Батық МӘЖИТҰЛЫ: Алапатқа қарсы айқай

Батық МӘЖИТҰЛЫ: Алапатқа қарсы айқай

1
Сұм соғыстың қайғы, азабы неткен көп?!
Қуратты ғой қырқаларды көкпеңбек.
Бір-біріне жалаңдатты қылышын,
Адамдардың көкірегін кек кернеп.

Арулардың ар-намысы тапталды,
Бәйтерегі томар болып бақ қалды.
Бесіктегі уілдеген сәбидің,
Уыз тәні тозақ-отқа қақталды.

Тіршіліктен ырыс кетті, сән қашты,
Ізгіліктің жағасына жармасты,
Бұйрық берсе қара жүрек әмірші,
Адамдарды – адам атты, қан басты.

Сайтан қиял адастырды ақылды,
Сайын дала жоқтау айтып аһ ұрды.
Азаптады ақ сөйлеген ақынды,
Құрбандыққа байлап берді батырды.

Абыржыды бүкіл әлем қайғы ойлап,
Еліреді есуасқа сай бейбақ.
Тірі тұрмақ, өлгендердің аруағы,
Неге, неге?! Неге?! – дейді айғайлап!

2
1945. Соғыс біткен.
Сейілді әрең қара бұлт кеңістіктен.
Жалғыздарын жоғалтты талай әулет,
Сағынышпен сарғайып жеңіс күткен.

Жер мен көктің арасы – бәрі ысталған,
Шыққан «мүйіз» осы ма алысқаннан?!
Ұясына батады күн қызарып,
Қылығына пенденің намыстанған.

Жазираның қаңсыды сан бұлағы,
Қары талған дүние қалжырады.
Қара түнде қайғының құмын құшып,
Жесірлердің жүрегі қанжылады.


Жетімдердің қабағы түйіледі,
Қара тағдыр қамшысын үйіреді.
Жиырмадағы мүгедек орден таққан,
Тірі қалғаны үшін де күйінеді.

Барлығына шыдады, адам көнді,
Сақтады Алла әйтеуір қоғамды, елді.
Өмір деген – өмір ғой, жылжиды алға,
Махаббатты жырлаған жаңа ән келді.

3

Жауыз ойлар осымен бітер ме еді?!
Жаңа күннен жарылқау күтер ме еді?!
Жер бетіне жайқалтып гүл ексе де,
Арасында бар екен тікендері!

Басын тағы бір пәле көтерді алдан,
Ішпей жатып дәм кетті шекер, балдан.
Ит пен мысық тәрізді ырылдасып,
Бірін-бірі көре алмай өтер жалған!

Пәниліктің буына алданды адам,
Қараулықтың қолында қан-қан қалам.
Дүниенің тұтқасын ұстаймын деп,
Қиялына өзінің сенген жаман!

Тағы зауал төне ме жерге, күнге?!
Тіршілікті көме ме көрге мүлде?!
Қайран ақыл қор болып, қайран талант,
Атом дейтін әлемет келді өмірге!

Ақситады азуын ақ арманға,
Айнала ма тағы да заман зарға?!
Кеудесіне нан піскен билеушілер,
Қорықпаса құдайдан, амал бар ма?!

Бомбасы бар зымыран шарқ ұрады,
Ол тұтанса теңіздер сарқылады.
Кәрі тарих тіксініп әлденеден,
Сары аязда тонғандай қалтырады!

4
Сор таптың-ау туған жер кеңдігіңнен?!
Сұмдықтарға жон арқаң көнді мүлдем.
Ойларына келгенді істемекші,
Олай етпес еді ғой жөнді білген.

Анасындай күлімдеп арайландың,
Ұрпақтарын жарыттың талайлардың.
Сәйгүліктер төсіңде жарысқанда,
Жолы болса екен деп қарай қалдың.

Бөлмей-жармай бәрін де асырадың,
Қарияларым – қазына ғой, жасы – жалын,
«Айттым сәлем Қаламқас» – ғажайып үн,
Тамылжыта шырқап ең ғашық әнін.

Сырын ұғып, даланың мәнін аңғар,
Басын иді бағалап танығандар.
Бүйіріңді атоммен солқылдатып,
Қинайтындай соншалық не кінәң бар?!

5
Сұм «жаңалық» шошытты Дегелеңді,
Дегелеңге сарбаздар неге келді?!
Алабөтен дүрлігіп ауыл-аймақ,
Айдауылдар соңынан ере берді.

Қаратаудың көшіндей қозғалады,
Көрінбейді көнбеудің өзге амалы.
Партияны сүйетін белсенділер,
Тегін ішкен араққа мәз болады.

Қобалжыған көңілдер бір тынбайды,
Иттің өзі үрмейді, жұлқынбайды.
Машинаның үстінде ауру қарт,
Соңғы демі қалғандай ыңқылдайды.

Қақ жарылған қара жер, дір-дір етті!
Көңірсіген ыстық жел ұрды бетті!
Қою түтін саңырауқұлақтанып,
Аспан құлап кеткендей, гүр-гүр етті!

Шытынаған шың-құздар шайқалады!

Ібілістің естілді сайқал әні!
Шырқыраған дауысы Дегелеңнің,
Хиросима азасын қайталады!

6
О, ұлы аруақ! Ұлы Абай, ұлы Мұхтар!
Қайда кеткен жандағы жылылықтар?!
Әділетін әлемнен сұраңдаршы,
Кім бар екен қол қойып мұны құптар?!

Семей не үшін атанбақ мұң алаңы?!
Оның құнын кім даулап, кім алады?!
Тәжірибе жасалып қазақтарға,
Неге жойқын қарулар сыналады?!

Адасқан ба адамзат ақылынан?!
Қалай барды қоғамның дәті бұған?!
Туа салып науқасқа ұшырады,
Ер азамат болуға хақылы жан!

Шаңырақтың тағдыры шуға айналды,
Сары даланың ауасы уға айналды.
Қол жұмсады өзіне өрімдей жас,
Тұтылған ай секілді тумай қалды!..

Қазақтың да үміті зор болатын,
Зарланатын кез бе бұл қорланатын?!
Жаңғыртқанда «Заман-ай» «Елім-ай»-ды,
Ер намысын тік тұрып қорғады ақын!

Көбейеді күш-қуат қолдасқанда,
Күресуге жарайтын жолдас таңда.
Қара көзден от шашып қаһарға мін,
Қара өлеңді айналдыр алдаспанға.

Қалқан етші кеудеңді тосын жайға,
Болашаққа баратын көшіңді ойла.
Ақиқатты қорықпай айта алатын,
Ақын керек екен ғой осындайда!

7

Ел теңдігін сұрайтын ұл бар екен,
Армандары салтанат құрмақ екен.
Азаттыққа ұмтылған бауырларым,
Аттан салып орнынан тұрған екен.

Есін жиды есірген мынау қоғам,
Доғар деді қаруды сынауды оған!
Тәуелсіздік, атыңнан айналайын,
Аждаһаны шынжырмен бұғаулаған!

Қанат қақты қазақтың асқақ әні,
Ән іздеген жүректер дос табады.
Үстем болса мерейі парасаттың,
Полигонның барлығы бос қалады!

8

Аласарма киелі ойдан қашып!
Махаббатқа құшағын жайған ғашық.
Бәріміздің әкеміз Адам Ата,
Не үшін онда жатамыз майдандасып?!

Ай-күн ортақ, көктегі аспан ортақ,
Ағаш ортақ, су ортақ, тастар ортақ.
Бұлбұлдардың болмайды шекарасы,
Көмейінен күй төккен аспап ортақ.

Не ұшпаққа шығамыз қорған салып?!
Тамылжыған тамаша таңды аңсалық!
Қуаныштар әкелсін ұрпағыңа,
Құдай сенің бойыңа берген шабыт.

Жанжал емес, адамдар жұмыс күтті.
Өз қолыңмен өрбітші ырыс, құтты!
Жеңіс деген – күшейту туыстықты,
Жеңіс деген – нығайту тыныштықты!

Жеңіс деген – салтанат, сәнімізде,
Жеңіс деген – сау тұрған тәнімізде!
Тіршіліктен теретін несібе көп,
Соғыссыз-ақ жетеді бәрімізге!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста