Есенбай Дүйсенбайұлы: Қайтармын қар қылаулап қанатымнан...

Есенбай Дүйсенбайұлы: Қайтармын қар қылаулап қанатымнан...

Есенбай Дүйсенбайұлы 1940 жылы 16 мамырда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қалдайбек ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1963). Еңбек жолын Жарқамыс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдігінен бастаған. Темір және Байғанин аудандық, Ақтөбе облыстық газеттерінде әдеби қызметкер, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, аға тілші болды.
1978–2009 жж. республикалық «Жазушы», «Жалын», «Ана тілі», «Өлке», «Раритет», «Білім» баспаларында аға редактор, Қазақстан Даму институтының «Саясат» журналында редактор, жетекші редактор, редактораудармашы, директорредактор қызметтерін атқарды. Қазір «Жазушы» баспасында Бас редактор. Тұңғыш жыр жинағы 1971 жылы «Бозала таң мен Бозторғай» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Кейін «Ақпейіл» (1974), «Ұлаңғайыр» (1977), «Ашық аспан» (1979), «Ақ желкенді ағыстар» (1979), «Біздің толқын» (1981), «Ашық хат», (1982), «Таң торғайы» (1988), «Үшбұлақ» (1990), «Пешене» (2005) және балаларға арналған «Әліппе – тілашар» (1995), «Санамақ» (1996), «Менің жаңа астанам», «Жаңбыр әні» (2003), «Әріптер мен сандар әлемі» (2007), сондайақ таңдамалы жырларының екі томдық жинақтары жарық көрген. «Қожа Ахмет Йасауи. Хикмет» атты көркем аудармасы 1998 жылы «Жалын» баспасынан шыққан. М.Горькийдің «Әдебиет туралы», академик Г.Ломидзенің «Ұлы достық ұлағаты» кітаптарын, палистиналық ақын әлХамиси, қырғыз шайыры Б.Абакиров жырларын, екі томдық орыс поэзиясы антологиясын қазақ тіліне аударуға қатысқан.
1998 жылы Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің қазақша көркем аудармасы Түркияның Измир қаласында жеке кітап болып шықты.
Ақын ұзақ жыл баспа саласында қызмет істей жүріп, 100ге жуық поэзиялық, прозалық кітаптар құрастырған. Оның ішінде: «Екі мың жылдық дала жыры» («Қазақ энциклопедиясы», 2000), тоғыз томдық «Қазақтар» атты энциклопедиялық анықтамалық (Қазақстан Даму институты, 2003), «Дала даналары» (Қазақстан Даму институты, 2001), «Нар заман мен зар заман поэзиясы» («Раритет», 2002), екі томдық «Жеті ғасыр жырлайды» («Жазушы», 2004), қазақ ақынжазушыларының ең таңдаулы жауһарлары сұрыпталған жүз томдық «Алтын қор» сериясының елу томы («Раритет», 2000–2006) бар.
Ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне тұңғыш рет өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасы Бас жүлдесінің иегері.
1996 жылы Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлық алды.
1990 жылы «Үшбұлақ» жыр кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығы берілген. Байғанин ауданының, Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

2011 жылы өмірден өтті.

 

 

АБАЙҒА МҰҢ ШАҒУ

"Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып..."
"Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып...".  
Абай.

Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,
Абай аға, ақ қағаз сияладым.
Жарлы емеспін, зарлымын мен де сендей,
Ұлтым деуге жат жұрттан ұяламын.

Ғасырда да ел бостан, азат дала,
Қалар емес қашанғы мазақ-таба.
Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,
Айрылмайтын қамыттан қазақ қана.

Қандастары сорынан бақ табатын,
Күлембайлар қазіргі таққа жақын -
Отаршылдан бетер жеп Отанымды,
Орыстанған діліне мақтанатын.

Наласы мол намыстың зарлап әнін,
Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!
Өзге жұрттан ұялып мен де бүгін,
Жұртым деуге арлымын, арланамын.

Не әкеледі алдағы заман күткен?
Тайғақ боп тұр бүрі жоқ табан біткен.
Алысады бұл ғасыр Абайлары,
Ақылды һәм оқыған надандықпен.

 

ШАҚЫРМА
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек...  (Абай).

Қарттықтан мен де ат байлап бүгін тақырға,
Уайым дейтұғын жем caп койғанмын ақырға.
Көрермен көптің көзі тоярдай көркім жок,
Шау тартқан шалды теледидарға шакырма!
Қилы сыр қозғап инабаттылық пен иманнан,
Қиналмас едім алтын уакытымды қиғаннан.
Ұрсып алардай ұлы да тұлға емеспін
Ұлтты ұялтамын деп ұлыксып теледидардан.
Қалың қазақтын шыққанда не айтам алдына?
Деуім керек пе: "Жігерлен, сілкін, қалғыма!"
Ол насихатты Абай да кақсап өтті ғой,
Санасыз қауым кезінде кұлақ салды ма?!
Қара қазанында тоқшылық тасып, той қайнап,
Жүре берсін ел қайыртпақ, ішіп, қой жайлап...
Мізбақпас миға мінгізе алмаспын мір оғын,
Міржақыптарша "Оян, қазақ!" деп ойбайлап.
Алты алаш жұрттың мен шығып енді алдына,
Құйкылжып не айтам ұйқысы кұйрық-жалдыға?
Қайғышыл ойдың намыстан қаны қарайып,
"Қалғи бер!" деуден басқа бір уәж қалды ма?!
Қалғудан мен де ат байлап бүгін тақырға,
Қанағат дейтін жем caп қойғанмын ақырға.
Қаңқ етпес жартас сияқты қара заманда
Қашаңғы жырды қақсай бергенім макұл ма?
Қайран сөзіңді алмайды қара бақырға!
Шақырма мені, теледидарға шақырма...

 

СЕЗІНУ

«Долы сия, ащы тіл» айтқанымен
Қайран жұртқа келеді араласқым!
Жаным ашып, аяймын, кектенемін,
Жақсы болса қазағым деп келемін.
Жек көріп-ақ
- Абайша сүйеді екем,
Сүйе тұрып - Абайша жек көремін.
Соза жүріп сорлыға көмек қолын,
Ызаланғым келеді ебектегім...
«Менің сырым, жігіттер, емес оңай»,
Сүюім де күюім бөлек менің.
Here олай екенін өзім білмен,
Жауап іздеп түндерде көзімді ілмен...
Құдайекең кешірсін, өзімді дәл
Құнанбайдың ұлындай сезіндім мен!

 

МОЙЫНДАМАУ

Ғұсманжан, мына күннің суығын-ай,
Барады ызғырығы қуырып-ай.
Жалп етіп жалын сөніп - ойладық па
Жастықтың жығылар деп туы бұлай?!
Заманым қазір кандай, бұрын кандай?
Жақ солып, ақша беттен нұрым тайды-ай.
Бір әке, бір шешеден туғандай-ақ,
Тұлғамыз шағын екен тұрымтайдай.
Қайтесің Құдай оны бермесе егер,
Ақынбыз адал еңбек, терге сенер.
Айтқаны Аманханның рас болса,
Өлеңге сен де шебер, мен де шебер.
Еп пен сеп әуенімен дөңгелемей,
Елеусіз жүргеніміз - елге мерей.
Баймын деп Байбота да айта қоймас,
Байқасам, сен де кедей, мен де кедей.
Қасқайып халтураға оқты атардай,
Қақпаймыз талғажауы жоққа тандай.
"Толстой толыспаған" толып жатыр,
Қауқар бар "тоғыз ханды тоқтатардай!"
Талайлар құты өрлеп тұрғандардан
Құтылмас Ардың соты кұрған дардан.
Егіздің сыңарындай, ей, қарағым,
Есен жүр бұлсыз елге бұлданғаннан!
Тұрса деп бұлбұл сайрап, терек гүлдеп,
Музаға артып едік ерек міндет.
Келеміз қызмет етіп мемлекетке,
Кергімей "Мен сыйлыққа керекпін!" деп.
Мансаптың баға берсін қойын малай,
Ғұсманжан, мына тағы ойым қалай:
Пысықай бас жүлде алса - таңсық емес,
Момынды пыш-пыштайды мойындамай.
Табынып Ілиясқа, Қасымға біз,
Беріппіз адалдыққа асыл маңыз.
Сен - 60, мен - 65: екеуіміз
Елерлік ЮНЕСКО жасындамыз.
Ғұсманжан, бойың - бала, ойың дана-ау,
Болжаусыз болашақта тойың бар-ау...
Ел салты - шенділерге шекпен жауып,
Атақсыз ақындарды мойындамау!

 

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Қайғы да бір жүректі өртер алау ма?
Жан жарасын болмайды екен жамауға!
Сәкен отыр салы суға кеткендей,
Көкірегі қарс айрылып қамауда.

Бұл баллада кеңес кезінде «түзеліп-күзеліп» жарық көрген-ді. Мынау електен қайта өткен толыққанды нұсқасы (Автор).

Ғашығым менің Бостандық,
Келді алдыма жарқылдап! 
 Сәкен.

Өр рухы, өзі өмір сүргелі,
Бұзып шығып еді-ау талай түрмені!
Енді мынау кандалалы, бүргелі...
Қайда кеше Совнарком боп жүргені?!
Түк емес-ті түйсіксіздер үргені!..
Өз Советі... жүрегінің ділгері,
Кісен салып, қызыл тілін күрмеді,
Бас мұраты бастау еді ілгері...
Дерттей қаулап, өрттей лаулап қайғы-шер
Көкірегін көріктей қып үрледі!
Қыза-қыза қызыл шоқ боп оянды
Қызыл сұңқар, Асау тұлпар күндері!
Қызыл сұңқар бірте-бірте қарқын ап,
Бұлттан шыққан күн сияқты жарқырап -
Азаттық боп жетіп келді кісінеп
Күн қанаты Асау тұлпар арқырап!
Көкте құсқа тендік-есе бермеген
Келді жетіп Асау тұлпар кермеден!
Кекіліне үкі тағып қызыл шоқ,
Кетті ақын жарыса ұшып желменен,
«Сыпыра шауып... амандасып көлменен»,
Көрісуге «өңкей сорлы елменен!»
Сұрқай дүние отқа оранып сұр таңы,
Жер мен көкте қызыл дауыл бұрқады!
Асау тұлпар - Тайбурылдар ұрпағы
«Кедей ұлы жігерліні» жаңғыртып,
Күн түбінде «Жолдастарды» шырқады!..
«Мұз төсеніп, от-жалынға пісіп ек!..»
Отыр ақын, өзге өмірде ісі жоқ -
Жүрегінде тас қамауды талқан қып
Ай қанатты Асау тұлпар кісінеп!
Келді алдына тар жол, тайғақ мектебі:
Азатгықтың дән-ұрығын еккені,
Домбыраның қызыл сымды ішектері,
Қызылжарға қыста жаяу айдалып,
Қызылдарды ақтар басқа тепкені,
Анненковтың вагонында байланып,
Ел-халқы үшін азап-мехнат шеккені,
Шанадағы қар астына көміліп,
Бостандыққа қашып шығып кеткені,
Бетпақ кешіп, Ақмолаға жеткені.
Күн дөңгелеп бара жатты бесінге...
Күлді Сәкен: «Сол сәт әлі есімде.
Тәуекелдің дариясына қайық caп,
Кілең тұтқын келіп ек бір шешімге.
Тоң боп қатқан қыстың тонын жұлкылап,
Қызыл күннен алтын шуақ тұр құлап.
Күнгей қары жіпсіп еріп жатқан шақ,
Күй қанатты жаз иісі бұрқырап.
Азаттық-ай, жүрген қаңдай нұр жұтып,
Ай астында ақбоз атты ырғытып!..
Қақты жүрек... шынжыр жұлқып арыстан.
Қар тасушы тұтқын солдат тұр күтіп!..
Тайғақ кешу тағдырым бұл тас қына,
Tap жолдарда не көрмеді бас мына?!
Жата кеттім етбетімнен түстім де
Кірлі кесек қоқым қардың астына!
Туа сала тұлпар мініп намыстан,
Азаттықтың таңы үшін мен алысқам.
Шүу, қар шана!
Дүрілдетіп жөнелді,
Жанға батып ауыр салмақ жанышқан.
Құлшылыққа қасіретіммен, кегіммен
Нашарлардың ар намысы едім мен!
Маңдайымды, қос қолымды тіреп ап,
Көтердім ғой мойыныммен, беліммен!
Салу үшін бостандықтың ұранын,
Айту үшін еркіндіктің жыр-әнін -
Берілмедім белім басқан салмаққа!
Мойнымды езген ауырлыққа шыдадым
...Ал мынаған, мен мынаған, мынаған -
Ақталып-ақ ауыр жала-күнәдан,
Азат басым құтылса да дін аман,
Көтере алман, шыдай алман, шыдаман!
Tap жолдарда кеңшілігі зор Құдай,
Тендікті елде телмірте ме тор бұлай?!
Өз мойныммен, өз қолыммен көтеріп,
Орнатып ем...
Әй, қорлық-ай, қорлық-ай!..»
Көкірегі толып қайғы-шерменге,
Қаны қайнап «халық жауы» дегенге -
Тас қабырға... ұрып басын өр ақын,
Талып түсіп, ессіз жатты еденде!
Ес-санасын қалың тұман қамап ап,
Жағалай тал Нұра кетті жағалап -
Азап-соры альбатросқа айналып,
Қар, дауылға қарсы қанат сабалап!
Саудайы болды жұрт байғұс,
Санада содан жатыр сыз...
Сайрайсың тегін, құйттай құс,
Тек сенің сазың сатусыз!

 

ҚАБЫЛДАУДА
- Қайтпайсың ба, ауып кетті екінді?
- Күтем әлі айналғанша іңірге.
Әкіматта есіктер бар не түрлі...
- Ашпадың ба?
- Аша алмадым бірін де.
- Қызметіңді болар ма екен білуге,
Атшымысыз?
- Иә, әрине, атшымыз.
- Кірмейсің бе?
- Рұқсат жоқ деп кіруге,
Жібермейді алдындағы хатшы қыз...
- Мұндай қысың бұрын-соңды болмаған.
- Қалаң анау ақ түтекке оранған.
- Балаң нешеу?
- Үскірікте он балам
Үсіп өліп қалмаса игі бораннан.
- Оңайлықпен тоқтай қоймас бұл еркең,
Кәсібің не, үйің бар ма, шырағым?
- Боқшанамен қоқыс тасып күнелтем,
Бір орыстың падбалында тұрамын.
- Әй, қарындас, кірсін мына кісіміз,
Жанашырлық жасасайшы пақырға-ай.
- Онда сіздің болмасын түк ісіңіз,
Рұқсат жоқ, бастық өзі шақырмай!
- Қой, кетелік, беті бетпақ, қатты екен.
- Қайта бергін, асықсаң сен жүруге.
- Аман боп тұр, бұлар бар ғой, атшекем,
Құдайға да: "Рұқсат жоқ!" дер кіруге.

 

ӘН ӘУЕНІМЕН
«Барады көшіп ауылың Келме көлге,
Келме көл алыс дейді көрмегенге...»
Ол дағы тоқтап жатқан көлмек шығар,
Ойыма Жем түседі шөлдегенде.
Кептіріп аңызағы кенезені,
Тентек жел тепкілейтін терезені.
Құмығып құмға құлап қалушы еді,
Каспийге бір жете алмай Жем өзені.
«Арнасы - бұлақ, басы - Тең» секілді,
Тағдыры келмек көлдің Жем секілді.
Өзім де өзеніме тартсам керек,
Суым да мөлдірейді мен секілді.
Қанатын қыстан кейін құс қақпаған,
Күркірі күндік жерді пұшпақтаған...
Бәрібір Каспийіне жетпейді Жем,
Абайға жете алмайтын ұқсап маған!

 

ҚАЛҚА БАЛА

Тапқан-ау сұлулыққа дарқан ана,
Базардан бір қыз көрдім - Қалқа бала.
Жүреді арба сүйреп, қап көтеріп,
Жүк батып жүрекке де, арқаға да.
Апырай, кетіп қалмай жай-жөніммен,
Тас жұтқан тәуекелден тай жедім мен...
Арбалып арай көрдім, қарай бердім
Көркіне Қалқа бала Ай көрінген.
Жайдары жымиғанда жайнап таңдай,
Күлкісі күміс құман қайнатқандай.
Ақанның Ақтоқтысы секілденіп,
Торыны талға еріксіз байлатқандай.
Тапқан ғой сұлулыққа дарқан ана,
Мекені Жетісу ма, Арқада ма -
Халықта жігіт-желең қалықтатқан
Әдемі ән бар еді - «Қалқа бала»:
«Қарағым, айналайын, қара қасым,
Бұралған қос иықта қолаң шашың.
Бір болсам өзіңменен бұл өмірде,
Бақытты болады ғой менің басым!
...Ойымның отағаңдай орман-талын,
Толқумен тұрып қалдым толғанта мұң.
Қай Қалқа, карағым-ау, мына Қалқа,
Қайратты сіңлісі ме сол Қалқаның?!
Күнкөріс көлеңкесі жанар қамап,
Қалада Қалқа бала қап арқалап,
Қалқа бала, Қалқа бала.
Қалқа бала дегенде,
Шалқалама!..»
Қараңғы Саин жақта қалқаларым
Қандырып қалталыны... табар тамақ.
Намыстың ызғар өтіп табанына,
Қар жауып, мұз қатқандай қабағына...
Көтертпей қалқаларға перзент-ұрпақ,
Қапамын қап көтерткен заманыма!
Болғай деп таңы арайлы, кеші жарық.
Жыр жаздым Қалқа қызды есіме алып.
Жұрт едік жесірін де қаңғыртпаған,
Қазақтың, сөйтпесе егер, несі халық?!

 

ҚАЙДАСЫҢ, АҚЫН СВЕТ ОРАЗАЕВ?!
(Жоқтау)

Ер демеу сендей ұлды болар айып!
Еркіндік құн туса деп, cop азайып,
Ақиқат алдаспанын сілтеуші едің,
Қайдасың, ақын Свет Оразаев?!
"Шындықтан жүрмесе де тауып пайда,
Бұл Свет арыстанша шауыпты Айға..."
Қарлы қыс Қарауылкелді калды-ау алыс,
Қара көз қарындасың Мауыт қайда?..
Айналып ел аузында ертегіге-ай,
Сапарың сарқылар ма келте бұлай?
Сен едің еркіндікпен егіз сері,
Секілді Сегізсері тентегім-ай!
Асығың түспесе де алшы күліп,
Жырыңды егінші мен малшы біліп,
Алдыңнан қараңғылық үйіріліп,
Артында үйір-үйір таң шұбырып;
Бой бермей асау ырык, арда шабыт,
Жолында жүк қалдырмас нар да атанып,
Ұлып ап аш қасқырдай айға қарап,
Қан саулап жүрегіңнен қарға тамып,-
Жайықтан Жемге жортқан тарлан едің,
Ажалға амал-айлам бар ма менің -
Бір сәуле Сәкен жақтан іздеп келіп,
Сөніпсің Ақадырда, ардагерім.
Құйып ап көкірегіме құздар әнін,
Қайғыдан ішім күйіп - тұз жаладым...
Алатау, өлімтігін көрсетпепті-ау
Мұзарт шың тасында ескен Мұзбалағың.

 

ЖАЗ ҚАБАҒЫ
Мен саған бол демеймін басыбайлы,
Жүрсеңші азғантай күн қасыма еріп. 
Халық әнінен.
...Әйелдің сұрамайды жасы жайлы,
Мен саған бол демеймін басыбайлы.
Жүрейін азғана күн қасыма ертіп,
Айтпайын әперем деп асыл Айды.
Қам жеме, қалқа бала, о жағынан,
Қаланың қашып шыққам «тозағынан» -
Бостандық дүниесінде қыдырсам деп,
Босанып бастағы ойлар бодауынан.
Қолқамда қазір менің қоздап ағын,
Бозаңын кешкім кеп тұр боз даланын,
Бозторғай жырын жұтып бозала таңда,
Боз белде бозінгеннің боздағанын.
Құба тал сая қылып сазға бағын,
Көрейік қырлар қалай маздағанын...
Көр болған тас қапшықта жата-жата
Көңілге бұл бақыт та аз ба, жаным!
Бастады бұлттар әнін, қаздар әнін,
Жайдарман жарқыратып жаз қабағын.
«Мен саған басыбайлы бол демеймін,
Жүрсеңші қасыма еріп азғана күн».
Жарқын жүз жан екенсің жаз қабағың,
Жаздың да дәурені бар азғана күн.
Қанаттан қар қылаулап қайтып кетер,
Қаңқылдап қақ төбеңнен қаздар әнін.
Сол тұста жылы жаққа баратырған
Құс болмай, дерсің, неге жаратылғам?
Мен дағы жазға ілесіп, қазға ілесіп,
Қайтармын қар қылаулап қанатымнан...

 

КҮЛКІ МЕН ҰЙҚЫ
Көпшігімді көрген жоқ қиқым басып,
Мені арбаған Жыр деген сиқыр ғашық.
Көңілінен мен соның шығамын деп,
Күлкім қашып кетіпті, ұйқым қашып.
Аша алмай-ақ сиқырдың құлыптарын,
Қайнай-қайнай таусылды тұнық қаным.
Бұл жасымда күлкімнің қашқаны жөн,
Қалай болар ұйқымды ұмытқаным?..
Қала жайлап, қаламмен түзге көшем,
Қара өлеңнен күдерің үзбе де сен...
Қашқан күлкі соңынан жүгірмеймін,
Болар емес ұйқымды іздемесем!

 

ОПЫНУ
Ұқсағым кеп өзімше Абайларға,
Ұрыс ашып мансапқа малай-қарға,
Талаптының берем деп бағын ашып,
Таяқ жеппін болысып талайларға.
Жалпылдаумен жандай-ақ мәңгі жайнар,
Жақсылықты санаппын сәнді қайнар.
Көңілінен дәметкен Абайлықтың
Көп те екен Дәркембай, Дәндібайлар.
Бауындай деп бәрі де бір ішіктің,
Пенделіктен, әйтеуір, ірі шықтым.
Ол білмесе, бір Құдай біледі деп,
Шаруасына теп-тегін кірісіппін.
Жатақтардың жақыбай қасқалары
Оңай дейді-ау биліктің тас қамалы.
Ақыреттің азабын мен тартам да,
Ат-шапанын алғыстың басқа алады.
Сондықтан да көңілде қапа-қайғы
Бұзауы өлген сиырдай жапалайды...
Көк аттыны көлденең көсем көріп,
Көмектескен бейбақты атамайды.
Tap кешуде талант деп сайрап бақтым,
Тапқаным не? Демеймін қаймақ таптым.
Жазғыратын Құнанбай болмағасын,
Ит-құс ішер судай бір жайдақтаппын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста