Қазақ музыкасын түлеткен талант
Мұқан деген есім әр қазақ үшін аяулы. Төлебаев фамилияcы – жалпыхалықтық сипат алып, бұқаралық биікке көтерілген санаулы тектердің бірі. Бұл аты-жөн қарапайым еңбеккер мен лауазымды қызметкердің арасындағы мың сан адамның жадынан орын алған. Еңбектеген бала мен еңкейген кәріге дейінгі аралықтағы миллиондаған адамдар оның жанын тербеткен әуенмен тәрбиеленіп өсті.
Біздің бұлай асқақтата айтып отырғанымыз алғашында ҚазКСР Мемлекеттік әнұраны болып, кейіннен ел Тәуелсіздігін алғанда тұңғыш Әнұранымыз болған әйгілі елұран екенін біліп отырған боларсыз. Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Төлебаев үштігі тудырған осы әнұран күні кешеге дейін мемлекеттің басты әні, қасиетті рәмізі болып келді. Бұл әнұран әуен-сазының ерекше көркемдігімен Кеңестер Одағындағы алдыңғы қатардағы әнұран болғаны біз үшін зор мақтаныш болды.
ХХІ ғасырдың алтыншы жылында уақыт талабына сай әнұран өзгерді. Ендігі жерде киелі есім күнделікті аталмайды, ән сәт сайын айтылмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда қатарымызды толықтырып, санымызды арттырып жатқан бүгінгі жас ұрпақ тұлғаны кім деп таниды? Рас, Төлебаевты Төлебаев қылған бір бұл шығарма емес. «Кестелі орамал», «Келші, сәулем», «Сағыну», «Тос мені, тос», «Бақыт вальсі» сынды бірқатар әндері қарапайым халықтың көңілін көлдей толқытып, жанын тербетіп келеді. Алдағы уақытта да ұлтпен бірге жасай беретініне күмән жоқ.
Бірақ Мұқан Төлебаев феноменінің негізгі асыл қазынасы келесі тарапта екені даусыз шындық. Ең аяныштысы, көрнекті композитор шығармашылығының шыңы саналатын «Біржан-Сара» операсының классика екенін көрген жұрттың айтуы арқылы білетіндердің саны көзбен көріп, құлақпен тыңдағандардан анағұрлым көп екені белгілі. Жасырып жабатыны жоқ, біздің бүгінгі қоғамның театр мәдениеті драма театрдан көтеріле алмай тұр. Халықтың белгілі бір бөлігі ғана тамашалайтыны болмаса, опера бізде әлі күнге бұқаралық сипат алған жоқ. Опера және балет театрын жолай өтіп бара жатып сыртқы келбетін көргені болмаса, босағасын аттап, ішіне енбегендердің де басым екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал осындай қоғамдағы театр репертуарынан түспей келе жатқан «Біржан-Сара» – ұлттық қана емес, әлемдік классика. Кеңестер Одағының кезінде сол қоғамның ірі табысы саналып, ресми мойындалып, жоғары бағаланған. Қазақ КСР тарихындағы: «Бұл шығарма өзінің идеялық мазмұн-мағынасының тереңдігімен, музыкалық құрылысының өзіндік сонылығымен советтік және дүниежүзілік музыка өнерінің ең тамаша туындыларының қатарынан орын алады» деген пікір көп нәрсені аңғартса керек.
Мұқан Төлебаев турасында айтылғанда анасы Тәжібала мен нағашы ағасы Апырбайдың есімдері қоса аталады. Өйткені тұлғаның бойындағы қасиеттердің ашылуына, жетілуіне ықпал етіп, тәрбиелеген – осы екі аяулы адам. Және перзент бойындағы кез келген қасиет әкенің қаны мен ананың сүті арқылы даритыны ақиқат. Нағашы жұртынан қонған әншілік, сазгерлік қасиетін М.Төлебаев қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда құнарлы өнер түрлерімен сусындау арқылы дамытады. Демек, тұлғаның бойындағы талант ұлттық құнардан тамыр тартқан деуімізге толық негіз бар. Бойындағы осындай өнерін еуропалық біліммен ұштастыру әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Сол бақты Жаратушы Ие Төлебавтың тағдырына жазыпты.
Оның Мәскеу консерваториясының жанындағы студияда оқып, әйгілі ұстаздар Б.С.Шехтер мен Р.М.Глиэрден тәлім алуы жаңа көкжиекке шығудың төте жолы еді. Еуропалық музыка мәдениетінің кеңістігіне шығуы, онымен кеңірек танысуы ұлы композитордың шығармашылық өміріндегі бетбұрыс кезеңі болып саналады. Ұлттық құнар мен әлемдік құндылықтың астасуы қазақ топырағына жаңа өнердің келуіне ықпал етеді.
Әйгілі сазгердің студияны бітіру жылы Ұлы Отан соғысының басталуымен тап келеді. Енді ғана таланты ашылып, табиғат берген дарыны пісіп-жетіліп, шығармашылықтың жеміс берер шағында М.Төлебаев өзге отандастарындай бәрін тастап, халық жасағының құрамына кіреді. Осы тұс ұлт музыкасына төнген зор қауіп еді... Майдан даласындағы оқ пен оттың ортасы ажал құрсауының айналасы емес пе? Мұқанды соғыспен байланыстыра ойлаудың, елестетудің өзі қорқынышты. Рас, талап бәріне ортақ. Біреуден біреудің жаны артық емес. Дегенмен сарбаз көп, Төлебаев жалғыз еді... «Қырық жыл қырғын болса да...» деп басталатын мәтелдің жалғасын білетін қазақпыз. Дегенмен Төлебаев өзге майданның жауынгері екені анық. Ол ұлт мәдениетін қорғауға тиіс қас батыр. Ұлттың бағына туған ерді Тәңірі де аяса керек, М.Төлебаев денсаулығына байланысты соғыстан босатылып, Қазақстанға қайта оралады. Ендігі жерде ол Отанын қарумен емес, қаламмен қорғаушылардың қатарына енді. «Соқ, барабан!», «Жорық», «Семсер» сынды әндерімен елге рух беріп, жігерін жаныды. Сол жылдарда Е.Брусиловскийден сабақ ала жүріп, 1942-1944 жылдары Қазақтың халық аспаптары оркестрінің дирижері болып қызмет атқарады. Бұдан кейінгі уақытта өнерін ұштап, білімін жетілдіре түсу үшін М.Төлебаев Мәскеу консерваториясына түседі. Бұл жерде профессорлар Н.Я.Мясковский мен Б.Г.Фереденнің композиция сыныбын бітіріп шығады. Осы жылдар М.Төлебаевтың классикаға қадам басу жылдары болып саналады. Ол белгілі композитор Е.Брусиловскиймен бірігіп «Амангелді» операсын жазады. «Амангелдіден» басталған соқпақ ұлы мұраттың жолындағы тұлғаны әлемдік музыка мәдениетінің кеңістігіне самғатады. Ол жазып қалдырған мұралар (бас-аяғы 100-ден аса шығарма) ұлттық музыка мәдениетінің таусылмас қазынасына айналды.
М.Төлебаев шығармашылықпен қатар, қоғамдық қызметтерде де елеулі еңбектер жасады. Ұстаз ретінде жас дарындардың талантын ұштауда, білімін жетілдіруде аянбай тер төкті. Ол тәрбиелеген шәкірттер ұлттық музыкамыздың дамуына елеулі үлес қосты. Осы тұрғыдан алғанда ұлттың біртуар ұлы қазақ әуен-сазының жаңа бағыттағы дамуының, кәсіби тұрғыда қалыптасуының көш басында тұр деуге толық негіз бар. Қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы қызметтерінде де өзінің азаматтық болмысымен жарқырай көрінген. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болуы да көп нәрсені аңғартса керек. Осындай әрқилы қызметтерімен ол қоғам қайраткері атанды.
Ердің жасы елуге толмастан, небары 47 жасында бақилық болған М.Төлебаев азғана ғұмырында өлшеусіз іс тындырып, толайым мұра қалдырды. Және оның бұл еңбегі дер кезінде өз бағасын алды. Отыз алты жасында КСРО Мемлекеттік сыйлығын алса, 46 жасында КСРО халық әртісі атанды. Келте ғұмырында ерте оянып, барын сала еңбек етіп жанкештілік танытқан тұлғаның берері де көп еді, бергені де аз емес. Аяқталмай қалған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Нияз бен Раушан» опералары Төлебаев шығармашылығының алдағы асуларынан хабар беріп тұр.
Ұлт жүрегінен орын алған М.Төлебаевтың өмірі оны көрмеген бүгінгі ұрпақ үшін ертегі болса, өзі – аңыз адам. Оның теңіздей терең, асқардай биік тұлғасы қазақ руханиятының айсбергі сынды елестейді.
Ана зары
Кестелі мынау сенің орамалың,
Шақырам не себептен оралмадың.
Жетпістің жетеуінде кесте тіктім,
Қолымнан келген менің бар амалым.
Сен үшін орамалды анаң тікті,
Кестеге мөлдіретіп жасын төкті.
Балқаштың толқынындай тулағанда,
Сипарсың орамалмен бұл жүректі.
Көзімнің қарашығы жаным бала,
Сағынып сені ойлаған Тәжібала.
Кестелі орамалдың күйін тартшы,
Күйсандық пен Алатауды шыр-айнала.
Кестелеп орамалға жазған хатым,
Анаңыз Тәжібала менің атым.
Жас төгіп орамалды шимайлаған,
Сөзімді оқып көрсін жамағатым.
Жасымда жетпіс жеті тіктім кесте,
Аларсыз оқығандар мұнымды еске.
Көзімнен қырық тоғызда ғайып болған,
Қайғырып перзент үшін ерте-кеште.
Отанның шын перзенті адал ұлы,
Қайғыртты барлық елін осы жылы.
Елінің қайғысына мен де үн қостым,
Мінеки, сұрасаңыз сөздің шыны.
Артында айдар қалды жалғыз жетім,
Ендігі ішімдегі менің дертім.
Айдарым жеткен кезде оңалармын,
Оңғарса Компартия оның бетін.М.Төлебаевтың анасы Тәжібаланың күнделігінен