Қарағанды облысында жексенбі, 16 шілдеде болған жол апаты салдарынан 13 адам зардап шекті. Оның бесеуі бала. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген кадрлар пайда болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кaz.nur.kz-ке сілтеме жасап.
Жол апатының видеосы Instagram-дағы dorogi_karagandy парақшасында жарияланды.
Кадрлардан көліктің бірі жол жиегінде тұрғанын, екіншісі жыраға түсіп кеткенін, екі көліктің де қирағанын көруге болады.
Видео сипаттамасындағы жазбада көліктердің "бетпе-бет соқтығысқаны" айтылған. Жазба астында жол-көлік оқиғасына қатысты Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірген.
Ведомство мәліметінше, жол апаты 16 шілде күні күндізгі сағат 11:40-та Қарағанды-Ботақара тасжолында болған.
Анықталғандай Toyota Voxy және Chevrolet Cobalt көліктері соқтығысқан.
"Оқиға салдарынан екі жүргізуші мен 11 жолаушы, оның ішінде бес бала ауруханаға жеткізілді", - дейді облыстық ПД өкілдері.
Құзырлы орган бұл факті полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалғанын, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын атап өткен.
Сондай-ақ полиция өкілдері көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау керектігін тағы да еске салды.
"Жолда басқа да адамдардың өмірі үшін жауапты екеңізді есте сақтаңыз", - деп ескертті полицейлер.