Қазіргі таңда әлем тез дамып барады. Ақпараттық технологияның жылдам өзгерісі, жедел дамуына адамзат та бейімделіп отыруы керек. Өйткені бұл уақыт талабы. Бұл әрекетті функционалдық сауаттылық термині түсіндіріп береді. Яғни адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі өзгеріске заман ағымына, жасына қарамай ілесіп үлгеріп отыруы, әрбір тұлғаның үнемі білімін жетілдіріп отыруға тырысуы функционалдық сауаттылығын айқындайды.
Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады.
Бұл термин әсіресе соңғы кездері мектеп оқушыларына қатысты көп қолданылуда. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, жас ұрпақтың жан жақты болуын талап етуден туындап отыр. Ендеше, еліміздің болашағы – жас ұрпақты оқытуда білімнің түпкі нәтижесі деп саналатын құзіреттіліктердің біртұтас бірлігі ретіндегі функционалдық сауаттылықтың мәнін, рөлін айқындау, оны мектеп тәжірибесіне ендіру уақыт талабы болып отыр.
Атап өтер жайт, қазіргі таңда жалпы білім беру жүйесі көптеген өзгерістерге түсуде. ХХI ғасырда оқушылардың білім сапасы қандай болуы керек, оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аударылуда. Осы басымдылық нәтижесінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын уақыт ағымына сай ете білсек мақсаттың орындалғаны. Өйткені бүгінгі білім беру жүйесі өсіп келе жатқан ұрпақты жан-жақты дамыған, құзыретті азаматтар етіп тәрбиелеуге күш салуда. Ал осы мақсатқа жетуге негізінен функционалдық сауаттылық көмектеседі. Осы орайда айта кетер жайт, оқушылардың бойыңдағы алған білімі күнделікті өмірде қажетіне жарамаса, ол білімнің керегі не? Ал білім уақыт пен заман сұранысына сай болса, бұл мақсаттың орындалғаны. Осы орайда оқушының функционалдық сауаттылығы жоғары болуы үшін мұғалімнің үйретері мен берері мол болуы керек. Сонымен қатар оқушыға қалай оқу керектігін үйрету, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, білуге ынталы, өзіне сенімді, сыни ойлай алатын, пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптастыру қажет. Оқушылардың функционалдық дағдылары мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан бұл терминнің негізінен мектеп қабырғасында қолданылуы маңызды.
Қазіргі тез өзгермелі әлемде функционалдық сауаттылық – оқушының әлеуметтік мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай - ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық фактор болып табылады. Жай сауаттылық- адамның оқу, түсіну, қысқа мәтіндерді құру және қарапайым арифметикалық әрекеттерді орындауы. Ал функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру процесінің негізі болып табылады. Қазақстанда кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте алғаш рет 2012-2016 жылдарға арналған функционалдық сауаттылықты дамытудың Ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалған болатын
Бұл құжаттың басты мақсаты Қазақстанда білім сапасын жетілдірудегі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі атқарылатын іс-шаралардың жүйелілігі мен тұтастығын қамтамасыз ету болып табылады.
Осы Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың маңызына тоқтала отырып, «Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі процесінде де маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады. Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады» деп анық көрсетілген. Демек ұлттың дамуы мен мемлекеттің дамыған елдердің қатарына қосылуы жолында бұл ұғымның маңызы зор!
Дуйсенбаев Аманкос Урметович
Алматы қаласы.