Петропавлдықтар Ұлы Отан соғысына қатысушыларды еске алды
22 маусымда тура 75 жыл бұрын Ұлы Отан соғысы басталды. Бүгін петропавлдықтар мен қала қонақтары бір минуттық үнсіздікпен соғыс майданынан оралмағандарды еске алу үшін Мәңгілік алау маңына жиылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне СҚО әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Өңір басшысы ардагерлермен бірге болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі мен еркіндігі үшін күресте жанын пида еткендерге құрмет көрсетті.
70 мыңнан астам солтүстікқазақстандық майданға аттанды. Әрбір екіншісі ажал құшты.
Жерлестеріміз Мәскеу түбіндегі, Сталинградтағы, Курск шайқастарына қатысты.
Он мыңдаған солтүстікқазақстандық орден, медальмен марапатталды. Олардың 55-і жоғары атақ - Кеңес Одағының батыры атанды, 11-і Даңқ Орденімен марапатталды.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында көзі тірі 197 Ұлы Отан соғысы ардагері бар.