Ж.Аймауытовтың педагогикалық мұрасының рухани-адамгершілік білім берудегі маңызы

Ж.Аймауытовтың педагогикалық мұрасының рухани-адамгершілік білім берудегі маңызы

Шықпаса жаның денеңнен,
Не салса тағдыр көрем мен.
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған сенем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар, соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсе де денем - мен өлмен!
(Ж.Аймауытовтың соңғы өлеңі)

Қоғамдағы болып жатқан жаһандық өзгерістер білім беру жүйесінде де жаңаша көзқарас, тың бағыттарды талап етуде. Қазіргі таңда Қазақ елі жаһандық қауымдастықтың дамыған елдері қатарына ену ұлы мақсаттарын алдына қойып отырған – қарқынды дамушы ел. Елдің әл-ауқаты, экономикалық жағдайы күн өткен сайын жақсаруда. Дегенмен біз өмір сүріп отырған ортамызда және біздің ортақ жер шарымыздағы дағдарысты жағдай кез келген саналы жанды толғандыратыны сөзсіз.
Қазақстанда қолға алынып жатқан бетбұрыстыр халқымыздың рухани өрлеуі, болашақ ұрпақтың адами қасиеттерінің дамуына бағытталуда. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында да: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» -делінген [1]. Сондықтан түтіні түзу, ертеңіне сенімді ұрпағы бар бақытты, зайырлы қоғам орнатуда рухани-адамгершілік білім беру өте өзекті мәселе болып табылады. Болашақ ұрпақты жоғары руханиятқа жетелейтін, адамгершілік қасиеттерін жарқыратып, жандандыратын ілім, Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім бағдарламасының заманауи білім беру жүйесіне енуі - бұл заман талабы.
Қазіргі таңда Сара Алпысқызының бастауымен жүргізіліп жатқан игі істер еліміздің Мәңгілік құндылықтарды мақсат ете отырып, Мәңгілік ел болу жолында болашақ ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аударады.
«Өзін-өзі тану пәні адамның өзін-өзі тануына, өзінің ең жақсы қасиеттерін анықтауға, өз ар-ұжданын сақтап, әрқашанда АДАМ деген атқа лайық болуына ықпал етеді. Рухани бастау ол адамгершілікпен, риясыз мейірімділікпен, махаббатпен, өзара түсінушілікпен, төзімділікпен жүзеге асырылады. Рухани-адамгершілік – адамдарға деген  ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кеңпейілділік, басқалардың  мүддесі үшін жан аямаушылық сияқты жеке қасиеттерді қамтиды [2].
Білім беретін мекемелерде «Өзін-өзі тану» тек пән ретінде ғана емес, сонымен қатар бағдарламаның білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде интеграциялануы арқылы жүйе түзуші әлеуетін толықтай пайдалануға басымдылық танытылуда. Қоғамдағы әрбір адамның адами қасиеттерінің дамып, жаңғыруы қазір бүкіл адамзатты толғандырып отырған жаһандық мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасы әр адамның Рухани бастауларына жол сала отырып, оның Ұлылықтың бір Бөлшегі екенін, Ұлы Рухтың иесі екен сезіне отырып, айналадағы барлық адамдармен әлеуметтік ортасына, ұлтына, дініне қарамастан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» (Абай) ынтымақтастықта өмір сүруге үйретеді. Бағдарлама әр баланың шексіз Білімге тереңдей түсіп, сол арқылы Ақиқатты танып, айналаны Риясыз сүйіспеншілікке бөлеп, шексіз Мейіріммен қатыгездікке қарсы тұра білуге, ойының, ісінің, сөзінің бірлігімен Жан тыныштығына жетуге жол нұсқайды. Өзін-өзі тану пәні өмірдің бізге қоятын сансыз сұрақтарына өзіміздің жауап іздеуімізге көмектеседі.
Жалғыз қалғанда жаныңды аяздай қаратын, ауыртатын, көзіңнен шынайы жасты парлататын, өкіндіретін, өсіретін, шабыттандыратын, шаттандыратын СҰРАҚТАР жауабын қайдан іздейміз?
Жауабын түпсіз-шексіз, мәңгілік Білімнен, сол Білім шексіздігінде Мәңгілік Рухымен жарқыраған Даналықтың құпиясын таныған Ұстаздарымыздан іздейміз. Адам өз-өзін танымай өзгені тани алмайды, ұлт та солай, өз ұлтының жаһұтын көрмейтіндер адамзаттың асылын қалай танысын! Сондықтан да ұрпағымызды тәрбиелеуде, Ұлтымызды, сол арқылы Адамзатты тәрбиелеген Ұлт Ұстаздарын тануымыз керек. Ұлтымыздың ұлы ұстаздары Төныкөк, Күлтегіннен бастау алып, Абай, Шәкәріммен негізі қаланып, Мағжан, Жүсіпбектермен жалғасын тауып келе жатқан Даналық иірімдері Бүкіл адамзаттық Сана Мұхитының тереңдеріне бойлатып, Шынайы Ақиқатты тануымыздың бастаулары болмақ.
Талай жылдар әділетсіздікпен көзі ашылмай жатқан сол бастауларымыздың тазартылып, Қазір халықтың рухани жаңаруына, Жанымыздың тазаруына қызмет етіп жатқаны сүйіндереді. Сол бастауларымыздың бірі - Жүсіпбек Аймауытов.
Ұзақ жылдар бойы жазықсыз жапа шеккен, қазақ руханиятының көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов - жазушылығымен қоса, қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдарының саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми зерттеу еңбектерін жазумен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған тұлға.
Ж. Аймауытов өзінің тәлім-тәрбие  саласындағы бағыт бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми –қоғамдық « Абай» атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: « ... қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді», - деп жазады. Ол Абай ұстанған гуманистік жолды өзінің тыныс- тіршілігінің өмірлік арқауы етіп алады.  Осы журналдың 1918 жылғы 1,2-сандарында жарияланған Ж. Аймауытовтың «Тәрбие» атты көлемді мақаласында тәлім – тәрбиелік ой-пікірлері ғылыми тұрғыда терең баяндалған.
Адамның Жоғары Рухани Әлемінің ашылмауына, Ж.Аймауытов Тәрбиенің дұрыс болмауын себепкер етеді. Ж.Аймауытов: « Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен»,- дейді [3]. Ол  тәрбиенің екі түрлі болатынын жан тәрбиесі және дене тәрбиесі болып бөлінетіндігін көрсетеді.
Жан тәрбиесінің маңыздылығын алдымен отбасы түсінуі керектігін баса айтады. Ж. Аймауытов балаға әсер ететін  медресе және  тәрбиеші деп санайды... «Кейде, - деп жазды ол,- белгісіз себептермен күшті ықпал ететін, әсер туғызатын жағдайлардың да болуы ықтимал. Ол замандастары ( құрбы- құрдастары), туған ауылы, өскен ортасы, оның діні, тілі һәм басқа да нәрселер» деп, тәрбие мәселесіне ықпал ететін факторларды тізбектеп талдайды.
«Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектілікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді...» - деп, автор бала мінезін қалыптастырудағы отбасы мүшелерінің, ықпалын айқын ашып береді [3]. Яғни бала ата-анадан үйренсе, ата-ана да баласы арқылы рухани өсуі керектігін алға тартады. Ол бала мінезін жас шыбыққа теңейді. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаған бала өскенде қисық ағаш сияқты болып өсетінін, отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады.   
Ж.Аймауытовтың педагогика ғылыми  саласындағы жүйелі ой пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған « Тәрбиеші жетекші» атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Ж.Аймауытов «мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдіспен табан аумай шектеліп қалуға болмайды... Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер...», - деп, оқыту, білім берудің де қасиетті өнер екендігін көрсетеді [3].
Баланың шыр етіп дүние есігін ашқаннан бойында Ұлы Рухтың, Ар-Ұжданның, Білімге деген құштарлықтың болатынын «Білімге деген ынталанушылық, адам бойындағы ой  еңбегі күшінің қайнар көзі, сондай көздерінің көбірек ашу, бөгетсіз саулатып ағызу, өркендету өнері- мұғалімнің бойына біткен қасиет болуы керек» - деген пікірі арқылы нақтылай келе, Ұстаздың өз бойында да осы қасиеттердің болуын талап етеді [3].
Ж. Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын  алып келгеніне, өнерсіз  қоғамның дамуы, рухани байлықтың  молаюы мүмкін еместігіне  тоқталып, мектептерде әуелі кескін  мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеу қажеттігін баса айтады.
Сонымен қатар Ж.Аймауытов адамның өз ұлтына ғана қызмет етуі – өзімшілдіктің бір көрінісі, халықтар тек өз ұлтының шеңберінде қалмауы тиіс, өмір өзі оған жол бермейді, ұлтшылдықтың өзі адамгершілікке жатпайды деген пікірлерін айтқан. Бұл пікірлері әр адам өз ұлтын жақсы көре отырып, басқаларды да өз ұлтындай, өз бауырындай Сүйіспеншілікке бөлеудің маңыздылығын айқындай түседі. Ж.Аймауытовтың мол мұрасы, Даналық ойлары Сұрақтарына жауап іздеген әр Адам үшін құнды. Даналар өздері кетсе де Сөздері, Істері, Мейірімге толы ойлары Адамзаттың Ақиқатты іздеу жолындағы Шамшырағы іспетті. Рухани-адамгершілік білім бастаулары, Рухани ұстаздарымыздың тағлымдарын зерделеп, өскелең ұрпаққа жеткізе білу кез-келген ұстаздың басты міндеті болмақ.
Әдебиет:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар , BNews.kz «www.bnews.kz»
2. Назарбаева С.А. Этика жизни – Алматы, 2001.
3. Аймауытов Ж. Шығармалары. 6 т. шығармалар жинағы. Т.4. Псиқология, жан жүйесі мен өнер таңдау / Жүсіпбек Аймауытов; ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер ин-ты.- Алматы: Ел-шежіре, 2013.- 382
4. Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Құрастырған Д.Әшімханов. –Алматы: Жалын, 1992. -544Б.

 

Зайсанбаева Гульнар Нигметовна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
ШҚО бойынша ПҚ БАИ
к.ф.н. , «Білім беру
сапасы және басқару»
кафедрасының аға оқытушысы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста