Американың Техас штатында 15 миллион доллар қаржы төленген құрылыс жұмыстары сирек кездесетін бүйі үшін тоқтап қалды. Осыдан 32 жыл бұрын табылған бүйінің екіншісі де дәл сол жолдың бойын мекендегені үшін кеңейтілуі тиіс болған жолдардың құрылысы әрі қарай жүргізілмеуі мүмкін.
Lenta.ru-дың хабарлауынша, Американың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында сирек кездесетін бүйі 15 миллион долларға бағаланған құрылыс жұмыстарын тоқтатқан. Қала жолдарын кеңейту жұмыстары барысында табылған Cicurina venii өрмекшісі, негізінен, үңгірлерде мекендейді, усыз, жартылай мөлдір түстес, тіпті көздері де жоқ. Техастың көлік қатынасы басқармасының өкілі Джош Донаттың айтуынша, мемлекеттің қорғауындағы бұл бүйінің бір түрі бірінші рет 1980 жылы табылған. Ол да дәл сол жолдың бойында көзге түскен екен. Енді АҚШ-тың көлік жолдары басқармасы мен табиғатты қорғау саласының мамандары тоқтап тұрған құрылыс жұмыстарына қатысты бір мәмілеге келудің жолдарын қарастырып жатыр. Мамандардың айтуынша, кептелістен шаршаған жергілікті тұрғындардың шағымына қарамастан, сирек кездесетін бүйілердің тұратын ортасын бұзуға болмайды. Ал табылған жәндік Техастың техникалық университетіне жөнелтілген. Ғалымдар оны зерттеп, қоректену аймақтары жайында нақты мәліметтерді анықтап жатыр. Себебі құрылыс жүргізілетін жердің астында бұл бүйілердің өзге де түрлері жасырынуы әбден мүмкін.
Өрмекші құрылыс жұмыстарын тоқтатты
Последние статьи автора