Оңтүстікафрикалық IT компаниясы хат тасушы кептерлердің ғаламдық провайдерге қарағанда, жылдам қимылдайтынын дәлелдеп шықты. Ел тұрғындары осылайша ғаламтордың «тасбақа аяңына» наразылық білдіріп отыр.
Unlimited IT компаниясының өкілдері 11 айлық кептерді Питермарицбург қаласынан елдің оңтүстік-шығысындағы Дурбан қаласына ұшырды. Хат тасушы құс 80 шақырымды бір сағатта ұшып өтті. Ал аталған қалалардың жергілікті ғаламтор-провайдер арқылы бір электронды хат алмасуына 2 сағат 6 минут кетеді екен. Яғни ғаламдық желінің жылдамдығы өте баяу. Осының салдарынан Оңтүстік Африка Республикасында өндіріс те түрлі кедергілерге ұшырап отыр. Сынақ арқылы ғаламтордың сапасына өткір сын айтқан мамандардың мәліметінше, бұл кемшілікті жою үшін елде жалпы ұзындығы 17 мың шақырым болатын оптикалық талшықты желі жүргізу керек. «Бұл жұмыстың 2010 жылы ОАР-да өтетін әлемдік футбол чемпионатынан бұрын аяқталғаны дұрыс», – дейді Unlimited IT компаниясының өкілдері.