Гормоналды контрацептивтер ми жұмысына, соның ішінде адамның есте сақтау қабілетіне әсер етеді. Калифорния университетінің ғалымдары 70-ке жуық әйелді сынақтан өткізу нәтижесінде осыны анықтады.
New Scientist-тің хабарлауынша, Шона Нильсен бастаған ғалымдар тобы жүктілікке қарсы дәрі қолданатын 34 және оны қолданбайтын 35 әйелдің қатысуымен арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында әйелдер адам эмоциясына әсер ететін слайд-шоуды тамашалады. Кейін олар көрген-сезінгендерін қағазға түсіруі керек болды. Сынақ нәтижесінде жүктілікке қарсы дәрі-дәрмек қолданатын әйелдер негізгі сюжетті ғана есінде сақтаған болып шықты. Ал гормон қолданбайтын қыз-келіншектер оқиғаның ұсақ-түйегіне дейін егжей-тегжейлі баяндауға тырысқан.