Жер астындағы құпия мекен
Ресейдің Томск қаласының орталығынан жерасты құпия мекен табылды. Біреулер оны бес ғасыр бұрын Борис Годунов салдырған десе, кейбір болжамдар бойынша, бұл үңгір – антикалық дәуір нышаны.
«РИА новости» агенттігінің хабарлауынша, жерасты мекеніне түсіретін жол Томск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласынан табылған. Шалшықтың әсерінен опырылып түскен жерді қазыңқыраған кезде оның бірнеше қабаттан тұратын үлкен апан екені белгілі болды. Жергілікті құтқару қызметі ор қабырғаларының бөренелермен және жіңішке темірлермен бекітілгенін анықтады. Жер астында оттегі аздығы байқалған, бірақ ешқандай токсикалық газдар болмапты. Томск қаласы 1604 жылы Борис Годуновтың жарлығымен тұрғызылған. Көнекөздер қала астындағы жерасты мекендердің сол кезден бері бар екенін айтады. 1971 жылы осындай беймәлім шұңқырлардың біріне троллейбус құлап кетіпті. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ол апан дереу көмілген көрінеді. Ал кейбір тарихшылар жерасты үңгірлерінің Томск іргеленбестен бұрын-ақ болғанын жазады. Олардың дәйегінше, катакомба аталатын бұл құпия мекендерді антикалық дәуірдегі гипербореялықтар салып кеткен.