Айжарық ӘБІЛҚАСЫМОВ: Құстарды көрсем құса боп қалам күнде мен

Айжарық ӘБІЛҚАСЫМОВ: Құстарды көрсем құса боп қалам күнде мен

ЖАС АҚЫНҒА

Ей, жас ақын, мен саған кезек берем,
Кеше мен де аға алдын кесе өтпегем!
Күн-түні мазаланған кеудеңдегі,
Құрметте, өлең-құсты безектеген!

Біреудің бөленсең де алғысына
Біреудің қалып жүрме қарғысына.
Суымен жүректердің қоректенген,
Сатқындық жасай көрме сол құсыңа!

Дүр етсін, көргенде өмір түрін үйрек
Қалғанда қара түнде қиын күй кеп.
Жас ақын, жылап жатқан шақтарда да,
Құсыңа жүрегіңнің тілін үйрет!

Мінезге наркескенді қайрамаса
Болмайды биігіңде байрақ аса.
Сол құсың өз кеудеңде ұя салып,
Ұят қой, өзге бақта сайрамаса!

Ақыл бер, ақ құсыңа арға малып
Әнге қанып , әлденсін таңға қалып.
Көзінде бір сұлудың жыпылықтап,
Құшақта ғұмыр кешсін таңданарлық!

Құдай –ай, сол құсыңды қысып ұста,
Бұл деген баршын шақ қой, іші құста.
Айрылып қала көрме асығыста,
Бар мәні өміріңнің – осы тұста!

Ақындар- ақын емес ұсақтаған,
Дүние – мал ешкімге әлі тұсатпаған!
Сатқындық жасай көрме, Құс – өзің ғой,
Менің де бір құсым бар құшақтаған…

 

АНАШЫМ

Сағындырып тағы жетті сары күз,
Ақжауынмен езіліп тұр жанымыз.
Алма ағашпен бір балаңдай аулаңда,
Жазмыш қой жылап тұрмыз тағы біз.

Соқсын самал, көңілімді тербетсін,
Сарқылмайтын сол самалдай мол бопсың.
Мен келгенде сүп- сүйкімді жүретін,
Қос әйнектің ар жағында сен жоқсың.

Ойлап кеттім, өзің жайлы, дем басып
Омырауымды жетім көңіл желге ашып.
Аласапыран сағынышпен арбасып,
Көңіл шіркін көмескі көп жолды асып.

Сыздар жүрек сағыныштан ұлғайып
Ұлғайып ап қанаттарын тұр жайып.
Жеткіз мені анашыма сол құдірет,
Бөліс қане, бақытыңмен қылдай қып!

Күндер қайда мен арманға құштар шақ,
Төбет үрген біздің үйдің тыстан сақ.
Әлдеқайдан әкем келіп жататын,
Шіркін, деші шәйдің басы қызған шақ.

Дастарқанға құлап сонда күн шуақ
Шақпақ қантқа таласушы ек шұрқырап.
Шоққа піскен тапа нанға тойып ап,
Мазаңды алып жүруші ек қой су сұрап…

Қайда кеткен, анашым-ау қайран күн
Мың мұңайып, мың қуанып қайралдым.
Әкем кетті, әшейін бір сен кеттің,
Түс секілді түпсіз ойда мен қалдым.

Солай ана, сен кеткелі басқамын,
Көп ешкімге дүниемді ашпадым.
Өксік пе әлде, өкініш пе бірнені,
Оңашада жаспен жуып тастадым.


БІР СӘТ

Күндер бұл – өзім де көп түсінбеген
Қауызын гүлдер әлі түсірмеген.
Жазуын дүниенің дұрыс көрмей
Азуын қайрап жатқан ішімде өлең.

Тағдыр бұл – ысынып бір суып жүрген.
Қайдағы қағындыға жуық жүрген.
Алысып албастымен әлдеқандай,
Оны да оқыс тартып сүріндірген.

Арман бұл – алыс мені жібермеген
Таяқ беріп таяуда жүгендеген.
Жылдарды жамбасыма басып жатып,
Өгейсіп кеткендерін түгендеген.

Өкпе бұл – өмірге көп бұрылмаған.
Білдірмей ішкі құсым шырылдаған.
Ертең-ақ бір қуаныш боп қалар деп,
Болмашы дүниені ырымдаған.

Бақыт бұл – бәрін түннен аршып алған
Ақық бір – көзден көктем тамшылаған.
Қайда-а ,сол жиырма жылдай ұзап кеткен,
Дүбірге дөненімді қамшылаған!..

Сәттер бұл – у еріген таңдайдағы
Кептер күн оңайлықпен қонбайды әлі!
Кезегім, енді менің о, өмірім,
Дәптер бұл – айғыздалған маңдайдағы…


КӨРІНБЕЙ КЕТТІҢ
Құстарды көрсем құса боп қалам күнде мен
Несі кетер екен, жеткізсе сәлем шын менен.
Енді ұқтым жаным қос қанат менде болмапты,
Бәсе, сол екен жетпеуші-ақ еді бірдемем.

Ойлағам сені іздейін деп барлық тұстардан
Бағынбай кетті сабырға соңы күшті арман.
Ажары қайтқан жаз айы қандай көңілсіз,
Жеп жатыр ішті бір сәби сезім тіс жарған.

Қай жақта жүрсің, айтпады құрығыр самал да,
Ақжауын нағып қатыгез болған әманда.
Осы бір жаным жүрсің бе көріп бұлттарды,
Жап-жақын барып жүретін саған, маған да.

Лайсаң көше өзгертіп алды өз өңін
Өртеніп тұр ғой от ауа жұтып өзегім.
Білдірмей мынау тұрғанмен мылқау дүние,
Бір жерде жүрсің сен мені күтіп, сеземін.

Көрінбей кеттің көшкіннің мынау ішінен
Жүрмісің әлде болмайтын тірлік ісімен.
Махаббат суы төгіліп жатыр көзімнен,
Жүрек қой тентек, жуынып жатқан, түсінем.

Көрінбей кеттің жылдарды тіпті еншілеп
Қызық бір уақыт ойлантып қойды көрші кеп.
Сыздайды дүние сары-ала жолды сапырып,
Тамшылап жатыр күйдіріп жанды сан шүмек…
Кімге айтам енді өзіңді ертіп келші деп.


КЕЗЕК
Кетпектей бір кесек тұрып жырды өзек
Мен айтайын, беріңдерші бір кезек!
Қорқақтардың келе қоймас қолынан
Өйткені өмір бердеңкесін тұр кезеп.

Төреші – Уақыт, бәрін кейін көресің,
Өз орныңды білсең ғана жеңесің.
Ең алдымен қадірлейік өлеңді,
Елең-алаң ертең опық жемесін.

Сол айтсыншы, берсін төгіп бересін,
Нақақ күйіп кетеді ол, неге шын?
Бер осыған қолыңдағы барыңды,
Қасиетіңді ұрдым ертең демесін.

Ол – Ақын ғой келген сүйіп өлеңге
Бекер емес, оның ойы тереңде!
Оның сөзі қайғырғанда бір керек,
Керек тағы құлағанда төменге.

Жылағанда сорлыны оқы, сора боп,
Кетпейді мұң әйтпесе у, жара боп.
Көкірегіңде мәңгі өлгенше қалады оқ,
Түп ішіңде тұншықтырып болады от!

Оқы, соны жан-жағыңа, ортаңа,
Ортақ бола қоймас тіпті қалтаңа.
Дүниеңнің бар-жоғын да білмейтін,
Ол бейшара тағдырыңнан қорқа ма!

Бер, кезегін турап айтсын ащы қып,
Тулап айтсын, арқаңды оссын жас шыбық!
Тыңдап тұрсын ақылды қу, құл- құтан,
Кепкен көңіл көзден ақсын жас шығып.

Қуанғанда соны тыңда, ашылып
Қала алмайсың шын бейнеңді жасырып.
Шаттанасың шынжырлы ойың шашылып,
Боп қаласың баладай бір аршылып.

Сонда көрші оның ғажап бейнесін.
Ай- хой десін ақ дүние өй, десін!
Ағатай- ау айта алмайсың оны сен,
Сондықтан тек сұлу өлең сөйлесін!

Кезегін бер , кеш болмасын бөгеме,
Өмір – түлкі, тірлік кейде – бөдене.
Кірлеп кеткен оның кейде көңілін,
Көлеңкелі көп пендеге теңеме!

Осы адамда кез болады жұмбақ бір
Ашу жұмсап сол жартысын ұрлап тұр.
Әрбір адам – әдемі ғой әйтпесе,
Өлең айтсын, сол үшін сен тыңдап тұр!

Мықты айтса ол қызғанады басқалар
Қызғаныштан қызық өмір басталар.
Ей, тіршілік бер кезегін Ақынның
Әлегі көп әйтпесе өмір бос қалар!!


ЕЛЕГІЗУ
Қалдырып жылды, қалдырып айды,
Өтеді күндер көңілсіз.
Өлтіріп гүлді, талдырып ойды,
Жетеді түндер өзіңсіз.

Көңілді басып, өмірді шашып,
Уақыт шіркін заулайды.
Жанымды қарып, жапырақ жанып,
Қай-қайдағы лаулайды.

Үлкейіп мүлде, еңкейіп түн де,
Ұлғайып тұрған үрейлі.
Уайым тілде, менімен бірге,
Тыныштық қана тілейді.

Отырдым дағы, атырдым тағы
Бір таңды жүрек дүрсілдеп.
Есігімді ашып, шақырдым тағы,
Итімді жақын жүрсін деп.

Өлеңім сені, келемін сені,
Өзімнен әсте қалдырмай.
Қанады шөлі, болады шегі,
Қалар ма есте, ойпырым-ай?!


БІЗДІҢ ҮЙ
Сәтін салса бір еніп қайт қақпамнан
Осы арадан басталады тәтті арман.
Сол жағыңда сиыры жоқ қора тұр
Сәл аттасаң итім үрер қапталдан.

Оң тұсыңда ол да қызық, бақшам бар
Қорғанына қаптап өскен жас талдар.
Олар мендей осы өмірге тым құштар,
О, әрине көктемімді тоссаңдар.

Аулам ашық, араласаң кең бәрі
Гүлдерім бар көңіліме ем, дәрі.
Үш қара тал – үш ғасырды тіреп тұр,
Тамырларын білеулетіп салмағы.

Тауығым жүр татулықпен дән теріп
Шақырады шақар қораз әлденіп.
Осылардың ортақ шағын үйі бар,
Отыратын қатар-қатар сәнденіп.

Үй артында бір түп алма, екі өрік
Келе жатыр бір өмірді көтеріп.
Дірілдеген сұлуларым аязда,
Күзде тәтті дәм береді жетерлік.

Құстарым бар мекендеген маңайды
Талай жылдан бері ұрпағы тарайды.
Қаракөзді бұлбұлым бар баламдай,
Әндеткенде таңқалдырған талайды.

Оның әні өзге құстан басқарақ
Жанталасып жүргендей бір жас талап.
Өнерлерін көрсетеді екі айдай,
Ой қалдырып, жоқ болады – қос қонақ.

Орындық бар күрке астында кел, төрле,
Шылым шегем бір әңгіме шертерде.
Екі тұсқа қарап сонда отырам,
Елеңдеумен өлең кеудем ертеңге…

Мынау – үйім, құтқанам ғой еңселі,
Жүр ішіне шақырамын мен сені.
Қарапайым әкем берген лашық қой,
Тым тереңде мұның көңіл өлшемі.

Ең бастысы – мұнда менің жүр жарым
Гүлбаһрам зор бақытта – бір жағым.
Аман қалсам Алла атымен тағдырдан
Сол кісіден басталады жырларым.

Ұзақ жатқам, жиырма жылды өткеріп
Төсегімде талай жас күн шектеліп.
Мені ұмытып кеткенде өмір шет көріп,
Арашаға тұрған жар ғой өртке еніп.

Ұмытайын ол күндерді мен қалай
Әкем ерте кеп жүретін таңдар-ай!
Қара пима қолтықты жеп қос балдақ,
Әрең жеткен осы үйіме жолдар-ай!..

Гәкку мен Дос құдай берген қос балам
Осы арадан үлкен арман бастаған.
Алыста жүр азамат боп бүгінде
Бірі – ұстаз, бірі – актёр қос тарам.

Біздің әулет – жүзіп жүрген бір кеме,
Қабанбайдай рухым тұрған іргеде.
Әкем – Құбаш абыз еді жарықтық,
Жұққан шығар қос балама бірдеме.

Солай, біздің сырға толы бөлмеміз,
Жырмен емдеп дертті талай жеңгеміз.
Дастарқаны Гүлбараштың жадырап,
Талай тәтті шақтарды да көргеміз.

Нұр төгілген төрт терезе тұсымнан
Өлең құсты талай рет ұшырғам.
Елу үш жыл келем досым ұйқысыз,
Көзімде – жыр, тыным таппай – ішімде ән.

Домбыраммен сонда бәрін ақтарып
Барып қайтам ойды бала шаққа алып.
Түзу шығу үшін үйім түтіні,
Отырамын ертелі-кеш от жағып.

Кім біледі тағдырымды алдағы
Қоңыр ғана, тірлік осы қолдағы.
Елім аман, ел ішінде біз аман,
Әкем жеткен – жасқа жетсек болғаны…
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста