Смартфондар үшін өкпе ауруын дәрігердің көмегінсіз анықтауға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама жасалды. Өнертабыс жуырда клиникалық сынақтан өткізіледі.
The Brisbane Times басылымының хабарлауына қарағанда, смартфонға қосылған цифрлы стетоскоп пациенттің тыныс алуын бақылап, медициналық мәліметтер базасының көмегімен пневмония көрсеткішін шамалай алады. Соған қарап отырып бірден диагноз қоюға да болады. Технология күрделі емес, сол себепті құны да қымбатқа түспейді. Өнертапқыштардың бірі Хон Уен Чонның смартфон бағдарламасын Мельбурн корольдік балалар госпиталі жоғары бағалап отыр. Жуырда күнделікті қолданысқа жарамдылығы тексеріледі. Әзірше өнертабыс Imagine Cup байқауына жіберілді. Бұл байқауға қазақстандық Архангел ұялы байланыс жүйесінің төтенше жағдайда тұрған адамды табуға көмектесетін бағдарламасы да қатысып жатыр.