Жап-жассың сен,
Әрі сондай сұлусың,
Сұлуларға жақсы жүріп тұру сын.
Жұрт та сені ішіп-жейді көзімен,
Солар сені арбап жүр-ау, сөзімен.
Сүйкімдісің,
Қылықтысың керемет,
Соның бәрін айтып-айтпай не керек.
Біреулердің саған құрған тұзағы –
Мақтау сөзі,
Мақтау сені бұзады.
Періштесің,
Пәксің әлі күнәсіз,
Періштелер сенеді елге шүбәсіз.
Адалдығың,
Аңқаулығың - екеуі,
Байқамасаң, жер соқтырып кетеді.
Сырым осы,
Сымбатыңа бас идім,
Пәктігіңе жаным менің ашиды.
Білмейсің сен,
Артық болмас білгенің -
«Дұшпаныңның» өз бойыңда жүргенін.
ӨЗГЕРІСТЕР
Текке өтіпті бағасыз бар өмірім,
Айта алмапты түкті де және жырым.
Өле-өлгенше созыла берер ме еді,
Өзгермесе мына өмір
Шалалығым.
Суға кетіп,
Тал бопты қармағаным,
Енді, міне, хабар көп,
Толған ағын.
Құлағым да саңырау болып кепті,
Көзім түк те көрмепті,
Таң қаламын.
Жан еместей жүріппіз бұл әлемдік,
Бір орында тапжылмай тұра бердік.
Жасыратын несі бар,
«Топас» едік,
Бір-ақ күнде ес біліп шыға келдік.
Деді бізге Бостандық:
Сөз алдыңыз,
Сең бұзылды,
Тоқырау – тазарды мұз.
Құлағымыз тарс етіп ашылыпты,
Сәуле шашып,
Жарқ етіп көз алдымыз.
Естімеппіз бұрын бұл кереметті,
Өмір нұрын өтірік себелепті.
Ақ түйенің қарыны ақтарылып,
Енді біліп жатырмыз не керекті.
Өмір, өмір,
Сен бір пәк сұлу едің,
Сұлусың деп ынтығып сүйіп едім,
Қылығыңнан қайсы бір түңілемін,
Былығына ақырын үңілемін.
Жасырғансың қаншама сұмдығыңды,
Асырғансың қаншама қулығыңды.
Ашып, міне, тастадың ақырында,
Тығып жүрген сұрқия ұрлығыңды.
Өмір, өмір,
Не деген өтімдісің.
Ғаламатсың,
Сүйкімді секілдісің.
Бәрін жұмбақ,
Құпия жасап келген
Бір-ақ күнде ашылған бетің күйсін.
ҚАҒАЗ ӘЛЕМ
Қағаз әлем – қағынған ақша ғасыр.
Тығып жатыр қойнына масқара сыр.
Ұры-қары,
Сот-жендет бәрі ақшашыл,
Толып жатыр еңбексіз – басқа масыл.
Алпауыттар ақшалы дараланып,
Қоқсығы, қордасы қораланып.
Қиындықты қайыспай көтерем деп,
Қайқаңдайды белінен қара халық.
Бүгін мүмкін немесе ертеңдері,
Өмірінен қиылып өткендері.
Шырпы тисе ақша әлем –
Қағаз ғасыр
Дап-дайын тұр өзі де өртенгелі.
НЕГЕ ҒАШЫҚ БОЛМАЙМЫН
Неге ғашық болмаймын бір адамға,
Үйренгем бе сүймеуге,
Құламауға,
Тудым ба шын ешкімді ұнатпауға,
Және де өзім ешкімге ұнамауға.
Бар қызықтың осымен біткені ме,
Әлде жетіп тоқтап па ем күткеніме.
Қалып бара жатырмын бейбақтардай,
Түсінбеген қалпымда түкке міне.
Бұл өмірден көп қызық көрем деймін,
Әлденені күтемін,
Елеңдеймін.
Менде жүрек бар болса,
Бір аруға,
Шындығында, ғашық боп неге өлмеймін?..
БІР АДАМҒА
Келдің. Көрдің. Алдың. Бірақ бермедің,
Байғұс пақыр толып жатыр сенде мін.
Іштің. Жедің. Тындың. Астың. Тасыдың.
Ұрпақ көрдің. Өстің. Өндің. Жерледің.
Соның бәрін ете алмадың қанағат,
Ауызың толы өсек, жала, балағат.
Көрсеқызар ішің тап-тар қызғаныш
Жанторсығың болып алды жаманат.
Енді айтарым: сәл, сәл ғана абайла,
Бітті бәрі, кетті атың талайға.
Барғаннан соң ертең Алла алдына
Ақталатын сөзің бар ма?
Соны ойла.
ӨЗЕНДЕР
Бала күннен дос болған сырларымды,
Құпиямды,
Шынымды,
Жұмбағымды
Өмірдің де бетіне айтып-айтып,
Ақ қағазға төгермін жырларымды.
Сондағы бір телмірген жанар маған,
Жүрегімен ақ-адал алаңдаған.
Ар жағында жылдардың өзің жайлы,
Жырым қалар, адал қыз, мен алдаған.
Аяулы қыз,
Ойлы қыз,
Бала денең
Самалымен сүйіскен,
Даламенен.
Өткен күнін өзіңмен есіңе алып,
Өксіп-өксіп,
Мөлдіреп қалар өлең.
Өмірдің де өзгеріп қас-қабағы,
Бізге басқа дүние басталады.
Біз – өзенбіз, ағамыз алыстарға,
Су ағады, аяулым,
Тас қалады.
ҮРЕЙ
(Хемингуейдің «Килиманджаро қарын» оқығанда)
Пері ме әлде шаштары бұрқыраған,
Сырқат па әлде сүйегі сырқыраған.
Қара түннің ішінен қалтырап кеп,
Шығады бір ащы үн шырқыраған.
Тынысынан айрылып ғұмыр әні,
Қара түнде іздейді шұғыланы.
Естіледі адамның сөзі менен
Әлдеқайдан аңдардың ұлығаны.
Оң жағынан сыбырлап өмір, - дейді,
Сол жағынан сыбырлап өлім, - дейді.
Дәл қасыңа келеді жетіп-жетіп,
Бірақ түк те көзіңе көрінбейді.
Соқыр, сірә, әйтеуір, амалдайды,
Сені іздейтін сияқты, таба алмайды,
Келіп қалған жаланып сол ма дейсің,
Қарсы алдыңда бірдеңе қараңдайды.
Көрінбейді ізі де,
Түр- өңі де,
Қадалатын сарт етіп жүрегіңе,
Тастай түнде құтырып сені іздейді,
Келді, келді бас салды, міне, міне...
Жо-жоқ қалдың, тағы аман сақтағасын,
Ол да мүмкін адамның ақ-қарасын.
Айырар деп жалынып жаның қалмай,
Тілсіз дүлей алдында ақталасың.
Мұндай болмас ғұмырлық азабың да,
Мойындайсың жазғанның мазағын да,
Өлмей, тірі күйіңде пісесің сен
Өмір менен өлімнің қазанында.
ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ
Неге құстар ұшады көл жағалай,
Неге жұлдыз түспейді жерге қарай?
Неге таулар мұхитқа сүңгімейді,
Неге бұлттар ұшпайды желге қарай?
Неге сулар ақпайды бетке ап тауды,
Неге ағаштар суларға батпақтайды?
Неге нулар жайып сап жапырағын
Көк аспанның үстіне қаптатпайды?
Неге бұлттар тауларға үймелейді,
Неге адамды болашақ сүйрелейді.
Неге сені көргенде абыржимын,
Неге мені ақылым билемейді.
Неге өмірде сүю бар,
Қызғаныш бар,
Неге жігіт өлердей қызға құштар.
Әйелге еркек,
Ал әйел еркек жаққа
Тартылады...
Осында бір мәніс бар.
***
Сенемін бе, сенбеймін бе, қиналам,
Сендірмейді күлкі менен көз жас та.
Сүйгенім бар десең егер иланам,
Жоқ десең ғой, онда әрине, сөз басқа...
Ойлымын ба, ойсызбын ба мен мейлі,
Алдай алмас күлкі түгіл көз жас та.
Сүйгенім жоқ дегеніңе сенбеймін,
Бар десең ғой, онда әрине сөз басқа..
***
Өмір тəтті бола алмайды ылғи да,
Арбаң күндер ылғи дұрыс сырғи ма?
Ылғи өрде тұра алмайсың шіреніп,
Түсіреді өмір бірде ылғиға.
Ылғи тəтті жазылған ба маңдайға,
Тəттісіз де дəм ішуге болмай ма?
Қал-қадірін білдіруге тəттінің,
Қатты дəм де тіреледі таңдайға.
Жылы жұмсақ ылғи бола бермейді,
Алла айтады:
«Қаттыны да көр» дейді.
Естіп жүрміз бəрі де бар өмірде,
Темір жұтып қойғандар да өлмейді.
***
Өмір еді,
Шынында өмір десең,
Тола шәрбат болатын менің кесем.
Мен бір қызға байландым,
Дегенменен,
Аяулы жан,
Жүресің көңілде сен.
Қызық десең шынында қызық еді,
Сарыала ғой алтындай күз үнемі.
Алқызыл боп алма қыз піскен кезде
Бұтағынан өзі-ақ үзіледі.
Арнап едім сол шақта несіне жыр,
Сала берді өзгеріп тосын өмір.
Білгендігің бола ма кешірмесең,
Бүгін мені қалайда кешіре біл.
Жігіт еркін болмаса жігіт пе екен,
Күдігім де сондағы үмітке тең.
Салқын жанмын,
Әйткенде сен дегенде
Күннің көзі түскендей жібіп кетем.
Маған кейде өмірің өш болатын,
Шыным осы,
Шындықты кеш, қанатым,
Сағынғанда өзіңді еске алмасам.