Елімізде оқуға ниетті шетелдік студенттердің саны артуда
Елімізде білім алуға шет елден келген студенттер саны жыл сайын артып келеді. Оның басты себебі еліміздегі тұрақтылық пен әлем елдерімен жүргізіліп отырған сындарлы саясаттың арқасында болса керек. Қазақстанның ЖОО қауымдастығы таратқан мәліметке сүйенсек қазір таңда отандық жоғары оқу орындарында 30 мыңға жуық шетелдік білім алады екен. Елімізде білім алуға жастар АҚШ, Еуропа және Азия елдерінен келген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Өзбекстан мен Үндістаннан келіп оқитын студенттердің саны салыстырмалы түрде басымдау. Деректерге жүгінсек көбінесе Үндістаннан Қазақстанға келетіндер медициналық университетке түсетін көрінеді. Әрине басқа саланы таңдайтындар да жеткілікті. Шетелдіктер айтуына қарағанда, олар біздің мәдениетімізді білуге ғана мүдделі емес, біздегі қолжетімді және сапалы білім мен оқудың бағасы олар үшін өте қолайлы. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің мәліметіне қарағанда шет елден келушілерге қажетті құжаттар мен медициналық сақтандыру алу үшін барынша жағдай жасалған, сондай-ақ шетелдіктердің 18 пайызы республикалық бюджет есебінен оқиды. Қазақстандық университеттер шетелдіктер үшін жыл санап тартымды бола түсуде. Оларға барлық жағдай жасалып, студенттер бейімделуден өтеді. Шетелден келген жастарды бақылып, оқу бағдарламасымен таныстырыу жұмыстарын университет қызметкерлері атқарады. Сонымен қатар, қазақстандық университеттер халықаралық білім кеңістігіндегі өз ұстанымдарын жылдан жылға нығайтып келеді.
Қазақстандық жоғары оқу орындарына қабылданған шетелдік студенттердің саны пандемия кезінде ғана азайған. Жағдай тұрақтала бастағаннан кейін келушілер легі қайтадан көбейіпті. ЕЭК деректеріне сүйенсек, биыл Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 3,5 мың студент, ал әлемнің басқа елдерінен 28,9 мың студент білім алуда. Қазақстан Республикасына студенттер жіберу бойынша Өзбекстан көш бастап тұр. Көрші республикадан Қазақстанға 15,6 мың үміткер келген. Ал екінші орында Үндістан тұр, одан біздің елдің университеттері мен колледждері 6000 студентті қабылдаған. Елімізде жоғары білім саласындағы үрдістерді бақылап отырған сарапшылардың жасаған болжамы бойынша болашақта шетелден келетін білім алушылар саны Қазақстанда айтарлықтай өсе түспек. Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу арқылы бірнеше жыл өткен соң Қазақстан білім беру хабына айналатынын айтуда.
Соңғы мәліметтерге қарағанда қазіргі уақытта бір ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өзінде әлемдегі 54 елден келген 2,8 мың шетелдік студент оқып жатыр екен. Былтыр аталмыш оқу орыны Жапония, БАӘ, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция сияқты бірнеше елдің алдынғы қатарлы ЖОО-ларымен отыздан аса келісімшарт жасасқан. Сонымен қатар, Түркияның Стамбул шаһарында және Қырғызстанның Бішкек қаласында ҚазҰУ-дың филиалы биылғы оқу жылында өз жұмысын бастады. Бұл еліміз үшін үлкен қадамның бірі деуге болады. Тағы бір айта кетерлік жаңалық былтыр күзде Алматыдағы аталмыш университеттің базасында МИФИ ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының ашылуы болса керек. Бұл ауқымды жоба екі ел мемлекет басшыларының келісімі бойынша іске асты. Бүгінгі таңда әлемдегі бес жүзден астам ірі-ірі жоғары оқу орындарымен тұрақты түрде әріптестік байланыс жасап отырған университеттің атқарған жұмысы ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Осы ретте шет елден келуші студенттер тек қана үлкен қалалардағы ЖОО-ларды ғана таңдамайтын да айта кеткен жөн. Елімізде өңірлік ЖОО-ларды дамытуға да күш салына бастағаны белгілі. Сондықтан олардың да оқу, білім беру базасы жаңартыла бастады. Атап айтсақ бір ғана Павлодар облысына үш жүзге жуық шетелдік студент келіп, білім алуда. Олар Моңғолия, Қытай, Пәкістан, Ирак, Израиль, Африка сияқты әртүрлі елдерден келген. Өздерінің айтуына қарағанда, Қазақстанда білім алуға жақсы жағдай жасалған және халықаралық білім беру бағдарламалары бойынша оқуға мүмкіндік бар. Халықаралық білім беру бағдарламасының ережелеріне сәйкес, шетелдік студенттер оқу тілі ретінде қазақ немесе орыс тілдерін таңдай алады. Бір жыл бойы олар лингвистика сабағына белсенді қатысады. Шетелдік студенттер ақпараттық жүйелер, ветеринария, биотехнология, мұнай химиясы, машина жасау және энергетика факультеттеріне қол жеткізе алады. Олар көбінесе жаратылыстану ғылымын таңдайды. Шетелдік жастарды қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті де қызықтырады. Университет өкілдерінің айтуынша көпшілігі қазақ тілін таңдайды екен. «Шетелдік студенттер университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Оқуды тәмамдаған соң туған жеріне аттанатындар көп, бірақ Павлодарда оқуын жалғастыруға ниеттілер бар. Шетелдіктер Қазақстанда өздеріне үлкен перспективалар бар екенін айтады», – дейді Торайғыров университеті Foundation факультетінің деканы Сәуле Ксембаева.
Жалпы әлемде өз елінен тыс жерде білім алатын жастардың саны өсіп отырғаны байқалады. Дамушы елдерден Еуропа университеттеріне, Британияға, АҚШ-қа білім алуға баратын студенттер көбейе түскен. Шетелдік студенттердің көптеп келуі білім саласын белсенді түрде дамытып келе жатқан мемлекеттердің ұлттық экономикасына да айтарлықтай пайда беретіні де айтылуда. Өйткені бұл үрдіс сол елге қаржылық инвестициялар әкеледі.
Елімізде бұл бағыттағы жұмыстардың жандануы халықаралық серіктестікті нығайтып, жастардың әлеуметтік, мәдени жағынан дамуына да жақсы әсер етеді, тәжірибе жинақталады. Сонымен қатар мұндай көші-қон жастар ортасының әлеуметтік және мәдени әртүрлілігіне оң әсер етеді, магистрлік және докторлық бағдарламаларға жаңа зерттеу идеялары мен тәжірибелерін әкеледі, сондай-ақ халықаралық серіктестікті нығайтуға көмектеседі. Тағы бір жағымды жаңалық ретінде отандық ЖОО-ларда шетелдік білім алушылармен қатар шетелде тұратын ұлты қазақ қандастарымызды оқытуға арналған арнайы стипендиялық бағдарламалар іске асырылғанын айтып өткен жөн. Бұл өз кезегінде Отанына оралғысы келетін қандастарымызға жасалған үлкен мүмкіндік екені айтпаса да түсінікті. Жоғары білім беру саласындағы жасалып жатқан ауқымды жұмыстар отандық ғылымның даму қарқының артырары сөзсіз.
Нұрлы Еділов