Қазақстанда микромобильді көлік танымал бола түскендіктен, мәжіліс 2022 жылы ережеге толықтыру енгізе бастады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Заңға мынадай ұғымдар қосу жоспарланып отыр:
- шағын электрлі көлік құралы — электр қозғалтқышпен жүретін, жеке қозғалысқа арналған, бір немесе бірнеше дөңгелегі бар, электросамокат пен мопедтен өзге көлік құралы;
- электросамокат — екі не үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышпен жүретін, орындығы жоқ, бір адам ғана тасымалдауға арналған, ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 км-ден аспайтын электрлі жеке қозғалыс құралы.
Электросамокат (шағын электрлі көлік құралы емес) жүргізушісі велосипедшілер сияқты жүріс бөлігінің шетінде, веложолда, веложолақта немесе тротуарда жүре алады. Веложолақ жоқ қиылыста олар самокаттан түсіп, зебра бойымен өтуі керек.
Электросамокатпен жолаушы тасуға заң бойынша тыйым салынады. Сондай-ақ мопед, велосипед және электросамокат мінген тұрғындар шлем тағуға, түнде жарыққа шағылысатын жилет киюге міндетті.
Мопед, велосипед және электросамокат жүргізушісіне:
* рөлді тым болмаса бір қолмен ұстамай жүргізуге (кейбір шағын электрлі көлік құралы жүргізушісін қоспағанда);
* жақын жерде велосипед жолы бола тұра, электросамокатпен жол бойында жүруге;
* трамвай жолы бар және бір бағыттағы жолақ саны бірден көп жолда солға немесе кері бұрылуға;
* жаяу жүргіншілер өткелімен жүруге болмайды.
Алда жол ережесіне де осындай өзгеріс еніп, ереже бұзған электросамокат жүргізушісіне қандай жаза қолданылатыны Әкімшілік кодексте жазылады.