Жүр досым,
серігім бол, ерші маған.
Қасқа айғырды
міңгізем арқыраған.

Жүрек кірін
жаңбырмен жусаң тұнық.
Иіскейміз
қырлардан жусан жұлып.
Қымыз пісіп,
сүрі ет қайнағанша,
Қос айғырды
келеміз бусандырып.

Тасташы
бір мезетке тас қалаңды.
Не бар дейсің
ауылдан басқа мәнді?!
Құмайды да
қасыңа қосып берем,
Қара жерде
құтылтпас қашқан аңды.

Оғлансың ғой
жасыңнан орта көрген.
Кісі емессің
соңынан қорқау ерген.
Желмен тарап
айғырдың тоқпақ жалын,
Шың басына
шығамыз арқар өрген.

Таудың ұлын
тас қала қамасын ба?!
Жүр досым,
ауыл жаққа барасың ба?
Ұлып-ұлып
қайтайық айға қарап.
Бөрі жортқан
таулардың арасына! 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста