Рэп оқу адамның ойлау қабілетін арттырады
Суырып салма рэп орындау адамның миына өте пайдалы. Америкалық ғалымдар фристайл кезінде ми аймақтарының белсенділігі артып, ойлау қабілетінің жақсаратынын анықтады.
АҚШ Ұлттық денсаулық институтының мамандары рэп орындаумен бес жылдан бері айналысып келе жатқан 12 адамды қатыстырып, зерттеу жүргізген. Сынақ шарты бойынша олар ырғаққа негізделген речитативті аяқастынан құрастыруы (фристайл) және алдын ала дайындалған тағы бір композицияны орындауы керек болды. Бұл кезде орындаушылардың миы функционалдық магнитті-серпінді томографиямен тексерілді. Сынақ нәтижесінде рэпті суырып салу кезінде мидың ойлау мен әрекетке жауапты қабығының белсенділігі артатыны белгілі болды. Мамандардың айтуынша, бұған ырғақты ұйқас құрастыруға тіл, көңіл күй мен қол қимылының бірге қатысатыны себеп.