Жұмыстың сапасы жұмыс сағатының ұзақтығына тәуелді емес

ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары АҚШ-та жұмысшы қозғалысының белең алуымен ерекшеленеді. Осы кезде кәсіподақ пайда болып, Ұлттық жұмысшы конгресі құрылады. Олар қойған басты талаптың бірі – сегіз сағаттық жұмыс күні.
Жұмыс сағатының ұзақтығы
Балтимордағы жалпыға ортақ жұмысшы конгресі 1866 жылы 16 тамызда мынадай мәлімдеме таратты: «Қазіргі заманның бірінші және ұлы талабы – осы елдегі еңбекті капиталистік құлдықтан құтқару үшін америкалық одақтың барлық штатында сегіз сағаттық жұмыс күнін мойындайтын заң шығару. Біз сондай тамаша нәтижеге қол жеткізу үшін бүкіл күшімізді жұмылдырамыз деп шештік».
1868 жылы Пенсильваниядағы тау-кен жұмысшыларының бас көтеруінен кейін үкіметке тиесілі кәсіпорындарда сегіз сағаттық жұмыс күнін белгілу туралы заң қабылданды. Алайда ол барлық жерде бірдей орындала қоймады. Ал содан бір жыл бұрын бала еңбегін 10 сағатқа шектеу жөніндегі заң қабылданған-тұғын.
Кейінірек Чикаго анархистерінің көсемі Альберт Парсонс былай деп жазады: «Біздің сегіз сағаттық жұмыс күнімізге капиталистердің құқығы бар екенімен келісу – жалдамалы жұмыстың әділдігін мойындайтын факт... Сегіз сағаттық жұмыс күнін капиталистердің жұмысшыларға итке сүйек лақтырғандай алдарқатуы дер едім».
Бастапқыда қарсы шыққан анархистер бұл мәселенің жұмысшыларды қатты толғандыратынын түсінген соң әрі жаппай қозғалыстан сырт қалғысы келмегендіктен, оларды қолдауға мәжбүр болды. Сонысымен отқа май құйып, қозғалысты жандандырып жіберді. Мұның соңы 1886 жылғы 1 мамырда Чикагода өткен жаппай толқуға ұласқаны белгілі. Міне, 1 Мамырды атап өту тарихы осы оқиғадан бастау алады.
Чикагодағы қанды қырғыннан кейін отыз шақты жыл өткенде, 1914 жылы әйгілі Генри Форд бес күндік жұмыс күнін енгізіп, АҚШ-тағы ең жоғары жалақыны (күніне 5 доллар) белгіледі. Жұмысшыларды компания табысына қатыстыруға жағдай жасап, үлгілі жұмысшы поселкесін тұрғызды. Форд зауыттарының маңдайшасында «Есіңде болсын, Жаратқан адамды қосымша бөлшексіз жасап шығарған» деген жазу ілініп тұратын.
Еңбек өнімділігіне әсер етпейді
Фордтың осы бір қанатты сөзі бүгін де өзекті. Жүз жылдан бері жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесі аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істеу еңбек өнімділігін төмендетуге алып келеді деген тұжырымға әкеліп тіреді.
Өткен ғасырдың басында Ford Motor Co ең жоғарғы өнімділікке қол жеткізу үшін қанша сағат жұмыс істеу қажеттігін анықтайтын ондаған тест жүргізген еді. Сонда ең тиімдісі аптасына 40 сағат екенін анықталған. Ол 40 сағатқа тағы 20 сағат қосса, ол өнімділікті сәл-пәл көтеруін көтереді. Бірақ үш-төрт апта өткеннен кейін еңбек өнімділігі құрып тынады.
Бүгінде корпоративтік ортада еңбек ететіндер зауыт-фабрика жұмысшыларына 100 жыл бұрын тиімді саналған ереженің жарамды екенін жақсы біледі. Өйткені аптасына 40 сағат жұмыс істейтіндер 60 сағат тырбанатындарға қарағанда, көбірек іс тындыратыны әбден дәлелденді.
Ал күн демей, түн демей тер төгетін белсенділердің тындырған жұмысы әдетте жақсы жемісін бере бермейді.
Арнайы зерттеу көрсеткендей, апта бойы «плантациядан» шықпайтын қызметкерлер жасына жетпей солып, жеке өмірде де жолы болмайтын көрінеді. Керісінше жұмыс сағатын ұзартуды жақтайтындар орташа еңбек аптасы ұзаққа созылатын Тайланд, Корея және Пәкістан сияқты елдерге меңзейді. Олар мұндай ұзақ жұмыс апталары бәсекелік артықшылық береді деген пікірде.
Әйтсе де өмірдің өзі бұл пікірдің жаңсақтығын дәлелдеп отыр. Бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы он елдің алтауында – Швеция, Финляндия, Германия, Нидерланды, Дания және Ұлыбританияда жұмыс аптасын 48 сағаттан асыру заңға қайшы. Американың іскерлік ортасында қалыптасқан 50, 60, тіпті 70 сағаттық жұмыс аптасы деген бұл елдерде жоқ. Өйткені олардың ұстанатын қағидасы – «Егер де қызметкеріңнің жұмысы жемісті болсын десең, қысқа мерзім ішінде көбірек жұмыс атқарсын десең, жұмыс мерзімін аптасына 40 сағаттан асырма».
Сондықтан, ғалымдардың пікірінше, жұмысын ертерек тындырып кетуді дағдыға айналдырғандарға жаза қолдану артық. Керісінше қызметкерлер белгіленген жұмыс сағатынан асырып еңбек еткені үшін кешірім сұрасын. Себебі олар бүкіл ұжымның жұмысын артқа тартатын жайбасарлар болуы мүмкін. Әрине, мұндай пікірмен келісу-келіспеу әркімнің өз еркінде.
«Номенклатура негрлерін» көбейтеді
Бізде де тоғыз сағаттық жұмыс күнін енгізу жөнінде мәселе көтерілгені мәлім. Бұл да қоғамда әжептәуір тартыс тудырды. Жақтаушылардан гөрі қарсы шыққандар көп. Белгілі экономист, Қазақстан ЖОО қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов: «Бізде тоғыз сағаттық жұмыс күнін енгізудің алғышарты жоқ. Жұмыс күнін ұзарту жұмыссыздар санын көбейтеді» десе, саясаттанушы Досым Сәтпаев қазіргі Қазақстан жағдайында сегіз сағаттық жұмыс күні – жай ғана шарттылық екенін жеткізді. «Кез келген мемлекеттік орган немесе жеке компанияның басшысы жеке шешімімен жұмыс күнін белгілей алады. Қаласа, қызметкерлер 10 сағаттан асырып жұмыс істейтін болады», – дейді ол. Ол тіпті мейрам күндері, көбіне демалыс күндері кеңседе отыратын шенеуніктерді «номенклатура негрлері» деп атады.
Олар кешке дейін кеңседе әншейін отыратын шығар. Себебі олар көбіне қарқынды жұмыс істеп жатқандай түр танытады. Жұмыс күнінің 90 пайызын ешкімге керегі жоқ қағаз есеп жазуға жұмсайды немесе Маяковский жырлағандай, «мәжіліс жасаумен» уақытын өткізеді. Әлбетте, олардың өнім шығаруға көп уақыт жұмсағанынан өнім сапасы жақсарып кетпейді. Ал олардың өнімі тұрғындарға көрсететін мемлекеттік қызмет екені белгілі.
Айтпақшы, былтыр ресейлік кәсіпкер Михаил Прохоров та жұмыс күніне байланысты әңгіменің шетін шығарған. Ол тіпті қызды-қыздымен 12 сағаттық жұмыс күнін енгізуге ұсыныс жасады. Осы ұсынысын ақтау үшін мынадай уәж айтқаны да бар: «Ресейдегі жұмыс күні АҚШ-пен салыстырғанда, 20 пайызға кем. Ал ресейліктер зейнетке 15 жылға ерте шығады». Орыстың миллиардері отандастары 12 сағат жұмыс күніне көшсе, өзі секілді байып кетеді деп ойламағаны белгілі. Әрі бұл сөзін президент сайлауы алдында айтқандықтан, Прохоровтың ұсынысы арзан пиар ретінде бағаланды.
Қалай болғанда да, бізде де, терістік көршімізде де жұмыс сағатын ұзарту туралы ұсыныс қолдау таппады. Неге екені түсінікті. Бір жағынан, мұндай шешім Халықаралық еңбекті ұйымдастыру конвенциясы шеңберінде еліміз қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сай келмейді.





