Медеу Жұмабаев: Қазақ бүгін шаршағандай...
Дулат Исабековтің Мәскеуде өткен шығармашылық кешіне қатысқан, Москвада оқитын студенттің: «Мен ылғи шетелдік қаламгерлердің, орыс ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, қазақ поэзияасын, әдебиетін менсінбеуші едім, біздің жазушылардың шығармалары олардікінен еш кем түспейді екен ғой. Біз тек оқымайды екенбіз» дегенін естіп едім.
Рас-ау. Шығармаға баға беру үшін алдымен оны оқу керек емес пе...
Осыдан біраз уақыт бұрын, жиі кездесіп тұрмасақ та, кездескенде сәлеміміз дұрыс, бір- бірімізге жақын жүруді қалайтын, заңгер Медеу (Медеу Қалубайұлы Жұмабаев) інім өзінің тырнақ алды «Түнгі бекеттер» атты өлеңдер жинағын силаған еді. Өзімді поэзияны жақсы көріп оқитындар қатарына жатқызамын. Әйгілі ақындардың кітаптарын іздеп, тауып оқып жүремін. Дегенмен, шынымды айтсам, бұл кітапша, сиға тартылған өзге кітаптардың қатарында, оқылмай қала беріпті...
Тағдырдың жазуынан кім құтылған. Медеу бауырымның Жаратушы өлшеп берген уақыты жетіп, бақилық болғаннан кейін ғана сыйға берген «Түнгі бекеттер» кітабын қолыма алдым. Оқып шықтым. Медеудің өлеңдері қызықтырды, ойландырды, толғандырды, жігерлендірді, мұңайтты, ақыры ...жылатты.
Медеу оқырманына өзі сезінетін, өзі түйсінетін ақиқатты өзінше танытқан:
...Қазақ бүгін шаршағандай,
Заман бәрін жұтатты.
Тауда өскен аршаны алмай,
Сипаладым бұтақты.
Күні кеше анам өткен,
Қараймын сар далаға.
Жерім үшін бабам өткен,
Бастан құлақ садаға.
Медеу тағы:
Өмір деген өтпелі,
Дейтін еді қарттарым.
О, киелі көк бөрі,
Неге саған тартпадым...
Мен талдармын, талдармын,
Барлығы да өткінші.
Көк бөрідей шалдардың,
Осы күнгі жамандар,
Садағасы кетсінші.
«Адамның іші неге толы болса, соны төгеді» дегенді естуші едік қой…
Алпамсадай, батыр тұлғалы Медеудің өр кеудесін кернеп, ішіне симай төгілген жырларын «Түнгі бекеттерді» қолға алсаңыз серпілесіз, сергисіз, менімен келісесіз.
«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім»-демекші Медеу арамызда жоқ, ал, өлеңдері мәңгілік.
Исламхан Байгисиев,
заң қызметкері, композитор
* * *
Барлық сырым дәптерімде,
Күн кешпедім күдіктеніп.
Шаршаған бір сәттерімде,
Жетеледі үміт келіп.
Мойындадым айыбымды,
Жасырмадым жарықтықтан,
Ақ желкен жыр қайығымды,
Жағалауға алып шыққан.
Кештім жырға сиғызғалы,
Достарымды табалаған,
Есімді бір жиғызбады,
Ойлар, ойлар қамалаған.
Келер әлі бақ сынар күн,
Сүйенемін арлы ұғымға,
Алаш деген жақсылардың,
Сүйемін мен барлығын да.
* * *
Ешкімге ақыл үйретпелік,
Бәрі қазір азулы.
Ақ қағазға иректеліп,
Өткен өмір жазулы.
Тағдыр итің талар ма екен,
Уыңды аз іштім бе?!
Соқпақ жолым қалар ма екен,
Көк шалғынның үстінде.
Куә сырға алтын далам,
Қалған сонау қиырда.
Найзағайдай жарқылдаған,
Қара өлең көп миымда.
Қиындықтар алдағы көп,
Алқымыма тірелген.
Ойсыз, мақсат, арманы жоқ
Адамдар көп тірі өлген.
* * *
Шыққан күннен ой алдым,
Әлдилейді ән-ғұмыр,
Ала таңнан ояндым,
Аялады таң нұры.
Алтын нұрын себездеген,
Кетті түнде таласа алмай.
Өлең сені неге іздегем,
Қалсақ екен аласармай.
Қазақ бүгін шаршағандай,
Заман бәрін жұтатты.
Тауда өскен аршаны алмай
Сипаладым бұтақты.
Күні кеше анам өткен,
Қараймын сар далаға,
Жерім үшін бабам өткен,
Бастан құлақ садаға.
* * *
Тағы да көктем келді,
Құлпыртып атырапты.
Жауратқан көптен бергі,
Жылытып топырақты.
Құстар да оралады,
Даланы әнге бөлеп,
Өлеңдер толар әлі,
Қызғалдақ сәнге керек.
Ойсыз боп барамыз ба?
Көңілді мұң шалады.
Жаңа жол даламызға,
Біз салмай кім салады?!
Аялап көңіліңді,
Сезімді дастан еткен.
Ойлаймын өмірімді,
Бәрі де бастан өткен.
Білмеймін бір күнімді,
Асудан өте алмаған.
Дүние шіркініңді,
Қуса да жете алмаған.
Мен жалғыз қалдым ба деп,
Ұшамын самғап әлі.
Барлығы алдымда деп,
Адамдар алданады.
* * *
Өмір деген өтпелі,
Дейтін еді қарттарым.
О, киелі көк бөрі,
Неге саған тартпадым.
Қара тасты жастанған,
Қара суды татпаған.
Үміт етіп аспаннан,
Қара түнде жатпаған.
Мылтық қарсы оқтаулы,
Көк бөрілер апаны.
Сандығымда сақтаулы,
Қарттың қара шапаны.
Мұра балаларыма,
Басқаша өмір сүргізбен.
Қасқыр бабаларыма,
Күшіктерді үргізбен.
Даламызға ие боп,
Ертең өзің қаласың.
Бөрілерді кие деп,
Қастерлеген Алашым.
Мен талдармын, талдармын,
Барлығы да өткінші.
Көк бөрідей шалдардың,
Осы күнгі жамандар,
Садағасы кетсінші.
* * *
Мына қыздың қарашы, қылығын-ай,
Бара жатқан көшеде асқақ басып.
Сұлулыққа ерідім, құрыдым-ай,
Ергім келді қайғыны тастап қашып.
Кейбіреудей жүрмеймін жалған күліп,
Ақ жаңбырдай кім білсін көңілімді...
Ойландырып түнімен толғандырып,
Астаң-кестең болған бұл өмірімді.
Көздерімнің көрдің бе шықтанғанын,
Қайғы шіркін жүректі езер ме екен?!
Бір жігіттің сыртынан сұқтанғанын,
Арқа жақтың аруы сезер ме екен?!