Данияр ӘЛІМҚҰЛ: Кім енді сендей оқиды екен, Көзімде қалған өлеңнің жолын...
БӘРІ ДЕ ТҮГЕЛ
...Жүрек жеңілді, алдырмайын деп ем...
...Сезім шетінеп, тірі қалды ой...
...Сені жалғыз қалдырмайын деп ем...
...Жалғыздық жылап, тұрып алды ғой...
...Кірпіктен мұң боп құламайын дегем...
...Жел болып қана жосылғым келді...
...Сен үшін бола жыламайын деп ем...
...Жаңбырға бірақ қосылғым келді...
...Ақылдан әрі аспайын деп ең...
...Төзе де төзе, төзім бопсың-ау...
...Бәрін де қайта бастайын деп ем...
...Бәрі де түгел, өзің жоқсың-ау!..
Ақынға үлес
Қанатын түндер алдыма жайды,
Қара тым мұңдар ақ Айдан тамған.
Ақынға үлес, алдым ба қайғы?!
АРУды сүйіп АБАЙдан қалған.
Шығарам түнді теріске енді,
Кірпік талына мұң іліп кейде,
Жаратқан жақтың періштелері:
Қараптан қарап түңіліп дей ме?
Уақыт дейтін ұршықты бағып,
Кесімін айтар шын ҚАЗЫ бір күн.
Әзірше әнтек кірпікті қағып,
Өлеңді қойып, мұң жазып жүрмін.
Т-ға
Оянады екенбіз түн үстінде,
Сөйлеседі екенбіз тыныш тілде.
Жабырқау мен жалғыздық, жайсыздықтан,
Жаралғанды қабылдап.... (дұрыс, күнде!)
Білдірместей боламыз жайды мына,
Білмейді де екенбіз қайғыны да.
Арғы жақтан күт мені, бастайықшы…
Ар жолы мен ақ сезім айдынына.
Өткендерді өшіріп, жоямыз да...
Өпкенімді көшіріп, қой аңызға.
Күлмейді де екенбіз езуменен,
Тек жүрекпен жымиып қоямыз ба?
Сөйлей-сөйлей сендіре тыныш тілде,
Құрғап ауыз кеткендей, құм іштім бе?
Көбелекке айналып кетеді деп,
Тозаң болып тұрамын гүл үстінде.
***
Саябақта сәл қыдырып, артынша,
Өлең оқып отырушы ем ақынша.
Сүюші едім сезімімен шайырдың,
Сан қайғымды кірпігіңмен қайырдың.
Өлең оқып ұялтушы ем жүзіңді,
Төмен қарап тыңдаушы ең күз-үнді.
Түнді шашып жіберуші ең күлкіңмен,
Жинай алмай жатушы еді күн, түнмен.
«Қайта келу көрсетер - деп - ұстамын»
Айтушы едің қайтқандығын құстардың.
Қуарғаным... көктегені тек менің,
Қуанғаным құстан бұрын жеткенің.
Жанарымнан шашыратып желге мұң,
Жаралы һәм отырғаным: «Кел дедің».
Құлаушы едің құшағымды аспан деп,
Жылаушы едің: «Құса мына басқан» деп.
Жылаушы едің аппақ сәулем, ай тамақ,
Күз нөсерін жанарыңмен қайталап.
Қайғырғаным сарынындай қобыздың,
Қалып кеттің қанатында со күздің!
***
Жатын бөлме. Жазу үстел. Асханам-ай,
Өзіңсіз шашылған бұл баспана қай?..
Жаңа көрген адамдай төбемде анау,
Қарайды ғой өзінше аспан ағай.
Сұп-сұр боп отырысың енді мынау,
Сұп-суық боп кетіпсің Астанадай!
Көктем жақтан кеттің бе, қыста қалып,
Жылы жаққа құстардың ұшқаны анық.
Кірпігімді мөп-мөлдір тысқа малып,
Мен соңыңнан барғанмын құс та қанық.
Мынау сендік болатын деп жүгіргем:
Жүрегімді қолыма ұстап алып.
Сен сонда қарамадың, танымадың,
Ақынға атар күннің таңы мәлім.
Маңдайымдай мынау бір табы қалың,
Әлі күнге иесіз жүрегімді,
Әр кімге бір ұсынып жаңыламын.
Күйіп кетіп отырмын, күйіп кетіп,
Несіне алғам сені сүйікті етіп.
Көзіме мұң жұғады, күйік бекіп,
Жүрегімді аласа ұстайын ба,
Сағыныштан санамды биіктетіп.
Көгермей көңілімнің көп құрағы,
Жанардан жылы ағын кеп құлады.
Көзіме – түн. Көңілге – кек тұнады.
Жаңбыр жауды. Білемін... сені ойладым,
Сені ойласам жылағым кеп тұрады...
Сені ойласам жылағым кеп тұрады.
Өкініш
«Өзгеше бір сұлу ол... - деп, - қылықтым»,
«Өткен заман Аруы» деп тұнық Түн
саған да Оны айтушы ем күліп мың,
«Өмірімнің өрнегі» деп бәріңе,
Өтірікшіге өлең арнап жүріппін!
Қалай сені қарғайын-ау, барым-ай!
Жалмауызым, жалғызым-ай, жаным-ай!
Қолдан қолға өтірігің өткенде,
Қайтсін мына өзегімді қарымай,
Неге сонда СҰЛУЫҢ деп сендіріп,
Неге енді үндемейсің жарық Ай?!.
Меңдей қара нүкте болып налатын,
Мендей сені жырлар ма еді бар ақын.
Таңға дейін құшағымда қалатын.
Неге талай кездесуге көндіріп,
Неге енді тілден қалдың Қара түн?!.
Қарағанда жанарынан тарап нұр,
Тарағанда қимастықпен қарап бір,
«Кетпе» деген кірпігінде жалғыз сөз,
Оқи, оқи таусылды ма тағат құр.
Неге сонда жүрегімді соққылап
Неге енді мыңқ етпейтін сағат тұр?!.
Тоқтап қалған сағаттардың дауысын,
Жүрегімнің лүпілдері санап тұр!
БАҚЫТТЫ БОЛ!
Жүрегімнің түбінде ғапылы жан,
Жылайды көз жасына жасырып ән:
«Айрылып қалдым ба деп асылымнан,
Кешігіп қалдым ба деп ғасырымнан».
Сезімнен санамашы күнді биік,
Өзіңнен санамашы гүлді биік.
Жылайсың жанарыңа түнді құйып,
Жалғыздыққа кеткенмін кімді қиып?!.
Сезімді тастапсың-ау күлге басып,
Сағынышты кетіпсің гүлге асып.
Отырғаның оңаша мүлде жасып:
Боларыңды біле алмай кімге ғашық,
Тығылып қаласың ба түнге қашып?!.
Жасыңды алайын ба құрғыр сылып,
Жаныңа жетейін бе күн құлшынып.
Мұңыңның мезетінде мың күрсініп:
Жыламашы көзіңнің жасы тисе,
Шашырап түн кетеді мың бір сынық.
Түн барып, түңілейін түнек қамау,
Үмітім өкініштен үдетті алау.
«Бақытты бол!» Мендегі... Тілек. Қалау.
Қарамай кетсең дағы өз-өзіңе,
Қараусыз қалдырмашы жүректі анау.
Басқа қыз
Көзіңді төңкергенің тостағандап,
Сөзімді жөн көрмеуің - бос бағамдап.
Өзімше өкпелеп кетіп қалам:
Өзгеден өзіңдей бір «дос» табам деп.
Қас қақпас уақыттың «айтағы» еріп,
Қасыңнан табыламын қайта келіп.
Болмашы бір құшақтап аламын деп,
Болмысыңа барамын байтақ еніп,
Сен сондай керім едің, есте қылық,
Мен сонда мұң болдым ғой кеште құрып.
Көңілдің қалғандығын жеткіздің бе,
Көзіңнің жасыменен кесте қылып.
Мойыған шақтарыңның естелігін,
Мойылдай көздеріңмен кешпе күнім,
Үздігіп сүйем деген сәтімде сол,
Үзіліп кеттің бе сен десте-гүлім.
Мұңыңды мұңымменен мезі еткен ем,
Өзімді таба алмай мезеттерден.
Көшеде сұлу көрсем сен екен деп,
Көзімді тағы алдаймын (безек келген)
Жанарда жас жиылды – сел болардай,
Өзекте өкініш көп – сең болардай.
Басқамен жүргеніңдей мен жақта да,
Басқа қыз жанымда отыр сен бола алмай.
***
Бір тілегім бар еді қайта маздап,
Келем тағы... құстар да қайтады аздап.
Сенің күлкің шашылған көшелерді,
Менің мүлкім деп елге айта жаздап.
Көзіңе қарай алмай, құрып, сасып...
Көздеріңнен үзілген тұнық та шық.
Қараймын деп абайсыз кеудемдегі:
Қарашықпен алғансың құлыпты ашып.
Тамырымда тулайды құйын қаным.
Жаңбыр болып жаныңа құйылғаным.
Тағдыр болып қасыңда жүргенімде,
Тағы өлең оқы деп қиылғаның.
Жол іздеу мен жолықпау арасы бар,
Жаңа ғасыр жанымнан Жан ашылар.
Бітпей қалған өлеңді оқы дейсің,
Бітелмеген бәлкім ол жара шығар!
Шаттығынан шамалы мұңы басым,
Ықыласпен жеткізер ымырасын.
Сындырмайтын сағымды сол дер едім,
Сындырып ап жүрсе де құмырасын.
Сен келетін мезгілді күз деп құрбың.
Құстарменен қатар боп тізбек құрдым.
Сен келетін күзді сол қоя салшы,
Сен жоғалған көктемді іздеп тұрмын.
Не істер екем?!.
Көздеріңнен күміс жас мың бір құлап,
Кірпігіңмен отырсың мұң бұрғылап.
Маңайыңда жан жоқ-ау, жалғыздық бар,
Маңдайыңа мініп ап түн құрғыр-ақ!
Неге бізде жарығым күнде осылай,
Үнсізбіз... үмітке де үн қосылмай.
Торығып терезеңе үңілеміз,
Қасыма қатар келіп түн досым-ай!
Ұмыттым дегеніңді тапшы дер ем,
Үміттің есіктерін қақшы дер ем.
Жалғыз сені ойлатқан ісі үшін бе,
Жалғыздықты бір түрлі жақсы көрем.
Соншалық жүрегіңе байланғаным,
Сор салып тілегіңе айналмадым.
Жанарың шексіз бір аспан деп қап,
Құлап кетіп жүремін айдан жаным.
Ауыр ой, ащы зардың түйер шері,
Тағдырым тарту еткен сый-өлшемі.
Көзіммен, көңіліммен жақсы көріп,
Жаныммен, жүрегіммен сүйем сені,
Мына менің мұңымның нәзіктігін,
Жанарыңа отырсам, жазып күнім.
Жазып сосын отырсам тағдырымды,
Жазылмаған баспенен қажып, гүлім.
Көңіл-ау, сағынышын ескен екен,
Көзімнен тауып жатыр кештер мекен.
Жалғыздықпен жарасып кет дейсің бе?
Қалай енді? Қайт дейсің? Не істер екем?!.
Сенім
Қауырсын жаным, сыңар қанатым,
Ауыр шын сенсіз шынар қара түн.
Дейтін бір сұлу сүйсем деп жүрмін,
Мен жоқта «мен деп» жылап алатын.
Қап-қара мөлдір – түн жасындай тым.
Шақта ма сол бір – сыр жасырмайтын.
Сап-сары қызды сүйсем ғой шіркін,
Сағынышын айтып, бір басылмайтын.
Кіл түніне ғәріп – төзім тоңатын.
Кірпігіне барып, көзім қонатын.
Өзгеше қызды сүйемін иә,
Өлеңімді іздеп Өзім болатын.
Терезе келіп, түн асылмайтын.
Кездерде сезім тұмасындай тым.
Көктемдей қызды сүйемін ертең,
Көңілдің онсыз бүрі ашылмайтын.
Озғанда жырақ, тұрмыс… талай күн…
Тозғанда жылап, тыныстамай түн.
Тоғжандай қызды сүйемін ертең,
Тоғжанға бірақ, бір ұқсамайтын.
Т-ға
Қолдан бәрі келеді жатпа налып,
Жолданбады себептер хат та қалып.
Ойымда жүрсің… оқи беріппін,
Өлең-жүзіңді жаттап алып.
Мазасыз Менен… айыққан елік,
Бояуын мұңның байытқан делік.
Сағыныш толы санама менің,
Сағым боп сіңші ғайыптан келіп.
Іздеген сені, емес пе ем кезбе?
Айдардан анау жел ескен лезде.
Шуақ боп және шумақ боп кеттің,
Өмір мен өлең теңескен кезде.
Ұзақ мұңыма ұрынды күз кеп,
Сызатты мына – бұрымды қыз деп.
Жанарыңа сонда қарай беріппін,
Жазылмай қалған жырымды іздеп.
Тым-тырыс түндер… көнермін… жоқ үн…
Байқатты маған өремнің жоғын.
Кім енді сендей оқиды екен,
Көзімде қалған өлеңнің жолын...
Құрмет
Ызасын айтып, ылайлы күнге,
Сұлулар сыңсып, жылайды түнде.
Семген гүлдерді құшпақтан бұрын,
Жұлып ап, сыйлау ұнайды кімге?
Жүріп те, ере арбауда құмар,
Жігіттер неге алдауға құмар?
Арудың ары айналса құсқа,
Талықсып ұша, талмауға құмар.
Қыздардың құны – Арымен деген,
Құздардың құны – жарымен деген.
Сұлулар іші... сұрыптап алып,
Бәрімен емес, барымен келем.
Төзімнің серті – тасқамал жүред,
Көзінің дерті – жас тамар, үдеп.
Арудың алып еншісін қимас,
Арудың мұңын жастанар жүрек.
Бегімдер кезсе бақтардың ішін,
Бекзаттар келер мақпалы үшін.
Шуақтар келер түндердің қайтқан,
Ақ таңның арай атқаны үшін.
Теңдерін тапса, тегін бер елі,
«Беу!» деген ауыз... бегімдер елі.
Алаштың ұлы – арылмақ емес,
Қазақтың қызы – шегінбе деді.
Тау сындас тектің – қамын жастағын,
Таусылмас тарих – қалың дастаным:
Арулар, қыздар, сұлулар, сендер,
ҚАЗАҚ-қа жалғыз қарындастарым!
***
Бастай алмай жүрміз бе бәрін қайта,
Тастай алмай жүрміз бе бәрін айта.
Жүзімді сағынғаның көрініп тұр,
Жүзіңнен бастапты ғой әрің қайта.
Өсіріп отырсың ба жасыңда гүл?
Өшігіп, опыныпсың расында бұл.
Жегіліп отырғанша мұңға ауыр,
Егіліп отырсам ғой қасыңда бір.
Қайтейін жеткізбесе тіл қарымды,
Тонаған секілді ғой түн барымды.
Жүрегіңнің алдына жығылып қап,
Құшақтап құласам ғой мұңдарыңды.
От жағып отырсың-ау наламызға,
Шырағы сөнбесін деп барамыз ба?..
Бір кездері қадірін түсінбеген,
Бір кездесу жетпей тұр арамызға.
Ақымды жазайын ба күндеп қарға,
Атыңды жазайын ба тілдеп талға.
Үміттің қабіріне кеше түнде,
Жүректі қойып кеттім гүл деп қалма.
Сендегі сұлулыққа!
Сүйеді сүйсіне бір тілеуді Алла,
Сүйеді суықтықпен құрық-қайғы.
Айдалада от жаққан біреу бар ма,
Айда сәуле болғанмен жылытпайды.
Мейірімнен жалыққан бұл қала сан,
Мейірімсіз биікке қуыпты Айды.
Қақталып қалар ма еді, бір қарасаң,
Жанарыңның отына суық қайғы.
Сап-сары мезгілде ғой тербеп нәрін,
Қалтырап жапырақтай қалған мүсін.
Күздің де сезгендеймін кермек дәмін,
Көз жасыңа батырып алғанбысың?!.
Жауратып жүректерді илейді не?
Ызғарлық кірпігіме тұр іліне.
Суықтық сонда келіп билейді ме,
Жапырақтай жанымның діріліне?
Көздерім көре алмай құр қала ма,
Көктемде көрінетін шынар ме едің?
Суықтық басып қалған бұл қалаға,
Сұлулық жетпей тұрған шығар дедім!
Жанарың жылу берді-ау баурап анық,
Тамыры суықтықтың жұлынды әрең.
Сендегі сұстылыққа жаурап алып,
Сендегі сұлулыққа жылынды Әлем.
Сұлу бейнең жүрекке жылу бүгін,
Жылытар деп жанымды тіледі өрем.
Елеусіз қалмайтын сұлулығың,
Теңеусіз қалмайтынын біледі өлең!..
15-12-13
БОЛАШАҚ
Айта алмай кеткеніңді нала ма, сыр?
Айтасың Аспанға бір, қалаға сұр.
Өткенге өте алмай Бақытыңа
Өкінгенің өкінген қара да тұр.
Сағаттың тілін жұлғын, түйре тегі,
Тағатың таусылады, күйретеді.
Жалғыздық ұстаздыққа жарап қалып,
Тізеңді құшақтауды үйретеді.
Сезімнің кеш гүлдейтін бүртігі ме?
Лағынет жаудырасың бұл түніңе.
Өзегің көз жасыңа айналады,
Өкініш өрт қояды кірпігіңе.
Көзіңнің маңындағы желек сынып,
Көзіңнен мағынасыз дерек сылып.
Отырғаның отырған о, жаным-ай,
Мұңың да мүсіркемес, керексініп.
Бағың да түсе алмай рас па көктен?
Күлесің күйіктен ғой, (бастан өткен).
О, сонда басқа күзім келер маған,
О, онда болар менде басқа көктем.
Есімің еске түспек «қай, манағы?»
Деп сені айтқандарға: «Әй, баяғы...»
(Басқа жан, басқа жүрек аймалағы!)
Қамалып отырасың, бөлмең сонда,
Қап-қара Әлеміңе айналады.
Аспанда жұбата алмай Ай налады.
Қазір ғой қиналғаным «…емдер» дейді.
Қадалсын шөңге, тікен, шеңгел мейлі,
Жаныма алған кезде жан аруды,
Жарыма сол кез ешкім тең келмейді!
Өткеннің, өкініштің күні қайтып,
Бүрлеймей бұл ғасырдың гүлі қайтып.
Мен сонда отырамын сәбиіме,
Сен жайлы естеліктер күліп айтып.
«Не болса да, негізсіз ұмыт бәрін!»
Кезінде өзің айтқан - күдік тәлім.
Жаныма батар сонда отырғаның:
Жарыңның жақтыра алмай қылықтарын.
***
Айтып тұрып, айта алмауды қарашы,
Қайтып тұрып, қайта алмауды қарашы,
Құрғыр тілдің байлануын қарашы,
Құрдым күннің айналуын қарашы,
Күшпен күйік, шер төнуді қарашы,
Іштей күйіп, өртенуді қарашы,
Көктемімнің күз болуын қарашы,
Көз жасымның тұз болуын қарашы,
Жүрегіңнің мұз болуын қарашы,
Тілегімнің жүз болуын қарашы,
Зарығымның мұң болуын қарашы,
Жарығымның түн болуын қарашы,
Жегір ойдың хас болмауын қарашы,
Жегенімнің ас болмауын қарашы,
Басқалардың жүрісіне қарашы,
Қасқалардың күлісіне қарашы,
Алып ұшып, асығуды қарашы,
Әрі құшып, бас ұруды қарашы,
Наласы жоқ кіл қауымды қарашы,
Қарашы деп тынбауымды қарашы,
Қараңғыңа күн қонбауын қарашы,
Қарағаның шын болмауын қарашы!..
І. Менің жарым /циклдан үзінді/
Жалғыздықты көтере алмай жатқаның,
Жалқылықты ауырсынып жатқаның,
Жаныма кел дегеніңдей елестеп,
Жарты жанмен бүтін болшы, теңес деп,
Шық тамған жамалымды ақташы деп,
Сұқтанған жанарлардан сақташы деп,
Жаңадан көргеніңдей ұнатшы деп,
Мұңымның мұнарасын құлатшы деп,
Сағыныштың көздерінен оян деп,
Есіміңді ерніме ескерткіш қып қоям деп,
Көздің жасын өлеңіңмен сүртші деп,
Көңілімді көлеңкеңмен түртші деп,
Ерініме еншіңді табыстауға келші деп,
Езуіме күлкінің суретін сап берші деп,
Жолымыздан, әлемнен жаңылайық мүлде деп,
Жаңылысқан Әлемде жағылайық бірге деп,
Қара түннің барқытын жамылайық күнде деп,
Сосын сонау таңдарда сәлем айтсақ гүлге кеп.
Сосын сәлем Анаңа салып тұрсам таң сайын,
сосын сонау келіндік кереметін аңсайын,
Сосын сенің жолыңды тосып тұрсам лүпілдеп,
сонда менен бүгінгі жоғалар деп бүкіл кек.
Деп тағы дегбірсіз сағат тілі озған деп,
Уақыттың уысы – төзімдерім тозған деп,
СЕН ақыры жеңілдің Сенің жарың Тоғжан деп!
I. Бір сағым /циклдан үзінді/
Жүректегі сезімің жанарыңнан төлдеп кеп,
Жаныңның дауысына... Дауысына шөлдет деп,
Жүрегімнің жарығы - сәулеленсе сөзің кеп,
Қаламыңнан түскен жазу, түскен жазу өзім деп,
Дәптеріңнен тірілем қаламыңды құшақтап,
Деп тағы сөйлейсің сағыныш боп түссі аппақ,
Есімімді айтатын ауыз болса сенде деп,
Есің кетіп, eліріп, ерініңмен емде деп,
Дегбірің мен делебең дертім болсын жазба деп,
Талықсудан туатын кесір берме назға деп,
Жүрегіңнің жүзінен қызғанышың қақса кеп,
Жанарыңның түкпіріне, түкпіріне таста деп,
Шағым айтып отырсың қара түнге – Ай сарын,
Шырақ жағып отырмын мәхәб-б-ат-тың май шамын,
Үмітіңнен жібек жіп түтіп ал деп мұң түнім,
Арманымның тереңі – шығарып ап ынтығың,
Аңсарымның биігі – күтіп алып сағыныш,
Ағыл-тегіл сезімім жылап отыр... (тағы күш!)
Сомдай алмай сен жайлы: «Болар ма деп мұнша мұң?»
Қаламымның ұшында ойнап отыр бір сағым.
Түс
– Өкпелетпе қалжыңды жеңіс санап,
Қарсы алмаймын қосылып қала түнін.
– Болмашыға бұйығып, теріс қарап,
Қатты ұнайды өкпелеп қалатының.
– Қатты ұнады соншалық күрсінгенім?
– Иә, ұнайды қылығың, «ерсі» мейлі,
деп едім Тоғжан жібіп, күлсін бегім:
«Мен де сені ұнатам, келші» дейді!
Ауа қысып кеткендей, маң тарылып.
Анық көріп сәтте сол ақын бағын.
Шақырған соң тұрам ба, қаңтарылып,
Шарқ ұрғанды білдірмей жақындадым.
Айналып сала берді белі гүлге,
Ар жағы анық иә, (дәт те барған).
Еріп бара жатыр ем ерінінде,
«Балам тұр!» деп оятты әттең анам.
Мен енді...
Тербелген теңіз – қоғам,
Аппақ ай. Тым жарық түн.
Мен сонда сезім болам,
Жүректен бүр жарып мың.
Жүректің жыр ішегін,
Қарғанда қорғасын леп.
Мен сонда түн ішемін,
Қараңғы қолдасын деп.
Түн бітті, жөнелді азан,
Жүрегім жылайды аздап.
Мен сонда өлең жазам,
Көзіңе құлай жаздап.
Тоғжани Тағат тәмам,
Алдамшы... жоқтатты Арман.
Мен енді Сағат болам,
Жүрегі тоқтап қалған.
Әф-сана қыз
(баллада)
Жалқылыққа жалғыз боп бас ұрғаннан,
Жүргенімде жарамай, жалындамай.
Әф-сана боп жеткенсің ғасырлардан,
Аңыз болған аруым қалың қалай?
Хәлім мүшкіл демедім сұрағанға,
Жүзім сынық... жүрегім... кетілді ұшым!
Бұрынғының сұлуы жылаған ба?!.
Бүгінгінің ғашығы секілдісің?
– Шолпы әкелдім шашыңа, әф-сана қыз,
– Қос бұрымға қолыңмен тақшы бөліп.
деп екеуміз сөйлестік бақта жалғыз,
Әсіресе сен мені жақсы көріп.
Ертегілік кейіпкер емеспін деп,
Аңыздардан аршылдың, ақтала қыз.
Оңашада ойыңмен кеңескің кеп,
Қалдыруды өтіндің бақта жалғыз.
Тілдеп жүрмін... бұл күні тамызымның,
Таңы едің қайта бір атпай қалған.
Ақиқаты сол менің аңызымның,
Келгенімде мен сені таппай қалғам.
Ұшып кетті ұлпадай обал қыла,
Ұстатпады мамық па, мақтама қыз.
Аңыздарға сіңіп ап жоғалды ма?
Ақырында болды ғой әф-сана қыз.
Аңызға да бергісіз қалды лебің!
Есте сақтап ең ерек кейіптерін:
Ертеңінен күтіп жүр сал Жүрегім,
Ертегіден естіген кейіпкерін.
...кездесуге...
Сыр сауып жақ ашпадым,
Келмейтінді шығардың, (қылық бөтен).
Ақ шатырлы аспан мен ағаштардың,
Астында аз аялдап тұрып кетем!
Қара мысық кейпінде күдіктерің:
Жолыңды кесе берер.
Көңіліме көктем әкел – үміт керім.
Мұңның мұзы ерісін десең егер.
Тулаған тамырымда зор ағын ең!
Қаптаған қара халық. (Нөпірме ел?)
Жолдардың жан түйіспес торабымен,
УАҚЫТ-тың үстіндегі көпірге кел...
...кездесуге...
Елегізу
Дауыл үні тереземе өшігіп,
Ымырт соңы… ызыңдаған маса - түн.
Атырапта арман гүлін өсіріп,
Жапыраққа жыр оқиды жас ақын.
Екіленіп есер дауыл салды арын,
Күз келгелі жайлаған-ды жерді сыз.
Түнге малып кірпігімнің талдарын,
Кімге налып отырғаным белгісіз.
Тоңып барам. Жылытатын емес түн,
Сырта сыңсып суық желдің ызыңы.
Сұрағынан қажып кеттім ЕЛЕС-тің,
Құлағыма түнеп қалған қыз үні!..
«Үмітіңмен қоса кетіп үгіл ме!»
деген дауыс… Қала қараң. Көше мұң.
Өтініш көп… Жалынбаспын БҮГІН-ге,
Өкініш боп оралады КЕШЕ-гім.
(Тоналады!..) Тона түнім… ал бәрін!..
Жүрегімді жеңді сыз.
Түнге малып кірпігімнің талдарын,
Кімге налып отырғаным белгісіз…
2011 .ж.
***
Мөлдір мұң ие бізге.
Мөлдірге бола алдаймыз
Тек қана сүйеміз бе?
Сүйікті бола алмаймыз,
Көзіңе қонайын ба,
Гүлдердің әуені боп.
Жоқ әлде солайын ба
Әуелі мәуелі боп.
Содан соң тірілтесің,
Жасыңды бүркіп ащы.
Көктемім, түнім сенсің,
Өткеннің құлпын ашшы.
Соңғы рет келіп кетем,
Соңғы леп беріп тосын.
Ерніңде еріп кетем,
Көзіңде сөніп сосын.
Бұл өлке... күбірлі... Һәм қызық...
Сананы сарсаңға салғызып,
Жалқылық жүрекке жылыстар.
Азырақ азынап жалғыздық,
Бөлмеде бөтен бір дыбыс бар.
Бастаған секілді жел есе,
Біресе сыңсиды сыңғыр Мән.
Жылауық жаңбыр ма? Немесе
Гүлдердің даусы ма шыңғырған?
Естиімін тылсымдар тасырын,
Құйылған ауаға науамен.
Ол неге жұмбақтау... жасырын,
Бөлмеде бір дыбыс, бар әуен...
Тосудан жалықтым нақ үнін,
Таппадым Саздардан шын ілік?
«Күт, иә...» дейді ме САБЫРым,
Құпия тозаңын сіміріп?..
Бұл өлке... күбірлі... Һәм қызық...
Көлеңке ілулі бұрыштар.
Азырақ азынап жалғыздық,
Бөлмеде бөтен бір дыбыс бар.
Гүлжүрек
(жазықсыздық)
Қыз қолында гүл сынады,
Гүл сынады өкініштен.
Кеуде қалай тұрсын әрі:
Күбірлейді Өкіл іштен.
Күбірлейді Өкіл іштен:
«Жүрекпін» деп таныстырған.
Гүл сынғанда өкініштен,
Өкініп ап алыс тұрған.
Елемейді жайтты үстем,
Гүл өлдіге сенетін кім?
Ауа ғана айтты іштен:
Сынған гүлдің семетінін.
Көздің маңы тұр ісініп,
Жігіт жылап құшып талды.
Ең соңғы рет гүл ұсынып,
Ең соңғы рет құшып қалды.
Ең соңғы рет құшып қалу:
Ең алғашқы – қоштасу.
Гүл сынғанда түсіпті ару,
Түскендей боп отқа су.
Ең соңғы рет құшып қалад,
Сұлу мұңы әсілінде.
Топ көбелек ұшып барад:
Гүлді жерлеу рәсіміне.
Мұңмезгіл
Кірпігімнен кәусәр тамшы тамарда,
Жалғыздығым көңіл айтар... күні-түн.
Күздің қара суығындай жанарда,
Шамның әлсіз жарығындай үмітім.
Қараңғы түн қаумалайды беу, неге?
Толып кеткен тыныштыққа тұстар лық.
Бөтелкедей босап қалған кеудеде:
Желдің жөнсіз екпініндей құштарлық.
Жанарымда қан шырайлы сұсты өмір,
Тамырымда тың ағын бар. (Қай ағыс?)
Кірпігімде қалтырайды шық-мөлдір.
Жапырақтың дірілінде аяныш.
Төзімімді түн қояды көрмеге,
Мұрсатымды мұңға тонап алғыздық.
Үнсіз жылау орын алып бөлмеде,
Шық тереді кірпігімнен жалғыздық.
Еш Ақылдың ермей есті Сөзіне,
Еңкіш тартып Обал менен Ашыныс,
Көктем іздеп барып едім көзіне,
Күз басталып кеткен екен асығыс.
Мұңмезгіл 2
Жазғым жоқ қой Көктем салған жарамды,
Күдік ішкен көңілім сол күмән де.
Түн мүсіндес ойларымдай қараңғы,
Жыр түсінбес қызды сүйсем кінәм не?!.
Азалы рең, ғазалымен жүр менде,
Ажарымен арбап кеткен ай мүсін.
Біз көктемге бармаймыз деп жүргенде,
Көктем өзі іздеп келді қайғысын.
Ілік септік сияқтанып қоймап ең,
Із суытқан! Қайда? Жоқ қой... ілкі леп?
Мен көктемге бармаймын деп ойлап ем,
Көктем сенің көзіңде жүр сіркіреп!..
Көзжасым
Келмедім... басым сұлық,
Келмейді тілім түнге.
Жанымның жасын сығып,
Бір гүлді тірілтуге.
Келмедім...жол құрып ем,
Ұқсайды түрім Түнге.
Он гүлді солдырып ем,
Бір гүлді тірілтуге.
Келмедім... у ішіп ем,
Келмеумен болған күндер.
Көзімнен су ішіңдер,
Көзімде солған гүлдер.
Келмедім... қорғанғам сол:
Кірпікте жас тоңатын.
Гүліне қонғаннан соң,
Көбелек мас болатын.
Келмедім... болып кеткем,
Көктемнің кесірін бер.
Түндерде солып кеткен,
Гүлдерім кешіріңдер!..
Қалалық новелла
Мына түн қорқынышты,
Сұрапыл, зор тынысты.
Жапалақ қона алмай,
Жарғанат қорқып ұшты.
Қанаты қияқсыз-ау!
Бітпейді миятсыз дау.
Өбісіп жатыр екеу,
Мына түн ұятсыздау.
Жалғыз үй қаңырады,
Жақпаған шамын әлі.
Көзіне түннің қара,
Көшелер жамырады.
Көшеде маң тарылған,
Көліктер қаңтарылған.
Қалтырап оянады,
Қалалар қаңтар ұлдан.
Шаһарда қыстың әрі:
Мына түн ышқынады.
Талып бір естілгендей,
Көктемнен құстың әні.
Хал сұрап, үштен бірін,
Қалтырап ішкен білдім.
Көктемдер сөніп кетті,
Көзінде үскен гүлдің.
Стиль
Нәп-нәзік үйлесімдер,
Көңілсіз күйге сіңер.
Уақыт та қалып қойды,
Жіберіп би кешін ер.
Ет жүрек тынбай сыздау,
(Тепкілеп... тұрмайсыз-ау!)
Тәп-тәтті түс көремін,
Ояну ыңғайсыздау.
Әлемнен тыс дерегім,
Әлемге ұш дер едім.
Қап-қатты қиялыммен,
Тап-тәтті түс көремін.
Сезімнің күші күзге,
Таралды... түсіп ізге.
Бүгін де табысамыз,
Бүгін де түсімізде.
Өлеңге базына тым,
Өреді жазып ақын.
Ап-ауыр тағдырым бар,
Жеп-жеңіл жазылатын.
***
Сөнеді жалғыздық,
Сөнгені естелік.
Тағы да кешіктім,
Тағы да кеш келіп.
Ұйықтауға тырысты,
Ұйқысы болмады.
Қайтадан түн ұшты,
Қайта бір қонбады.
Тым қатты желігіп,
Түн жатты (Сақ Үміт).
Сол түннен жерідік,
Сол түнді сағынып.
Көрмейді көздер құп,
Көрмеді Жан тына.
Сол түні өзгердік,
Сол түннің салты ма?
Қорқамыз селден сол,
Қорқамыз жетуге.
Ғайыпқа сенген соң,
Ғайып боп кетуге.
Көзіңді теңіз деп,
Көзіңде туылғам.
Сол түні сені іздеп,
Сол түннен қуылғам.
...қымбаттым...
Ақындар көп емес,
Жұлдыздан жыр сауған.
Тыныштық – өлі елес,
Тымтырыс. Мылқау маң.
Келі мұң – ап-ауыр,
Желінін түн иген.
Құтылды жат ауыл,
Түтінді тұл үйден.
Ол үйде бір ақын,
Обалын жоқтаған.
Өзгеріп тұратын,
Өзіне боп қаған.
Бірақ та мұңына,
Бұйрығы жүрмейтін.
Жыраққа тығыла,
Жырлайды түн кейпін.
Жетілмей жыр реті,
Сәл жалғыз, сәл ақын.
Түндердің суретін,
Көзіне салатын.
Жыр жазды түн күткен,
Жалғыздық жайында.
Ең ащы шындықпен,
Ең асыл пайымда.
Бөлмесі – әлемі.
Кітабы – жұмбақ түн.
Мұңдары – әлегі,
Ол сондай қымбаттым.
Шығады жол сүйреп,
Тағдырға мұратын.
Бүгін де сол сурет:
Бір бөлме – бір ақын.
Тылсымат
Қараңғымен қарық қылар Түн бір сын,
Жабырқаулы жанарыңнан күн күлсін.
Мына түннен сапар шегіп келген Хат,
Қандай жұмбақ жасырады кім білсін.
Жұмбақ жазу жеткізеді Ай нұры,
Бірақ, білсем түбі бәрі қайғылы!
Көлеңкелер кертіп кеткен қаріптің,
Жанарымда жазулы тұр қай бірі.
Көмейімде қалып қойған Үн дағы,
Бүгін әлсіз ән салады түн бағы.
Сыңсыған саз арасынан сытылып,
Сезім қашып бара жатты...(жұмбағы)
Түннің мына кітабына дат бар ма?
Пайым іздеп парақтарын ақтарма.
Мен де жазу қалдырдырайын оқылмас,
Сапар шегіп келмейтін сол хаттарға.
Гүлақын
Самайлы Уақыт-Ғалам,
Санадым кіл шашын ақ.
Көзіңнен өтіп барам,
Көзімнен түн шашырап.
Кешеге тоналған соң,
Кешенің Үні шейіт.
Бүгінге оралған соң,
Бүгін де түн ішейік.
Көктемге сездірме де,
Көктемге сенбейтін күз.
Сор жұтқан мезгілдерге,
Сондықтан келмейтінбіз.
Келгенді кім аяды,
Келмеді тар ой анық.
Көз ілгем түн аяғы.
Көзімнен таң оянып.
Айтсаңшы білесің жас,
Көзімнен құлаған көп.
Сен менсіз күлесің рас,
Мен сенсіз жылағам жоқ.
Ақынды кім түсінсін,
Ақындай бола мамық.
Бүгін де түн үшін шын:
Бүгін гүл солады анық.
***
Сәттерге тәу етем көп,
Сәттерде түн өксіген.
Қайтадан тәуекел деп,
Қайтадан жүрексінем.
Санада сезік бөтен,
Сезікке құныққам көп.
Мұңымнан безіп кетем,
Мұңыма кіріптар боп.
Кешкенде кіл Ой анық,
Ескендей тамшы лебі.
Көзімде түн оянып,
Көзіме таң сіңеді.
Көзілмеу – шығар ұқсақ,
Түндерді жіті бағу.
Өлеңмен шығарып сап,
Өлеңмен күтіп алу.
Жолдарға жыр–із бекіп,
Иектеп қаймана мұң.
Үмітке Бақ іздетіп,
Үмітке айналамын.
Үмітте ызың бүрлей,
Қонады қайтадан Бақ.
Ертең түн бүгінгідей,
Дәстүрмен қайталанбақ.
Керіағыс ритімi
Наламның ниеті тәуір,
Меселі қайтпаған мұңның.
Көңілмен көтеру ауыр,
Салмағы секілді түннің.
нәрселер көбейді мида,
Нәзіктік болмысты билеп.
Жасанды әдеп пен иба,
Кетпеді санадан сиреп.
Жоғалды ЖАДымнан аулақ,
Ақылдың аса бір мәні.
Үміттің үлкенін аулап,
Уақыт жасап жүр әлі.
Өткен күн ізіне ермей,
Оралды кешегім… Момын.
Артымда қалғысы келмей,
Алдымнан шығады соңым.
Адасып аулада Бақ жүр,
Қараймын ұрлана тысқа:
Ғұмырдың ішінде тағдыр,
Жырымның жолындай қысқа! 2010 ж.
Пейзаж
Қағысын қанатының жиілетіп,
Қызыл іңір қонақтап қалды қырға,
Қас қарайып қалғаннан күйі кетіп,
Дидарын дала тегіс малды мұңға.
Айнала алабұртып өз алдына,
Қараңғы құшағында булығады.
Тау жатыр келітіріп көз алдыңа:
Бүк түскен Баһадүрді дулығалы.
Еркінсіп ен далада қара тұман,
Торлады төңіректі түн ұрланып.
Маң дала қою сағым арасынан,
Қарайды қабақ шытып, қыңырланып.
Сам жамырап байыды қара кезең,
Самала нұр сейіліп қабағында.
Жыландай ирелеңдеп барады өзен,
Түйе-өркеш таулардың табанында.
Табиғат тылсымына жатыр бөлеп,
Қалмассың қарағанда шын ұғынбай.
Аспанда жартыкеш ай нәті бөлек,
Көрінер күміс теңге сынығындай.
2010 ж.
Қалау
Өлең менен Аңсар мәнін,
Өткеру де қиын-ақ.
Мына түннің бар салмағын,
Қарашыққа құйып ап.
Білдіреді жел ескенін,
Түртіп керім өтер кей.
Ауаның бар елестерін,
Кірпіктерім көтермей.
Қараңғылық қорғап Айды,
Түн барады түзіліп.
Мың бір тамшы сорғалайды,
Мұңдарымнан үзіліп.
Сезігімнің ауыр сыны...
Сезулерім көркем ед.
Ауаның бар қауырсыны,
Тынысыма өртенед.
Түстерінде ояу бәрі,
Өңдеріндей ұғады.
Болмысты түн бояулары,
Жанарыма жұғады.
Мәңгі тастап осы күнім,
Жалғыздығым қоярдай.
Қалғым келді осы түні,
Ойларымнан оянбай.
Өмір
...Алаңсыз асықпаулар... амалсыз кешігулер... –
...Еркелік есіру мен еріксіз кешірулер...
...Тереңге батырулар... биіктен құлатулар...
...Күйікпен жұбату һәм күлкімен жылатулар...
...Шырайлы қалаулар мен шынайы ұнатулар...
...Сұрықсыз үзілу мен сыпайы ұласулар...
...Майдансыз қырқысулар... мылтықсыз оқ атулар...
...Ізетті сыйласулар... ізгілік орнатулар...
...Керіге шегінулер... кейінге ығысулар...
...Кемсітіп ұмытулар... кең пішіп ұғысулар...
...Келесі көрісулер... кезекті танысулар...
...Беймаза тарасу мен бейуақ табысулар...
...Үнсіз бір қыстығулар... үздіксіз солықтаулар...
...Әдемі тауып бару... әдейі жолықпаулар...
...Өткелдік ауысулар... өкпесіз достасу бар...
...Құшақтап қауышулар... қол қысып қоштасулар...
...Арнайы кездесулер... аяулы кезігулер... –
...Ардақты сезімдер мен аялы сезінулер...
...Ех, Өмір-ай!...
Ауылға қайту
(Туған жерім Талас топырағы, Майтөбе ауылына)
Бұлдыр да бұлдыр жайды асып,
Күлдір де күлдір күн кешіп,
Үстірттегілермен байласып.
Үстідегімен үндесіп.
Шертіліп еді күй алғаш,
Ұрқыма қонып ұстамым.
Қылшық шөбінді қия алмас,
Қылышы келіп дұшпанның.
Тарапқа түсті ұлың да,
Таласқа түссе жеңіп ар.
Желкілдеп өскен тұлымда,
Желіңнің сіңген демі бар.
Шанақты шағып күй шығар,
Өзекке өрлеп жырым да.
Топырағыңның исі бар,
Тобыққа тиген бұрымда.
Шекара іздеп, үзіліп,
Шетіңді таппай тулағам.
Аңдардан аяқ мүжіліп,
Құстардан қанат қураған.
Сүйем де сүйем безінсем,
Сүйер ме едім мұншалық?!.
Мекиен далаңды кезгенмін,
Меңіреу түніңе мұң шағып.
Жалғыздан жалғыз желгенде,
Айтылмад (-ы) дейсің қай налам?
Дарақы ажал келгенде,
Далаға мен де айналам.
Қаншама сәт көп шағынсам,
Қабылдап жатыр қаулы Күн.
Ауылдын исін сағынсам,
Анамның құштым жаулығын.
Бір күні кетсем ғайыпқа,
«Бір уысыңды» ала кел.
Еншімді бұрма айыпқа,
Е, мені туған баба – жер.
Арқама ауыр артыпты ой,
Көтеріп келем пұттардан.
Ауылдың шаңы артық қой,
Қалада түтін жұтқаннан.
Балалық қайда там-тамды,
кезіп кетуші ек ел жақта.
Қалада қалған қаңқамды,
Сүйретіп келем сен жаққа.
Қабыл ал мені туған жер!
Күзгі көңіл
Жапырақты жататын үзіп, үзіп,
Осы біздің Тараздың күзі қызық.
Ұласқаннан күзіне мезгіл сары,
Ұнатқаннан ұйқымды қызы бұзып.
Қызы бұзып, жіберер көңіл райын,
Күзі қызық, біледі өмір жайын.
Арулары қинайды күзде гүлдеп,
Ақындары қимайды «көңілді» айын.
Жанарында жүретін жүзіп күзі,
Жолықтырдым мөлдір көз «бұзық қызды».
Ең әдемі аруды шаһардағы,
Ең сүйікті екенін күз ұққызды.
Күз ұққызды, тағы да жүз ұққызды,
Айналшықтап кетпейді қызық бізді.
Аламын деп жапырақ тал басынан,
Алмаңдаршы арулар үзіп күзді.
Тоқсан күндік тағдыры – сәл аз бағы,
Күзбен неге келіспей араз бәрі.
Өлең күткен ақындай сарғайыпты,
Шайырлардың мезгілі Тараздағы.
Жапырағы жататын жолақ болып,
Алтын дерсің көзіңмен тонап көріп.
Тағы қалай теңейін оданша өзің,
Тараздың күзіне кел қонақ болып.
2013 ж. Қараша