Гүлбақыт ҚАСЕН: Сезімнен қорқам... ғайып боп кетер қас-қағым
ӨЛЕҢГЕ СЫР
Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?
Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.
Мұңайғанда қарс айрылар жүрегім,
Ей, Өлеңім, мені қуант,
Тілімді ал!
Қуануға қақы бар-ау иеңнің,
Киелі Өлең, саған басты иемін!
Менің бүкіл тағдырымды, қайғымды,
Сен түсіндің,
Сол себепті сүйемін!
Қу жанымды шүберекке түйгенде,
Бір басыма қайғы бұлтын үйгенде.
Қол созасың тек сен ғана, Өлеңім,
Сағыныштың жыр қамытын кигенде.
Пана болмай салқар дала, көк аспан,
Жарық күнде жол таба алмай адасқам.
Ей, Өлеңім, сен төзіммен жеңесің,
Тек өзіңмен армандарым алға асқан.
Қиын сәтте мені ұлықтап, демедің,
«Сені ұқпадым, түсінбедім» демедің.
Барым да сен, Арым да сен,
Өлең-жыр,
Сен болмасаң менің қанша керегім?
...ең болмаса, сезім қалса деп едім,
Сен аман бол, сен аман бол, Өлеңім!
****
Беймаза көңіл – даладай құлазып тұрар,
Сағынған жүрек жанымды жыр жазып ұғар.
Ғашықтық ғазал жұбатса деп ем кешқұрым,
Естелік құрғыр азайды, сыр азық қылар.
Жұбата алмады күнделік, қолтаңбаларым,
Биікпін деп ең, сағынып сол тауға бардым.
Шыңдарды көрдім мұз құрсау басқан аппақ қар,
Адастым білем, қиядан жол таңдаудамын.
Жолығар кейде тағдырдың жолдары қиын,
Бұйырар бақыт, жоғалар қолдағы бұйым.
Жердегі гүлдер сезімі биікке ұмтылған,
Мендегі әуен сол қалпы, болмады күйім.
Домбырам қайда, сағыныш күйімді келтір,
Аңсатқан арман, сезімім, сүйініп кел, кір.
Қызықтың бәрі жастықта жалын ататын,
Бақыттың бәрі – өмірді сүюімде тұр...
Бақыттың бәрі – өмірдің биігінде тұр!
****
Жат жердің тауы биік, тасы бөтен,
Асқар шың асуларын басып өтем.
Аспанын мекен етем мен уақытша,
Өзіме Ай мен Күнін ғашық етем.
Дос етем жұлдыздарын жымыңдаған,
Айтады сағым дала сырын маған.
Орманы адастырмай жол көрсетіп,
Құстары құлағыма сыбырлаған.
Кернеген саф алтындай ауасы кең,
Емделем жұпар желдің дауасымен.
Бөтендік танытпады адамдары,
Мүсәпір жолаушыдай адасып ем.
Шөлімді бастым мөлдір бұлағымен,
Көк майса сұлу әркез құрағымен.
Тіршілік бір өзіңнен өсіп өнген,
Қара жер менің мәңгі тұрағым ең.
Қазақтың әр даласы - өз мекенім,
Несіне жат жер ғой деп сөз етемін.
Жатсынбай құшағына құлай бердім,
Аңқыған жусан иісті боз бетелім.
***
Өзгеде жоқ
ерек сезім ұсындың,
Мен жүрекпен қабылдауға қысылдым.
Жанды емдейтін
осы жылы сөздер ғой...
Қуаныштың не екенін түсіндім.
Ырық бермес
ықыласты ұсындың,
Қаламадың басылғанын мысымның.
Жанды ауыртар
осы жалған сезім ғой...
Өкініштің не екенін түсіндім.
Биік арман,
бұлдыр сағым ұсындың,
Қолым жетпей кей сәттері күрсіндім.
Тұрлауы жоқ бес күн мына жалғанда,
Бәрі алдамшы екендігін түсіндім.
Иә, Тағдыр,
маған бәрін ұсындың,
Ақиқаттың анықтайды тұсын кім?
Мың тосқауыл қарсы алдымнан шықса да,
Көкке қарай қанат қағар құсыңмын.
***
ӨМІР ЖОЛДА ІЗ ҚАЛАР
Балалықтың бақ ұясын бұзбаған –
Көз саламын сол аулаға қызғана.
Маған қарап
қол бұлғайды періште-
тұлымшағы желбіреген Қыз бала.
Ақ жүзіме сәуле түссе әйнектен,
Ойға батам...
Уақыт жылдам, ой, неткен?!
Бақ ішінен
күлімсіреп қарайды –
шолпысына сыр жасырған Бойжеткен.
Сағынышты жіберді ме сағым ғып,
Кестеленген орамалдан хәлімді ұқ...
Сәукелеге
тиіп кетсе саусағым –
шымылдықтан сығалайды Қалыңдық.
Алға басар жігер алып сенімнен,
Ғажап ғұмыр тілемейтін тегіннен.
Ақбоз үйдің
маңайынан аялдап –
ұшырасам ақжаулықты Келінмен.
Тәтті елестер ой санадан өше ме?
Тәубе етемін. Бүгінгіге, кешеге.
Жақсылықпен
жолықтырған тағдырым –
бесік тербеп отыратын Шешеге.
Тосын сыйы шексіз мынау ғаламның,
Өткелдерді артқа тастап барамын.
Адам – керуен,
...өмір жолда із қалар,
Естелікті жырларымнан табамын.
***
АНА МЕН ӘКЕГЕ ТАҒЗЫМ
Жалғанда жан бар ма Анаға тең келер?
Мен үшін асқар тау Әкелер - кемеңгер.
Жұмақтың кілті...
ол – ананың табаны,
Жұмақтың кілті...
ол – атаның қабағы.
Анам мен әкешім – ең алғаш көргенім,
Солардың ақылы сүйреген өрге мың.
Мәңгілік перзент боп өтер ем еркелеп,
Жалғанда “жан алар” келмесе ентелеп.
Анамның әлдиі – ақ бесік жырлары,
Бақытты балалықтың сезім сырлары.
Анамның тілімен өмірді таныдым –
Дарыған бойыма өнеге, тағылым.
Анадан қабылдап инабат, әдепті,
Ою мен кестені үйреніп әндеттім.
Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы –
Әлемді әдемі етуге баулыды.
Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты,
Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты.
Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі –
Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі.
Бес қыздың жатжұрттық екенін білсе де,
Жабдығын қамдайды иегі кемсеңдеп.
Жұлып ап жүректің бөлінбес парасын,
Сыйлы еткен мың жылдық құдалар арасын.
...Өзі - Ана,
өзі - Ене,
өзі - Әже болса да,
Құрбыдай сырласар сексенге толса да –
Жарыңды сыйла деп ақылын айтады.
Елу жыл отасқан шалының басына...
Дұға етіп жұмада бір барып қайтады.
...Әкемнің ақылы – жүректе мейірім,
Басылған қадамдар жолдардай иірім.
Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім,
Үмітін үкілеп, артқандай ел сенім.
Аузында - иманы, қолында - құраны,
Текті ұрпақ өсіру – мақсаты, ұраны.
Үстемдік етсе де қаhарлы қаталдық,
Бақытты болсақ деп,
Әкеден бата алдық.
Ақсақал атанып бір басын сыйлы еткен,
Асырап асықтай алты ұлын үй еткен.
Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға –
Серік боп жүр дейтін жақсы мен арлыға.
...Әкеден жетім қап қиынды өткерген,
Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген.
Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай,
Бойжеттім еркелеп өмірде қаймықпай.
Мұра етіп төс, балта, ер-тұрман құралын,
Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын.
Өрілген қамшысы түспейді төрінен –
Әлі де жөн сілтеп жатқандай көрінер...
Анамыз ұяда ұл-қызын тосады,
Немере, шөбере бал үнін қосады.
«Ардақты Ана» деп төс белгі қадалған,
Ұлылық есімге тұрарлық адал жан.
...“Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет !”
Құранда айтылған есті сөз, әлеумет.
Ата-ана алғысы –
ақ нұры АЛЛАНЫҢ,
Перзенттік парызбен өлең-жыр арнадым.
***
Айға ұмтылам...
Сезбеймін сиқырын ғаламның –
Тағдырым ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем өлеңнің,
Жарымын Жыр атты қағанның.
Сөзімнен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға...
Сен мені таба алмай жүрмісің.
Адалдық танытам жырыма,
Қанық бол тұңғиық сырыма.
Жүректі шыңдаймын болаттай –
Төзуге тағдырдың сынына.
От емес күйдірер сын деген –
Ажал да емес ол, сұрмерген.
Жаныма араша ар-намыс,
Қаныма жат қылық сіңбеген.
Мен Айға ұмтылам қалайда,
Сен мені іздеме жарай ма...
Нұр болып оралам бір күні,
Айналғам сәулелі арайға.
Өлең-жыр – өмірім, ардағым,
Жеткізер бақытқа арманым.
Тәуба деп оянам әр таңда,
Сүйікті құлымын Алланың.
***
ӨМІР
Өмір – мектеп,
үйренуден тұрады,
Болмас оның жауабы жоқ сұрағы.
Көп жасаған білмес, сірә, жалғанда,
Сын сағатта көргені мол – қырағы.
Өмір – сынақ,
сан белестен тұрады,
Есебі жоқ. Кім сүрінді, құлады?
Мәз біреулер биік шыңға шыққанға,
Бәз біреулер сағы сынып, жылады.
Өмір – дана,
ізгі ойдан тұрады,
Саналыға тұнып ағар бұлағы.
Парасатпен өлшей білсе ғұмырын,
Есті жанға мәңгі болар тұрағы.
Өмір. Өмір...
Кімдер сенде өтпеген?
Болашақ бар саған қарай беттеген.
Келте тағдыр ете көрме өтінем...
Пенделер көп арманына жетпеген.
***
БЕС ҚЫЗЫМЫЗ БІР ҮЙДІҢ
Бәріміз де бір-бір үйдің гүліміз,
Неге іздейміз бірімізді біріміз?
Түсінетін шығар мұны тек жүрек,
Түсінбейміз мұны біз!
Шаңырақтың отын жақтық әр бөлек –
Үйімізде отағасы, бар бөбек.
Бір анадан туған соң ба әйтеуір,
Әлдилейтін ән керек!
Бес саусақтай бес қызымыз бір үйдің,
Ата-анадай мына бізді сүйді кім?
Балалық шақ бір ұядан ұшырған,
Сағынамыз бір күйді!
Көрікті еткен бұрымымыз он өрім –
Бойға жидық қазағымның өнерін.
Аңсап жүрміз әкеміздің ақылын,
Анамыздың өлеңін!
...Қанша алыс болса дағы арамыз,
Сағынғанда құстай ұшып барамыз.
Туған жердің түлегіміз бас иер –
Ата-анаға баламыз!
***
Өмір-ай, өмір –
өзен-көл болып тасыған,
құралғандайсың құралай көздің жасынан.
Жамандықтың да, жақсылықтың да іздері
сіңгендей құмға,
...толқының шайып жасырған.
Тағдыр-ай, тағдыр –
таулардай биік, құзар шың,
қарсы алған жанды қиын белесің, ызғар сын.
Сәулеге зәру әділдік ойдың жартасы,
сең болған мұздан табаны тайып ұзар шын.
Жалған-ай, жалған –
ғарыштың көгі, аспаным,
жолаушы жандар жолында көпір аспалы.
Тіреусіз көкте қарманар бұлт па, ауа ма,
сезімнен қорқам
...ғайып боп кетер қас қағым.
Дүние базар –
тылсым күш ғажап тартатын,
тұңғиық түбің, кімдер бар сенім артатын?..
...Арманым болмас еді ғой келер күн үшін,
қалдырсам жазып намыстың жырын, Ар хатын.
***
АЛЛАНЫҢ ШЕКСІЗДІГІ
Іліктірмей сұқкөздің садағына,
Нұрын төккен әр басқан қадамыма.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ізгі –
Жанымды жамандықтан ада қылған.
Иманжүзді пендесін сүйікті еткен,
Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен.
Жаратқан Аллам менің шын Төреші –
Ақ туын адалдықтың биіктеткен.
Асыл аятсанамда жаңғырады,
Жүректі емдеп, жабыққан жанды ұғады.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ұлы –
Ғайыптан барды жасап таң қылады.
Түзеткен ниетім мен пейілімді,
Жаратқан Аллам шексіз мейірімді.
Өсірген түсінік пен пайымымды,
Жаратқан Аллам шексіз қайырымды.