Ақтөбелік 24 жастағы өнертапқыштың жаңалығы шетел ғалымдарын қызықтырып отырғанымен, Қазақстанда еш қолдау таппауда. Қазақ көлік академиясы Ақтөбе көлік және коммуникация колледжінің жас мұғалімі Арман Әбілқамиев 22 жасында электр энергиясының балама көзі ретінде пайдалануға болатын инерциялық электр генераторын ойлап тапқан, яғни жанар-жағармайсыз ток өндіруге болатынын дәлелдеген. Егер оның жаңалығы өндіріске енгізілсе, қазір біз айтып жүрген баламалы энергияның тағы бір көзі табылды дей беруге болады.
Арман ӘБІЛҚАМИЕВ, өнертапқыш:
— Физика ғылымының электр энергетикасы саласына жататын бұл өнертабыстың басты жаңалығы — электр энергиясын өндірудің балама көзі ретінде маховикті, яғни инерциялық дискіні қолдану. Негізгі мақсаты — арзан электр энергиясын беретін, қолданысқа тиімді, отынсыз жұмыс істейтін, ұзақ қызмет ететін электр тогының генераторын жасау.
Инерциялық электр генераторының жұмыс істеу принципі өз осінен айналып тұрған дененің инерциясын электр энергиясына түрлендіруге және жұмсалып отырған электр энергиясын бірнеше есе өндіріп алуға негізделген.
Жүйені бастапқы тыныштық күйден қозғап айналдыру үшін электр қозғалтқышының қуаты жетпейтіндіктен, тісті беріліс арқылы генератор роторының білігімен байланысқан автомобильдерде қолданылатын электр стартері пайдаланылады. Электр стартері гальваникалық элементтен (электр аккумуляторы) қоректенетіндіктен, инерциялық генератор кернеуі 12В тұрақты электр тогын пайдаланып, кернеуі 220В немесе 380В айнымалы электр тогын өндіре алады. Бұл салыстырмалы жағдайда инерциялық электр генераторының жай ғана моделі ретінде болғанның өзінде, дәл осындай принциппен жұмыс істейтін бірнеше мегаваттық үлкен инерциялық электрстансыларын салуға жол ашады.
Айналып тұрған денеде пайда болатын инерциялық қасиетті тиімді пайдаланудың жаңа жолын алғаш рет 2009 жылы орыс инженері Эдвид Линевич ұсынған. Ол энергия көзі ретінде жүктің инерция қасиетін пайдалануға болатындығын дәлелдейтін электр энергиясын үнемдегіш генератор ойлап тапқан болатын. Алайда Арманның жаңалығы Линевичтің жаңалығынан оқ бойы озық шықты, себебі Арманның инерциялық электр генераторы токты үздіксіз береді, Линевичтің генераторы токты тек үзіп-үзіп береді екен.
Арманның өнертабысына жергілікті физик профессорлар қарсылық білдіріпті. «Бұл физикалық тепе-теңдікті бұзады. Физика заңдылықтарына сай, электр тогын отын арқылы аламыз. Қанша отын жұмсалады, сонша электр тогы шығындалады. Ал сен жоқтан бар жасап отырсың», – депті олар.
Жоқтан бар жасаған Арман бұл өнертабысы туралы ақпаратты Ұлттық инновациялар порталына салған бетте оған Біріккен Араб Әмірліктерінің әлемге әйгілі мұнай компанияларының бірінен ұсыныс түсіпті: «Сенің мынау жаңалығың тамаша екен. Біз саған бұл жаңалығыңды сынақтан өткізіп, кәсібіңді жүргізуге көмектесеміз. Бізге кел», — депті. Алайда Арман барған жоқ. Ойлап тапқан жаңалығының толық нұсқасы өз елінде жасалғанын қалаған. Бірақ Арманның отынсыз ток өндіретін инерциялық электр генераторына қызығушылық танытып отырған отандық кәсіпорын көрінбейді.
— Менің жаңалығымның түбі бір күні пайдаға асарына сенемін. Себебі қазір әлемде энергетикалық тапшылық мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Дүниежүзінде мұнай қоры азайып, қуат көзін тұтыну деңгейі артып барады. Елімізде де электр қуатының тапшылығы алдағы уақытта үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Кейбір болжамдар бойынша, елімізде 2020 жылға қарай энергия тұтыну көлемі екі есеге дейін артады. Экономикамыз қарқынды даму үстінде, ал электр энергиясынсыз экономика болмайтынын ескерсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл экономикаға», яғни баламалы энергия көзіне көшу бастамасы кезек күттірмеуі керек, — дейді өнертапқыш.
Арман Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті Ұлттық зияткерлік меншік институты республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына патент алуға өтініш білдірген. Электр энергетикасы саласындағы бірден-бір ғылыми жоба саналатын Арманның инерциялық электр генераторын пайдаланатын күн туар әлі.
Отынсыз электр тогын беретін генератор ойлап тапты
Последние статьи автора